"Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 16-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Көппәтерлі тұрғын үйді басқарушыға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы |
К. Ускенбаев |
Қазақстан Республикасы Индустрия және даму министрінің 2020 жылғы № 169 бұйрығымен бекітілген |
Көппәтерлі тұрғын үйді басқарушыға қойылатын біліктілік талаптары
1. Осы біліктілік талаптары көппәтерлі тұрғын үйді басқарушысына қойылады және мынадай талаптарды қамтиды:
1) жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім: құқық (құқықтану, халықаралық құқық) немесе әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес (әлеуметтану, саясаттану, экономика, менеджмент, есеп және аудит, қаржы, мемлекеттік және жергілікті басқару) немесе гуманитарлық ғылымдар (халықаралық қатынастар, тарих, мәдениеттану, филология) немесе техникалық ғылымдар және технологиялар мамандықтары бойынша;
2) ұйымда басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі немесе кондоминиум объектілеріне қызмет көрсету саласында не тұрғын үй-коммуналдық салада кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс;
3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын (1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім), 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі, "Табиғи монополиялар туралы" 2018 жылғы 27 желтоқсандағы, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен мемлекеттік органдардың өндірістік-шаруашылық, қаржы-экономикалық және тұрғын үй-коммуналдық қызметті регламенттейтін актілері) білуі;
4) басқару шешімдерін жедел қабылдау және іске асыру, жұмысты жоспарлау және бақылау, іскерлік келіссөздерін жүргізу, көпшілік алдында сөз сөйлеу, қолданылатын басқару шешімдерінің салдарын талдау және болжау, мемлекеттік органдармен және коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен өзара іс-қимыл бойынша жұмысты ұйымдастыру, нормативтік құқықтық актілерді практикада қолдану, ұйымдастыру өкімдік құжаттар әзірлеу дағдыларын, қызметтік құжаттамалармен жұмыс істей білуі, компьютерді және басқа ұйымдастыру техникасын меңгеруі;
5) оқудан немесе өзіндік даярлықтан өткен және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттелген ұйым немесе мамандардың біліктілігін тәуелсіз сертификаттауды жүзеге асыратын орталықтарда берген кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыру біліктілігін растайтын құжатты алған жағдайларда жүргізіледі.