Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу қағидаларын және шекті мәнін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 215 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 3 желтоқсанда № 19670 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мына:

      1) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу қағидалары;

      2) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушысының борыштық жүктемесі коэффициентінің шекті мәні 0,5 мөлшерінде бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк Төрағасы Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 28 қарашадағы
№ 215 қаулысымен
бекітілген

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу қағидалары

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қызметін Заңның 3-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – микроқаржы ұйымы) қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қағидаларда Заңда көрсетілген негізгі ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) кредиттік желі – микроқаржы ұйымының қарыз алушыға микрокредит алу уақытын өзі анықтауға мүмкіндік беретін талаптармен, бірақ микрокредиттер беру қағидаларында және кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома мен уақыт шегінде қарыз алушыға микрокредит беру міндеттемесі;

      2) кредиттік лимит – кредиттік желінің шекті сомасы;

      3) кредиттік лимиттің пайдаланылмаған бөлігі – микроқаржы ұйымының ашық кредиттік желі шеңберінде қарыз алушыға микрокредит беру жөніндегі шартты міндеттемесінің сомасы;

      4) қарыз алушы – микроқаржы ұйымымен микрокредит беру туралы шарт жасасуға ниет білдірген немесе пайдаланатын, орташа айлық табысы мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында соңғы жарияланған, қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеуді жүзеге асыру күні қолжетімді орташа айлық жалақыға тең немесе екі есе мөлшеріне тең болатын Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғасы;

      5) ресми кіріс – мына құжаттардың:

      салымшының (алушының) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттiк корпорациясының дерекқорынан алынған ақпараттың немесе орталық атқарушы органдар және оларға тиесілі не оларға ведомстволық бағынысты заңды тұлғалардың дерекқорынан жеке тұлғалардың кірісі туралы ақпараттың;

      зейнетақы төлемдері түсетін банк шотынан үзінді-көшірменің;

      жұмыс берушіден жалақы және басқа да кірістер түсетін банк шотынан үзінді-көшірменің;

      "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" 2005 жылғы 7 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған зейнетақы аннуитеті шарты бойынша, аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдері түсетін банк шотынан үзінді-көшірменің;

      мынадай салықтық аударымдар:

      патенттің негізінде арнайы салық режимін қолданған кезде салық салынатын кірістің 5 (бес) пайызы;

      жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолданған кезде салық салынатын кірістің 15 (он бес) пайызы;

      тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнайы салық режимінің салық салынатын кірісінің 20 (жиырма) пайызы негізінде есептелген жеке кәсіпкер – жеке тұлғаның кірістері туралы ақпараттың біреуінің және (немесе) бірнешеуінің негізінде есептелген орташа ай сайынғы кіріс.

      3. Микроқаржы ұйымы:

      қарыз алушыға ашылған кредиттік желі шеңберінде микрокредит (микрокредиттің бір бөлігін) беруді қоспағанда, қарыз алушыға микрокредит беру;

      қарыз алушыға кредиттік желі ашу (кредиттік лимитті белгілеу);

      қарыз алушыға жасалған микрокредит беру туралы шарты (шарттары) шеңберінде қосымша микрокредит беру;

      микрокредитті өтеу кестесіне сәйкес осы микрокредит бойынша мерзімді төлемдер мөлшерінің ұлғаюына алып келетін, қарыз алушының ашық кредиттік желісінің және (немесе) микрокредит талаптарының өзгеруі туралы шешімдер қабылданғанға дейін қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеуді жүзеге асырады.

      4. Қағидалардың 3-тармағының талаптары:

      олармен жасалатын мәмілелер міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын, микрокредит сомасын толық жабатын мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредиттерді;

      олармен жасалатын мәмілелер тіркеуге жататын, берілетін микрокредит сомасын толық жабатын бағалы қағаздар кепілімен қамтамасыз етілген микрокредиттерді;

      тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттары бойынша құны берілетін микрокредит сомасын жабатын талап ету құқығының кепілімен қамтамасыз етілген микрокредиттерді;

      берілетін микрокредит сомасын толық жабатын ақша қамтамасыз етуі болып табылатын микрокредиттерді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алушыларға мөлшері "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының бір және одан да көп мөлшеріндегі микрокредиттерге қолданылады.

