ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мыналар:
1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі;
2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптар;
3) осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес Микрокредитті өтеу кестесі бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. "Микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 264 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17886 болып тіркелген, 2018 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Ұлттық Банк Төрағасы |
Е. Досаев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысымен бекітілді |
Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны
Ескерту. Нысан алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысына 1-қосымша |
Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі
Ескерту. Қаулы 1-қосымшамен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Осы Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін айқындайды.
2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның (микрокредиттер беру қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік және ломбард, бұдан әрі – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушыға микрокредит беруіне негіз болатын микрокредит беру туралы шарт Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының мәміленің жазбаша нысанына қойылатын талаптары ескеріле отырып жасалады.
3. Жеке тұлғамен микрокредит беру туралы шарт жасасқанға дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғаны оның микрокредит алу үшін жүгінген тәсіліне қарамастан жылдық пайызбен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (микрокредиттің нақты құны), микрокредит бойынша артық төлем сомасы туралы хабардар етеді, сондай-ақ қарыз алушының осы шарт бойынша кредиттік досьесіне қоса берілетін, микроқаржы ұйымы жүзеге асырған іс-шаралар тізбесін міндетті түрде белгілей отырып, Заңның 7-бабы 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүзеге асырады.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.4. Микрокредит беру туралы шешім қабылдағанға дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушының кредиттік есебінде оның микрокредит алудан ерікті түрде бас тартуының белгіленгені туралы ақпараттың болуын тексеруді жүзеге асырады.
Қарыз алушының кредиттік есебінде микрокредит алудан ерікті бас тартуды белгілеу туралы ақпарат болған жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым микрокредит беруден бас тартады.
Ескерту. Тәртібі 4-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.03.2024 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.5. Дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаға микрокредит берілгенге дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым микрокредиттер берудің ішкі қағидалары шеңберінде қарыз алушының кредит қабілеттілігін талдау рәсімін жүргізеді.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген екі мың жеті жүз он еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде микрокредит бергенге дейін мынадай факторлардың негізінде қарыз алушының кредит қабілеттілігін талдауды жүзеге асырады:
қарыз алушының тұрақты және жеткілікті кірісінің болуы;
несие берешегінің, оның ішінде басқа кредиторлар алдында берешегінің болуы;
борыш жүктемесі;
микрокредиттер бойынша төлем тәртібі (кредиттік тарих);
микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның скорингтік жүйелеріндегі қарыз алушының рейтингі (бар болса);
өзге берешектің болуы;
банктік шоттар бойынша қалдықтар мен операциялар (бар болса);
ақшаны нысаналы пайдалануы туралы ақпарат;
микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімінің болуы.
Ескерту. Тәртібі 5-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысына 2-қосымша |
Шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптар
Ескерту. Қаулы 2-қосымшамен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) қаулысымен.
1. Осы Шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген.
2. Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім – қарыз алушының өзіне кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) микрокредит сомасы мен алу уақытын, бірақ микрокредиттер беру қағидаларында және кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде айқындауына мүмкіндік беретін талаптармен жасалған микрокредит беру туралы шарт;
2) шарт – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыға микрокредит беруіне негіз болатын микрокредит беру туралы шарт;
3) микрокредит бойынша артық төлем сомасы – микрокредит мәнін қоспағанда, сыйақы сомасын, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) қоса алғанда, қарыз алушының шарт бойынша барлық төлемдерінің сомасы;
4) ұйым – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (микрокредиттерді беру қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард);
5) сыйақы – ұйымға тиесілі ақшаның жылдық мөлшерінің есебінен микрокредит сомасына қатысты пайыздық көрсеткіш бойынша айқындалған, ұсынылған микрокредит үшін ақы;
6) қоса қарыз алушы – микрокредит бойынша міндеттемелерді орындауға ортақ жауапты ретінде шарт бойынша әрекет ететін жеке немесе заңды тұлға.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.3. Шартта шарттардың тиісті түріне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісуі бойынша айқындалған талаптар, сондай-ақ мынадай міндетті талаптар қамтылады:
1) шарттың жалпы талаптары;
2) қарыз алушының құқықтары;
3) ұйымның құқықтары;
4) ұйымның міндеттері;
5) ұйымға арналған шектеулер;
6) тараптардың міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі;
7) шарттың талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі.
