Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 288-VІ ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 39-баптан қараңыз.
      Қолданушыларға қолайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

     

      Осы Заң тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мақсаттарды, міндеттерді және құқықтық негіздерді айқындайды.

1-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасы

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғаудың және пайдаланудың мақсаты мен міндеттері

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғаудың және пайдаланудың мақсаты оларды қайта жаңғыртуды, сақтауды, кеңінен танытуды қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғаудың және пайдаланудың міндеттері:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, зерттеу және олардың жай-күйін мониторингтеу;

      2) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;

      3) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу;

      4) археологиялық жұмыстар мен тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізген кезде тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи, сәулет-көркемдік келбетінің сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ансамбльдер мен кешендер – фортификациялық, сарай, тұрғын үй, қоғамдық, әкімшілік, сауда, өндірістік, ғылыми, оқу, ғибадат ету мақсатындағы оқшауландырылған немесе біріктірілген ескерткіштердің, құрылыстар мен құрылысжайлардың топтары, оның ішінде тарихи қалыптасқан аумақтарда тұйықталған қоныстардың тарихи жоспарлану және салыну фрагменттері;

      2) археология ескерткіштері – тұрақтар, қалашықтар, көне кесендердің, қоныстардың, бекіністердің, өндірістердің, арналардың, жолдардың қалдықтары, қорымдар, қорғандар, некропольдер, мегалиттік құрылысжайлар, тас мүсіндер, петроглифтер, ежелгі елді мекендердің тарихи-мәдени қабатының учаскелері және адамның өмірі мен қызметінің ізі бар өзге де орындар;

      3) археологиялық жұмыстар – археологиялық қазбалар мен барлау жүргізу арқылы тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, зерттеу және сақтау жөніндегі жұмыстар;

      4) киелі объектілер – айтулы тарихи оқиғалармен және аса көрнекті тұлғалармен, сондай-ақ халықтың рухани құндылықтарымен байланысты тарихи және есте сақтарлық жерлер, қолмен жасалған және табиғи ғибадат ету объектілері, ландшафттар, құрылысжайлар;

      5) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімі – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұрасының тізіміне қосу үшін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетіне ұсынылатын тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізбесі;

      6) қала құрылысы және сәулет ескерткіштері – сәулет ансамбльдері мен кешендері, тарихи орталықтар, орамдар, алаңдар, көшелер, азаматтық, тұрғын үй, өнеркәсіптік, әскери, ғибадат ету сәулеті, халық сәулетшілігі құрылысжайлары, сондай-ақ олармен байланысты монументтік, сәндік-қолданбалы және бақ-саябақ өнері туындылары, табиғи ландшафттар;

      7) қорғау міндеттемесі – тарих және мәдениет ескерткішінің осы құжатты ресімдеу кезіндегі жай-күйі мен тарих және мәдениет ескерткіші меншік иесінің немесе оны пайдаланушының тарих және мәдениет ескерткішін күтіп-ұстау шарттарын тіркейтін құжат;

      8) мемориалдық тақта – аса көрнекті тұлға немесе айшықты оқиға туралы ақпарат қамтылатын, ғимараттар мен құрылысжайлардың қасбеттеріне орнатылатын, мәрмәрдан, граниттен, металдан немесе басқа да материалдардан жасалатын тақтайша;

      9) монументтік өнер құрылыстары – аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументтік өнер туындылары (ескерткіштер, стелалар, бюсттер);

      10) тарих және мәдениет ескерткіштері – Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылған тарихи-мәдени мұра объектілері;

      11) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар – тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу, жобалау және өндірістік жұмыстар;

      12) Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі – тарих және мәдениет ескерткіштері деп танылған, түрі, санаты және координаттары көрсетілген тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізбесі;

      13) тарих және мәдениет ескерткішін пайдаланушы – осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану құқығы оның меншік иесімен жасалатын шарт негізінде берілген жеке немесе заңды тұлға;

      14) тарихи-мәдени мұра объектілері – тарих, археология, сәулет, қала құрылысы, өнер, ғылым, техника, эстетика, этнология, антропология, әлеуметтік мәдениет тұрғысынан қызығушылық туғызатын, тарихи процестер мен оқиғалар нәтижесінде пайда болған, өздерімен байланысты бейнелеу, мүсін, қолданбалы өнер, ғылым, техника туындылары және материалдық мәдениеттің өзге де заттары бар жылжымайтын объектілер;