2-тарау. Қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу тәртібі

      5. Микроқаржы ұйымы қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін екі кезеңмен есептейді:

      1) бірінші кезең – қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалау;

      2) екінші кезең – қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу.

      6. Қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалау төмендегідей жүзеге асырылады:



      мұндағы:

      ҚК – қарыз алушының кірісі;

      ЕТКДШ – "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы;


– отбасының кәмелетке толмаған мүшелерінің саны.

      Қарыз алушының кірісі мына өлшемшарттардың біреуі және (немесе) бірнешеуі:

      1) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 3 (үш) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңдегі ресми кірісі;

      2) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 3 (үш) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңде дебеттік карта бойынша шығыстардың орташа айлық сомасы;

      3) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 3 (үш) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңде дебеттік картаны толтырудың орташа айлық сомасы;

      4) микрокредит ресімдеуге өтініш берген күні депозиттегі және (немесе) ағымдағы шоттағы қалдық сомасы;

      5) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 3 (үш) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңде депозиттерді және (немесе) ағымдағы шоттарды толықтырудың орташа айлық сомасы;

      6) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 3 (үш) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңде депозиттерден және (немесе) ағымдағы шоттардан алынған қаражаттың орташа айлық сомасы;

      7) қарыз алушының соңғы үш жыл ішінде бірмезгілде төлеген жабық микрокредиттер, банктік қарыздар бойынша ай сайынғы төлемдердің ең жоғары сомасы;

      8) қарыз алушының жабық микрокредитінің, банктік қарызының ең жоғары сомасы негізінде айқындалады. Бұл ретте мұндай сома кемінде 4 (төрт) орташа айлық еңбекақыны құрайды;

      9) қарыз алушының жабық микрокредиттері, банктік қарыздары бойынша ішінара-мерзімінен бұрын өтеудің ең жоғары сомасы (қарыз алушының микрокредиттерін, банктік қарыздарын ішкі қайта қаржыландыру есебінен ішінара-мерзімінен бұрын өтеуді қоспағанда);

      10) қарыз алушының жабық микрокредиттері, банктік қарыздары бойынша мерзімінен бұрын өтеудің ең жоғары сомасы (қарыз алушының микрокредиттерін, банктік қарыздарын ішкі қайта қаржыландыру есебінен мерзімінен бұрын өтеуді қоспағанда);

      11) "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының азық-түлікке жатпайтын бөлігінің мәнінен асатын, қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 3 (үш) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңде коммуналдық қызметтер бойынша, телекоммуникациялық қызметтер бойынша, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың орташа айлық сомасы;

      12) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы соңғы 12 (он екі) ай ішінде шетелде жүргізген банктік төлем сомасы;

      13) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы соңғы 12 (он екі) ай ішінде шетелге сатып алынған билеттің құны;

      14) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 3 (үш) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңде интернет-дүкеннен сатып алудың орташа айлық сомасы;

      15) меншігінде орташа нарықтық құны микрокредит құнынан асатын жылжымалы (автокөлік құралы, малдар, ауыл шаруашылығы және (немесе) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты құрал-жабдық) және (немесе) жылжымайтын мүліктің болуы негізінде айқындалады. Мүліктің орташа нарықтық құны тәуелсіз бағалау немесе банктің Халықаралық қаржылық есептіліктің № 13 "Әділ құнды бағалау" стандартына және "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес бағалауы негізінде айқындалады. Қарыз алушының меншігінде бір уақытта автокөлік құралының және жылжымайтын мүліктің болуы, шығарылу сәтінен бастап 15 (он бес) жыл өтпеген автокөлік құралы және жалпы алаңы 30 (отыз) шаршы метрлік жылжымайтын мүлік бойынша орташа нарықтық құнын анықтау талап етілмейді;

      16) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 6 (алты) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңде жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдаудан түскен орташа айлық кірісі (мұндай кірісті делдал компания арқылы растаған кезде);

      17) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 12 (он екі) айлық кезеңдегі бірыңғай жиынтық төлем төленгенін растайтын құжаттың болуы негізінде айқындалады. Әр айдағы кіріс "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төмен жалақы мөлшерінің деңгейінде қабылданады;

      18) қарыз алушының өтініш жасаған күннің алдындағы 3 (үш) айдан бастап 12 (он екі) айға дейінгі кезеңде жұмыс орнынан кірістері туралы анықтама және (немесе) оқу орнынан алатын стипендия мөлшері туралы анықтама негізінде есептелген орташа айлық кірісі арқылы айқындалады.

      Осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 12) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты қарыз алушы ұсынады және (немесе) микроқаржы ұйымы қарыз алушының жазбаша нысанда берген келісімінің негізінде не қарыз алушының сәйкестендіру құралы арқылы сұратады және (немесе) микроқаржы ұйымының ақпараттық жүйесінде тексеріледі.

      Микроқаржы ұйымы осы тармақтың 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты кредиттік бюродан сұратады.

      Осы тармақтың 9), 10), 11), 13), 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшаларында көрсетілген ақпарат қарыз алушының тиісті құжаттары ұсыныла отырып расталады және (немесе) микроқаржы ұйымының ақпараттық жүйесінде тексеріледі.

      Атаулы әлеуметтік көмекті алушыға қатысты оның табысын бағалау осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ресми кірісі негізінде айқындалады.

      7. Қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициенті қарыз алушының барлық өтелмеген қарыздары бойынша мерзімі өткен төлемдер сомасын қоса алғанда, барлық өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары бойынша ай сайынғы төлем мен Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайларда туындайтын қарыз алушының жаңа берешегі бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасының қарыз алушының соңғы алты айдағы орташа ай сайынғы кірісіне қатынасы ретінде былайша есептеледі:



      мұндағы:

      БЖК - борыштық жүктеме коэффициенті;

      ӨҚТi - қарыз алушының өтелмеген микрокредиті, банктік қарызы (өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары) бойынша Қағидалардың 8-тармағына сәйкес есептелетін ай сайынғы төлем;

      МТi - қарыз алушының өтелмеген микрокредиті, банктік қарызы (өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары) бойынша мерзімі өткен төлемдер сомасы;

      БТ - қарыз алушының жаңа берешегі бойынша Қағидалардың 9-тармағына сәйкес есептелетін ай сайынғы орташа төлем;

      n - қарыз алушының өтелмеген микрокредиттерінің, банктік қарыздарының саны;

      К - қарыз алушының Қағидалардың 10-тармағына сәйкес есептелетін ай сайынғы орташа кірісі.

      8. Қарыз алушының өтелмеген микрокредиті, банктік қарызы (өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары) бойынша ай сайынғы төлем өтелмеген микрокредит, банктік қарыз (өтелмеген микрокредиттер, банктік қарыздар) бойынша айлық көрсеткіш бойынша келтірілген кезеңдік төлемге (өтелмеген микрокредиттер, банктік қарыздар бойынша айлық көрсеткіш бойынша келтірілген кезеңдік төлемдер сомасына) тең қабылданады.

      Өтелмеген микрокредит, банктік қарыз бойынша айлық көрсеткіш бойынша келтірілген кезеңдік төлем микрокредитті, банктік қарызды өтеу кестесіне сәйкес кезеңдік төлем мөлшерінің жылдық көрсеткіш бойынша өтелмеген микрокредит, банктік қарыз бойынша кезеңдік төлемдер санының оң екіге қатынасының көбейтіндісі ретінде есептеледі:



      мұндағы:

      КТАЙ - айлық көрсеткішке келтірілген өтелмеген микрокредит, банктік қарыз бойынша кезеңдік төлем;

      КТКЕСТЕ - микрокредитті, қарызды өтеу кестесіне сәйкес өтелмеген микрокредит, банктік қарыз бойынша кезеңдік төлем;

      КТСЖЫЛ - жылдық көрсеткіш бойынша өтелмеген микрокредит, банктік қарыз бойынша кезеңдік төлемдер саны.

      Жылдық көрсеткіш бойынша өтелмеген микрокредит, банктік қарыз бойынша кезеңдік төлемдер саны үш жүз алпыстың микрокредит, банктік қарыз бойынша төлемдерді өтеу кестесіне сәйкес жүзеге асыру кезеңділігін сипаттайтын күндер санына қатынасы ретінде есептеледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігін есептеу мақсатында бір айдағы күн саны отызға тең болып қабылданады.

