Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардың (әскери факультеттердің) оқу-материалдық базасын ұйымдастыру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 тамыздағы № 411 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 11 қыркүйекте № 15641 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.11.2025 № 1574 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 29.01.2024 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардың (әскери факультеттердің) оқу-материалдық базасын ұйымдастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.11.2025 № 1574 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 30.04.2021 № 271 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
С. Жасұзақов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      _____________ Е. Сағадиев

      2017 жылғы 7 тамыз

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 2 тамыздағы
№ 411 бұйрығымен
бекітілген

Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардың (әскери факультеттердің) оқу-материалдық базасын ұйымдастыру және пайдалану қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.11.2025 № 1574 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардың (әскери факультеттердің) оқу-материалдық базасын ұйымдастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – ҚР) Заңына сәйкес әзірленді және ҚР Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының (бұдан әрі – ӘОО) және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы әскери кафедраларының (әскери факультеттерінің) (бұдан әрі – ӘК) оқу-материалдық базасын ұйымдастыру және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. ӘОО мен ӘК-нің оқу-материалдық базасы (бұдан әрі – ОМБ) – ӘОО мен ӘК-ге жүктелген міндеттерді орындауды қамтамасыз етуге арналған жергілікті жер учаскесі, ғимарат, құрылысжай, үй-жай, материалдық және техникалық құрал жиынтығы.

      3. ОМБ оқу-тәрбие процесін іске асырудың материалдық негізі болып табылады және білім беру бағдарламалары мен әскери даярлық бағдарламаларына сәйкес келуге тиіс.

2-тарау. Әскери оқу орындарының ОМБ-ны ұйымдастыру және пайдалану тәртібі

      4. ОМБ-ны ӘОО ҚР Қорғаныс министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҚМ) материалдық-техникалық жабдықтауды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелерімен (бұдан әрі – жабдықталым органы) бірлесіп, ӘОО бастығы бекітетін оқу бағдарламаларына және штатқа табельге сәйкес ұйымдастырады.

      5. ӘОО бастығы ӘОО-ны ОМБ-мен жабдықтауға басшылық жасауды жүзеге асырады. ОМБ-ның барлық түрімен қамтамасыз ету жабдықталым органына берілетін ОМБ-ға өтінімдер негізінде жүзеге асырылады.

      6. ӘОО-ның ОМБ-сы ҚР Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 27 мамырдағы № 622 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 210867 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері республикалық мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу және оларды өткізуден түскен ақшаны пайдалану қағидаларына сәйкес тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін қаражат есебінен де жүзеге асырылуы мүмкін.

      7. ОМБ мыналарға бөлінеді:

      1) оқу-зертханалық база, ол дәрісхананы (дәріс залын), сыныпты, кабинетті, зертхананы, кітапхананы, оқу залын, курстық және дипломдық жобалау залын, оқытушылар бөлмесін, зертханашылар бөлмесін, зерделенуге (меңгерілуге) тиіс немесе оқыту процесінде пайдаланылатын пайдалану кешені мен жүйесін, оқу және оқу-көмекші үй-жайды қамтиды. Ақпараттық (мультимедиалық, интерактивті) және есептеу техникасымен, зертханалық жабдықпен және қондырғымен, оқыту мен бақылаудың техникалық құралдарымен, көрнекі құралдармен жарақтандыруды цифрландыру және білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы ұйымдастырады;

      2) далалық оқу базасы (әуедегі, теңіз машығы үшін база), ол полигонды, оқу-жаттығу орталығын, әуейлақты, жауынгерлік даярлық объектілері (кешені) орналастырылған лагерьді қамтиды. Қару-жарақпен, әскери техникамен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етуді жауынгерлік даярлық пен әскери инфрақұрылым мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы жүзеге асырады;

      3) спорттық база, ол оқу-жаттықтыру процесін қамтамасыз етуге арналған спорттық құрылысжайды, дене шынықтыру дайындығын және білім алушылармен спорттық-бұқаралық жұмыс жүргізу орнын қамтиды. Спорттық құрал-жабдықпен жарақтандыруды және қамтамасыз етуді спорт және инфрақұрылым мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы ұйымдастырады;