4. Шарттың жалпы талаптарында мыналар қамтылады:
1) шарт жасасқан күн;
2) ұйымының атауы және қарыз алушы (қоса қарыз алушы) – жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болса) немесе қарыз алушы (қоса қарыз алушы) – заңды тұлғаның атауы;
3) микрокредиттің сомасы (микрокредиттің мәні), кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – микрокредиттің жалпы сомасы (микрокредиттің мәні), микрокредит бойынша артық төлем сомасы, микрокредитті пайдалану мақсаты туралы мәліметтер (бар болса), бұл ретте микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төлем сомасы, микрокредиттің мәні) туралы ақпарат шарттың бірінші бетінде көрсетіледі;
4) микрокредитті өтеу мерзімдері, кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – шарттың жалпы мерзімі;
5) шарт жасалған күнгі жағдай бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен көрсетілген мөлшері, сондай-ақ Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құнының) мөлшері;
6) микрокредитті өтеу тәсілі: бір уақытта не бөліктермен, қолма-қол ақшамен – касса не электронды терминалдар арқылы, қолма-қол ақшасыз тәсілмен – ұйымның банктік шотының деректемелерін көрсете отырып;
7) микрокредитті өтеу әдісі (аннуитеттік, дифференциалды немесе микрокредиттерді беру қағидаларына сәйкес басқа әдіс);
8) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
9) негізгі борыштың уақтылы өтелмегені және сыйақының төленбегені үшін айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және мөлшері;
10) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерді (ол бар болса) орындауын қамтамасыз ету;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!11) тармақшаның қолданысы 28.02.2025 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде мынадай редакция қолданыста болады - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.01.2025 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
11) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған кезде ұйым қабылдайтын шаралар;
12) шарттың қолданыс мерзімі;
13) ұйымның пошталық және электрондық мекенжайы туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы (ол бар болса) туралы деректер;
14) қарыз алушы – жеке тұлғаның тіркелген жерінің не тұрғылықты жерінің мекенжайы, қарыз алушы – заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органының тіркелген жерінің не орналасқан жерінің мекенжайы;
15) ұйым шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатынын көздейтін талап.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.01.2025 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.4-1. Жеке тұлғамен республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің қырық бес еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде, күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі мерзімге жасалған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес микрокредит беру туралы шарттың жалпы талаптары Талаптардың 4-тармағында көрсетілген талаптардан басқа мынадай талаптарды қамтиды:
1) микрокредит сомасын қайтару және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,3 (нөл бүтін оннан үш) пайызынан аспайды;
2) микрокредиттің мәнін қоспағанда, микрокредит беру туралы шартта көзделген сыйақы мен айыпақы (айыппұл, өсімпұл) сомасын қоса алғанда, микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушының барлық төлемдері жиынтығында микрокредит беру туралы шарттың бүкіл қолданыс кезеңі үшін берілген микрокредит сомасының жартысынан аспайды;
3) тараптардың келісімі бойынша микрокредит беру туралы шарттың қолданыс мерзімін қолданыстағы немесе жақсартатын талаптармен күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге ұлғайтуға жол беріледі.
Ескерту. Талаптар 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.5. Қарыз алушының құқықтары мынадай мүмкіндіктерді көздейді:
1) микрокредиттер беру қағидаларымен, микрокредиттер беру бойынша ұйымның тарифтерімен танысу;
2) шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен алынған микрокредитке иелік ету;
3) егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түссе, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны айыпақы (айыппұл, өсімпұл) төлеместен одан кейінгі жұмыс күні төлеу;
4) шарт бойынша берілген микрокредит сомаларын ұйымға мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтару;
5) қарыз алушы – жеке тұлғаның шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі өте бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұйымға баруы және (немесе) жазбаша нысанда, сондай-ақ микроқаржы ұйымына "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген идентификаттау құралдарын қолдану арқылы қарыз алушыны идентификаттауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпараттандыру объектілері (бұдан әрі – ақпараттандыру объектілері) арқылы не шартта көзделген тәсілмен шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өту себептері, кірістері және оның шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне негіз болатын басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын өтініш ұсынуы, оның ішінде мыналармен байланысты:
шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;
микрокредит мерзімін өзгерту;
мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, микрокредит бойынша айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жою;
тараптардың келісімінде белгіленген мерзімдерде ипотека мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің дербес сатуы;
ұйымға кепілге салынған мүлікті беру жолымен шарт бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін ұсыну;
сатып алушыға шарт бойынша міндеттемені бере отырып, ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату;