      15) тарихи-мәдени мұра объектілерін алдын ала есепке алу тізімі (бұдан әрі – алдын ала есепке алу тізімі) – зерделеуге және тиісті мәртебесін айқындауға жататын, жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізімі;

      16) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      17) тарихи-мәдени сараптама – тарихи-мәдени мұра объектісінің тарихи-мәдени маңыздылығын және сақталу дәрежесін анықтауға бағытталған зерттеу;

      18) тарихи-сәулет тірек жоспары – тиісті жергілікті жердегі тарих және мәдениет ескерткішінің аумағы мен орналасқан жерін тіркейтін құжат;

      19) Ұлттық пантеон – аса көрнекті мемлекет, ғылым, мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан адамдарды мәңгі есте сақтау мақсатында салынған, мемориалдық маңызы бар сәулет объектісі болып табылатын, қайтыс болған (қаза тапқан) адамдарды жерлеуге арналған орын;

      20) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұрасының тізімі – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің шешімі негізінде қалыптастырылатын дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра объектілерінің тізбесі.

4-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілері

      1. Анықталған тарихи-мәдени мұра объектілерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары алдын ала есепке алу тізіміне енгізеді және олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады.

      2. Алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуді не оларды алдын ала есепке алу тізімінен алып тастауды тиісті мемлекеттік органдар олар алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде жүргізеді.

      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары екі жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.

      4. Тарихи-мәдени мұра объектілері республикалық немесе жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген күннен бастап тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесіне ие болады.

5-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштері

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштері мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) археология ескерткіштері;

      2) қала құрылысы және сәулет ескерткіштері;

      3) ансамбльдер мен кешендер;

      4) киелі объектілер;

      5) монументтік өнер құрылыстары.

      2. Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткiштерi осы Заңда көзделген тәртiппен мiндеттi түрде қорғалуға және сақталуға жатады, оларды пайдаланудың, оларға меншік құқығын өзгертудің және оларды мәртебесінен айырудың ерекше құқықтық режиміне ие болады.

      Тарих және мәдениет ескерткiшiн мәртебесiнен айыруға және Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тастауға объект физикалық тұрғыдан толық жойылған және (немесе) тарихи-мәдени маңыздылығын жоғалтқан жағдайда ғана жол беріледі.

      3. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы тарих және мәдениет ескерткіштеріне уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тарих және мәдениет ескерткішінің паспортын ресімдейді. Тарих және мәдениет ескерткіші туралы жаңа мәліметтер алынған кезде тарих және мәдениет ескерткішінің паспортына жаңа мәліметтері бар қосымша қоса беріледі.

6-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің санаттары

      Тарих және мәдениет ескерткіштері мынадай санаттарға бөлінеді:

      1) дүниежүзілік тарих пен мәдениет үшін ерекше маңызды, халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері;

      2) Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызды, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері;

      3) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызды, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері.

7-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға жеке және заңды тұлғалардың қатысуы

      Жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткіштерін кеңінен танытуға қатысады, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

8-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық осы Заңға және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық:

      1) Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын, бірақ басқа мемлекеттердің аумақтарында орналасқан;

      2) басқа мемлекеттердің меншігі болып табылатын, бірақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан;

      3) басқа мемлекеттердің меншігі болып табылатын, олардың аумақтарында орналасқан, бірақ Қазақстан Республикасымен тарихи байланысты тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану мақсатында жүзеге асырылады.

9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) Ұлттық пантеон туралы ережені бекітеді;

      3) алып тасталды - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      2) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін мониторингтеуді жүзеге асырады және олардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      3) мемлекеттiк меншiктегi тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының мөлшерлемелерін белгiлейдi;

      4) тарихи-мәдени мұра объектісін және (немесе) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ұсынымдары негізінде республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері деп таниды және оларды Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосады;

      5) республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiшiн тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ұсынымдары негізінде мәртебесінен айырады және оны Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тастайды;

      6) Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін келіседі;

      7) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумақтарындағы шаруашылық және өзге де қызметтің және оларды қорғау аймақтарының жобаларын келіседі;

      8) тарих және мәдениет ескерткіштерінің арасынан Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастырады;

      9) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін ұсынады;

      10) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      11) мемлекеттік меншік болып табылатын, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін, сондай-ақ республикалық меншік болып табылатын, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруді келіседі;

