Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 751 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 9 қаңтарда № 16189 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерінің 50-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
      генерал-полковник С. Жасұзақов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 751 бұйрығымен
бекітілген

Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әзірленді және төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау тәртібін айқындайды.

      2. Лауазымға уақытша тағайындау көрсетілген лауазымға тағайындау құқығы берілген лауазымды адамның бұйрығымен жүзеге асырылады.

      Уақытша тағайындау туралы бұйрықтардан үзінді көшірмелер үш жұмыс күні ішінде есепке алу үшін жоғары тұрған кадр органдарына жолданады.

      3. Әскери лауазымдарға уақытша тағайындалған азаматтар бұйрықтың шығарылған сәтінен бастап үш жұмыс күні ішінде еңбек шартын жасасады.

      4. Алып тасталды – ҚР Қорғаныс министрінің 02.11.2020 № 597 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау.Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау тәртібі 1-параграф. Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды офицерлер құрамының бос әскери лауазымдарына уақытша тағайындау

      5. Офицерлер құрамының бос әскери лауазымдарына мыналар уақытша тағайындалады:

      1) "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы"2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттар болған кезде, сондай-ақ олардың бағынысында офицерлер болмаған жағдайда кемінде бес жыл үздіксіз әскери қызмет өтілі (медициналық қызметкерлер лауазымдарына тағайындалатын адамдарды қоспағанда), жоғары білімі және тиісті әскери есептік мамандықтың бейіні бойынша ұқсас мамандығы бар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері төмен тұрған құрамының әскери қызметшілері;

      2) жоғары білімі және тиісті әскери есептік мамандықтың бейіні бойынша ұқсас мамандығы бар тиісті құрамның әскери міндеттілері, сондай-ақ азаматтар.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 02.11.2020 № 597 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5-1. Әскери барлау органдары офицерлер құрамының бос әскери лауазымдарына мыналар уақытша тағайындалады:

      1) "ақпараттық жүйелер және киберқауіпсіздік (ІT мамандары)", "ақпаратты қорғаудың әдістері мен жүйелері (криптография)" мамандықтары бойынша "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттар болған кезде, сондай-ақ олардың бағынысында офицерлер болмаған жағдайда, кемінде бір жыл үздіксіз әскери қызмет өтілі, жоғары білімі және тиісті әскери есептік мамандықтың бейіні бойынша ұқсас мамандығы бар төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері;

      2) "математикалық және компьютерлік үлгілеу", "ғарыштық техника мен технологиялар" мамандықтары бойынша "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттар болған кезде, олардың бағынысында офицерлер болмаған жағдайда, жоғары білімі және тиісті әскери есептік мамандықтың бейіні бойынша ұқсас мамандығы бар төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері.

      Ескерту. 2-тарау 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қорғаныс министрінің 05.08.2021 № 507 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Офицерлер құрамының бос лауазымдарына уақытша тағайындауға ұсыну кезінде осы Қағидаларға қосымшаға (бұдан әрі – Құжатар тізбесі) сәйкес офицерлер құрамының бос лауазымдарына уақытша тағайындау кезінде ұсынылатын құжаттар тізбесін қоса беріп, тиісті командирдің (бастықтың) баянаты жолданады.

2-параграф. Тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды солдаттар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының бос әскери лауазымдарына уақытша тағайындау

      7. Солдаттар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының бос әскери лауазымдарына тиісті білімі және әскери мамандыққа сәйкес бейіні бойынша ұқсас мамандығы және мамандық бойынша жұмыс тәжірибесі бар тиісті тұрған құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды уақытша тағайындауға жол беріледі.

      8. Тиісті тұрған құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды солдаттар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының лауазымдарына уақытша тағайындау олардың Құжаттар тізбесін әскери бөлімнің (мекеменің) жасақтау органына ұсынғанынан кейін жүзеге асырылады.

  Төмен тұрған құрамның әскери
қызметшілерін, тиісті құрамның
әскери міндеттілерін не
азаматтарды бос әскери
лауазымдарға уақытша
тағайындау қағидаларына
қосымша

Бос лауазымдарға уақытша тағайындаған кезде ұсынылатын құжаттар тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2. Кадр қызметі растаған (болмаған жағдайда нотариат растаған) қосымшаларымен білімі туралы дипломның көшірмелері;

      3. Кадр қызметі растаған (болмаған жағдайда нотариат растаған) еңбек кітапшасының көшірмесі (еңбек өтілі бар болған кезде);

      4. "Салықтық және кедендік әкімшілендірудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2008 жылғы 30 желтоқсандағы № 637 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5463 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша жеке табыс салығы мен мүлік жөніндегі декларацияларды қабылдағаны туралы анықтама;

      5. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерінің стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2015 жылғы 27 шілдедегі № 95 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12055 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама.