Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 5 желтоқсанда № 19697 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны бекітілсін.

      2. "Микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 264 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17886 болып тіркелген, 2018 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 29 қарашадағы
№ 232 қаулысымен
бекітілді

Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны (бұдан әрі - Тәртіп) "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 4-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын анықтайды.

      2. Тәртіптің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім - қарыз алушының өзіне кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) микрокредит алу сомасы мен уақытын, бірақ микрокредиттер беру қағидаларында және кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде айқындауға мүмкіндік беретін талаптармен жасалған микрокредит беру туралы шарт;

      2) микрокредит беру туралы шарты (бұдан әрі - шарт) - шарт, оған сәйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға микрокредит береді;

      3) микрокредит бойынша артық төлем сомасы – микрокредит мәнін қоспағанда, сыйақы сомасын, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) қоса алғанда, қарыз алушының шарт бойынша барлық төлемдері;

      4) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі - ұйым) - микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік және ломбард;

      5) сыйақы - ұсынылған микрокредит үшін, ұйымға тиесілі ақшаның жылдық мөлшерінің есебінен микрокредит сомасына пайыздық көрсетуде айқындалған ақы;

      6) сыйақы мәні - микрокредит үшін ақы, оның шекті мөлшері Заңның 4-бабы 3-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес белгіленеді;

      7) тең қарыз алушы - микрокредит бойынша міндеттемелерді орындауға ортақ жауап беруші ретінде микрокредит беру туралы шарт бойынша іс-әрекет ететін жеке және заңды тұлға.

2-тарау. Микрокредит беру туралы шартты жасасу, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұны, ресімделуі, міндетті шарттарына қойылатын талаптар

      3. Шарт жазбаша мәміле жасау үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын ескере отырып жасалады.

      4. Шартта тиісті түрдегі шарттар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісімі бойынша анықталған талаптар, сондай-ақ мынадай міндетті талаптар бар:

      1) шарттың жалпы талаптары;

      2) қарыз алушының құқықтары;

      3) ұйымның құқықтары;

      4) ұйымның міндеттері;

      5) ұйым үшін шектеулер;

      6) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;

      7) шарттың талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі.

      5. Шарттың жалпы талаптары:

      1) шарттың жасалған күнін;

      2) ұйымының атауын және қарыз алушының (тең қарыз алушының) - жеке тұлғаның тегін, атын және әкесінің атын (ол бар болса) немесе қарыз алушының (тең қарыз алушының) - заңды тұлғаның атауын;

      3) микрокредиттің сомасын, кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін - микрокредиттің жалпы сомасын, микрокредитті пайдалану мақсаты туралы мәліметті (бар болса);

      4) микрокредиттің өтеу мерзімін, кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – шарттың жалпы мерзімін;

      5) Шарт жасалған күнгі сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен көрсетілген мөлшерін немесе сыйақы мәнін (Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген шарт жасалған жағдайда), сондай-ақ Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құнының) мөлшерін.

      Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген шартта қосымша сыйақы мөлшері және микрокредит бойынша артық төлем сомасы көрсетіледі;

      6) микрокредитті өтеу тәсілін: бір уақытта не бөліктермен, қолма-қол ақшамен – касса не электронды терминалдар арқылы, қолма-қол ақшасыз тәсілмен – ұйымның банктік шотының деректемелерін көрсете отырып;

      7) микрокредитті өтеу әдісін (аннуитеттік, дифференциалды, не микрокредиттерді беру қағидаларына сәйкес басқа әдісті);

      8) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігін;

      9) негізгі борыштың уақтылы өтелмегені және сыйақының төленбегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібін және мөлшерін;

      10) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерді (ол бар болса) орындауын қамтамасыз етуді;

      11) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда ұйым қабылдайтын шараларды;

      12) шарттың қолданылу мерзімін;

      13) ұйымның пошталық және электрондық мекенжайы туралы ақпаратты, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы (ол бар болса) туралы деректерді;

      14) ұйым шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатынын көздейтін талапты қамтиды.

      6. Жеке тұлғамен шарт жасасқанға дейін ұйым шарт бойынша қарыз алушының кредиттік досьесіне тіркелетін, ұйым жүзеге асырған іс-шаралар тізбесін міндетті түрде тіркей отырып, Заңның 7-бабы 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүзеге асырады.

      7. Тәртіпке қосымшаға сәйкес нысан бойынша шарттың тараптары қол қойған микрокредитті өтеу кестесі Шартқа қоса беріледі.

      8. Қарыз алушының құқықтары мыналарды көздейді:

      1) микрокредиттер беру қағидаларымен, ұйымның микрокредиттер беру жөніндегі тарифтерімен танысу;

      2) алынған микрокредитке шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен иелік ету;

      3) егер негізгі борыш пен (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күндеріне сәйкес келсе, негізгі борыш пен (немесе) сыйақыны тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге түрлерін төлемей, одан кейінгі жұмыс күні төлеу;

      4) шарт бойынша берілген микрокредит сомасын тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) төлемей, ұйымға мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтару;

      5) қарыз алушының - жеке тұлғаның Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғамен келіспеушіліктерді реттеу үшін ұйым осы қарыз алушымен жасалған шарт бойынша құқықты (талапты) басқаға берген жағдайда банк омбудсманына жүгіну;

      6) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымға жазбаша өтініш жасау.

      9. Ұйымның құқығы:

      1) шарттың талаптарын қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгерту;

      2) қарыз алушы микрокредиттің кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күннен асыра отырып бұзған кезде микрокредит және ол бойынша сыйақы сомасын мерзімінен бұрын қайтаруды талап ету мүмкіндігін көздейді.