      12) тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруды және оны өзгертуді келіседі;

      13) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      14) тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      15) тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру және оларға қол жеткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      16) қорғау міндеттемелерін беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      17) тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      18) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу қағидалары мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      19) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      20) монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      21) мемориалдық тақталар орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      22) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың орындалуын бағалау нормативтерін әзірлейді және бекітеді;

      23) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мен шарттарын әзірлейді және бекiтедi;

      24) тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      25) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз етеді;

      2) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізуді қамтамасыз етеді;

      3) тиiстi аумақтардың экономикалық және әлеуметтiк даму жоспарларында жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, оларға ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және археологиялық жұмыстарды ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды көздейдi;

      4) алып тасталды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      5) уәкiлеттi органмен келiсу бойынша қала құрылысы жобаларын әзiрлеу және бекiту кезiнде барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн анықтау, зерделеу, сақтау жөнiндегi іс-шараларды орындауды, тиісті жергілікті жердің тарихи-сәулет тiрек жоспарларын және карта-схемаларын жасауды қамтамасыз етедi;

      6) тиісті елді мекендердің бас жоспарларына тарихи-сәулет тiрек жоспарларын енгізу жөніндегі жұмысты жүргізеді;

      7) қорғау мiндеттемелерiн ресiмдейдi және береді, тарих және мәдениет ескерткішінің меншiк иелерi мен пайдаланушыларының оларды орындауын бақылайды;

      8) тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияларды құрады;

      9) монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;

      10) мемориалдық тақталарды орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;

      11) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне жоспарланатын ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалау құжаттамасын қарайды және келiседi;

      12) уәкілетті органмен келісу бойынша тарихи-мәдени мұра объектiлерiн тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi деп таниды және оларды Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосады;

      13) уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде мәртебесінен айырады және оны Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тастайды;

      14) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өз аумағында:

      1) жұртшылықты тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтау және кеңінен таныту жөнiндегі iс-шараларды жүргiзуге тартады;

      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарына немесе уәкiлеттi органға өздерінің құзыреті шегiнде тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң бүлiнуiн, бұзылу қатерін жою туралы хабар береді;

      3) тарихи-мәдени мұра объектілерін Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосу туралы ұсыныстар енгізеді;

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.

      2. Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру кіші түрі бойынша тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия алуға өтініш берген өтініш берушілердің және қызметтің осы кіші түрін жүзеге асыратын лицензиаттардың өз құрамында тиісті мамандық бойынша жоғары білімі, кемінде бес жыл жұмыс өтілі және осы салада ғылыми дәрежесі немесе магистр, бейіні бойынша доктор, философия докторы (PhD) дәрежелері бар кемінде бір ғылыми қызметкер болуға тиіс.

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру кіші түрі бойынша тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия алуға өтініш берген өтініш берушілердің және қызметтің осы кіші түрін жүзеге асыратын лицензиаттардың өз құрамында орта техникалық және кәсіптік білімі, кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар кемінде бір реставратор маман немесе кемінде бес жыл жұмыс өтілі және осы салада ғылыми дәрежесі немесе магистр, бейіні бойынша доктор, философия докторы (PhD) дәрежелері бар, тиісті мамандық бойынша ғылыми қызметкер болуға тиіс.

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензиясы бар ұйымда жұмыс істейтін ғылыми қызметкерді немесе реставратор маманды қызметтің көрсетілген кіші түрлеріне лицензия алуға өтініш беру процесінде басқа ұйым мәлімдей алмайды.

      3. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылаудың мақсаты жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.

      Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті орган жүзеге асыратын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау:

      1) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін;

      2) монументтік өнер құрылыстарын орнатуды;

      3) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау:

      1) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін;

      2) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін жұмыстарды қоспағанда, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және археологиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды.

      4. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

14-бап. Меншік құқығы субъектілері

      Қазақстан Республикасы, жеке және заңды тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығы субъектілері болып табылады.

15-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне мемлекеттік меншік

      Қазақстан Республикасының аумағындағы және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.

      Қазақстан Республикасы тарихи-мәдени құндылығы бар, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын құрайтын тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығына олардың меншік иелерімен жасалатын шарттар бойынша ие болуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасының атынан халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік иесінің өкілеттіктерін – уәкiлеттi орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.

