Әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 2 қазандағы № 750 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 2 қазанда № 19433 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Атамкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің
2019 жылғы 2 қазандағы
№ 750 бұйрығымен
бекітілген

Әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 21.06.2022 № 356 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 65-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі анықтамалар мен терминдер:

      1) әуежай қызметі – жеке және (немесе) заңды тұлғалардың әуежайларда әуемен тасымалдауды, авиациялық жұмыстарды, ұшу қауіпсіздігі мен авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты жүзеге асыратын қызметі;

      2) әуежайда қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулық (Airport Handling Manual) – әуе кемесіне жердегі қызмет көрсету процесінде технологиялық операцияларды орындау кезінде пайдаланылатын стандарттар мен жабдықтар бойынша ИАТА ұсынымы;

      3) әуежайды пайдаланушы – меншік құқығымен не өзге де заңды негіздерде әуежайды пайдаланатын Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттің заңды тұлғасы;

      4) әуежайды пайдаланушының нұсқаулығы – ұшу қауіпсіздігін арттыру, жерде және техникалық қызмет көрсету сапасын жақсарту, сондай-ақ әуежайдың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында әуежайды пайдаланушы қабылдайтын құжат;

      5) авиажолаушылар туралы мәліметтерді жинау және беру бойынша қызметтер – уәкілетті органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға халықаралық рейстермен орындалған әуе көлігіне ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қызметтері;

      6) авиакомпания – азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты бар заңды тұлға;

      7) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану саласын, азаматтық және эксперименттік авиация қызметіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрі – уәкілетті орган);

      8) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласының орнықты дамуын, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;

      9) жерде қызмет көрсету – әуежайды пайдаланушы және (немесе) жерде қызмет көрсету қызметтерін жеткізуші, сондай-ақ өзінің әуе кемелеріне, жолаушыларға, багажға, жүктер мен поштаға өздігімен қызмет көрсететін әуе компания жүзеге асыратын әуежай қызметінің түрі;

      10) жерде қызмет көрсету қызметтерін беруші – әуежайды пайдаланушыны және өз әуе кемелеріне, жолаушыларға, багажға, жүктер мен поштаға өздігімен қызмет көрсететін авиакомпанияны қоспағанда, әуежай аумағында жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      11) жердегі өздігімен қызмет көрсету (өзіне-өзі қызмет көрсету) – авиакомпанияның үшінші тұлғалармен шарт жасаспай, өз мұқтажы үшін жердегі қызмет көрсетудің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыруы;

      12) жолаушы – экипаж құрамына кірмейтін және әуемен тасымалдау шартына сәйкес немесе өзге де заңды негіздерде әуе кемесімен тасымалданатын жеке адам;

      13) инфрақұрылым объектісі – әуежайдың әуежай қызметін көрсетуге, оның ішінде әуежай аумағында жерде қызмет көрсету қызметтерін ұсынуға арналған мүлкі;

      14) конкурс – әуежай аумағында жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсету үшін жеткізушілерді айқындау тәсілі;

      15) конкурстық комиссия – осы Қағидаларда көзделген конкурс рәсімін орындау үшін әуежайды пайдаланушы құратын алқалы орган;

      16) конкурстық құжаттама – конкурсқа қатысуға өтінімді дайындау үшін әлеуетті жеткізушіге ұсынылатын құжаттама, онда конкурсқа қатысуға өтінімге қойылатын талаптар, конкурсты жүзеге асырудың шарттары мен тәртібі қамтылады.

      3. Әуежай аумағында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 749 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17718 болып тіркелген) әуежай қызметінің құрамына кіретін әуеайлаққа және жерде қызмет көрсету тауарларының, жұмыстарының, қызметтерінің тізбесінде көзделген жерде қызмет көрсету қызметтері көрсетіледі.

      4. Әуежайды пайдаланушы мен жерде қызмет көрсету қызметтерін жеткізуші (бұдан әрі – жеткізуші) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына немесе азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық қағидаларына сәйкес әуежай қызметіне кіретін, көрсететін қызметтердің сапасын бағдарламаны әзірлейді және бекітеді.

2-тарау. Әуежайларда жерде қызмет көрсету қызметтерін жүзеге асыру тәртібі 1-параграф. Жерде қызмет көрсету қызметтеріне қол жеткізуді ұсыну тәртібі мен талаптары

      5. Жерде қызмет көрсету әуеайлақ ауданында ұшуды, ұшу-қону жолағындағы қозғалысты қауіпсіз орындауды жоспарлау, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді және әуежайда жолаушыларға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету талаптарына сүйене отырып жүзеге асырылады.

      6. Егер осы Қағидаларда және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, жеткізушінің жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсету үшін әуежай аумағына кіруі жерде қызмет көрсету қызметтерін жеткізушіні іріктеу жөніндегі конкурс (бұдан әрі – конкурс) арқылы жүзеге асырылады.

      7. Жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге шарт 6 (алты) жылға жасалады.

      8. Жеткізуші шарттық міндеттемелерді орындауға жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге шарт жасалған күннен бастап 6 (алты) айдан кешіктірмей кіріседі.

      9. Әуежай жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыруға өтінімдер тізілімін (бұдан әрі – Тізілім) осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес жүргізеді.

      10. Әуежайды пайдаланушы жарты жылда 1 (бір) рет бос лоттар және әуежай инфрақұрылымының техникалық қуаты болған жағдайда ашық тәсілмен конкурс өткізеді.

      11. Жолаушылар ағыны жылына 2 (екі) миллионнан астам жолаушысы бар әуежайлар үшін лоттар саны кемінде 2 (екі) лотты құрайды. Әуежайды пайдаланушыдан және әуежайды пайдаланушылардан тәуелсіз конкурсқа қатысушы бір лоттың жеңімпазы болып танылады.

      12. Әуежайды пайдаланушы өзінің интернет-ресурсында конкурс өткізу туралы хабарландыруды конкурс өткізілгенге дейін күнтізбелік 60 (алпыс) күннен кешіктірмей орналастырады.

