Мемориалдық тақталар орнату қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі № 77 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 6 сәуірде № 20310 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған мемориалдық тақталар орнату қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығының және кейбір бұйрықтарының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақпен көзделген іс-шара орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шараның орындалуы туралы мәлімет ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2020 жылғы 2 сәуірдегі
№ 77 Бұйрықпен бекітілген

Мемориалдық тақталар орнату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемориалдық тақталар орнату қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 21) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемориалдық тақталар орнату тәртібін айқындайды.

      2. Мемориалдық тақта - аса көрнекті тұлға немесе айшықты оқиға туралы ақпарат қамтылатын, ғимараттар мен құрылысжайлардың қасбеттеріне орнатылатын, мәрмәрдан, граниттен, металдан немесе басқа да материалдардан жасалатын тақтайша.

2-Тарау. Мемориалдық тақталар орнату тәртібі

      3. "Мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін рұқсаттар негізінде орнатылады.

      4. Мемориалдық тақталар аса көрнекті тұлға өмір сүрген, қызмет жасаған немесе болған, айрықша оқиға болған ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерінде орнатылады.

      5. Мемориалдық тақталар аса көрнекті тұлғаның тұру, жұмыс істеу, болу фактісі және ғимаратта немесе құрылыста болған айрықша оқиға расталған кезде орнатылады.

      6. Мемориалдық тақталар екі метрден төмен емес биіктікте орнатылады және 50 х 80 сантиметрден аспайтын көлемде жасалады.

      7. Мемориалдық тақтаның мәтіні аса көрнекті тұлға туралы (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) өмір сүру кезеңі, қызмет саласы, сіңірген еңбегі) мәліметтерді және айрықша оқиға туралы (күні, орны, сипаттама) мәліметтерді, сонымен қатар қажеттілік болған жағдайда тұлғаның портреттік бейнесін және декоративтік элементтерді құрайды.

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2020 жылғы 2 сәуірдегі
№ 77 Бұйрығына қосымша

Күші жойылған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығы және кейбір бұйрықтарының құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Мемориалдық тақталар орнату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 16 қарашадағы № 356 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылы 14 желтоқсанда 12405 болып тіркелген, 2016 жылғы 22 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      2. "Мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 13 қыркүйектегі № 256 бұйрығымен бекітілген Мәдениет саласындағы өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесінің 8 тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2018 жылғы 9 қазанда № 17507 болып тіркелген, 2018 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      3. "Мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 17 мамырдағы № 138 бұйрығымен бекітілген Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтардың тізбесінің 3 тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2019 жылғы 17 мамырда № 18690 болып тіркелген, 2019 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде жарияланған).