Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардағы оқу-материалдық базаны ұйымдастыру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 тамыздағы № 411 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 11 қыркүйекте № 15641 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 29.01.2024 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардағы оқу-материалдық базаны ұйымдастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 30.04.2021 № 271 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
С. Жасұзақов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      _____________ Е. Сағадиев

      2017 жылғы 7 тамыз

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 2 тамыздағы
№ 411 бұйрығымен
бекітілді

Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардағы оқу-материалдық базаны ұйымдастыру және пайдалану қағидалары

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 29.01.2024 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардағы оқу-материалдық базаны ұйымдастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және әскери оқу орындары мен әскери кафедралардағы оқу-материалдық базаны ұйымдастыру және пайдалану тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 29.01.2024 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Әскери оқу орындарының және әскери кафедралардың оқу-материалдық базасы – әскери оқу орындарына және әскери кафедраларға жүктелген міндеттерді орындауды қамтамасыз етуге арналған жергілікті жер учаскілері, ғимараттардың, құрылыстардың, үй-жайлардың, материалдық және техникалық құралдардың жиынтығы.

      3. Оқу-материалдық база білім алушылармен барлық оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мен өткізудің материалдық негізі болып табылады және қазіргі заманғы ғылым мен техниканың дамуына сәйкес болуға тиіс.

      4. Оқу-материалдық база білім алушыларды оқытудың мақсаттары мен мазмұнына жауап береді, сабақтарды, өзіндік жұмыстарды сапалы өткізуді қамтамасыз етеді. Оқу дәрісханаларының саны және сыймдылығы ағымдар бойынша дәрістерді оқуды, барлық оқу топтары үшін сабақтардың барлық түрлерін өткізуді қамтамасыз етеді.

      5. Әскери оқу орындарының және әскери кафедралардың оқу процесін ұйымдастыру үшін қажет болған кезде әскери бөлімдер командирлерімен келісе отырып, әскери бөлімдердің оқу-материалдық базасы пайдаланылады.

2-тарау. Әскери оқу орындарының және әскери кафедралардың оқу-материалдық базасын ұйымдастыру және пайдалану тәртібі

      6. Әскери оқу орындарының және әскери кафедралардың оқу-материалдық базасы мынадай болып бөлінеді:

      1) оқу-зертханалық база, ол дәрісхананы (дәріс залын), сыныпты, кабинетті, зертхананы, кітапхананы, оқу залын, курстық және дипломдық жобалау залын, оқытушылар бөлмесін, зертханашылар бөлмесін, ақпараттық (мультимедиялық, интерактивті) және есептеу техникасымен, зертханалық жабдықпен және қондырғымен, техникалық оқыту және бақылау құралымен, жабдықпен және көрнекі құралмен жабдықталған оқу және оқу-қосалқы үй-жайын қамтиды;

      2) далалық оқу-жаттығу базасы (әуеде, теңізде машықтануға арналған база), ол онда орналасқан жауынгерлік даярлық объектісі (кешені) бар және қару-жарақпен, әскери техникамен, байланыс, басқару және бақылау құралымен қамтамасыз етілген полигонды, оқу-жаттығу орталығын, әуеайлақты, лагерьді қамтиды;

      3) спорттық база, ол білім алушылармен оқу-жаттықтыру процесін қамтамасыз етуге арналған спорттық құрылысты және дене шынықтыру дайындығы мен спорттық-бұқаралық жұмысты өткізуге арналған орынды қамтиды;

      4) тренажерлік база, ол тренажерлік, оқу-жаттығу қару-жарағымен және әскери техникамен жарақталған оқу-жаттықтыру, пайдалану кешенін, жүйесін, оқу-жаттығу командалық пунктін, оқу-жаттығу басқару пунктін қамтиды;

      5) жалпыәскери даярлыққа арналған база, ол жалпыәскери даярлық бойынша саптық плацты, қарауылдық кешенді (қалашықты), тирді және жалпыәскери даярлық объектісін қамтиды;

      6) әскери техника, ол Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жарақталатын жауынгерлік машинаны, аспапты, техникалық құралды қамтиды;

      7) қару-жарақ, ол әртүрлі қару, оқ-дәрі түрінің кешенін, оны жеткізгішті және қолданылуын қамтамасыз ететін құралды қамтиды;

      8) ақпараттық қамтамасыз ету құралдары, ол электрондық басылымды, компьютерлік бағдарламаны, цифрлық білім беру ресурсын, кино, фото, бейнематериалды қоса алғанда, оқулықты, оқу-әдістемелік материалды, ғылыми және анықтамалық әдебиетті, қағидаларды, тәлімдемелерді, нұсқауларды, оқ ату және жүргізу курсын, ақпараттық стенділер мен плакаттарды, нормативтік құжаттарды қамтиды;

      9) оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету объектісі, ол оқу-жаттығу-өндірістік шеберхананы, баспахананы (редакциялық-баспа немесе көшіру-көбейту орталығын, қойманы, ғылыми-зерттеу зертханасын, есептеу орталығын) қамтиды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 29.01.2024 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Әскери оқу орнында және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында оқу процесін сапалы ұйымдастыру мақсатында жыл сайын жоспарлау кезеңінде бірлесе пайдалану үшін қажетті оқу-материалдық база тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) әзірленеді.

      8. Тізбе осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылады және оны оқу-материалдық база балансында тұрған әскери оқу орнының және/немесе әскери кафедраның бастығы және/немесе әскери бөлім командирі келіседі және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне жолданады.

      9. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Тізбені зерделейді және оқу жылы басталғанға дейін бір ай бұрын қолда бар оқу-материалдық базаны әскери оқу орындары мен әскери кафедралардың және әскери бөлімдердің бірлесе пайдалану жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) жасайды.

      10. Жоспарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшыларымен келісілгеннен кейін оқу жылы басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы бекітеді және бағынысты құрылымдық бөлімдер мен бөлімшелерге дейін жеткізіледі.

      11. Әскери оқу орындары мен әскери кафедралардың оқу-материалдық базасы пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарға қатаң сәйкестікте пайдаланылады.

      12. Оқу-материалдық базаға жоспарлы техникалық қызмет көрсету оқу-материалдық базаны тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін жүйелілікпен табиғи-климаттық жағдайларды, техникалық жай-күйді және пайдалану режимін ескере отырып ұйымдастырылады және жүргізіледі.

  Әскери оқу орындарының және әскери
кафедралардың оқу-материалдық базасын
ұйымдастыру және оны пайдалану қағидаларына
қосымша

Бірлесе пайдалану үшін қажетті оқу-материалдық база тізбесі

№ Р/с №

Оқу-материалдық базаның атауы

Оқу-материалдық базаның саны

Білім алушылардың саны

Жұмыс (оқу) орындарының саны

Профессорлық-оқытушылар құрамының және нұсқаушылардың қажетті саны (қажет болған жағдайда толтырылады)

Ескертпе

11.

Атыс тирі

1

40

3



22.

МТ тапаншасы

6

40

6



      Білім беру ұйымының басшысы (бастығы)