      13. Конкурсты өткізу үшін әуежайды пайдаланушы қызметкерлерінің қатарынан конкурстық комиссия құрылады, оның құрамын әуежайды пайдаланушының бірінші басшысы немесе оның міндетін атқарушы тұлға бекітеді. Комиссия мүшелерінің саны тақ болып табылады және кемінде 5 (бес) адамды құрайды. Конкурстық комиссияның құрамына әуежайды пайдаланушының кемінде 3 (үш) өкілі, оның ішінде төраға, авиакомпанияның 1 (бір) өкілі және хатшы енгізіледі. Конкурстық комиссиясының отырысына байқаушы ретінде дауыс беру құқығы жоқ авиакомпанияның өкілі жіберіледі.

      14. Хабарландыру жарияланғанға дейін әуежайды пайдаланушы конкурстық құжаттаманы, конкурстық комиссияның құрамын, төраға және конкурстық комиссияның хатшысын бекітеді. Әуежайды пайдаланушы конкурстық құжаттаманы қоса бере отырып, конкурсты өткізу туралы хабарландыруды әуежайды пайдаланушының интернет-ресурсында орналастырады.

      15. Конкурстық құжаттама:

      1) конкурсты өткізетін әуежай пайдаланушысының атауы мен орналасқан жерін;

      2) конкурс жүзеге асырылатын қызметтердің қысқаша сипаттамасын;

      3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен келісілген техникалық ерекшелікті;

      4) конкурс жеңімпазын айқындау өлшемшарттарын;

      5) әлеуетті жеткізушілердің конкурсқа қатысуға құжаттарды ұсынуды бастау және аяқтау мерзімін;

      6) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін өткізу күні, уақыты және орны.

      16. Конкурс қорытындылары бойынша осы Қағидалардың 9-қосымшасында көзделген балдардың ең көп санын жинаған жерде қызмет көрсету қызметтерін жеткізуші жеңімпаз деп танылады. Бұл ретте жеңімпаз үшін ең төменгі шекті мәні 70 (жетпіс) балды құрайды. Конкурсты өткізу кезінде әуежайдың техникалық мүмкіндігіне қарай біреуден артық конкурс жеңімпазын анықтауға жол беріледі.

      17. Конкурстық өтінімді әлеуетті жеткізуші немесе сенімхат бойынша оның мүдделерін білдіретін тұлға қағаз немесе электрондық нысанда береді.

      18. Конкурсқа қатысуға әлеуетті жеткізушілерден өтінімдер ұсынылмаған немесе екеуден аз өтінім ұсынылған жағдайда, конкурстық комиссия конкурс қорытындыларының хаттамасы жасалғаннан кейін келесі күні конкурсты өтпеді деп таниды.

      19. Конкурс өтпей қалды деп танылған жағдайда, әуежай конкурс өтпеді деп танылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей қайтадан конкурс өткізеді.

      20. Егер қайта конкурста 2 (екіден) аз өтінім ұсынылса, онда жалғыз қатысушы жеңімпаз болып танылады. Конкурсқа бір қатысушы қатысқан жағдайда, ол әрбір өлшемшарт бойынша балдардың кемінде 70 (жетпіс) % жинаса, жеңімпаз болып танылады.

      21. Конкурс жеңімпазымен әуежайды пайдаланушы осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге арналған үлгілік шартқа (бұдан әрі - Жерде қызмет көрсетудің үлгілік шарты) сәйкес жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге шарт жасасады.

      22. Конкурсқа қатысатын жеткізушінің өтініміне мынадай құжаттар (ақпарат) қоса беріледі:

      1) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының белгіленген тәртіппен куәландырылған көшірмелері, сондай-ақ бар болған кезде жарғысы;

      2) заңды тұлға үшін - сауда тізіліміндегі атауы, тіркеу нөмірі, заңды мекенжайы, басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және лауазымы, байланыс жасайтын тұлғаның телефон нөмірі, электрондық поштасының мекенжайы;

      3) дара кәсіпкер үшін - аты, тегі, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы;

      4) әуежайдың техникалық ерекшелігіне сәйкес құжаттар;

      5) жерде қызмет көрсету қызметтерінің тізбесі;

      6) жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру кезінде үшінші тұлғалар алдындағы зиян үшін жауапкершілікті сақтандыру шартының көшірмесі.

      Әлеуетті жеткізушілерден осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

      23. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдер ашылғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде конкурс қорытындылары туралы шешім қабылдайды.

      24. Әлеуетті жеткізуші конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы жазбаша сұрау салумен конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей жүгінеді.

      25. Әуежайды пайдаланушы күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей конкурстық құжаттаманың ережелерін жазбаша түсіндіреді.

      26. Әуежайды пайдаланушы әлеуетті жеткізушінің өтінімін мынадай негіздер бойынша қабылдамайды:

      1) жеткізуші тиісті қызметті көрсету үшін қажетті бөлігінде әуежайды пайдаланушылардың нұсқаулығында көзделген талаптарға сәйкес келмесе;

      2) жеткізушінің өтінімі және оған қоса берілген құжаттар осы Қағидалардың 22-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;

      3) осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкестігі туралы анық емес ақпаратты ұсыну фактісі анықталса;

      4) әуежай инфрақұрылымы техникалық мүмкіндігінің шектеулілігі.

      27. Әуежайды пайдаланушы заңсыз іс-әрекеттер жасаған жағдайда әлеуетті жеткізуші және (немесе) авиакомпания мұндай іс-әрекеттерге Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен шағым жасайды.

      28. Әуежайды пайдаланушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен келісім бойынша жеткізушінің Үлгілік шарттың ережелерін бұзуын жойғанға дейін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, сондай-ақ оның қолданылуын мынадай жағдайларда тоқтата тұрады:

      1) әуежайдың пайдаланушы нұсқаулығы сақталмаған кезде;

      2) әуежайды пайдаланушы жүргізген қызметтер сапасына аудит шеңберінде аудиттің нәтижелері бойынша бекітілген күннен бастап 3 (үш) ай бойы ескертулер жойылмаған кезде.

      29. Әуежайды пайдаланушы әуежайды пайдаланушының нұсқаулығын Airport Handling Manual, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес әзірлейді.

