Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемi шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша ақылы қызмет түрлерiн көрсетуі және олардың көрсетiлетiн қызметтердi өткiзуден түскен ақшаны жұмсауы қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 28 қазандағы № 931 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 29 қазанда № 19519 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаменті (Қ.Ә. Сұлтанбаев) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Аппарат басшысы Ж.Б. Ешмағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Министр Е. Тургумбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2019 жылғы 28 қазандағы
№ 931 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің (бұдан әрі – ІІО ММ) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде медициналық көмек көрсетуді іске асыру бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және ІІО ММ көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ақшаны жұмсауы тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларға сәйкес ІІО ММ ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне, құқық қорғау зейнеткерлеріне және өзге де адамдарға медициналық көмек көрсетеді.

      3. ІІО ММ-де медициналық қызметтердің ақылы түрлері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 591 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15604 болып тіркелген) бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына (бұдан әрі – Сатып алу қағидалары) және 2018 жылғы 29 наурыздағы № 138 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16685 болып тіркелген) бекітілген Денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу қағидаларына және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерге фармацевтикалық көрсетілген қызметтердің құнын төлеу қағидаларына (бұдан әрі – Ақы төлеу қағидалары) сәйкес Қор мен ІІО ММ арасында жасалған медициналық қызметтерді сатып алу келісім шарттар негізінде ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетіледі.

2-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтің ақылы түрлерін көрсету тәртібі

      4. ІІО ММ медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, клиникалық хаттамаларды және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 931 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16141 болып тіркелген) бекітілген Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярын (бұдан әрі – Қазақстан ұлттық дәрілік формуляры) басшылыққа алады.

      5. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін мынадай нысандар бойынша көрсетеді:

      1) консультациялық-диагностикалық көмек нысанындағы амбулаториялық-емханалық көмек;

      2) стационарлық көмек;

      3) стационарды алмастыратын көмек.

      6. ІІО ММ қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемелерінің бөлігін орындау үшін деректер базасына енгізілген денсаулық сақтау субъектілерімен бірлесіп орындаушылықтың азаматтық-құқықтық шартын жасасады, сондай-ақ Сатып алу қағидаларына сәйкес бірлесіп орындаушы ретінде тартылады.

      7. ІІО ММ қызметтерді сатып алу келісім шартын орындау кезінде деректерді ақпараттық жүйелерге және денсаулық сақтау жүйесінің электрондық ақпараттық ресурстарына енгізуді және Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, оларды техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

      8. ІІО ММ бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізуді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарына сәйкес жүзеге асырады.

3-тарау. Медициналық қызметтердің ақылы түрлерін көрсеткені үшін ақы төлеу тәртібі

      9. Медициналық қызметтердің ақылы түрін көрсеткені үшін ақы төлеуді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 5 қыркүйектегі № Қазақстан Республикасы ДСМ-10 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17353 болып тіркелген) бекітілген тарифтер бойынша Ақы төлеу қағидаларына сәйкес мынадай төлем құжаттар: көрсетілген қызметтерге шот-тізілімнің, қызметтерді сатып алу шартын орындау хаттамасының, көрсетілген қызметтер актісінің негізінде Қор жүзеге асырады.

      10. Медициналық қызметтердің ақылы түрлері үшін төлем құжаттарының, есептердің және нысандардың қалыптастырылуы, сондай-ақ оларды Қорға ұсыну Ақы төлеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      11. Бірлесіп орындау келісімшарты бойынша міндеттемелерді орындайтын ІІО ММ көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеуді бірлесіп орындау келісімшарты жасалған денсаулық сақтау субъектілері Қормен жасалған медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу келісімшарты шеңберінде жүзеге асырылады.

4-тарау. Медициналық қызметтердің ақылы түрлерін іске асырудан түсетін ақшаларды жұмсау тәртібі

      12. ІІО ММ-мен медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін өздерінің иелігінде қалатын ақша Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне (бұдан әрі - Бюджеттің атқарылуы қағидалары) сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ашатын қолма-қол ақшаның бақылау шотына есепке жатқызылады.

      13. ІІО ММ көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынатын өздерінің иелігінде қалатын ақша есебінен операциялар жүргізу үшін Бюджеттің атқарылуы қағидаларымен айқындалған тәртіпте жыл сайын медициналық ақылы қызметтердің түрлерін өткізуден алынатын ақшаның түсу және жұмсау жоспарын жасайды.

      Медициналық ақылы қызметтердің түрлерін өткізуден алынатын ақшаның түсу және жұмсау жоспарына өзгерістерді құру, бекіту және енгізу Бюджеттің атқарылуы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      14. ІІО ММ-ның медициналық қызметтердің ақылы түрлерін көрсетуден алған ақшасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 26 қарашадағы № 801 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5946 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 801 бұйрық) бекітілген ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесінің 3-тармағымен анықталған ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету қызметіне байланысты:

      1) клиникалық хаттамаларға және формулярға сәйкес Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды және шығыс материалдарын сатып алуға (қамтамасыз етуге);

      2) "Республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың заттай нормаларын және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтаудың ең төменгі нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қаңтардағы № 128 қаулысына сәйкес пациенттерді тамақтандыруға және жұмсақ мүккәмалмен жарақтандыруға;

      3) кадрлардың біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға;

      4) коммуналдық қызметтерге: жылуға, электр қуатына, ыстық және суық суға ақы төлеуге;

      5) өзге шығыстарды, оның ішінде интернетті қоса алғанда байланыс қызметтері, іссапар шығыстары, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, үй-жайды жалға алу, кеңсе, шаруашылық және жанар-жағармай тауарларын, басқа тауарлар мен қызметтерді сатып алуға (қамтамасыз етуге), сервистік қызмет көрсету, банк қызметтеріне;

      6) № 801 бұйрықпен бекітілген ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру қағидаларында көзделген тәртіпте уәкілетті орган бекітетін ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге (медициналық қызметтер кешеніне) арналған тарифтерді қалыптастыру бойынша жұмыс жоспарында көзделген жағдайларда негізгі құралдарды жаңартуға арналған шығындар шеңберінде жұмсалады.

      15. Медициналық қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін ақшаның түсуі және жұмсалуы жоспарын жасау және орындалуы туралы ұсыну Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 630 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14613 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттік есептілікті жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      16. ІІО ММ медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрін бухгалтерлік есепке алуды "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығына сәйкес жүзеге асырады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген).

      17. Ақылы медициналық қызмет көрсетуден түсетін ақылы медициналық көмек көрсетуді іске асыру бойынша қаражатқа салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.