      4) тренажерлық база, ол оқу-жаттықтыру, пайдалану кешенін, жүйені, оқу-жаттығу командалық пунктін, оқу-жаттығу басқару пунктін, тренажерды, интерактивті сабақ жинағы бар үш өлшемді виртуалды полигон симуляторын қамтиды, оларды жауынгерлік даярлық және цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы қамтамасыз етеді;

      5) жалпыәскери даярлық базасы, ол саптық плацты, қарауылдық кешенді (қалашықты), тирді және жалпыәскери даярлық объектілерін қамтиды, оларды әскери инфрақұрылым мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы қамтамасыз етеді;

      6) әскери техника, ол жауынгерлік машинаны, аспапты, техникалық құралдарды қамтиды, оларды қару-жарақ пен әскери техника мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы жеткізеді;

      7) қару-жарақ, ол әртүрлі қару түрлерінің, оқ-дәрілер кешенін, оларды тасығыш пен құралдарды қамтиды, оларды қару-жарақ пен әскери техника мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы жеткізеді;

      8) ақпараттық қамтамасыз ету құралдары, олар оқулықты, оқу-әдістемелік материалды, ғылыми және анықтамалық әдебиетті, нұсқауды, оқ ату және көлік жүргізу курсын, электрондық басылымды қоса алғанда, ақпараттық стенд пен плакатты, компьютерлік бағдарламаны, цифрлық білім беру ресурсын, кино, фото, бейнематериалды қамтиды, оларды цифрландыру және білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы жеткізеді;

      9) оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету объектілері, олар оқу-өндірістік шеберхананы, баспахананы (редакциялық-баспа немесе көшіру-көбейту орталығын, қойманы, ғылыми-зерттеу зертханасын, есептеу орталығын) қамтиды, оларды тәрбиелеу және идеология мәселелеріне жетекшілік ететін жабдықталым органы қамтамасыз етеді.

      8. ӘОО-ның ОМБ-сын ұйымдастыру процесі:

      1) ОМБ компоненттерін жабдықталым органынан алуды не сатып алуды және оқу жабдығы мен материалын оқу объектілері бойынша бөлуді;

      2) қолда бар ОМБ-ға техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді және жаңғыртуды қамтиды.

      9. ОМБ-ны оқу жылына дайындау жыл сайын 15 тамызға дейін ӘОО-ны көзделген оқу іс-шараларын орындау үшін қажетті ОМБ-мен жабдықтауды ескеріп жүзеге асырылады.

      10. ӘОО-ның оқу бөлімі ӘОО-ның кафедраларымен (циклдерімен) бірлесіп, жыл сайын 1 сәуірге дейін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оқу бағдарламалары мен қабылдау жоспарын негізге алып, ӘОО-ны ОМБ-мен жабдықтау жоспарын әзірлейді.

      11. Жоспар бекітілгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде ӘОО кафедрасы (циклі) толық жабдықтау үшін қажетті жетіспейтін ОМБ тізбесін жасайды және оқу бөліміне ұсынады.

      12. Оқу бөлімі жетіспейтін ОМБ тізбесі бойынша жетіспейтін ОМБ-ға 30 сәуірге дейін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ӘОО оқу-әдістемелік кеңесінің отырысында қаралатын өтінімді қалыптастырады.

      13. Оқу-әдістемелік кеңес өтінімді қараған кезде бірінші кезекте әскери-арнайы пәндерді жабдықтауға ОМБ-ны, одан әрі қалған пәндер бойынша ОМБ-ны қарайды.

      14. Өтінімде жетіспейтін ОМБ тізбесі басымдыққа қарай үш санатқа бөлінеді (А санаты – бірінші кезекте қажет ОМБ, Б санаты – екінші кезекте қажет ОМБ, В санаты – үшінші кезекте қажет ОМБ).