      30. Әуежайды пайдаланушы әуежайды пайдаланушының нұсқаулығын бекітеді, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен келісім бойынша өзекті халықаралық стандарттарды ескере отырып, өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      31. Жеткізуші және өз әуе кемелеріне өздігімен қызмет көрсететін авиакомпания жерде қызмет көрсету қызметтерін әуежайды пайдаланушының нұсқаулығында көзделген талаптарға сәйкес жүзеге асырады. Жеткізуші авиакомпаниялардың жерде қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулығын сақтайды.

      32. Әуежайды пайдаланушының нұсқаулығы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес ережелерді қамтиды.

      33. Хабарландыру, осы Қағидалардың 1-қосымшасында белгіленген талаптардан басқа, мыналарды қамтиды:

      1) жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсету үшін жеткізушілерді іріктеуді жүргізетін әуежай пайдаланушысының атауы және орналасқан жерін;

      2) жерде қызмет көрсету қызметінің атауын;

      3) жерде қызмет көрсету қызметтерін жүзеге асырудың талап етілетін техникалық, сапалық сипаттамалары көрсетілген техникалық ерекшелігін;

      4) әуежайдың өткізу қабілетінің нормативтерін (әрбір маусым бойынша ұшу кестесін бекіту мерзіміне дейін);

      5) әуежай инфрақұрылымы объектілерінің шектеулі техникалық мүмкіндігі жағдайында қызметтер көрсету тәртібін;

      6) әуежайдың техникалық мүмкіндігі туралы мәліметтерін;

      7) әуежайдың техникалық мүмкіндігін ұлғайту жөніндегі іс-шаралар туралы мәліметтерін;

      8) қызметтерге қол жеткізу бойынша уақытша шектеулерді енгізу және оларды аяқтау мерзімдері туралы мәліметтерін;

      9) әуежай өткізетін конкурстар туралы мәліметтерін (өткізу шарттары, тәртібі, күні және уақыты);

      10) әуежай инфрақұрылымы объектілерін ұстауға арналған шығындар құрылымы туралы мәліметтерін.

      34. 2-қосымшада санамаланған жерде қызмет көрсету қызметтері жеткізушілер үшін ашық қолжетімділік көзделетін қызметтер болып табылады.

      35. 3-қосымшада санамаланған жерде қызмет көрсету қызметтері жеткізушілерге, оның ішінде әуежайды пайдаланушымен тікелей немесе жанама үлестес 1 (бір) жеткізушіден аспайтын жеткізушіге қолжетімділік көзделетін перрондық қызмет көрсету қызметтеріне жатады. Бұл ретте жеткізушілер болмаған жағдайда әуежайды пайдаланушы жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсету үшін өзінің жеке құрылымын бөледі.

      36. Әуежайды пайдаланушы 4-қосымшада санамаланған жерде қызмет көрсетуді жүзеге асырады.

      37. Әуежайды пайдаланушы авиациялық қауіпсіздік және ұшу қауіпсіздігі нормаларын сақтай отырып, осы Қағидалардың талаптарын орындау үшін қажетті техникалық мүмкіндік көлемінде жеткізушілерге әуежай инфрақұрылымына кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      38. Әуежайды пайдаланушы әуежай инфрақұрылымын ашық, объективті және кемсітусіз басқаруды қамтамасыз етеді.

      39. Әуежайды пайдаланушы жерде қызмет көрсету қызметтері бойынша кірістердің, шығыстардың және қолданысқа енгізілген активтердің бөлек есебін жүргізеді.

2-параграф. Әуежайда әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу тәртібі

      40. Әуежайларда әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету әуе кемелеріне авиациялық отын құюды қамтамасыз етуді көздейтін жасалатын шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      41. Әуежайда әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етуге (бұдан әрі – авиаотынмен қамтамасыз ету) өтінім беру осы Қағидалардың 22-тармағында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      42. Жеткізуші авиакомпаниялардан өтінімдер болған кезде және әуежайдың техникалық мүмкіндігі болған кезде (әуе кемелерін отынмен қамтамасыз ету инфрақұрылымы объектілері бөлігінде) авиаотынмен қамтамасыз ету, сондай-ақ әуежайда әуе кемелерін отынмен қамтамасыз ету инфрақұрылымын пайдалана отырып, әуе кемелеріне отын құю (құюға қабылдау, сақтау, сапаны реттеу, дайындау және берудің, әуе кемелеріне авиациялық отынды құюдың технологиялық процесінде пайдаланылатын технологиялық жабдық пен техникалық құралдар) бойынша қызметтер кешенін немесе жекелеген қызметтер көрсетуге (өтінімге сәйкес) шарт жасасады.

      43. Әуежайды пайдаланушы бағдарлардың ұзақтығын, әуежайдағы авиациялық отынның төмендетілмейтін қалдығын сақтау көлемін ескере отырып, авиакомпаниялар растаған слоттарға сәйкес тасымалдау қызметін жүзеге асыру үшін қажетті көлемде авиациялық отынның сақталуын қамтамасыз етеді.

      44. Авиакомпания жеткізушінің авиаотынмен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсетуден бас тартуымен және (немесе) әуежайдың техникалық мүмкіндігінің жоқтығы себебімен осындай қызметтердің нарығына басқа шаруашылық жүргізуші субъектілерді шығарудан бас тартуымен келіспеген жағдайда, ол әуежаймен бастапқы деректерді және әуежайдың техникалық мүмкіндігін есептеу тәртібін ұсыну туралы талапты қамтитын өтініш жібереді. Әуежай осындай өтінішті алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қажетті деректерді көрсете отырып, жазбаша нысанда жауап береді.

      45. Егер барлық өтінімдерді (қызметтер көрсету көлемі және (немесе) уақыты бойынша) толық көлемде қанағаттандыруға техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, әуежай техникалық мүмкіндіктің болмауы негізінде өтінімді қанағаттандырудан бас тарту жіберілген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осындай техникалық мүмкіндікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Көрсетілген іс-шаралар жоспары әуежайдың ресми сайтында орналастырылады және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға жіберіледі.

3-параграф. Авиакомпанияның әуежайда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру тәртібі мен талаптары

      46. Авиакомпания өзінің әуе кемелеріне, жолаушыларға, багажға, жүктерге және поштаға қызмет көрсету үшін жерде қызмет көрсету қызметтерін конкурс рәсімін өткізбей-ақ өздігімен жүзеге асырады.