      10. Ұйымның міндеті:

      1) шарт бойынша ұйым құқығының (талап етуінің) үшінші тұлғаға өту талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі - талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасалған кезде қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін):

      талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалғанға дейін құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен осындай басқаға беру талабына байланысты қарыз алушының дербес деректерін өңдеу туралы;

      талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде микрокредитті өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен үшінші тұлғаға өткені туралы талаптарды;

      2) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымның қарыз алушыға "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында белгілеген мерзімде жазбаша нысанда жауап беруін;

      3) ұйым жақсарту шарттарын қолданған жағдайда, қарыз алушыға шартта көзделген тәртіппен шарт талаптарының өзгергені туралы хабарлауды;

      4) тараптар қол қойған шартқа қосымшаны микрокредитті өтеу кестесін көздейді.

      Егер қарыз алушы (тең қарыз алушы) жеке тұлға болып табылса, микрокредитті беру күні жасалған микрокредитті өтеу кестесі, сондай-ақ ұйым ұсынған қарыз алушының (тең қарыз алушының) таңдаған әдісі туралы белгісі бар микрокредитті өтеу әдістерінің тізбесін қамтиды.

      Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соқтыратын микрокредиттің шарттарын өзгерткен кезде ұйым жаңа талаптарды ескере отырып, микрокредитті өтеудің жаңа кестесін жасайды және қарыз алушыға береді.

      Осы тармақшаның талаптары кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімге қолданылмайды.

      11. Ұйымға қойылатын шектеулер:

      1) сыйақы мөлшерлемесін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредитті өтеу әдісі мен тәсілін біржақты тәртіппен өзгерту;

      2) микрокредит бойынша сыйақы мен тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеу және қарыз алушыдан алу;

      3) ұйымға микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) және басқа да төлемдерді талап ету;

      4) микрокредит беру туралы шарт бойынша микрокредит сомасын ұлғайту;

      5) егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс немесе мереке күндеріне сәйкес келсе, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) алуға және сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу одан кейінгі келесі жұмыс күнінде жүзеге асырылады;

      6) кез келген валюталық баламасына байланыстыра отырып, теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеу.

      Микрокредиттің талаптарын, сомасы мен мерзімін, сыйақы мөлшерлемесін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін, артық төлем сомасын, өтеу әдісі мен тәсілін, сондай-ақ шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) мөлшерін қамтитын титулдық парақ шарттың бірінші беті болып табылады.

      Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 388-бабының талаптарына сәйкес баспада жарияланатын шарттың үлгі ережелерін қоспағанда, шарттың мәтіні А4 форматты парақта, қарпі – "Times New Rоmаn" кемінде 12 өлшеммен (Тәртіптің осы тармағының бірінші бөлігінде көзделген талаптар – кемінде 16 өлшеммен), әдеттегі әріпаралық, бір жолдық жоларалық интервалдармен және шегіну абзацтарын қолдана отырып басылады.

      12. Шарттың мәтіні титулдық парақтан кейін жазылады. Тәртіптің 5-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 4-тармағының 6) тармақшасында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен жазылады.

      13. Микрокредит кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім жасау арқылы берілген жағдайда:

      кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім Тәртіптің 10-тармағының талабына сәйкес келеді;

      кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде микрокредиттің жалпы сомасы және жалпы мерзімі көрсетіледі;

      Тәртіптің 5-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 7) және 12) тармақшаларында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен жазылады;

      Тәртіптің 5-тармағының 6), 8), 9), 10), 11) және 13) тармақшаларында көзделген талаптар кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда оларды шартта қосымша көрсету талап етілмейді.

      Тәртіптің 4-тармағының 6) және 7) тармақшаларында, сондай-ақ 8, 9, 10 және 11-тармақтарында көзделген талаптар кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда оларды шартта қосымша көрсету талап етілмейді.

  Микрокредит беру туралы
шартты жасасу тәртібіне, оның
ішінде микрокредит беру туралы
шарттың мазмұнына,
ресімделуіне, міндетті
шарттарына қойылатын
талаптарға, микрокредитті өтеу
кестесінің нысанына қосымша
  Нысан

________________ №___________
(жылы, күні, айы) Микрокредит беру туралы шартқа (микрокредит беру туралы шартқа қосымша келісімге) _________________
(жылы, күні, айы) Микрокредитті өтеу кестесі





 
теңге

Төлем күні

Кезеңдегі төлемдер

Негізгі борыш (берешек) қалдығы

Төлем сомасы

оның ішінде


Сыйақы

Негізгі борыш

1

2

3

4

5











Жиыны:





Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі
(Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген шарт бойынша – сыйақы мәні):

____ пайыз

Ұйымның деректемелері

Қарыз алушының деректемелері

Ұйым өкілінің қолы

Қарыз алушының/ қарыз алушы өкілінің қолы

      Түсіндірмелер:

      1-бағанда төлем жасалған күндер енгізіледі (бірінші күн микрокредит сомасын беру күні болып табылады).

      2-бағанда қарыз алушының төлем сомалары енгізіледі (қарыз алушы тарапынан төлемнің бірінші сомасы жоқ).

      3 және 4-бағандарда қарыз алушының төлем сомасын құрайтын сыйақы және негізгі борыш сомалары енгізіледі.

      5-бағанда қарыз алушының кезекті төлемі жүргізілгеннен кейінгі негізгі борыш (берешек) қалдықтары енгізіледі.

      "Жиыны" деген жолда 2, 3, 4 және 5-бағандар бойынша төлем ағындарының сомалары енгізіледі.