      15. А санаты міндетті түрде ҚР Қарулы Күштерін қамтамасыз етудің жалпы жоспарына енгізілуге тиіс, Б санаты бірінші қалыптасқан үнемдеу болғанда қаржыландырылады, В санаты қаржыландырудың түсуіне қарай қаржыландырылады.

      16. ӘОО-ның оқу бөлімі оқу-әдістемелік кеңесте қаралып, мақұлданған өтінім негізінде 15 мамырға дейінгі мерзімде ҚР Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 29 шілдедегі № 399 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 114476 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі қаржы және шаруашылық қызметін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жабдықталым органына жиынтық өтінімдерді жібереді, жиынтық өтінімдердің көшірмесі Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру мәселесіне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесіне (бұдан әрі – құрылымдық бөлімше) жіберіледі.

      17. ӘОО құрылымдық бөлімшеге штатқа табельді негізге алып, алдыңғы жылмен салыстырмалы талдауды, жоспарланған жаңарту мен толық жабдықтауды көрсетіп, әрбір мамандық бойынша ОМБ-мен жабдықталу дәрежесі туралы мәліметтерді жібереді.

      18. Құрылымдық бөлімше ӘОО-ны ОМБ-мен жабдықтау процесін талдауды қамтамасыз етеді.

      19. Құрылымдық бөлімше барлық ӘОО-ның жиынтық өтінімін талдайды, жыл сайын 20 желтоқсанға дейін тауарды, жұмыс пен көрсетілетін қызметті мемлекеттік сатып алу жоспарын бекітер алдында белгіленген тәртіппен түскен жиынтық өтінімдерді талдайды.

      20. Құрылымдық бөлімше алдағы жылға арналған мемлекеттік бюджет бекітілгеннен кейін ҚР Қорғаныс министріне ӘОО жиынтық өтінімдерінің толықтығы мен орындалу көлемі туралы мәліметтерді (қандай сомаға өтінім берілгені және мемлекеттік бюджет жоспарында қандай сома бекітілгені) ұсынады.

      21. ӘОО-да жыл сайын 1 маусымға дейін ӘОО-да қажетті ОМБ болмаған жағдайда әскери бөлімдермен және ӘК-мен бірлесіп пайдалану үшін қажетті ОМБ тізбесі (бұдан әрі – тізбе) әзірленеді.

      22. Тізбе осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылады, 1 қыркүйекке дейін ОМБ балансында тұрған әскери бөлімнің командирімен не ӘК-мен келісіледі.

      23. Әскери бөлім командирлері ӘОО мен ӘК бастықтарымен бірлесіп, әскери бөлімдердің немесе ӘК-нің күнделікті қызметіне нұқсан келтірмей, ОМБ-ны пайдалану кестесін жасайды. Қажет болғанда кесте оқу жылы ішінде нақтылануы мүмкін.

      24. ӘОО-ның ОМБ-сы ӘОО бастығы бекіткен сабақ жоспары мен кестесі бойынша пайдаланылады.

      ОМБ-ны бірлесіп пайдалану бекітілген тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.

      25. ОМБ-ны түгендеу мен оның жай-күйін бағалауды ӘОО бастығы жылына бір реттен сиретпей ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 169 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 209209 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінде түгендеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізеді.

      26. ОМБ-ға жоспарлы техникалық қызмет көрсету табиғи-климаттық жағдайды, техникалық жай-күйін және пайдалану режимін ескеріп, ОМБ-ны тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін кезеңділікпен ұйымдастырылады және жүргізіледі.

      27. ӘОО-ны ОМБ-мен жабдықтау үшін ҚР Қарулы Күштерін (бұдан әрі – ҚР ҚК) қаруландыруға түсетін қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерімен қамтамасыз етуді жабдықталым органы ҚР ҚК-ні қаруландыруға түскен сәттен бастап бір жылдан кешіктірмей, ӘОО-дан түсетін өтінімдер негізінде жүзеге асырады.

      28. ӘОО-ның ОМБ-мен жабдықталуын жыл сайын 15 тамызға дейін кафедралар оқу бөлімімен бірлесіп, жабдықтау жоспары негізінде өткен жылмен салыстырмалы талдауды және толық жабдықтауды, оның ішінде жоспарланғанын көрсетіп, біліктілік сипаттамасына сәйкестігі мәніне талдайды. Талдау нәтижесі ӘОО-ның жаңа оқу жылының басталуына дайын болуы туралы баяндаумен бірге құрылымдық бөлімшеге жіберіледі.

      29. Оқу бөлімі кафедралардан алдағы оқу жылына ОМБ-ны жаңғырту және жақсарту бойынша ұсыныстарды жыл сайын 1 сәуірге дейін қабылдайды және ӘОО басшылығы оқу-әдістемелік кеңесте қарайды, мақұлданған жағдайда жиынтық өтінімдерді жабдықталым органына жібереді.

3-тарау. ӘК-нің ОМБ-ны ұйымдастыру және пайдалану тәртібі

      30. ӘК-нің ОМБ-сы – ӘК-ге жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге арналған жергілікті жер учаскесі, ғимарат, құрылысжай, үй-жай, материалдық және техникалық құрал жиынтығы.

      31. ОМБ-ны жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі — ЖЖОКБҰ) әскери даярлық бағдарламалары негізінде бекітілген әскери бөлімдермен (мекемелермен) бірлесіп ұйымдастырады.

      32. ЖЖОКБҰ басшысы ӘК-ні ОМБ-мен жабдықтауға басшылық жасауды жүзеге асырады.

      33. ӘК-нің ОМБ-сы мыналарға бөлінеді:

      1) оқу-зертханалық база, ол дәрісхананы (дәріс залын), сыныпты, кабинетті, зертхананы, кітапхананы, оқу залын, курстық және дипломдық жобалау залын, оқытушылар бөлмесін, зертханашылар бөлмесін, зерделенуге (меңгерілуге) тиіс немесе оқыту процесінде пайдаланылатын пайдалану кешені мен жүйесін, оқу және оқу-көмекші үй-жайды қамтиды. Ақпараттық (мультимедиалық, интерактивті) және есептеу техникасы құралдарымен, зертханалық жабдықпен және қондырғымен, оқыту мен бақылаудың техникалық құралдарымен, жабдықпен және көрнекі құралдармен жарақтандыру тұрақты орналасқан жерде ұйымдастырылады;

      2) тренажерлық база, ол оқу-жаттықтыру, пайдалану кешенін, жүйесін, оқу-жаттығу командалық пунктін, оқу-жаттығу басқару пунктін қамтиды. Тренажерлармен, оқу қару-жарағымен жарақтандыру материалдық мүлікті олар бекітіліп берілген әскери бөлімдерден (мекемелерден) уақытша пайдалануға алу арқылы ұйымдастырылады;

      3) жалпыәскери даярлық базасы, ол саптық плацты, қарауылдық кешенді (қалашықты), тирді және жалпыәскери даярлық объектілерін қамтиды, ол тұрақты орналасқан жерде ұйымдастырылады;

      4) ӘК бекітілген әскери бөлімдерден (мекемелерден) уақытша пайдалануға алынатын әскери техника, ол жауынгерлік машинаны, автомобиль техникасын, оның ішінде оларға тіркеме мен кунгті, аспапты, техникалық құралдар мен аппаратураны қамтиды;

      5) қару-жарақ, ол әртүрлі қару түрлері, оқ-дәрілер кешенін, оларды қолдануды қамтамасыз ететін тасығыш пен құралдарды қамтиды, материалдық мүлікті олар бекітіліп берілген әскери бөлімдерден (мекемелерден) уақытша пайдалануға алу арқылы ұйымдастырылады;

      6) ақпараттық қамтамасыз ету құралдары, ол оқулықты, оқу-әдістемелік материалды, ғылыми және анықтамалық әдебиетті, оқ ату және көлік жүргізу курсын, электрондық басылымды қоса алғанда, ақпараттық стенд пен плакатты, компьютерлік бағдарламаны, цифрлық білім беру ресурсын, интерактивті сабақ жинағы бар үш өлшемді виртуалды полигон симуляторын, кино, фото, бейнематериалды қамтиды, тұрақты орналасқан жерде ұйымдастырылады;

      7) оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету объектілері, ол оқу-өндірістік шеберхананы, баспахананы (редакциялық-баспа немесе көшіру-көбейту орталығын, қойманы, ғылыми-зерттеу зертханасын, есептеу орталығын) қамтиды, тұрақты орналасқан жерде ұйымдастырылады.