      47. Жерде қызмет көрсету қызметтерін жеткізушілер болмаған жағдайда, өз әуе кемелеріне өздігімен қызмет көрсететін авиакомпания әуежайды пайдаланушының сұрау салуы бойынша тұтынушыларға жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетеді.

      48. Авиакомпания өз әуе кемелеріне өздігімен қызмет көрсету үшін әуежайды пайдаланушыға еркін нысанда өтінім жібереді.

4-параграф. Жеткізушінің әуежайда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру тәртібі мен талаптары

      49. Жеткізуші әуежайды пайдаланушының нұсқаулығында және халықаралық стандарттарда көзделген жерде қызмет көрсету қызметтерінің сапа стандарттарын сақтайды.

      50. Авиакомпаниялар мен рұқсат берілген жеткізушілер арасында жерде қызмет көрсету бойынша қызметтерді көрсету ИАТА жерде қызмет көрсету туралы өзекті стандартты келісімнің негізінде жасалған азаматтық құқықтық шарттардың негізінде жүзеге асырылады.

      51. Жерде қызмет көрсету қызметтерін жеткізуші, оның ішінде әуежайды пайдаланушы тиісті сапасын ескере отырып және ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, қажет болған кезде өз әуе кемелеріне өздігімен қызмет көрсететін авиакомпанияларды тарта отырып, авиакомпанияларға жерде қызмет көрсету қызметтерін ұсынуды қамтамасыз етеді.

5-параграф. Авиажолаушылар туралы деректерді жинау және беру тәртібі мен талаптары

      52. Авиажолаушылар туралы деректерді жинау және беру Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 сәуірдегі № 527 бұйрығымен бекітілген Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12993 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      53. Авиакомпаниялардан авиажолаушылар туралы деректерді жинау және уәкілетті органға және (немесе) құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға беру жөніндегі қызметтерді жеткізушіні және оған қойылатын біліктілік талаптарын уәкілетті орган мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамада көзделген тәртіппен айқындайды. Авиажолаушылар туралы деректерді жинау және беру бойынша қызметтер уәкілетті органға авиакомпаниялардан авиажолаушылар туралы мәліметтерді алуға және оларды құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға беруге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені ұсыну нысанында көрсетіледі.

      54. Авиажолаушылар туралы деректерді жинау және беру бойынша қызметтер үшін төлемді авиакомпаниялар мөлшерлемелер бойынша әуежай алымы құрамында және осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес уәкілетті органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру бойынша жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге арналған үлгі шартында (бұдан әрі – Мәліметтерді беру бойынша қызметтерді көрсетуге арналған үлгі шарт) көзделген формула негізінде төлейді. Мәліметтерді беру бойынша қызметтерді көрсетуге арналған үлгі шарттың ережелері авиажолаушылар туралы деректерді жинау және беру бойынша қызметтерді жеткізуші, авиакомпаниялар және (немесе) әуежайларды пайдаланушылар арасындағы кез келген шарттарға өзгеріссіз қолданылады және енгізілуге жатады. Әуежайларды пайдаланушылар авиажолаушылар туралы деректерді жинау және беру бойынша қызметтерді жеткізушіге Мәліметтерді ұсыну бойынша қызметтерді көрсетуге арналған үлгі шарт нысаны бойынша жасалатын шарт негізінде ақы аударады. Авиакомпаниялар әуежайды пайдаланушыны хабардар етеді және төлемді осы Қағидаларға 7-қосымшада келтірілген үлгілік шартта белгіленген талаптарға сәйкес келетін шарт жасасу арқылы авиажолаушылар туралы деректерді беру қызметтерін жеткізушіге тікелей жүзеге асырады.

  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
1-қосымша

      Әуежайды пайдаланушының нұсқаулығында көзделетін талаптардың тізбесі:

      1) қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру тәртібі;

      2) әуежайдың орталықтандырылған инфрақұрылымын пайдалану тәртібі;

      3) авиациялық қауіпсіздік жөніндегі талаптар;

      4) ұшу қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

      5) еңбекті қорғау қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

      6) жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

      7) өрт қауіпсіздігі бойынша талаптар;

      8) экологиялық қауіпсіздік жөніндегі талаптар;

      9) өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі талаптар;

      10) көлік құралдарын, арнайы көлік пен жабдықтарды пайдалану жөніндегі талаптар;

      11) әуе кемелеріне қызмет көрсету жөніндегі талаптар;

      12) ұшу тұрақтылығын есепке алу;

      13) төтенше жағдайлардағы жүріс-тұрыс бойынша талаптар;

      14) жерде қызмет көрсету қызметтерін берушілердің қызметін бақылау тәртібі;

      15) әуежай пайдаланушысының жерде қызмет көрсету қызметтерін жеткізушілермен, сондай-ақ жерде өз бетінше қызмет көрсетуге рұқсат берілген авиакомпаниялармен өзара іс-қимыл жасау технологиясы;

      16) азаматтық жауапкершілікті сақтандыруға қойылатын талаптар;

      17) санитариялық-эпидемиологиялық талаптар;

      18) рұқсаттамаларды алу және оларды пайдалану жөніндегі талаптар;

      19) клиенттерге қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша талаптар;

      20) электр қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

      21) көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын талаптар;

      22) корпоративтік қауіпсіздікке қойылатын талаптар.

  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
2-қосымша

Әуежайда ашық қолжетімділіктегі жерде қызмет көрсету қызметтерінің тізбесі

      1) Жердегі әкімшілендіру және бақылау;

      2) Жолаушыларды тіркеу;

      3) Жолаушыларға қызмет көрсету;

      4) Келіп түскен және жөнелтілетін жүкті (поштаны) өңдеу;

      5) Багажды өңдеу;

      6) Жүк терминалында жүкті жиырма төрт сағаттан аса сақтау;

      7) Әуе кемесінің жолаушылары мен экипажын борттық тамақпен қамтамасыз ету.