      Микрокредитті, банктік қарызды өтеу кестесіне сәйкес кезеңдік төлем және (немесе) төлемдерді жүзеге асырудың күнмен берілген кезеңділігі туралы деректер болмаған кезде өтелмеген микрокредит, банктік қарыз бойынша ай сайынғы төлем микрокредит, банктік қарыз бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша қалдық сомасының осы микрокредиттің, банктік қарыздың аймен берілген қалған мерзіміне қатынасы ретінде есептеледі.

      Өтелмеген микрокредит, банктік қарыз (өтелмеген микрокредиттер, банктік қарыздар) бойынша ай сайынғы төлемге кредит лимитінің пайдаланылмаған бөлігін өтеу бойынша ай сайынғы төлем мөлшерінің бағасы, кредиттік карта, сондай-ақ талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыға кредит беру көзделетін төлем картасы бойынша ай сайынғы төлем кіреді.

      Кредиттік лимиттің пайдаланылмаған бөлігін өтеу бойынша ай сайынғы төлем мөлшерінің бағасы кредиттік лимиттің пайдаланылмаған бөлігі мөлшерінің шартта айқындалған, аймен көрсетілген осы лимиттің қалған мерзіміне қатынасы ретінде есептеледі.

      Кредиттік карта, сондай-ақ талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыға кредит беру көзделетін төлем картасы бойынша ай сайынғы төлем кредиттік карта, талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыға кредит беру көзделетін төлем картасы бойынша кредиттік лимиттің тиісінше он пайызға көбейтіндісі ретінде есептеледі.

      Қарыз алушының өтелмеген микрокредиті, банктік қарызы бойынша мерзімі өткен төлемдер сомасына мерзімі өткен негізгі борыш, мерзімі өткен сыйақы сомасы және микроқаржы ұйымының, екінші деңгейдегі банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, сондай-ақ тізбесі "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабында белгіленген өзге де ақпарат жеткізушілердің (бұдан әрі – ақпарат жеткізушілер) балансынан тыс есептен шығарылған берешек сомасы кіреді.

      Қарыз алушыға бұрын жасалған микрокредит, банктік қарыз беру туралы шартты (шарттарды) қайта қаржыландыру мақсатында микрокредит, банктік қарыз беру жүзеге асырылған жағдайда, өтелмеген микрокредит (микрокредиттер), банктік қарыз (банктік қарыздар) бойынша қайта қаржыландыруға жататын берешек сомасы ай сайынғы төлемнің есебінде және өтелмеген микрокредит (микрокредиттер), банктік қарыз (банктік қарыздар) бойынша мерзімі өткен төлемдердің сомасында есепке алынбайды.

      Ашық кредиттік желінің және (немесе) бұрын жасалған микрокредит, банктік қарыз беру туралы шартты (шарттарды) қайта құрылымдау мақсатында жүзеге асырылатын қарыз алушының микрокредиті, банктік қарызы талаптары осы микрокредит, банктік қарыз бойынша микрокредитті, банктік қарызды өтеу кестесіне сәйкес кезеңдік төлемдердің мөлшерін ұлғайтуға апаратындай және ашық кредиттік желінің кредиттік лимитін және (немесе) микрокредит, банктік қарыз мөлшерін ұлғайтуды көздемейтіндей өзгерген жағдайда қарыз алушының өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары бойынша мерзімі өткен төлемдерінің сомасы нөлге тең болып қабылданады.

      Микрокредитті, банктік қарызды өтеу кестесіне сәйкес кезеңдік төлем, негізгі борыш қалдығы, өтелмеген микрокредиттер, банктік қарыздар бойынша сыйақы қалдығы, кредиттік лимит, кредиттік лимиттің пайдаланылмаған бөлігі, қарыз алушының өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары бойынша мерзімі өткен төлем сомалары туралы ақпаратты микроқаржы ұйымы кредиттік бюродан сұратып алады.

      Кезеңдік төлемдердің, негізгі борыш қалдығының, өтелмеген микрокредиттер, банктік қарыздар бойынша сыйақы қалдығының, кредиттік карта, сондай-ақ талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыға кредит беру көзделетін төлем картасы бойынша ай сайынғы төлемнің, кредиттік лимиттің пайдаланылмаған бөлігін өтеу бойынша ай сайынғы төлемнің мөлшерін бағалаудың және қарыз алушының өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары бойынша мерзімі өткен төлемдер сомаларының есебіне барлық ақпарат жеткізушілер кредиттік бюроға ұсынатын мәліметтер кіреді.

