Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 18 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 ақпанда № 18297 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1."Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 250 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8080 болып тіркелген, 2012 жылғы 28 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 778-784 (27855) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидаларында:

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Банктердің, Ұлттық почта операторының және олардың филиалдарының кассалық операцияларды жүргізуге арналған үй-жайлары, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүзеге асыратын ұйымдардың және олардың филиалдарының банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды қайта санау, сұрыптау, орау, сақтау, сондай-ақ оларды банктерге және банктердің тапсырмасы бойынша олардың клиенттеріне беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған үй-жайлары, айырбастау пунктерінің үй-жайлары:

      1) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15501 болып тіркелген "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 23 маусымдағы № 439 бұйрығымен бекітілген "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламентіне сәйкес бастапқы өрт сөндіру құралдарымен;

      2) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14858 болып тіркелген "Ғимараттарды, үй-жайлар мен құрылыстарды автоматты өрт сөндіру және автоматты өрт сигнализациясы, өрт кезінде адамдарды құлақтандыру және оларды эвакуациялауды басқару жүйелерімен жабдықтау жөніндегі талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 29 қарашадағы № 1111 бұйрығымен бекітілген "Ғимараттарды, үй-жайлар мен құрылыстарды автоматты өрт сөндіру және автоматты өрт сигнализациясы, өрт кезінде адамдарды құлақтандыру және оларды эвакуациялауды басқару жүйелерімен жабдықтау жөніндегі талаптар" техникалық регламентіне сәйкес өрт автоматикасымен жабдықталуға тиіс.".

      2. "Банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 254 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7995 болып тіркелген, 2012 жылғы 28 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 778-784 (27855) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау қағидаларында:

      10-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Банкноттарды, монеталарды және басқа құндылықтарды инкассациялауды инкассаторлар бригадасы инкассация қызметінің мамандандырылған көлік құралында (бұдан әрі – мамандандырылған көлік құралы) жүргізеді. Инкассаторлар бригадасы үш адамнан кем болмауға тиіс.";

      12-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Инкассация қызметінің басшысы (кезекші инкассатор) жолға шығар алдында мамандандырылған көлік құралының ақшалай түсімді жинау бойынша жүру бағытындағы жұмысқа дайындығын (техникалық жарамдығы, қосалқы бөлшектермен жабдықталуы, жанар-жағармай материалдарының құйылуы, байланыс құралдарының, өрт сөндіру құралдарының жұмыс істеуі) тексереді және жол парағына тиісті жазба жасайды. Сондай-ақ жүргізуші-инкассатордың жүру бағытына дайындығы (нақты жай-күйі және жүргізуші құжаттарының болуы) тексеріледі.";

      28-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қару мен оқ-дәрiлер ауысымға шығатын мамандандырылған көлік құралдарының жүргiзушiлеріне осы кітапқа қол қойғыза отырып берiледi.";

      37, 38 және 39-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "37. Инкассаторлардың қабылдап алған құндылықтарын тасымалдау үшiн оларды алып шығу құндылықтардың барлығын қабылдау аяқталғаннан кейiн және инкассаторлар бригадасы жетекшісінің қатысуымен жүргізіледі. Құндылықтарды мамандандырылған көлік құралына немесе көлiктің басқа түріне, бiр үй-жайдан екiншi үй-жайға апарғанда орындар саны саналады, ал бригаданың инкассаторлары құндылықтарды апаратын қызметкерлердiң жүрген жолын көрiп отыратындай етіп орналасады.

      38. Құндылықтар автомобиль, темір жол және (немесе) әуе көлігімен тасымалданады.

      Құндылықтарды мамандандырылған көлік құралдарымен немесе көлiктің басқа түрлерімен тасымалдау осы тапсырманы орындайтын бүкіл инкассаторлар бригадасының ілесіп жүруi арқылы жүзеге асырылады. Тапсырманы орындау кезiнде жүргiзушiнiң мамандандырылған көлік құралын, көліктің басқа түрін қалдыруына жол берілмейді.

      39. Құндылықтарды автомобиль көлігімен тасымалдау Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1549 тіркелген "Қазақстан Республикасында автомобильдiк инкассаторлық тасымалды ұйымдастыру жөнiндегi нұсқаулықты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 20 сәуірдегі № 110 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында автомобильдiк инкассаторлық тасымалды ұйымдастыру жөнiндегi нұсқаулықта көзделген талаптарға жауап беретін мамандандырылған көлік құралдарымен жүргізіледі.

      Инкассаторлардың жүру бағытынан ауытқуына (дәлелсіз себептермен), сондай-ақ мамандандырылған көлік құралында бөгде адамдарды және құндылықтарға жатпайтын жүктерді алып жүруіне тыйым салынады.";

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Құндылықтарды мамандандырылған көлік құралымен тасымалдау мүмкін болмаған жағдайда құндылықтарды банктің филиалдарынан темір жол және (немесе) әуе көлігімен жеткізуге және әкетуге жол беріледі. Құндылықтарды тасымалдау тікелей мақсаттағы поездарда және әуе кемелерінде жүзеге асырылады.";

      44-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Инкассаторлар бригадасы темір жол вокзалына және (немесе) әуежайға мамандандырылған көлік құралдарымен барады.";

      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Межелі жерге темір жол немесе әуе көлігімен келгеннен кейін құндылықтарды алатын банк инкассаторлар бригадасын мамандандырылған көлік құралдарымен күтіп алуды қамтамасыз етеді.";

      54-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "54. Құндылықтары бар клиентке ілесіп жүру жұмысы кезінде инкассаторлардың мамандандырылған көлік құралын тастап кетуіне жол берілмейді. Инкассаторлар құндылықтарды алуға, орауға, бір орыннан басқа орынға апаруға қатыспайды және олардың ішіндегілерінің толықтығына жауап бермейді.

      Бір мамандандырылған көлік құралымен бірнеше клиентке қызмет көрсеткен кезде құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету үшін инкассаторлар бригадасының жетекшісі жүргізушімен бірге мамандандырылған көлік құралында қалады, ал инкассатор (инкассаторлар) касса үй-жайына дейін клиентке ілесіп жүреді.".

      3. Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасы (Әбішева Т.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваға жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі