Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 5 желтоқсанда № 19697 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны бекітілсін.

      2. "Микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 264 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17886 болып тіркелген, 2018 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 29 қарашадағы
№ 232 қаулысымен
бекітілді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Нысан алып тастау көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны (бұдан әрі - Тәртіп) "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 4-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын анықтайды.

      2. Тәртіптің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім - қарыз алушының өзіне кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) микрокредит алу сомасы мен уақытын, бірақ микрокредиттер беру қағидаларында және кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде айқындауға мүмкіндік беретін талаптармен жасалған микрокредит беру туралы шарт;

      2) микрокредит беру туралы шарты (бұдан әрі - шарт) - шарт, оған сәйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға микрокредит береді;

      3) микрокредит бойынша артық төлем сомасы – микрокредит мәнін қоспағанда, сыйақы сомасын, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) қоса алғанда, қарыз алушының шарт бойынша барлық төлемдері;

      4) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі - ұйым) - микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік және ломбард;

      5) сыйақы - ұсынылған микрокредит үшін, ұйымға тиесілі ақшаның жылдық мөлшерінің есебінен микрокредит сомасына пайыздық көрсетуде айқындалған ақы;

      6) сыйақы мәні - микрокредит үшін ақы, оның шекті мөлшері Заңның 4-бабы 3-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес белгіленеді;

      7) тең қарыз алушы - микрокредит бойынша міндеттемелерді орындауға ортақ жауап беруші ретінде микрокредит беру туралы шарт бойынша іс-әрекет ететін жеке және заңды тұлға.

2-тарау. Микрокредит беру туралы шартты жасасу, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұны, ресімделуі, міндетті шарттарына қойылатын талаптар

      3. Шарт жазбаша мәміле жасау үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын ескере отырып жасалады.

      4. Шартта тиісті түрдегі шарттар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісімі бойынша айқындалған талаптар, сондай-ақ мынадай міндетті талаптар бар:

      1) шарттың жалпы талаптары;

      2) қарыз алушының құқықтары;

      3) ұйымның құқықтары;

      4) ұйымның міндеттері;

      5) ұйым үшін шектеулер;

      6) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;

      7) шарттың талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес, сомасы бір жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын микрокредит беру туралы шарт берешекті сотқа дейін реттеу тәртібін қамтиды, ол мыналарды көздейді:

      1) қарыз алушы-жеке тұлғаға жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей мыналарды көрсету қамтылған хабарлама жіберу:

      хабарламада көрсетілген күнгі жағдай бойынша мерзімі өткен берешектің, оның ішінде негізгі борыштың, сыйақының және тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшерін көрсете отырып шарт бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі;

      берешекті тараптардың келісімі бойынша шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, қарыз алушы-жеке тұлғаның ұйымға шартта көзделген тәсілмен, бойынша шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өту себептері, кірістер және оның шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін басқа расталған жағдайлар (фактілер) туралы мәліметтер қамтылған өтінішпен жүгінуі арқылы реттеу мүмкіндігі;

      қарыз алушының шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары, оның ішінде ұйымның негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) қоса алғанда берешекті ұйымға міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде күнтізбелік отыз күн ішінде өтініш жасамаған немесе жеке тұлға қарыз алушымен берешекті реттеу бойынша келісімге қол жеткізілмеген жағдайда жеке тұлға қарыз алушының келісімін алмастан нотариустың атқарушылық жазбасының негізінде өндіру құқығы.

      Хабарлама, егер ол борышкерге шартта көзделген мынадай тәсілдердің бірімен жіберілсе, жеткізілген болып саналады:

      шартта көрсетілген электрондық поштаның мекенжайына;

      шартта көрсетілген тұрғылықты жері бойынша оның тапсырылғаны, оның ішінде отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірінің, көрсетілген мекенжайда тұратын алғаны туралы хабарлама бар тапсырысты хатпен;

      жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін өзге байланыс құралдарын пайдалана отырып.

      Хабарлама оны адресат бойынша алушыға тапсыруға мүмкін болмағаны туралы белгі қоя отырып не оны қабылдаудан бас тартуға, не оның осы тармақшада көрсетілген өзге байланыс құралын пайдаланған кезде оның қабылданғанын растамауға байланысты қайтарылған кезде, хабарлама тиісті түрде жіберілген болып саналады;

      2) қарыз алушы-жеке тұлғаның шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұйымға шартта көзделген тәсілмен шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, оның шарт талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне негіз болатын кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын өтінішпен жүгіну құқығы;

      3) ұйымның қарыз алушы-жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарауы және жазбаша нысанда не шартта көзделген тәсілмен келісімі туралы, берешекті реттеу жөніндегі өз ұсыныстары немесе дәлелді бас тартуын хабарлауы;

      4) ұйымның қарыз алушы-жеке тұлғаның келісімін алмай, нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) қоса алғанда, мынадай:

      қарыз алушы-жеке тұлғаның тараптардың келісімі бойынша берешекті реттеу үшін ұйымға өтініш ұсынбауы және қарыз алушы-жеке тұлғаның міндеттелерді орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде берешек бойынша өтінішін ұсынбауы;

      қарыз алушы-жеке тұлғаның өтінішін қарау нәтижелері бойынша берешекті реттеу жөніндегі келісімге қол жеткізбеу және қарыз алушы-жеке тұлғаның берешек бойынша қарсылықтарын ұсынбауы жағдайларында, берешекті өндіріп алу құқығы.

      Қарыз алушы-жеке тұлғаның берешек бойынша өтініш ұсынбауы оның міндеттемені орындамауында кінәсін мойындау болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 19.10.2020 № 102 (ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Шарттың жалпы талаптары:

      1) шарттың жасалған күнін;

      2) ұйымының атауын және қарыз алушының (тең қарыз алушының) - жеке тұлғаның тегін, атын және әкесінің атын (ол бар болса) немесе қарыз алушының (тең қарыз алушының) - заңды тұлғаның атауын;

      3) микрокредиттің сомасын, кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін - микрокредиттің жалпы сомасын, микрокредитті пайдалану мақсаты туралы мәліметті (бар болса);

      4) микрокредиттің өтеу мерзімін, кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – шарттың жалпы мерзімін;

      5) Шарт жасалған күнгі сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен көрсетілген мөлшерін немесе сыйақы мәнін (Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген шарт жасалған жағдайда), сондай-ақ Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құнының) мөлшерін.

      Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген шартта қосымша сыйақы мөлшері және микрокредит бойынша артық төлем сомасы көрсетіледі;

      6) микрокредитті өтеу тәсілін: бір уақытта не бөліктермен, қолма-қол ақшамен – касса не электронды терминалдар арқылы, қолма-қол ақшасыз тәсілмен – ұйымның банктік шотының деректемелерін көрсете отырып;

      7) микрокредитті өтеу әдісін (аннуитеттік, дифференциалды, не микрокредиттерді беру қағидаларына сәйкес басқа әдісті);

      8) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігін;

      9) негізгі борыштың уақтылы өтелмегені және сыйақының төленбегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібін және мөлшерін;

      10) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерді (ол бар болса) орындауын қамтамасыз етуді;

      11) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда ұйым қабылдайтын шараларды;

      12) шарттың қолданылу мерзімін;

      13) ұйымның пошталық және электрондық мекенжайы туралы ақпаратты, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы (ол бар болса) туралы деректерді;

      14) ұйым шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатынын көздейтін талапты қамтиды.

      6. Жеке тұлғамен шарт жасасқанға дейін ұйым шарт бойынша қарыз алушының кредиттік досьесіне тіркелетін, ұйым жүзеге асырған іс-шаралар тізбесін міндетті түрде тіркей отырып, Заңның 7-бабы 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүзеге асырады.

      7. Тәртіпке қосымшаға сәйкес нысан бойынша шарттың тараптары қол қойған микрокредитті өтеу кестесі шартқа қоса беріледі.

      Микрокредитті өтеу кестесінде тараптардың келісімен қосымша мәліметтер болуы мүмкін.

      Микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылатын жағдайда, осы тармақта белгіленген талаптар Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шартқа қолданылмайды.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 19.10.2020 № 102 (ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Қарыз алушының құқықтары мыналарды көздейді:

      1) микрокредиттер беру қағидаларымен, ұйымның микрокредиттер беру жөніндегі тарифтерімен танысу;

      2) алынған микрокредитке шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен иелік ету;

      3) егер негізгі борыш пен (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күндеріне сәйкес келсе, негізгі борыш пен (немесе) сыйақыны тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге түрлерін төлемей, одан кейінгі жұмыс күні төлеу;

      4) шарт бойынша берілген микрокредит сомасын тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) төлемей, ұйымға мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтару;

      5) қарыз алушының - жеке тұлғаның Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғамен келіспеушіліктерді реттеу үшін ұйым осы қарыз алушымен жасалған шарт бойынша құқықты (талапты) басқаға берген жағдайда банк омбудсманына жүгіну;

      6) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымға жазбаша өтініш жасау.

      9. Ұйымның құқығы:

      1) шарттың талаптарын қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгерту;

      2) қарыз алушы микрокредиттің кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күннен асыра отырып бұзған кезде микрокредит және ол бойынша сыйақы сомасын мерзімінен бұрын қайтаруды талап ету мүмкіндігін көздейді.

      10. Ұйымның міндеті:

      1) шарт бойынша ұйым құқығының (талап етуінің) үшінші тұлғаға өту талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі - талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасалған кезде қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін):

      талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалғанға дейін құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен осындай басқаға беру талабына байланысты қарыз алушының дербес деректерін өңдеу туралы;

      талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде микрокредитті өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен үшінші тұлғаға өткені туралы талаптарды;

      2) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымның қарыз алушыға "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында белгілеген мерзімде жазбаша нысанда жауап беруін;

      3) ұйым жақсарту шарттарын қолданған жағдайда, қарыз алушыға шартта көзделген тәртіппен шарт талаптарының өзгергені туралы хабарлауды;

      4) тараптар қол қойған шартқа қосымшаны микрокредитті өтеу кестесін көздейді.

      Егер қарыз алушы (тең қарыз алушы) жеке тұлға болып табылса, микрокредитті беру күні жасалған микрокредитті өтеу кестесі, сондай-ақ ұйым ұсынған қарыз алушының (тең қарыз алушының) таңдаған әдісі туралы белгісі бар микрокредитті өтеу әдістерінің тізбесін қамтиды.

      Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соқтыратын микрокредиттің шарттарын өзгерткен кезде ұйым жаңа талаптарды ескере отырып, микрокредитті өтеудің жаңа кестесін жасайды және қарыз алушыға береді.

      Микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылатын жағдайда, осы тармақшаның талаптары кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімге, сондай-ақ Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шартқа қолданылмайды.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 19.10.2020 № 102 (ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Ұйымға қойылатын шектеулер:

      1) сыйақы мөлшерлемесін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредитті өтеу әдісі мен тәсілін біржақты тәртіппен өзгерту;

      2) микрокредит бойынша сыйақы мен тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеу және қарыз алушыдан алу;

      3) ұйымға микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) және басқа да төлемдерді талап ету;

      4) микрокредит беру туралы шарт бойынша микрокредит сомасын ұлғайту;

      5) егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс немесе мереке күндеріне сәйкес келсе, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) алуға және сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу одан кейінгі келесі жұмыс күнінде жүзеге асырылады;

      6) кез келген валюталық баламасына байланыстыра отырып, теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеу.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес микрокредит алатын қарыз алушы-жеке тұлғамен жасалатын шартқа шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын бастапқы бет қоса беріледі.

      Бастапқы бет шарттың бірінші беттері түрінде жазылады және көрсетілген реттілікпен Тәртіптің 5-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 9) тармақшаларында көзделген талаптарды қамтиды. Шарттың мәтіні А4 форматты парақтарда, мөлшері 12-ден кем емес "Times New Rоmаn" қарпімен, әдеттегі әріпаралық, бір жоларалық интервалмен және абзац шегіністері қолданыла отырып басылады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 19.10.2020 № 102 (ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Тәртіптің 5-тармағының 8), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 4-тармағының 6) тармақшасында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен бастапқы парақтан кейін жазылады.

      Шарт 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 389-бабына сәйкес қосылу талаптарымен жасалған жағдайда Қарыз алушыға ұсынылатын шарттың бөлігі (қосылу туралы өтініш) Тәртіптің 11-тармағы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес келеді, осы тармақта көзделген шарттың бөлігінде (қосылу туралы өтініште) тиісті жүйелілікпен бастапқы парақтан кейін көрсетілетін талаптар қамтылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 19.10.2020 № 102 (ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Микрокредит кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім, сондай-ақ оның шеңберінде кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын және оның негізінде кезекті микрокредит беру жүзеге асырылатын шарт (шарттар) жасау арқылы берілген жағдайда:

      кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім Тәртіптің 11-тармағы үшінші бөлігінің талабына сәйкес келеді;

      кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде микрокредиттің жалпы сомасы және жалпы мерзімі көрсетіледі;

      Тәртіптің 5-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 7) және 12) тармақшаларында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен жазылады;

      Тәртіптің 5-тармағының 6), 8), 9), 10), 11) және 13) тармақшаларында, 4-тармағының 6) және 7) тармақшаларында, сондай-ақ 8, 9, 10 және 11-тармақтарында көзделген талаптар кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде көзделген талаптар кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда оларды шартта қосымша көрсету талап етілмейді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 19.10.2020 № 102 (ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Микрокредит беру туралы
шартты жасасу тәртібіне,
оның ішінде микрокредит беру
туралы шарттың
мазмұнына,ресімделуіне,
міндетті шарттарына
қойылатын талаптарға,
микрокредитті өтеу
кестесінің нысанына
қосымша
  Нысан

      ________________ №___________

      (жылы, күні, айы) Микрокредит беру туралы шартқа

      (микрокредит беру туралы шартқа қосымша келісімге) _________________

      (жылы, күні, айы) Микрокредитті өтеу кестесі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 19.10.2020 № 102 (ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  теңге

Төлем күні

Кезеңдегі төлемдер

Негізгі борыш (берешек) қалдығы

Төлем сомасы

оның ішінде


Сыйақы

Негізгі борыш

1

2

3

4

5











Жиыны:





Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген шарт бойынша – сыйақы мәні):

____ пайыз

Қарыз алушы таңдаған микрокредитті өтеу әдісі

____________ (аннуитеттік, сараланған немесе микроқаржы ұйымының ішкі қағидаларына сәйкес басқа әдіс)

Ұйымның деректемелері

Қарыз алушының деректемелері

Ұйым өкілінің қолы

Қарыз алушының/ қарыз алушы өкілінің қолы

      Түсіндірмелер:

      1-бағанда төлем жасалған күндер енгізіледі (бірінші күн микрокредит сомасын беру күні болып табылады).

      2-бағанда қарыз алушының төлем сомалары енгізіледі (қарыз алушы тарапынан төлемнің бірінші сомасы жоқ).

      3 және 4-бағандарда қарыз алушының төлем сомасын құрайтын сыйақы және негізгі борыш сомалары енгізіледі.

      5-бағанда қарыз алушының кезекті төлемі жүргізілгеннен кейінгі негізгі борыш (берешек) қалдықтары енгізіледі.

      "Жиыны" деген жолда 2, 3 және 4-бағандар бойынша төлем ағындарының сомалары енгізіледі.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулы 1-қосымшамен толықтыру көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулы 2-қосымшамен толықтыру көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) қаулысымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулы 3-қосымшамен толықтыру көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.