  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
3-қосымша

Әуежайда қолжетімділігі шектеулі жерде қызмет көрсету қызметтерінің тізбесі (перронды қызмет көрсету)

      1) Жолаушыларды жылжымалы траптар арқылы отырғызу-түсіру;

      2) Жолаушыларды жеткізу;

      3) Багажды тасымалдау;

      4) Багажды тиеу және түсіру;

      5) Жүкті (поштаны) тасымалдау;

      6) Жүкті (поштаны) тиеу және түсіру;

      7) Пакеттеу құралдарының айырбастау қорын өңдеу;

      8) Жүктеуді бақылау;

      9) Әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету;

      10) Әуе кемесінен авиациялық жанар-жағармай материалын төгу;

      11) Әуе кемесіне транзиттік нысан бойынша техникалық қызмет көрсету;

      12) Әуе кемесін сүйрету;

      13) Алмалы-салмалы жабдықты және борттық ыдысты санитариялық өңдеу;

      14) Әуе кемесінің ішкі тазалау және қоқысын кәдеге жарату;

      15) Әуе кемелерінің санитариялық тораптарына (дәретханаларына) қызмет көрсету;

      16) Әуе кемесін ауыз сумен толтыру;

      17) Әуе кемесін электр энергиясымен қамтамасыз ету;

      18) Әуе кемесін кондиционерлеу;

      19) Әуе кемесін қардан қолмен тазалау;

      20) Әуе кемесін қар мен мұздан механикалық тазарту;

      21) Авиақозғалтқыштарға май құю;

      22) Жүйені оттегімен толтыру;

      23) Әуе кемесіне азот немесе сығылған ауа құю;

      24) Гидрожүйені тексеру және қосымша құю;

      25) Авиақозғалтқыштарды әуеде іске қосу;

      26) Экипажды жеткізу;

      27) Әуе кемесін алып жүру;

      28) Әуе кемесіне желілік техникалық қызмет көрсету;

      29) Әуе кемесінің ангарда тұруы;

      30) Әуе кемесін қарсы алуды және шығаруды қамтамасыз ету;

      31) Әуе кемесінің жолаушылары мен экипажын борттық тамақпен қамтамасыз ету.

  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
4-қосымша

Әуежайды пайдаланушы көрсететін қызметтердің тізбесі

      1) Әуе кемесінің ұшуын және қонуын қамтамасыз ету;

      2) Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      3) Әуе кемесіне қону әуежайында өңдеуге (тиеуге және (немесе) түсіруге) жататын жүктер (пошта) болған кезде қонғаннан кейін әуе кемесіне жолаушылар үшін үш сағаттан, жүк және жүк-жолаушылар сертификатталған үлгілері үшін алты сағаттан артық тұрақ орнын беру;

      4) Әуе кемесіне базалық әуеайлақта тұрақ орнын беру;

      5) Жолаушыларды тіркеу үшін жұмыс орнын (алаң) беру;

      6) Жолаушыларды телескоптық трап арқылы отырғызу-түсіру;

      7) Жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды сақтау жөніндегі көрсетілетін қызметтер;

      8) Авиациялық қауіпсіздік бойынша қосымша қызметтер;

      9) Халықаралық рейстер бойынша ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ұсыну.

  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
5-қосымша
 
Нысан
  ____________________________
(әуежай атауы)
кімнен ______________________
____________________________
(авиакомпания атауы,
басшысының тегі, есімі, әкесінің
есімі (болған кезде)

Жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге арналған өтінім

      Жерде қызмет көрсету қызметтерін ұсыну үшін мынадай жерде қызмет көрсетуге рұқсат беруіңізді сұраймын:

р/с №

Жерде қызмет көрсету қызметтерінің атауы

Қызметті жүзеге асырудың жоспарланған кезеңі

Қызметтер көлемі





      қажетті инфрақұрылым объектілерінің тізбесі:

р/с №

Инфрақұрылым объектілерінің, арнайы техниканың атауы

Талап етілетін инфрақұрылым көлемі (саны)

1

2

3




      Авиакомпания деректемелері:

      Толық атауы:

      _______________________________________________________

      Заңды мекенжайы: _________________________________________________

      БСН ______________________________________________________________

      Банктік деректемелер: ______________________________________________

      __________________________________________________________________

      Телефон, факс, e-maіl: _______________________________________________

      20____жылғы "____" _______

      _______________ _____________________________________________
(қойылған қолы) (басшының тегі, есімі, әкесінің есімі (болған кезде)

  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
6-қосымша

Жерде қызмет көрсетуге арналған үлгі шарты

      Бұдан әрі "Әуежай" деп аталатын, (әуежайды пайдаланушының атауы) атынан _____________________ негізінде әрекет ететін (әуежай басшысының лауазымы, тегі, есімі әкесінің есімі (болған жағдайда), бір тараптан және бұдан әрі "Жеткізуші" немесе "Авиакомпания" деп аталып, (жеткізушінің немесе авиакомпанияның атауы) атынан____________________ негізінде әрекет ететін (лауазымы, тегі, есімі әкесінің есімі (болған жағдайда) екінші тараптан, бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталып, әуежай аумағында жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге арналған осы шартты жасады және төмендегілер туралы келісімге келді:

      1. Шарттың мәні

      Жеткізуші әуежай аумағында жерде қызмет көрсету қызметтерін (жерде қызмет көрсету түрі көрсетілсін) тарифтер бойынша (жерде қызмет көрсету түрлері бойынша тарифтер көрсетілсін) көрсетуге міндеттенеді, ал Әуежай жерде қызмет көрсетуге қажетті Әуежай инфрақұрылымына (инфрақұрылым атауы көрсетілсін) қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндеттенеді.

      Ескертпе: Авиакомпаниямен шарт жасаған кезде шарттың мәні авиакомпания тек қана өз әуе кемелеріне, жолаушыларына, багажға, жүктерге және поштаға дербес жерде көрсетілетін қызметтерді ұсыну болып табылады.

