"Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау және қолдану тәртібін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 26 ақпандағы № 38 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 7 наурыздағы № 343 бірлескен бұйрығы және қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 наурызда № 16660 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 17-тармағының 62) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:

      1. "Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау және қолдану тәртібін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8378 болып тіркелген, 2013 жылғы 6 маусымда "Заң газеті" газетінде № 82 (2283) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 17-тармағының 62) тармақшасына және "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:";

      1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ресми бағамдар жөніндегі қаулыға қосымшада көрсетілмеген айырбасталатын валюталардың нарықтық бағамдарын ұйымдар осы тармақта белгіленген тәртіппен дербес айқындайды. АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамы белгіленген күні Financial Times газетінде немесе оның интернет-ресурсында, сондай-ақ Bloomberg немесе Reuters ақпараттық порталдарында жарияланған шетел валютасының АҚШ долларына бағамын пайдалануға болады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Бухгалтерлік есеп департаменті (Рахметова С.К.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны және бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы және бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде олардың қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны және бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы және бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы қаулының және бұйрықтың осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы және бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде олардың көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының және бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваға жүктелсін.

      5. Осы қаулы және бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б. Сұлтанов
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Д. Ақышев