"Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 30.09.2022 № 358/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алу және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру қағидалары бекітілсін.
2. "Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін тіркеу, "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алу және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 128 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13320 болып тіркелген, 2016 жылғы 10 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Цифрландыру департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4 Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 25 шілдедегі № 174/НҚ бұйрығымен бекітілген |
"Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алу және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 30.09.2022 № 358/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алу және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 30) тармақшасына сәйкес әзірленді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алудың және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру тәртібін айқындайды.
2. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алу және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік органдар, жергiлiктi атқарушы органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтердің және архитектуралық порталда "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының орналастырылатын электрондық көшірмелерінің дәйектілігін қамтамасыз етеді.
4. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттандыру объектілерінің иеленушісі – ақпараттандыру объектілерінің меншік иесі заңда немесе келісімде айқындалған шектерде және тәртіппен ақпараттандыру объектілерін иелену және пайдалану құқықтарын берген субъект:
2) ақпараттандыру объектісінің өмірлік циклі – ақпараттандыру объектісін құру, өнеркәсіптік пайдалану, дамыту және өнеркәсіптік пайдалануды тоқтату кезеңдерінің жиынтығы;
3) техникалық құжаттама – ақпараттандыру объектісін құру және дамыту, сондай-ақ оны тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалану жүзеге асырылатын ақпараттандыру объектісіне арналған құжаттама жиынтығы;
4) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері – мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар, мемлекеттік органдардың бағдарламалық қамтылымы, мемлекеттік органның интернет-ресурсы, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері, оның ішінде өзге де тұлғалардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған ақпараттандыру объектілері;
5) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісінің есептік коды – әрбір ақпараттандыру объектісіне берілетін бірегей сәйкестендіру нөмірі, оларды есепке алу "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында жүзеге асырылады;
6) "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталы (бұдан әрі – архитектуралық портал) – мемлекеттік органдардың ақпараттандыру саласында мониторингтеу, талдау және жоспарлау үшін одан әрі пайдалану мақсатында "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алуды, сақтауды және жүйелендіруді, "электрондық үкіметтің" архитектурасын жүзеге асыруға арналған ақпараттандыру объектісі.
7) "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы (бұдан әрі – сервистік интегратор) – "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамытуды әдіснамалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға.
2-тарау. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алу және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру тәртібі
5. Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін есепке алуды және жаңартып отыруды жүзеге асырады.
6. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алуды және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында орналастыруды ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
Архитектуралық порталдағы "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін есепке алу үшін мемлекеттік органдар, жергiлiктi атқарушы органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, "электрондық үкіметтің" квазимемлекеттік секторының субъектілері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сервистік интеграторға архитектуралық порталды пайдаланушының есептік жазбасын ұсынуға арналған өтінімді (бұдан әрі - өтінім) электрондық пошта арқылы береді.
Сервистік интегратор өтінімді алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде пайдаланушының архитектуралық порталындағы есептік жазбасын (бұдан әрі – есептік жазба) ұсынады. Есептік жазба архитектуралық порталдың қызметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
7. Мемлекеттік органдар, жергiлiктi атқарушы органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, "электрондық үкіметтің" квазимемлекеттік секторының субъектілері есептік жазбаны алғаннан кейін архитектуралық порталда "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін 1-қосымшаға сәйкес, түпнұсқа құжат пен DOCX мәтіндік форматындағы құжаттар жобасының түрі мен ақпаратты толық көрсететін PDF/A-1 форматында орналастырады.
8. Сервистік интегратор ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін толық ұсынған жағдайда, бес жұмыс күні ішінде деректердің дәйектілігі мен дұрыстығын тексереді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісіне есептік код береді.
Енгізілген деректер толық болмаған не дұрыс болмаған жағдайда, сервистік интегратор ақпараттандыру объектілерінің иесіне ұсынылған мәліметтерді және техникалық құжаттаманың көшірмелерін толықтыру не өзгерту қажеттігі туралы хабарлайды.
9. Сервистік интеграторына "электрондық үкіметтің" құрылатын (дамитын) немесе сатып алынған ақпараттандыру объектісі туралы мәліметтерді ұсыну және жаңартып отыру мемлекеттік орган "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде жүзеге асырады.
Ақпараттандыру объектілерінің иесі "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтер өзгерген немесе олардың жоқтығы анықталған кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде архитектуралық порталда "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді өзектілендіруді қамтамасыз етеді.
Ескерту. 1-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 30.04.2024 № 257/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Архитектуралық порталда есепке алуға жататын "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтер:
1) "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен айқындалған ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі техникалық құжаттама;
2) "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу әдістемесі мен қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 3 маусымдағы № 111/НҚ бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18795 болып тіркелген) бекітілген ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу туралы мәліметтер (ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар хаттамалары);
3) "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін бухгалтерлік есепке қою фактісін растайтын құжат;
4) Ақпараттандыру объектісін өнеркәсіптік пайдаланудың тоқтатылғанын растайтын құжат;
5) Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу туралы мәліметтер;
6) Құрамына мыналар кіретін пайдалану құжаттары:
пайдаланушы нұсқаулығы;
әкімші нұсқаулығы;
7) Құрамына мыналар кіретін техно-жұмыс жобасы:
ерекшелігі (ГОСТ 19.202-78);
бағдарламаның сипаттамасы (ГОСТ 19.402-78);
түсіндірме жазба (ГОСТ 19.404-79).
8) Сынақ бағдарламасы мен әдістемесі, сынақ хаттамалары (ГОСТ 34.603-92);
9) Тәжірибелік, өнеркәсіптік пайдалануға беру актісі;
10) Техникалық және жобалық құжаттаманы бекіту және оған өзгерістер енгізу туралы мәліметтер;
11) Техникалық тапсырма (СТ РК 34.015-2002);
12) "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісін сатып алуға, құруға, дамытуға, қолдап отыруға арналған шарттар;
13) "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісінің түгендеу тізбесі мен сипаттамалары;
14) "Электрондық үкіметтің" құрылатын немесе тәжірибелік пайдалануға берілетін ақпараттандыру объектісі туралы жалпы мәліметтер.
Ұйымның толық атауы | Құрылымдық бөлімше | Жауапты тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) | Лауазымы |
Байланыс телефон нөмірі; |
Кіру |