      2. Тараптардың міндеттері

      2.1. Жеткізуші немесе Авиакомпания:

      1) Шарт бойынша өзіне алған міндеттемелерін толық қамтамасыз етуге және тиісінше орындауға;

      2) жерде қызмет көрсету ұсынылған кезде азаматтық авиация саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;

      3) қызмет тұтынушылары үшін әуежайда жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсеткен кезде жерде көрсетілетін қызметтерді бірдей жағдайда ұсынуға;

      4) Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде азаматтық авиация саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының халықаралық стандарттары мен ұсынылатын практикасының тиісті талаптарына сәйкес көрсетілетін қызметтердің сәйкес келуін қамтамасыз етуге;

      5) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабына сәйкес осы Шартта белгіленген тәртіпте және мерзімде өтемақы төлемін төлеуге;

      6) жерде қызмет көрсету қызметтерінің құны өзгерген кезде Әуежайды уақтылы хабардар етуге;

      7) Әуежайдың жазбаша талабы бойынша Шарт бойынша міндеттемелерді орындау барысы туралы ақпаратты ұсынуға;

      8) Жеткізушімен немесе Авиакомпаниямен Шарттың талаптарын тиісінше орындамауынан және (немесе) құқықтан тыс әрекеттерінен туындаған, Әуежайға келтірілген шығындарды толық көлемде өтеуге;

      9) осы Шарт бойынша өз міндеттемелерін ешкімге бермеуге міндеттенеді.

      Ескертпе: 2.1-тармақтың 3) және 6) тармақшалары Авиакомпанияның міндеттемелеріне кірмейді.

      2.2. Жеткізуші:

      1) Әуежайдан осы шартта белгіленген шарттық міндеттемелерді орындауын талап етуге;

      2) Әуежайдан Әуежайдың инфрақұрылым объектілері мен құрал-жабдығын жұмыс күйінде ұстауын талап етуге құқылы.

      2.3. Әуежай:

      1) жерде қызмет көрсету қызметін көрсету үшін қажетті әуежайдың инфрақұрылымына қол жеткізуін қамтамасыз етуге;

      2) әуежай аумағында қызмет көрсету қызметтерін көрсету үшін Жеткізуші немесе Авиакомпания мамандарының қол жеткізуін қамтамасыз етуге;

      3) жерде қызмет көрсету қызметтерінің сәйкессіздіктерін анықтаған кезде Жеткізушіні немесе Авиакомпанияны дереу жазбаша хабардар етуге;

      4) Әуежайдың Шарттың талаптарын тиісінше орындамауынан және (немесе) құқықтан тыс әрекеттерінен туындаған, Жеткізушіге немесе Авиакомпанияға келтірілген залалдарды толық көлемде өтеуге міндеттенеді.

      2.4. Әуежай:

      1) жерде көрсетілетін қызметтердің сапасын тексеруге;

      2) Жеткізуші немесе Авиакомпания әуежай аумағында ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын бұзған немесе сақтамаған жағдайда, олардың персоналы мен техникалық құралдарды шеттетуге құқылы.

      3. Шарттың сомасы және төлеу шарттары

      3.1. Жеткізуші немесе Авиакомпания "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабына сәйкес өтемақы төлемін _____________ мөлшерінде төлейді. Өтемақы төлемі тиісті инфрақұрылым объектісін жұмыс күйінде ұстап тұру шығыстары, оның ішінде қолайлы табыстылық деңгейін есепке ала отырып, ағымдағы және күрделі жөндеуге және коммуналдық қызметтер шығыстары сомасынан аспайтын мөлшерде белгіленеді.

      Жеткізуші немесе Авиакомпания өтемақы төлемін Әуежайдың есеп шотына ақшалай қаражатты аудару жолымен, ақы төлеуге шотты ұсынған күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жүргізеді.

      3.2. Өтемақы төлемін төлеу мерзімдерін кешіктірген жағдайда, Жеткізуші немесе Авиакомпания Әуежайға тұрақсыздық айыбының сомасын

      _________________________________________________________(шарттың жалпы сомасынан %-ды немесе әрбір кешіктірілген күн үшін тіркелген сомасын көрсету) төлейді.

      3.3. Тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) төлеу Тараптарды осы Шартта көзделген міндеттемелерін орындаудан босатпайды.

      4. Шарттың қолданылу мерзімі және күшін бұзу шарттары

      4.1. Шарт қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және _______ жылғы "____"_______________ дейін қолданылады.

      4.2. Шарт тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін.

      5. Хабарлама

      5.1. Шартқа сәйкес бір Тарап екінші Тарапқа жіберетін кез келген хабарлама төленген тапсырыс хат арқылы жіберіледі.

      5.2. Хабарлама жеткізілгеннен кейін немесе көрсетілген күшіне ену күні (егер хабарламада көрсетілсе), осы екі күннің қайсысы кейін туындауына қарай, күшіне енеді.

      6. Еңсерілмейтін күш

      6.1. Егер Шарт талаптарының орындалмауы еңсерілмейтін күш мән-жайлардың нәтижесі болып табылса, Тараптар ол үшін жауапты болмайды.

      6.2. Шарт мақсаттары үшін "еңсерілмейтін күш" төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары және т.б.) білдіреді.

      7. Даулы мәселелерді шешу

      7.1. Тараптар Шарт бойынша немесе оған байланысты олардың арасында туындайтын барлық келіспеушіліктерді немесе дауларды тікелей келіссөздер процесінде шешуге барлық күш-жігерлерін жұмсауы тиіс.

      7.2. Егер осындай келіссөздерден кейін Тараптар Шарт бойынша дауларды шеше алмаса, Тараптардың кез келгені бұл мәселені Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес шешуді талап ете алады.

      7.3. Осы Шарт шеңберінде Тараптар өздерінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, барлық даулар мен келіспеушіліктер қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.

      8. Өзге де талаптар

      8.1. Шарт әр Тарап үшін бір-бірден данадан екі данада қазақ және орыс тілдерінде жасалады.

      8.2. Тараптардың келісімі бойынша Шарт осы Шартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да талаптармен толықтырылуы мүмкін.

      8.3. Шартта реттелмеген бөлігінде Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

      9. Тараптардың заңды мекенжайлары, банк деректемелері мен қолдары

Әуежай:
________________________________
________________________________
________________________________
________________________________
_________________________________

Жеткізуші:
_________________________________
_________________________________
_________________________________
_________________________________
__________________________________

  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
7-қосымша

Уәкілетті органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру бойынша жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге үлгі шарты

      Бұдан әрі "Әуежай" деп аталатын, ______________________ (әуежайды пайдаланушының атауы) атынан_____________________ негізінде әрекет ететін ________________ (әуежай басшысының лауазымы, есімі, аты әкесінің есімі (болған жағдайда), бір тараптан және бұдан әрі "Жеткізуші" деп аталатын_____________________ атынан ______________________ негізінде әрекет ететін ________________ (лауазымы, тегі, есімі әкесінің есімі (болған жағдайда) екінші тараптан, бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталатындар, уәкілетті органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру бойынша жерде қызмет көрсету ұсынуға осы шартты (бұдан әрі – Шарт) жасады және төмендегілер туралы келісімге келді:

      1. Шарттың мәні

      1.1. Уәкілетті органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру бойынша жерде қызметтер көрсетуге жеткізушіні (бұдан әрі – Жеткізуші) мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамада көзделген тәртіппен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Жеткізуші төлемақысының мөлшері (бұдан әрі –– Төлемақы) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен Жеткізуші арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартымен айқындалады.

      1.2. Жеткізуші Әуежайға уәкілетті органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру бойынша жерде қызметтерін (бұдан әрі – Қызметтер) көрсетеді.

      1.3. Қызметтерді Жеткізуші уәкілетті органға авиажолаушылар туралы деректерді жинау және өңдеудің ақпараттық жүйесін (бұдан әрі - авиажолаушылар туралы ақпараттық жүйе) ұсыну және авиакомпанияларға жолаушылар туралы ақпараттық жүйенің жүйеге жолаушылар туралы деректерді ұсынуға мүмкіндік беретін қызметіне рұқсат беру түрінде көрсетіледі.

      2. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      2.1. Жеткізуші:

      1) Шарт бойынша өзіне алған міндеттемелерін толық және тиісінше орындауын қамтамасыз етуге;

      2) Қызметтерді ұсынған кезде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген авиациялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;

      3) барлық қызмет тұтынушылары үшін Қызметтерді бірдей жағдайда ұсынуға;

      4) Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде Қызметтердің Қазақстан Республикасы заңнамасының, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының халықаралық стандарттары мен ұсынылатын практикасының тиісті талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;

      5) Әуежайдың талабы бойынша Шарттағы міндеттемелерді орындау барысы туралы ақпаратты ұсынуға;

      6) Әуежайдың жазбаша келісімінсіз осы Шарт бойынша өз міндеттемелерін біреуге бермеуге міндеттенеді.

      2.2. Жеткізуші:

      1) осы Шартта белгіленген мерзімде әрбір авиакомпанияға қатысты авиакомпаниялар Әуежайға ұсынатын ұшу парақтары негізінде анықталатын халықаралық рейстермен Қазақстан Республикасына келуші немесе Қазақстан Республикасынан кетуші жолаушыларының саны туралы деректер мен транзиттік жолаушылар туралы (бұдан әрі – Статистикалық деректер) мәліметтерді алуға;

      2) осы Шартта белгіленген мөлшерде және мерзімде Төлемақы алуға;

      3) белгіленген мөлшерде және белгіленген мерзімде Төлемақы төлемеген және/немесе авиажолаушылар туралы ақпараттық жүйенің жұмыс істеуімен байланысты міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған авиакомпанияларға Қызметтерді көрсетуді тоқтата тұруға;

      4) Әуежайдан осы Шартта белгіленген шарттық міндеттемелерді орындауын талап етуге;

      5) мынадай негіздердің кез келгені бойынша Әуежай ұсынған Статистикалық деректерге ескерту беріп мәлімдеме жасауға құқылы:

      Статистикалық деректер мен авиажолаушылар туралы нақты деректер арасындағы алшақтығы;

      есептердегі Статистикалық деректер мен авиажолаушылар туралы ақпараттық жүйеге берілген деректер арасындағы алшақтығы;

      Статистикалық деректер мен Әуежай төлеген төлемақы мөлшері арасындағы алшақтығы.

      2.3. Әуежай:

      1) осы Шартта белгіленген мөлшерде және мерзімде барлық авиакомпанияларынан төлемақы алуға және оларға шоттарды ұсынуға, төлемақыны осы Шартта белгіленген мерзім ішінде Жеткізушіге аударуға;

      2) өзінің қызметтерін көрсететін барлық авиакомпанияларға қатысты Статистикалық деректерді жинауға және мұндай Статистикалық деректерді Жеткізушіге ұсынуға;

      3) төлемақы немесе Статистикалық деректердің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайда, Жеткізушіні дереу жазбаша хабардар етуге;

      4) егер мұндай орындамау әуежайға байланысты емес себептер бойынша мүмкін болған жағдайларды қоспағанда, Әуежайдың Шарттың талаптарын тиісінше орындамауынан және (немесе) құқықтан тыс әрекеттерінен туындаған, Жеткізушіге келтірілген залалдарды толық көлемде өтеуге міндеттенеді;

      5) Жеткізуші Статистикалық деректеге ескертулер ұсынған жағдайда, Статистикалық деректерге түзетулер енгізіп, анықталған қателер төленген төлемақының мөлшері төленуге тиіс сомадан кем болған жағдайда, Жеткізушіге қосымша төлемақы аударуға міндетенеді. Артық төлем Әуежайдың келесі кезеңдер үшін төлем міндеттемелерін өтеу есебіне есептеледі.

      Жеткізуші Әуежай ұсынған Статистикалық деректермен келіспесе, тараптардың әрқайсысы есептерін растайтын құжаттарын ұсынады. Егер бір ай ішінде Жеткізуші мен Әуежай статистикалық деректерді келіспесе, онда келіспеуші тарап талап-арыз беруге құқылы.

      2.4. Әуежай:

      1) осы Шарт бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын тексеруге;

      2) Жеткізуші осы Шарт бойынша өзінің міндеттемелерін бұзған жағдайда өзінің міндеттемелерін орындауды тоқтата тұруға құқылы

      3. Шарттың сомасы және төлеу талаптары

      3.1. Жеткізуші қызметтерді көрсетуді осы тарауда көзделген тарифтер бойынша есептелетін төлемақыны Жеткізушіге аудару түрінде ақылы негізде жүзеге асырады.

      Әуежайдың жинауға және Жеткізушіге төлеуге жататын төлемақының мөлшері мына формула бойынша есептеледі:

      төлемақы = (552,84 теңге x N) x R,

      мұндағы:

      төлемақы – ҚҚС-ты қоспағанда, есептік кезең үшін төлемақы мөлшері;

      теңге – қазақстандық теңге, Қазақстан Республикасының заңды төлем құралы;

      N – есепті кезеңдегі Қазақстан Республикасына халықаралық рейстермен келетін немесе Қазақстан Республикасынан кететін авиажолаушылардың саны. Жолаушылар санынан халықаралық транзиттік рейстердің жолаушылары (Қазақстан Республикасының шекарасынан өтпейтін (кірмейтін)) алып тасталады;

      R = X/Y;

      X – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің айырбастау бағамы бойынша Жеткізушіге авиакомпаниямен төлемақы төлеу күніндегі 1 АҚШ долларына тең теңгедегі сома;

      Y – 368,56 теңге.

      1 (бір) күнтізбелік ай есепті кезең болып саналады. Есепті кезеңдегі жолаушылар санын Жеткізушіге Әуежай береді. Жолаушылардың саны авиакомпаниялар Әуежайға ұсынатын ұшу парақтары мен транзиттік жолаушылар туралы мәліметтердің негізінде анықталады.

      3.2. Төлемақы мөлшерін есептеу үшін Әуежай ай сайын Жеткізушіге есептік айда әрбір авиакомпания тасымалдаған жолаушылар санын көрсететін Статистикалық деректері бар есепті ұсынады. Есеп есептік ай аяқталғаннан кейін 15 (он бес) күн ішінде ұсынылады.

      Әуежайдан есеп алғаннан кейін бес (5) күн ішінде Жеткізуші оған тиісті авиакомпанияларға қатысты есептік кезеңге шот ұсынады.

      Жеткізушінің шоты негізінде Әуежай шотты алған күннен кейін 7 (жеті) күн ішінде Әуежай авиакомпаниялардан алған төлемақыны қызметті берушіге аударады.

      Авиакомпаниялар тарапынан төлемақы болмаған жағдайда Әуежай жауапты болмайды.

      3.3. Егер Әуежай осы Шартта көрсетілген мерзімде авиакомпаниядан алынған төлемді Жеткізушіге аудармаған жағдайда, төленбеген сомаға күн сайын төлем мерзімі аяқталған сәттен бастап Жеткізуші төлемді алған күнге дейін төленбеген соманың 0,1% мөлшерінде өсімақы есептеледі.

      3.4. Халықаралық жолаушылар ағыны 300 000 (үш жүз мың) адамнан кем әуежайлар төлемақы мөлшерінен 4%-ға дейін ұстап қалуға құқылы.

      Халықаралық жолаушылар ағыны 300 000-нан (үш жүз мың) 1 миллион адамға дейінгі әуежайлар төлемақы мөлшерінен 3%-ға дейін ұстап қалуға құқылы.

      Халықаралық жолаушылар ағыны 1 (бір) миллион адамнан астам әуежайлар төлемақы мөлшерінен 2%-ға дейін ұстап қалуға құқылы.

      4. Шарттың қолданылу мерзімі және күшін бұзу талаптары

      4.1. Шарт қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және _______ жылғы "___"______________ дейін қолданылады.

      4.2. Шарт тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін.

      5. Хабарлама

      5.1. Шартқа сәйкес бір Тарап екінші Тарапқа жіберетін кез келген хабарлама төленген тапсырыс хат арқылы жіберіледі.

      5.2. Хабарлама жеткізілгеннен кейін немесе көрсетілген күшіне енген күні (егер хабарламада көрсетілсе), осы күндердің қайсысының кейін келуіне қарай күшіне енеді.

      6. Еңсерілмейтін күш

      6.1. Егер Шарт талаптарының орындалмауы еңсерілмейтін күш мән-жайлардың нәтижесі болып табылса, Тараптар ол үшін жауапты болмайды.

      6.2. Шарт мақсаттары үшін "еңсерілмейтін күш" төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары және т.б.) білдіреді.

      7. Даулы мәселелерді шешу және қолданылатын құқық

      7.1. Тараптар Шарт бойынша немесе оған байланысты олардың арасында туындайтын барлық келіспеушіліктер немесе дауларды тікелей келіссөздер барысында шешуге барлық күш-жігерлерін жұмсауға тиіс.

      7.2. Осы Шарттан немесе оған байланысты туындаған барлық даулар, келіспеушіліктер, талаптар мен талап-арыздар (шарттық немесе шарттан тыс), оған қоса оның қолданылуы, жарамдылығы, орындалуы, бұзылуы немесе тоқтатылуына қатысты мәселелер ____________ (Тараптардың келісуі бойынша) шешіледі.

      7.3. Осы Шарт Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі және оған сәйкес түсіндіріледі.

      8. Өзге талаптар

      8.1. Шарт әр Тарап үшін бір-бірден данадан екі данада қазақ және орыс тілдерінде жасалады.

      8.2. Шартта реттелмеген бөлігінде Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

      8.3. Осы Шарт оған екі Тарап қол қойған күннен бастап күшіне енеді және кейінгі ___ жылдар ішінде, Шарт бойынша есеп айырысуларға қатысты олар толық аяқталғанға дейін қолданылады.

      8.4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның жазбаша келісімі болған жағдайда Шарт Тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін.

      9. Тараптардың заңды мекенжайлары, банк деректемелері мен қолдары

Әуежай:
________________________________
________________________________
_____________________________

Жеткізуші:
________________________________
________________________________
_________________________________

  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
8-қосымша

Әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыруға өтінімдер тізілімі

Әуежайдың тіркеу нөмірі

Өтінімді тіркеу күні мен уақыты

Өтінімнің нысаны және №

Жеткізушінің атауы

Жерде қызмет көрсету қызметінің түрі







  Әуежайларда жерде қызмет
көрсетуді жүзеге асыру
қағидаларына
9-қосымша

Конкурсқа қатысушыларды бағалау өлшемшарттары

Өлшемшарттар

Балл саны

1

Ұйымдық құрылым, кадр саясаты (жерде қызмет көрсету жөніндегі ұйымның персоналы және оны даярлау)

5-10

2

Материалдық ресурстар (техника, жабдықтар, компанияның инфрақұрылымдық талаптары)

10-20

3

Корпоративтік қауіпсіздік (SMS)

20-30

4

Жерде қызмет көрсету жөніндегі ұйымның қызметін ақпараттық және құжаттамалық қамтамасыз ету

5-10

5

Қызмет көрсету сапасының жүйесі

10-20

6

Компанияның қаржылық тұрақтылығы

5-10