6) қарыз алушы – жеке тұлғаның Талаптардың 7-тармағы 4) тармақшасының төртінші абзацында көзделген ұйымның шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде немесе Заңның 9-2-бабы 3-тармағының үшінші бөлігінде көзделген мерзімде шарт талаптарының өзгергені туралы өзара тиімді шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, бірмезгілде ұйымға хабарлай отырып, микроқаржы омбудсманына жүгінуі;
7) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымға жазбаша жүгіну.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.01.2025 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.6. Ұйымның құқықтары:
1) шарттың талаптарын қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгерту;
2) қарыз алушы микрокредиттің кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күннен асыра отырып бұзған кезде микрокредит және ол бойынша сыйақы сомасын мерзімінен бұрын қайтаруды талап ету;
3) атқару жазбасының негізінде берешекті өндіріп алу.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.01.2024 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.7. Ұйымның міндеттерінде мыналар көзделеді:
1) ұйым құқығының (талабының) үшінші тұлғаға шарт бойынша ауысу талаптарын қамтитын шартты (бұдан әрі – талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасасу кезінде қарыз алушыға (немесе оның уәкілетті өкіліне):
басқаға беру шарты жасалғанға дейін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес шарт бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаны көрсетілген шарт бойынша кредитордың құқықтарын (талаптарын) үшінші тұлғаға берудің жоспарланып отырғаны туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерін өңдеу (беру) туралы шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы хабардар ету;
шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы шарт бойынша құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға шарт бойынша одан әрі төлемдерді (шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаның не шарт бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда – сервистік компанияның атауын, орналасқан жерін және банктік деректемелерін) жүзеге асыру қажеттілігін, шарт бойынша берілген құқықтардың (талаптардың) көлемін, шарт бойынша берешектің мөлшері мен құрылымын (негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) және төленуге жататын басқа да сомаларды көрсете отырып, шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде талап ету құқықтарының (талаптарының) өтуі туралы;
2) қарыз алушыны борышкерлермен байланысу үшін коллекторлық агенттіктің атауын, орналасқан жерін, коллекторлық агенттіктің телефон нөмірлерін көрсете отырып, шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және реттеуге берген күні хабардар ету;
3) қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен және мерзімдерде, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы, бірақ:
шарт бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алудың туындауы және хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы;
қарыз алушы – жеке тұлғаның шарт бойынша Заңның 9-2-бабының 2-тармағында көзделген өтінішпен ұйымға жүгіну құқығы туралы;
қарыз алушының шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар ету.
Шартта хабарлама, егер ол борышкерге шартта көзделген мынадай тәсілдердің бірімен:
шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;
шартта көрсетілген тұрғылықты жері бойынша тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен, оның ішінде көрсетілген мекенжай бойынша тұратын отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірі алған жағдайда;
жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберілген болса, оның жеткізілген болып есептелетіні туралы талап қамтылады;
4) қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістерді жазбаша нысанда, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы не шартта көзделген тәсілмен қарау қарыз алушы – жеке тұлғаға мынадай шешімдердің бірі туралы хабарлайды:
шарт талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісу туралы;
шарт талаптарын өзгерту бойынша өзінің ұсынысы туралы;
осындай бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы;
5) ұйым шартта көзделген тәртіппен жақсартатын талаптарды қолданған кезде шарт талаптарының өзгергені туралы қарыз алушыны хабардар ету;
6) тараптар қол қойған микрокредитті өтеу кестесінің шартына қосымша.
Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соғатын микрокредит шарттары өзгерген кезде ұйым жаңа талаптарды ескере отырып, микрокредитті өтеудің жаңа кестесін жасайды және қарыз алушыға береді.
Осы тармақшаның талаптары кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімге, сондай-ақ микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылатын шартқа қолданылмайды;
7) Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген өзге де міндеттер.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.01.2025 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.8. Ұйымға қойылатын шектеулер:
1) сыйақы мөлшерлемелерін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредитті өтеу әдісі мен тәсілін біржақты тәртіппен өзгертуге;
2) Заңның 7-бабының 3-тармағы 1-1) тармақшасының екінші бөлігінде көзделген ерекше жағдайларды ескере отырып, банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғаға микрокредит беруге;
3) микрокредит бойынша сыйақы мен айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеуге және қарыз алушыдан алуға;
4) ол бойынша негізгі борыш сомасы тіркеуге жататын кепіл мүлкімен, және (немесе) оны жасасу күніне ақша кепілімен толық қамтамасыз етілген шартты қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес қарыз алушы-жеке тұлғаның микрокредиті бойынша негізгі борыштың және (немесе) сыйақының сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімі өткен қатарынан күнтізбелік тоқсан күн өткеннен кейін есептелген сыйақыны, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге;
5) жылжымайтын мүлік кепілінің ипотекасымен қамтамасыз етілген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес қарыз алушы-жеке тұлғаның микрокредиті бойынша негізгі борыштың және (немесе) сыйақының сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімі өткен қатарынан күнтізбелік жүз сексен күн өткеннен кейін есептелген сыйақыны, сондай-ақ айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге;
6) қарыз алушыдан шарт бойынша борыш сомасын өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларымен ынтымақтастықты көздейтін шарттар жасасуға, сондай-ақ "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабының 2-тармағына және (немесе) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабының 1-тармағына сәйкес микроқаржы ұйымының үлестес тұлғасы болып табылатын жеке сот орындаушысымен атқарушылық құжатты орындау талаптары туралы келісім (шарт) жасасуға;
7) жеке тұлғамен оның келісімінсіз және микрокредит беру туралы шарттың талаптарын сақтауды не жақсартуды қамтамасыз етпейтін талаптарда жасалған микрокредит беру туралы шарттың қолданыс мерзімін ұлғайтуға;
8) ұйымға микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) және басқа да төлемдерді талап етуге;
9) шарт бойынша микрокредит сомасын ұлғайтуға;
10) егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, айыпақы (айыппұл, өсімпұл) алуға және негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеу одан кейінгі келесі жұмыс күнінде жүргізіледі;
11) кез келген валюта баламасына байланыстыра отырып, теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеуге тыйым салуды көздейді;
12) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті өндіріп алу үшін атқарушылық жазба жасау туралы өтінішті борышкердің шартта көрсетілген мекенжайы бойынша нотариус қызмет ететін аумаққа сәйкес емес нотариусқа, сондай-ақ "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабының 2-тармағына және (немесе) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабының 1-тармағына сәйкес микроқаржы ұйымының үлестес тұлғасы болып табылатын нотариусқа беруге.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.01.2025 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.9. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит алатын қарыз алушы-жеке тұлғамен жасалатын шартқа шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын титул парағы қоса беріледі.
Титул парағы шарттың бастапқы беттері түрінде жазылады және көрсетілген жүйелілікпен Тәртіптің 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 9) тармақшаларында көзделген талаптарды қамтиды. Бұл ретте Тәртіптің 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген талап шарттың бірінші бетінде жазылады.
10. Шарттың мәтіні А4 форматты парақтарда, мөлшері 12-ден кем емес "Times New Rоmаn" қарпімен, әдеттегі әріпаралық, бір жоларалық интервалмен және абзац шегіністері қолданыла отырып басылады.
11. Тәртіптің 4-тармағының 8), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 5-тармағының 6) тармақшасында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен титул парағынан кейін жазылады.
Шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 389-бабына сәйкес қосылу талаптарымен жасалған жағдайда қарыз алушыға ұсынылатын шарттың бөлігі (қосылу туралы өтініш) Тәртіптің 9-тармағы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келеді, сондай-ақ осы тармақта көзделген шартта тиісті жүйелілікпен көрсетілетін талаптар қамтылады. Бұл ретте қосылу туралы өтініш шарттың титул парағына тең келеді.
12. Микрокредит беру туралы шартқа тараптар қол қойған микрокредитті өтеу кестесі қоса беріледі.
Егер қарыз алушы (қоса қарыз алушы) жеке тұлға болып табылса, микрокредит беру күніне жасалған микрокредитті өтеу кестесінде қарыз алушының (қоса қарыз алушының) таңдалған әдіс туралы белгісі бар ұйым ұсынған микрокредитті өтеу әдістерінің тізбесі де болады.
Микрокредитті өтеу кестесін толтыру жөніндегі талаптар микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылатын шартқа қолданылмайды.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.13. Микрокредит кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім, сондай-ақ оның шеңберінде кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын және оның негізінде кезекті микрокредит беру жүзеге асырылатын шарт (шарттар) жасау арқылы берілген жағдайда:
кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім Тәртіптің 9-тармағы екінші бөлігіне сәйкес келеді;
кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде микрокредиттің жалпы сомасы және жалпы мерзімі көрсетіледі;
Тәртіптің 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 7) және 12) тармақшаларында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен жазылады. Бұл ретте Тәртіптің 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген талап шарттың бірінші бетінде көрсетіледі;
Тәртіптің 4-тармағының 6), 8), 9), 10), 11) және 13) тармақшаларында, 3-тармағының 6) және 7) тармақшаларында, сондай-ақ 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көзделген талаптар кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда оларды шартта қосымша көрсету талап етілмейді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысына 3-қосымша |
|
Нысан |
________ ж.____.____. №__________ микрокредит беру туралы шартқа ____ж.______.______. микрокредитті өтеу кестесі
Микрокредитті өтеу кестесі
Ескерту. Қаулы 3-қосымшамен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
теңге |
Төлем күні | Кезеңдегі төлемдер | Негізгі борыш (берешек) қалдығы | |||
Төлем сомасы | оның ішінде | ||||
Сыйақы | Негізгі борыш | ||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | |
Жиынтығы: | |||||
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі: | _______ пайыз | ||||
Қарыз алушы таңдаған микрокредитті өтеу әдісі |
____________ | ||||
Ұйымның деректемелері | Қарыз алушының деректемелері | ||||
___________________ |
_______________________ |