Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 751 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 9 қаңтарда № 16189 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 22.12.2022 № 1247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерінің 50-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 22.12.2022 № 1247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
      генерал-полковник С. Жасұзақов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 751 бұйрығымен
бекітілген

Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 22.12.2022 № 1247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әзірленді және төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау тәртібін айқындайды.

2-тарау. Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау тәртібі

      2. Лауазымға уақытша тағайындау лауазымды адамдар тізбесіндегі лауазымды адамның жеке құрам бойынша бұйрығымен жүргізіледі.

      3. Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері "Әскери полиция органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 2-тармағына сәйкес арнайы бастапқы оқытудан өткен әскери полиция органдарының әскери қызметшілерін қоспағанда, олардың бағынысында офицерлер болмаған жағдайда, кемінде үш жыл үздіксіз әскери қызмет өтілі, жоғары білімі болған кезде офицерлер құрамының бос әскери лауазымына және офицерлердің базалық курстарынан өткеннен кейін тек кіші офицерлер құрамының лауазымына уақытша тағайындалады. Офицерлердің базалық курстарының бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті әзірлейді, оларды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы бекітеді және Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарының жанында жүргізіледі.

      Медициналық мамандықтар лауазымына тағайындау кезінде кемінде үш жыл үздіксіз әскери қызмет өтілінің болуы талап етілмейді.

      4. Офицерлер құрамының бос әскери лауазымына Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бас басқармаларын және Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің орталықтарын қоспағанда, олардың бағынысында офицерлер болмаған жағдайда әскери-есептік мамандығына сәйкес келетін мамандық бойынша жоғары білімі бар азаматтар тағайындалады.

      Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының бос әскери лауазымына лауазымға қажет білімі (негізгі орта білімі, орта білімі (жалпы орта білімі, техникалық және кәсіптік білімі) және орта білімнен кейінгі білімі) және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі бар азаматтар уақытша тағайындалады.

      5. Азаматтар офицерлер құрамының бос лауазымына уақытша тағайындауға ұсынылған кезде тиісті командир (бастық) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес бос лауазымға уақытша тағайындау кезінде ұсынылатын құжаттар тізбесін (бұдан әрі – Құжаттар тізбесі) қоса бере отырып, баянат жолдайды.

      6. Азаматтарды қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының лауазымына уақытша тағайындау олар әскери бөлімнің (мекеменің) жасақтау органына Құжаттар тізбесін ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.

      7. Әскери лауазымға уақытша тағайындалған азаматтар бұйрық шығарылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде еңбек шартын жасайды.

  Төмен тұрған құрамның
әскери қызметшілерін не
азаматтарды бос әскери
лауазымға уақытша
тағайындау қағидаларына
қосымша

Бос лауазымға уақытша тағайындаған кезде ұсынылатын құжаттар тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2. Кадр қызметі растаған (болмаған жағдайда нотариат растаған) қосымшаларымен білімі туралы дипломның көшірмелері;

      3. Кадр қызметі растаған (болмаған жағдайда нотариат растаған) еңбек кітапшасының көшірмесі (еңбек өтілі бар болған кезде);

      4. Жеке табыс салығы мен мүлік жөніндегі декларацияның қабылданғаны туралы анықтама;

      5. Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама;

      6. Алдын ала медициналық куәландырудан өтуі туралы құжат;

      7. Резюме.