16-бап. Тарих және мәдениет ескерткіші меншік иесінің құқықтары

      Меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік объектілері ретінде иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтары, оларды өз бетінше жою құқығын қоспағанда, тиесілі болады.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің меншік иесі, егер меншік объектісі өзіне мұрагерлік құқықтарымен тиесілі болса және пайда болуы немесе мазмұны бойынша өсиет қалдырушының жеке басымен немесе меншік иесінің ата-бабасымен байланысты болса, елу жылға дейiнгі мерзімге ескерткіштің мазмұнын жарияламауды талап етуге немесе зерттеу үшін қол жеткізуден және көпшілікке көрсетуден бас тартуға құқылы.

      Меншік иесінің тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану және іске қосу нәтижесінде пайда табуға (кіріс алуға) құқығы бар, бұл қорғау міндеттемесімен шектеледі.

17-бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерi меншік иелерінің және оларды пайдаланушылардың міндеттері

      1. Тарих және мәдениет ескерткiштерiнің меншiк иелерi және оларды пайдаланушылар:

      1) тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану;

      2) осы Заңның 16-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тарих және мәдениет ескерткiшiне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жасалатын шарттарда белгіленетін тәртіппен және шектерде ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы оларды сақтау жөніндегі қызметтi жүзеге асырады және тарих және мәдениет ескерткішін күтіп-ұстау шарттарын сақтауға мiндеттi.

      2. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын меншік құқықтарындағы болжанып отырған немесе болған өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.

      3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері мен оларды пайдаланушылардың тарих және мәдениет ескерткіштерін күтіп-ұстау шарттары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін қорғау міндеттемесінде тіркеледі.

18-бап. Күтімсіз ұсталатын тарих және мәдениет ескерткіштерін алып қою

      Күтімсіз ұсталатын тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 256-бабына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына және осы Заңға сәйкес жүргізіледі.

19-бап. Тарих және мәдениет ескерткішіне меншік құқығын иелену кезіндегі артықшылықтар

      Ортақ үлестік меншіктегі тарих және мәдениет ескерткішінің бөліктері меншік иелерінің осы тарих және мәдениет ескерткішінің басқа бөліктерін меншікке иеленуге артықшылықты құқығы болады.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің басқа бөліктерін иеленудің осы баптың бірінші бөлігінде көзделген артықшылықты құқығы сатып алушы меншігінің тарих және мәдениет ескерткіші деген мәртебесі болмаған жағдайларға да қолданылады.

      Тарих және мәдениет ескерткіші жария сатылған кезде, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттің нарықтық (аукциондық) баға бойынша артықшылықты иелену құқығы бар.

20-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілері ғылыми, білім беру және ақпараттық мақсаттарда пайдаланылады.

      2. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, зерттеу және олардың жай-күйін мониторингтеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

21-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдері

      Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті орган бекітеді.

      Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді.

22-бап. Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия

      Тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау мақсатында уәкілетті органның жанынан консультативтік-кеңесші орган – тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия құрылады.

      Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ережесін және құрамын уәкілетті орган бекітеді.

23-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан халқының рухани және мәдени дәстүрлерін қайта жаңғырту және сақтау мақсаттарында, сондай-ақ ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда пайдаланылады.

      2. Тарих және мәдениет ескерткiштерiнің жерін пайдалану режимi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары бекiтетiн тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының жобаларында айқындалады.

      3. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, зерттеу, кеңінен таныту және олардың жай-күйін мониторингтеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

24-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру тәртібі мен шарттары

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштерін жеке және заңды тұлғаларға пайдалануға беру ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда жүзеге асырылады.

      2. Коммуналдық меншік болып табылатын, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен пайдалануға беріледі.

      Республикалық меншік болып табылатын, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен пайдалануға беріледі.

      Коммуналдық меншік болып табылатын, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен пайдалануға беріледі.

      Республикалық меншік болып табылатын, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен пайдалануға беріледі.

25-бап. Тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану құқығынан айыру

      Тарих және мәдениет ескерткішін пайдаланып жүрген жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткішін оның сипаты мен мақсатына сәйкес пайдалану міндетін бұзған, соның салдарынан тарих және мәдениет ескерткішіне жойылу немесе бүліну қатері төнген жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пайдалану құқығынан айырылады.

26-бап. Меншікке және пайдалануға берілген жердегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар өздеріне берілген жердегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда, тарихи-мәдени мұра объектілері алып жатқан жер учаскелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қойылады.