      34. ОМБ-ны ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін ӘК құрылған күннен бастап екі ай ішінде ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен белгіленген тәртіппен әскери бөлімге (мекемеге) бекітіледі.

      Бұйрық ӘК-ге, олар бекітілген әскери бөлімдерге (мекемелерге) шығарылғанынан кейін үш күн ішінде жеткізіледі.

      35. ӘК әскери даярлық бағдарламасын негізге алып, ӘК құрылған сәттен бастап үш ай ішінде бекітілген әскери бөлімге (мекемеге) әскери оқытылған резервті сапалы даярлау үшін қажетті әскери мүлік тізімін жібереді.

      36. ӘК-нің ОМБ-сын ұйымдастыру процесі:

      1)ОМБ компоненттерін бекітілген әскери бөлімдерден (мекемелерден) алуды не ЖЖОКБҰ-дан сатып алуды және оқу жабдығы мен материалын оқу объектілері бойынша бөлуді;

      2) қолда бар ОМБ-ға техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді және жаңғыртуды қамтиды.

      37. Әскери кафедрада (әскери факультетте) жыл сайын 1 мамырға дейін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес үлгі бойынша ОМБ-мен жабдықтау жоспарлары әзірленеді.

      ӘК жыл сайын 15 мамырға дейін кейіннен оларды іске асыру үшін бекітілген әскери бөлімдерге (мекемелерге) және ЖЖОКБҰ-ға жетіспейтін ОМБ-ға өтінімдерді қалыптастырады.

      38. ӘК-ні қажетті ОМБ-мен қамтамасыз етуді олар бекітілген әскери бөлімдер (мекемелер) материалдық мүлікті белгіленген тәртіппен ӘК-ге уақытша пайдалануға беру актісі бойынша беру арқылы жүзеге асырады.

      Егер ӘК мәлімдеген әскери мүлік бекітілген әскери бөлімде (мекемеде) болмаса, онда ӘК бекітілген әскери бөлім (мекеме) мәлімделген мүлікті басқа әскери бөлімнен жабдықталым органының наряды негізінде өз балансына алады.

      39. ӘК-нің ОМБ-сы әскери даярлық бағдарламасы негізінде оқу объектілерінің саны мен сапасы бойынша жабдықталады.

      40. ӘК-ні ОМБ-мен толық жабдықтауды ЖЖОКБҰ көзделген оқу іс-шараларын орындау үшін нақты оқу объектілеріне қажеттілікті ескеріп, тұрақты негізде жүзеге асырады.

      41. ӘК-де әскери даярлық бағдарламалары бойынша оқу процесін сапалы ұйымдастыру үшін қажетті ОМБ болмаған жағдайда, жыл сайын 1 маусымға дейін әскери бөлімдермен (мекемелермен) бірлесіп пайдалану үшін қажетті ОМБ тізбесі әзірленеді.

      42. Тізбе осы Қағидаларға 3-қосымшға сәйкес үлгі бойынша толтырылады, ОМБ балансында тұрған әскери бөлімнің командирімен не ӘОО бастығымен келісіледі.

      43. ОМБ-ны пайдалану ӘК бекіткен жоспарлар және оқу жылы басталғанға дейін екі аптадан кешіктірілмей бекітілетін сабақ кестесі бойынша жүзеге асырылады.

      ОМБ-ны бірлесіп пайдалану тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.

      44. ОМБ-ға, оның ішінде бірлесіп пайдаланылатын ОМБ-ға жоспарлы техникалық қызмет көрсету табиғи-климаттық жағдайды, техникалық жай-күйін және пайдалану режимін ескеріп, ОМБ-ны тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін кезеңділікпен ұйымдастырылады және жүргізіледі.

      45. ОМБ-ны түгендеуді және жай-күйін бағалауды ӘК бастығы ОМБ балансына тұрған әскери бөліммен (мекемемен) бірлесіп, жылына кемінде бір реттен сиретпей ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 169 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 209209 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінде түгендеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізеді.

      46. ӘК жыл сайын 15 тамызға дейін құрылымдық бөлімшеге өткен жылмен салыстырмалы талдауды және толық жабдықтауды, оның ішінде жоспарланғанын көрсетіп, әскери даярлық бағдарламалары бойынша ОМБ-мен жабдықталу дәрежесі туралы мәліметтерді жібереді. Талдау нәтижесі ӘК-нің жаңа оқу жылының басталуына дайын болуы туралы баяндаумен бірге құрылымдық бөлімшеге жіберіледі.

      47. Құрылымдық бөлімше ӘК-нің ОМБ-мен жабдықталуын талдауды қамтамасыз етеді және жыл сайын 20 желтоқсанға дейін ҚР Қорғаныс министріне ӘК ОМБ-ның толықтығы мен жабдықталу көлемі туралы ақпарат ұсынады.

      48. ӘК жыл сайын 1 тамызға дейін ОМБ-мен жабдықталуды біліктілік сипаттамасына сәйкестігі мәніне талдайды. Талдау нәтижесі ӘК-нің жаңа оқу жылының басталуына дайын болуы туралы баяндаумен бірге құрылымдық бөлімшеге жіберіледі.

      49. Жоспарланған жылға ОМБ-ны жаңғырту және жақсарту жөніндегі ұсыныстар 1 тамызға дейін қабылданады және оларды ЖЖОКБҰ басшылығы және әскери бөлімдер (мекемелер) кейіннен іске асыру үшін қарайды.

  Әскери оқу орындары мен
әскери кафедралардың (әскери
факультеттердің) оқу-материалдық базасын
ұйымдастыру және пайдалану
қағидаларына 1-қосымша

      Нысан

Даярлық бағыттары бойынша ОМБ-мен жабдықтау жоспары

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.11.2025 № 1574 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

___________________________________________________________________ (ұйым атауы)

Р/с

Даярлық бағытының атауы

Білім алушы саны

Профессор-оқытушы құрамы мен нұсқаушылардың қажетті саны (қажет болғанда толтырылады)

Қажетті ОМБ тізбесі

ОМБ-ның нақты қолда бары

Жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін

Қажеттілік

Жабдықталу %



















      Оқу бөлімінің бастығы

  Әскери оқу орындары мен
әскери кафедралардың (әскери
факультеттердің) оқу-материалдық базасын
ұйымдастыру және пайдалану
қағидаларына 2-қосымша

      Нысан

      ____________________________________________

      (ӘОО жабдықталым қызметінің (бөлімінің) атауы)

ОМБ-мен қамтамасыз етуге өтінім ________________________________________________ (ӘОО бөлімшесінің атауы)

      Ескерту. Қағидалар 2-қосымшамен толықтырылды - ҚР Қорғаныс министрінің 11.11.2025 № 1574 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Р/с

ОМБ атауы

Өлшем бірлігі

Норма/штат бойынша

Қолда бары

Қажет

Ескертпе

А санаты








Б санаты








В санаты








      Оқу бөлімінің бастығы

  Әскери оқу орындары мен
әскери кафедралардың (әскери
факультеттердің) оқу-материалдық базасын
ұйымдастыру және пайдалану
қағидаларына 3-қосымша

      Нысан

  Келісілді
  Әскери бөлім командирі
  202_ жылғы "___" _______

Бірлесіп пайдалану үшін қажетті ОМБ тізбесі

      Ескерту. Қағидалар 3-қосымшамен толықтырылды - ҚР Қорғаныс министрінің 11.11.2025 № 1574 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Р/с

ОМБ атауы

ОМБ саны

Білім алушы саны

Жұмыс (оқу) орнының саны

Профессор-оқытушы құрамы мен нұсқаушылардың қажетті саны (қажет болғанда толтырылады)

Ескертпе















      Білім беру ұйымының басшысы (бастығы)