Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 42 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 1 наурызда № 16458 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 1-бабының 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесі бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдау алуға құқығы бар адамдар санатының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 143 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10729 болып тіркелген, 2015 жылғы 29 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмесін ресми жариялауға мерзімді баспасөз басылымдарына, сондай-ақ ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрі

      ____________ Т. Дүйсенова

      2018 жылғы 8 ақпан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ______________ Б. Сұлтанов

      2018 жылғы 14 ақпан

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 8 ақпандағы
№ 42 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесі

      Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық экономика министрінің 16.07.2020 № 57 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 31.12.2020 қоса алғанға дейін қолданыста болады) бұйрығымен.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес, жеке табыс салығын салуға жататын табыстарынан салық агентінің мүлікті өтеусіз беру түріндегі табыстарын алып тастау жүргізілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарына осындай беру күніне:

      1) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы;

      2) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы;

      3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушы;

      4) зейнетақы төлемдерiн алатын мүгедек;

      5) он сегіз жасқа толмаған жетім бала және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала;

      6) "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 5-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының табысы аз тұлға;

      7) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 367 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11512 болып тіркелген) бекітілген әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;

      8) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1033 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12733 болып тіркелген) бекітілген екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;

      9) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабының 4) тармақшасына, 69-бабының 6) тармақшасына және 75-бабының 4-тармағына сәйкес бекітілетін, кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізіміне кіретін ауруы бар тұлға болып табылатын жеке тұлғалар жатады;

      10) 31.12.2020 қоса алғанға дейін қолданыста болады – ҚР Ұлттық экономика министрінің 16.07.2020 № 57 бұйрығымен.