27-бап. Қала құрылысы жобаларын келісу

      Тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын қозғайтын қала құрылысы жобалары уәкiлеттi органмен келісілуге жатады.

28-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әрбір тарих және мәдениет ескерткішіне оның қорғау аймағы, құрылыс салуды реттеу аймағы және қорғалатын табиғи ландшафт аймағы белгіленеді.

      Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын айқындауды:

      жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты – жергілікті атқарушы органдар;

      халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты уәкілетті орган жүзеге асырады.

      2. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді және тарих және мәдениет ескерткіштерінің орналасуы тіркелетін тиісті жергілікті жердің тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-схемасына енгізіледі.

      3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шегінде жерді пайдалану режимін бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.

29-бап. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту

      1. Тарих және мәдениет ескерткішінің паспортында көрсетілген тарих және мәдениет ескерткішінің кеңістіктегі тұрған орнын, оның келбетін, көлемдік-жоспарлық және конструкциялық шешімдері мен құрылымдарын, интерьерін және өзге физикалық сипаттамаларын өзгерту тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту болып табылады.

      2. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге тыйым салынады.

      Бұған тарих және мәдениет ескерткішінің жетпіс пайызынан астамы бұзылған не тарихи-мәдени маңыздылығы жоғалған жағдайларда немесе егер орнын ауыстыру және өзгерту оның сақталу жағдайларын жақсартуға алып келетін болса:

      1) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ұсынымдары негізінде уәкілетті органның;

      2) уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен ғана жол беріледі.

      3. Шешімді алған жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстырған және оны өзгерткен кезде оның сақталу жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.

      Орны ауыстырылған және өзгертілген тарих және мәдениет ескерткішін:

      жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;

      халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты уәкілетті орган тіркейді.

      4. Көрсетілген жұмыстарды жүзеге асыруға байланысты шығыстар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге шешім алған жеке және заңды тұлғалардың есебінен жүргізіледі.

30-бап. Аумақтарды игеру кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      1. Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс.

      Тарихи, ғылыми, көркемдік және мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жеке және заңды тұлғалар жұмыстарды одан әрі жүргізуді тоқтата тұруға және үш жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына хабарлауға міндетті.

      2. Жер учаскелерін игеру сатысында тарихи-мәдени мұра объектілері анықталған кезде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары табылғаны туралы хабарланған кезден бастап бір ай ішінде оларды алдын ала есепке алу тізіміне қосады және олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін олар осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады.

      Жер учаскелерін игеру барысында анықталған және алдын ала есепке алу тізіміне қосылған тарихи-мәдени мұра объектілерін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуді не оларды алдын ала есепке алу тізімінен алып тастауды тиісті мемлекеттік органдар олар алдын ала есепке алу тізіміне қосылған кезден бастап үш ай ішінде жүргізеді.

      Осы тармақта көзделген іс-шаралар белгіленген мерзімдерде орындалмаған жағдайда, меншік иесі не жер пайдаланушы жер учаскесін игеруді қайта бастауға құқылы.

      ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұрасының тізіміне қосылған тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумақтарында үлкен ауқымдағы қалпына келтіру немесе жаңа құрылыс жұмыстарын бастау ниеті болған кезде уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға сәйкес ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетіне алдын ала хабарлама жібереді.

      3. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.

      Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

31-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жоспарлау

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар уәкілетті орган бекіткен тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарының негізінде жүзеге асырылады.

      Тарих және мәдениет ескерткіштерінде жоспардан тыс ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.

      2. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жоспарын уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға қалыптастырады.

      3. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар ұсыныстарын уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде ұсынады.

      4. Уәкілетті орган тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың алдын ала жоспарын қалыптастыруды жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде қамтамасыз етеді.

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың алдын ала жоспарын мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін уәкілетті орган жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бекітеді.

      5. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың бекітілген жоспарына өзгерістер енгізуді уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырады.