      Қарыз алушының өтелмеген микрокредиттеріне Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген микрокредиттер, сондай-ақ басқа да өтелмеген микрокредиттері кіреді.

      9. Қарыз алушының жаңа берешегі бойынша ай сайынғы орташа төлемі өтеу кестесіне сәйкес есептелген, негізгі борыш бойынша төлемдер мен сыйақы сомасының айлармен көрсетілген осы микрокредит мерзіміне қатынасы ретінде есептеледі.

      Қарыз алушының талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыға кредит беру көзделген кредит желісі бойынша міндеттеме болып табылатын жаңа берешегі бойынша ай сайынғы орташа төлемді есептеу Қағидалардың 8-тармағының жетінші және сегізінші бөліктеріне сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.12.2020 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Қарыз алушының ай сайынғы орташа табысы қарыз алушының соңғы алты айдағы жалақысы және (немесе) өзге де кіріс түрлері сомасының алтыға қатынасы ретінде есептеледі.

      Микроқаржы ұйымдары қарыз алушының ай сайынғы орташа кірісін есептеуді қарыз алушының өтініш жасау алдындағы қатарынан алты айдағы қарыз алушының кірісі туралы мәліметтердің негізінде жүзеге асырады.

      Микроқаржы ұйымы қарыз алушының ай сайынғы орташа кірісінің есебіне алатын кірістер түрлері қарыз алушының өтініш жасау алдындағы қатарынан алты ай ішіндегі кем дегенде екі кез келген айға алынуға тиіс.

      Микроқаржы ұйымдары Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қарыз алушының ресми кірісінің негізінде атаулы әлеуметтік көмек алушы қарыз алушының ай сайынғы орташа кірісін есептеуді жүзеге асырады.

      11. Егер Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген бір немесе бірнеше өлшемшарттардың негізінде айқындалатын кірістің мөлшері "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен тиісті қаржылық жылға белгіленетін ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасынан және отбасының кәмелетке толмаған әрбір мүшесіне арналған ең төмен күнкөрiс деңгейі шамасының жартысынан кем болса, сондай-ақ қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің мәні осы қаулының 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген шекті мәннен жоғары болса, микроқаржы ұйымы:

      қарыз алушыға ашылған кредиттік желі шеңберінде микрокредит (микрокредиттің бір бөлігін) беруді қоспағанда, қарыз алушыға микрокредит беру;

      қарыз алушыға кредиттік желі ашу (кредиттік лимитті белгілеу);

      микрокредит беру туралы жасалған шарт (шарттар) шеңберінде қосымша микрокредит беру;

      микрокредитті өтеу кестесіне сәйкес осы микрокредит бойынша мерзімді төлемдер мөлшерінің ұлғаюына алып келетін, қарыз алушының ашық кредиттік желісінің және (немесе) микрокредиті талаптарының өзгеруі туралы оң шешімдер қабылдамайды.

      12. Микроқаржы ұйымы қарыз алушының борыштық жүктемесін қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін бағалаудың меншікті жүйесі негізінде өздігінен айқындайды. Егер микроқаржы ұйымы қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін бағалаудың меншікті жүйесі негізінде айқындаған қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің мәні осы қаулының 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген борыштық жүктеме коэффицентінің шекті мәнінен төмен болса, микроқаржы ұйымы:

      қарыз алушыға ашылған кредиттік желі шеңберінде микрокредит (микрокредиттің бір бөлігін) беруді қоспағанда, қарыз алушыға микрокредит беру;

      қарыз алушыға кредиттік желі ашу (кредиттік лимитті белгілеу);

      микрокредит беру туралы жасалған шарт (шарттар) шеңберінде қарыз алушыға қосымша микрокредит беру;

      микрокредитті өтеу кестесіне сәйкес осы микрокредит бойынша мерзімді төлемдер мөлшерінің ұлғаюына алып келетін, қарыз алушының ашық кредиттік желісінің және (немесе) микрокредиті талаптарының өзгеруі туралы шешімдер қабылдау кезінде қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін бағалаудың меншікті жүйесін басшылыққа алады.