Қазақстан Республикасының шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін мемлекет есебінен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне ақша төлеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2017 жылғы 26 тамыздағы № 69 бұйрығы . Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 26 қыркүйекте № 15747 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 16.08.2022 № 51/қе (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабы 8-тармағының үшінші бөліміне және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 1 сәуiрдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ереженің 15-тармағы 311) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 16.08.2022 № 51/қе (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін мемлекет есебінен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне ақша төлеу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 16.08.2022 № 51/қе (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың көшірмесі қазақ және орыс тілдерінде баспа мен электрондық түрінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіде ресми түрде жариялау және орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етуін;

      3) осы тармақта қарастырылған шаралар орындалғаннан кейін он күн ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Заң департаментіне тармақтың 1), 2) тармақшалары бойынша орындалуы туралы ұсынуын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-майор Д. А. Ділмановқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілері таныстырылсын.

      5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Төрағасы
К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік
комитеті Төрағасының
2017 жылғы 26 тамыздағы
№ 69 қе бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне мемлекет есебінен ақша төлеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының м.а. 28.08.2018 № 68/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін мемлекет есебінен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне (бұдан әрі – әскери қызметшілер) ақша төлеу қағидалары Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – ҚР) шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін ақша төлеу тәртібін айқындайды.

      Осы Қағидалар әскери қызметтен шығарылған адамдарға да (мерзімді әскери қызметтен, ҚР азаматтығын тоқтатуға байланысты, теріс себептермен, аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметтік сәйкес келмеуі бойынша шығарылғандарды қоспағанда) ҚР шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін қолданылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 16.08.2022 № 51/қе (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасының шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін мемлекет есебінен әскери қызметшілерге ақша төлеу тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 16.08.2022 № 51/қе (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Жаңа қызмет орнына ауысу кезінде немесе басқа жергілікті жерде әскери есепке қою үшін ҚР шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін ақша төлеуге әскери қызметші және әскери қызметтен босатылған адам тасымалдау маршрутын көрсету арқылы еркін түрде баянат (өтініш) ұсынады.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының Ішкі қызмет жарғысының 50-тармағына сәйкес баянат (өтініш) істер мен лауазымды қабылдаған немесе мекеме тізімінен шығарылған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде мынадай лауазымды адамдардың атына ұсынылады:

      1) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҰҚК) Төрағасына – ҰҚК ведомстволарының бірінші басшылары, "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі құрылымдық бөлімшелерінің және әскери, арнаулы оқу орындарының бастықтары;

      2) "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі құрылымдық бөлімшелерінің бастықтарына – олардың қарамағындағы әскери қызметшілер және көрсетілген бөлімшелерде бұрын қызмет өткерген әскери қызметтен босатылған адамдар;

      3) ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директорына – "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесінің әскери қызметшілері мен әскери қызметтен босатылған адамдар, ҰҚК Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының бастықтары;

      4) ҰҚК мемлекеттік мекемелерінің бірінші басшыларына – олардың қарамағындағы әскери қызметшілер және көрсетілген бөлімшелерде бұрын әскери қызмет өткерген әскери қызметтен босатылған адамдар.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 16.08.2022 № 51/қе (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. ҚР шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін ақша төлеуге бұйрық жасауға жауапты мемлекеттік мекеменің құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – құрылымдық бөлімше) баянат (өтініш) тіркелген күннен бастап 5 күннен кешіктірмей баянатта (өтініште) көрсетілген мәліметтерді тексеруді жүзеге асырады.

      Баянатта (өтініште) көрсетілген тасымалдау маршруты елді мекендердің нақты орналасуына сәйкес келмеген жағдайда, құрылымдық бөлімше өтініш берушіге оларды пысықтау үшін қайтарады. Өтініш беруші он күн ішінде құрылымдық бөлімшеге қайта өтініш жасайды, бұл ретте баянат (өтініш) бастапқы тіркелген күні берілген болып есептеледі.

      Баянат (өтініш) негізінде құрылымдық бөлімше төлем мөлшерін белгілейді және ҚР шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін ақша төлеуге бұйрық жобасын дайындайды.

      5. Құрылымдық бөлімше бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде автомобильдік жолдың әр 20 шақырымына төлем мөлшерін аңықтап және формула бойынша есептейді:


,

      мұнда: L - кету пунктінен белгіленген пунктке дейін километрмен автомобиль жолының ұзындығы;

      20 км - тұрақты шама;

      1 АЕК - тиісті қаржы жылына арналып бекітілген айлық есептік көрсеткіш мөлшері.

      6. ҚР шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін ақша төлеу туралы бұйрық тасымалдау маршруты, арақашықтық және төлемнің мөлшері көрсетіліп, әскери қызметші әскери қызметті өткеріп жатқан жүрген, ал әскери қызметтен босатылған адамға әскери қызметтен шығар алдында қызмет өткерген мемлекеттік мекеменің уәкілетті лауазымды адамы шығарады.

      ҚР шегінде өз мүлкін тасымалдағаны үшін ақша төлеу туралы бұйрық жарияланғаннан кейін құрылымдық бөлімше аталған бұйрықты немесе одан үзінді көшірмені қаржы бөлімшесіне төлемді жүзеге асыру үшін жолдайды.

      7. Қаржы бөлімшесі ҚР шегінде өз мүлкін тасымалдағаны үшін әскери қызметшіге ақша төлеуді:

      1) қаржыландыру жоспары бойынша қаражаттар болған кезде – ақшалай үлеспен бірге төлей отырып;

      2) қаражаттар болмаған жағдайда – жеке қаржыландыру жоспарында тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жүзеге асырады.

      8. ҚР шегінде өз мүлкін тасымалдағаны үшін ақша төлеудің әскери қызметшіге немесе әскери қызметтен босатылған адамға тиістісі және оған төленбегені немесе аз мөлшерде төленгені Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 178-бабының 1-тармағында белгіленген жалпы талап қою мерзімінің шегінде төленуге жатады.