32-бап. Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар

      Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарға мыналар жатады:

      1) ғылыми зерттеу – тарих және мәдениет ескерткішін зерделеуге, сақталу сапасын, дәрежесін бағалауға және сақтау бойынша жүзеге асырылатын қажетті жұмыстардың көлемін айқындауға бағытталған іс-шаралар кешені, оның ішінде ғылыми-жобалау құжаттамасын әзірлеу барысында жүзеге асырылатын қызмет;

      2) консервациялау – тарих және мәдениет ескерткішін одан әрі бұзылудан сақтайтын және тарих және мәдениет ескерткішінің тарихи қалыптасқан келбетін өзгертпей, конструкциялық бөліктері мен сәндік элементтерін бекітуді және қорғауды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені. Тарих және мәдениет ескерткішінің физикалық тұрғыдан сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралардан тұратын аварияға қарсы жұмыстар да консервациялауға жатады;

      3) реставрациялау – құндылығы жоқ әрі тарих және мәдениет ескерткішінің келбетін бұзатын қабаттарынан тазарту арқылы тарих және мәдениет ескерткішінің тарихи, сәулеттік-көркемдік келбетінің сақталуы мен ашылуын, ғылыми негізделген деректер негізінде ғимараттың, ансамбльдің және кешеннің жоғалған элементтерінің орнын толтыруды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені;

      4) қайтадан жасау – жеткілікті ғылыми деректер мен тарих және мәдениет ескерткішінің ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы болған кезде жоғалған тарих және мәдениет ескерткішін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені;

      5) жөндеу – тарих және мәдениет ескерткішінің бұрынғы келбетін өзгертпей, мерзімдік жұмыстар жүргізу арқылы оның техникалық жай-күйін сақтап тұру жөніндегі іс-шаралар кешені;

      6) бейімдеу – тарих және мәдениет ескерткішінің тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығына және сақталуына нұқсан келтірмей, оны қазіргі заманға сай пайдалану үшін жағдай жасау мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені.

      2. Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар бюджет қаражаты, инвестициялар тарту, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері мен пайдаланушыларының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      4. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілетін жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия негізінде жүзеге асырады.

      5. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар жұмыстарды бастағанға дейін күнтізбелік он күн бұрын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың басталғаны туралы, уәкілетті органға халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың басталғаны туралы хабар беруге міндетті.

      6. Жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде:

      жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілген ғылыми-реставрациялық жұмыстардың сипаты мен қорытындысы қамтылатын есепті – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына;

      халықаралық және республикалық маңызы тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілген ғылыми-реставрациялық жұмыстардың сипаты мен қорытындысы қамтылатын есепті уәкілетті органға жібереді.

      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-бап. Археологиялық жұмыстарды жоспарлау

      1. Археологиялық жұмыстар уәкілетті орган бекіткен археологиялық жұмыстар жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      Археологиялық жұмыстарды жоспардан тыс жүргізуге жол берілмейді.

      2. Археологиялық жұмыстар жоспарын уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға қалыптастырады.

      3. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар ұсыныстарын уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде ұсынады.

      4. Уәкілетті орган археологиялық жұмыстардың алдын ала жоспарын қалыптастыруды жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде қамтамасыз етеді.

      Археологиялық жұмыстардың алдын ала жоспарын мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін уәкілетті орган жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бекітеді.

      5. Археологиялық жұмыстардың бекітілген жоспарына өзгерістер енгізуді уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырады.

34-бап. Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру

      1. Қазақстан Республикасының аумағында археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия болған кезде жол беріледі.

      Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін, бұл жөнінде уәкілетті органға хабар берілетін жұмыстарды қоспағанда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына археологиялық жұмыстардың басталғаны туралы жұмыстарды бастағанға дейін күнтізбелік он күн бұрын хабар беруге міндетті.

      2. Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары тапқан барлық материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беріледі.

      3. Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің Қазақстан аумағында археологиялық жұмыстармен айналысатын жеке және заңды тұлғалары археологиялық жұмыстар аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға қағаз және электрондық жеткізгіштерде мынадай құжаттарды жібереді:

      1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауы, археологиялық объектінің атауы, қаржыландыру көзі көрсетілген хат;

      2) археологиялық жұмыстардың мақсаттарын, міндеттерін және сипатын қамтитын қысқаша есеп;

      3) әрбір материал мен олжаның түрлі-түсті фотосуреттері қоса беріле отырып, материалдар мен олжалардың мөлшері, салмағы, пішіні, дайындалу материалы, орындалу техникасы көрсетілген материалдар мен олжалар тізбесі.

      4. Ұсынылған құжаттарды уәкілетті орган келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде қарайды.

      5. Осы баптың 3-тармағына сәйкес келмейтін құжаттар ұсынылған жағдайда, уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде жеке және заңды тұлғаларға жетіспейтін құжаттарды немесе ақпаратты сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беру қажеттігі туралы сұрау салу жібереді.

      6. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген келіп түскен құжаттар тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнаулы комиссияның қарауына шығарылады.

      7. Алып тасталды - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      8. Құжаттарды қарау нәтижелері бойынша тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнаулы комиссия музейдің атауын көрсете отырып, материалдар мен олжаларды республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік музейге беруді ұсынады.

      Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнаулы комиссияның ұсынымдары негізінде уәкілетті орган музейдің атауын көрсете отырып, материалдар мен олжаларды республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік музейге беру туралы шешім қабылдайды.

      9. Уәкілетті орган жеке және заңды тұлғалар мен тиісті мемлекеттік музейді қабылданған шешім және материалдар мен олжаларды қабылдау-тапсыру рәсімін жүзеге асыру қажеттігі туралы хабардар етеді.

      10. Жеке және заңды тұлғалар хабарламаны алған күннен бастап бір жыл ішінде материалдар мен олжаларды олардың ғылыми тіркелгені және өңделгені туралы есепті қоса бере отырып, мемлекеттік музейге береді.

      11. Жеке және заңды тұлғалардың материалдар мен олжаларды мемлекеттік музейге беруі материалдар мен олжаларды қабылдау-тапсыру актісімен (бұдан әрі – қабылдау-тапсыру актісі) ресімделеді.

      Қабылдау-тапсыру актісі әрбір тарап пен уәкілетті орган үшін қазақ және орыс тілдерінде үш данада жасалады.

      Мемлекеттік музей қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қабылдау-тапсыру актісінің бір данасын уәкілетті органға жібереді.

      12. Археологиялық жұмыстар аяқталғаннан кейін оларды жүргізген жеке және заңды тұлғалар объектіні консервациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге, археологиялық жұмыстар жүргізу салдарынан бұзылған жер учаскелері мен басқа да табиғи объектілерді қалпына келтіруге міндетті.

      Ескерту. 34-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

35-бап. Мәдени құндылықтарға жататын заттар бар көмбені табу

      1. Мәдени құндылықтарға жататын заттар бар көмбе табылған кезде, олар Қазақстан Республикасының меншiгiне берiлуге жатады. Мұндай көмбе табылған жылжымайтын мүліктің меншік иесінің және көмбенi тапқан тұлғаның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабына сәйкес тең үлестерде көмбе құнының елу пайызы мөлшерiнде сыйақы алуға құқығы бар. Мемлекетке тиесілі жер учаскесінен немесе өзге де жылжымайтын мүліктен мәдени құндылықтарға жататын заттар бар көмбе табылған жағдайда, көмбені тапқан тұлға осы көмбе құнының елу пайызын алуға құқылы.

      Көмбе құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес мүлікті бағалау туралы есеп негізінде айқындалады.

      2. Мәдени құндылықтарға жататын заттар бар көмбені тапқаны үшін сыйақы төлеу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражатынан жүргізіледі.

36-бап. Тарихи-мәдени сараптама

      1. Мыналар тарихи-мәдени сараптама объектілері болып табылады:

      1) игеруге жататын жер учаскелері;

      2) тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдеріне қосуды негіздейтін материалдар;

      3) тарих және мәдениет ескерткіштерін тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдерінен алып тастауды негіздейтін материалдар;

      4) тарих және мәдениет ескерткіштерін Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізіміне қосуды негіздейтін материалдар;

      5) тарих және мәдениет ескерткішінің санатын өзгертуді, тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру мен оны өзгертуді негіздейтін материалдар.

      2. Тарихи-мәдени сараптаманы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын, тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензиясы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісінің аккредитациясы бар жеке және заңды тұлғалар жүргізеді.

      3. Тарихи-мәдени сараптама уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.

      4. Тарихи-мәдени сараптама жүргізу нәтижесі бойынша қорытынды беріледі.

      Тарихи-мәдени сараптама қорытындысына уәкілетті органға не сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

37-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

38-бап. Өтпелі ереже

      Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген, тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензиялар осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта ресімдеуге жатады.

39-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 12-баптың 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 15, 363-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 17, 139-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 19-ІІ, 105-құжат; № 20-IV, 113-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; 2017 ж., № 9, 18-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