"Өкілдік шығындар" бөлінетін бюджеттік бағдарламасын бөлу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2017 жылғы 28 ақпандағы № 11-1-2/66 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 24 наурызда № 14926 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      2008 жылғы 8 желтоқсандағы Бюджеттік кодекстің 33 - бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Өкілдік шығындар" бөлінетін бюджеттік бағдарламасын бөлу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Валюта-қаржы департаменті:

      1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізген күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы А.Б. Қарашевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _________________ Б. Сұлтанов

      2017 жылғы 1 наурыз

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
2017 жылғы 28 ақпандағы
№ 11-1-2/66 бұйрығымен
бекітілді

"Өкілдік шығындар" бөлінетін бюджеттік бағдарламаны бөлу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Өкілдік шығындар" бөлінетін бюджеттік бағдарламасын бөлу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 33-бабы 3-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес әзірленген және "Өкілдік шығындар" бөлінетін бюджеттік бағдарламаны бөлу тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланады:

      1) "Өкілдік шығындар" бөлінетін бюджеттік бағдарламасы – өкілдік шығындарды талап ететін іс-шараларды қаржыландыруға қаражат бөлуді көздейтін, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарлама.

      2) өкілдік шығындар – тиісті қаржы жылына арналған және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне шетелдік делегацияларды қабылдауға, отырыстар, конференциялар, кеңестер, семинарлар, салтанатты және ресми іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің, халықаралық байқау миссияларының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан байқаушы ретінде жіберілетін республикалық бюджет есебіндегі мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының шетелге іссапарлары барысында өкілдік мақсаттарға бөлінетін қаражат.

      3. Шетелдік делегацияларды қабылдауға, отырыстар, конференциялар, кеңестер, семинарлар, салтанатты және ресми іс-шаралар өткізуге жұмсалатын өкілдік шығындарға мыналар жатады:

      1) Қазақстан Республикасына іс-шараларға қатысу үшін шақырылатын тұлғалардың өмір сүруіне және белгіленген пунктіге дейінгі көлік шығындарын төлеу;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколында (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколы) көзделген ресми қабылдаулар (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас);

      3) ресми қабылдауларды музыкалық сүйемелдеу;

      4) кәдесыйлар, естелік сыйлықтар сатып алу;

      5) автокөліктік қызмет көрсету;

      6) аудармашылардың қызметтеріне ақы төлеуге;

      7) залды жалға алу;

      8) Министрліктің басшылығы рұқсат берген басқа шығыстар.

      4. Халықаралық байқау миссияларының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан байқаушы ретінде жіберілетін Республикалық бюджет есебіндегі мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының өкілдік шығындарына жатады:

      1) автокөліктік қызмет көрсету, жанар-жағармай материалдары;

      2) аудармашылардың қызметтері үшін төлемдер;

      3) егер автокөлік жүргізушісі және/немесе аудармашы Қазақстан Республикасының атынан байқаушы жіберілген байқау өтетін жерде тұрақты тұрмаса, олардың қонақүйде тұруына және тамақтануына ақы төлеу;

      4) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросындағы сайлауды байқау миссиялары жұмысының қорытындылары бойынша Министрлікке ұсынатын шот-фактуралары бойынша шығындар:

      әуежайдан қонақүйге/қонақүйден әуежайға трансфер;

      қала ішінде жол жүрулер (өту орнына байқаушыларды апару/алып келу);

      ел ішіндегі сапарлар (байқаушы орналасқан жеріне/жерінен);

      байланыс үшін шығындар (СИМ-карталар/ұялы телефондарды пайдалану);

      брифингтер үшін шығындар (брифингтер, дебрифингтер өткізу, брифингке материалдар дайындау, кофе-брейктер).

2-тарау. "Өкілдік шығындар" бөлінетін бюджеттік бағдарламасы бойынша қаражат бөлу тәртібі

      5. Министрлік республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұсыныстары негізінде және кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте өкілдік шығындар үшін көрсетілген қаражат көлеміне сүйене отырып, өкілдік шығындарды талап ететін іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) жасайды.

      Бір жыл ішінде республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұсыныстары негізінде Министрлік болжамдалмаған іс-шараларды өткізудің саяси маңыздылығын және бөлінген қаражат көлемін ескере отырып, Жоспарды түзетді.

      6. Министрлік Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетте өкілдік шығындарға қаражатты бөлу туралы өтініштерін мынадай жағдайларда қарастырады:

      1) іс-шараны өткізу қажеттілігінің негіздемесі;

      2) делегацияның деңгейі мен форматы бойынша келу бағдарламалары (республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бекітеді);

      3) іс-шаралар дайындау мен әткізудің жұмыс жоспары (республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бекітеді);

      4) іс-шараларға қатысатын тұлғалардың нақты санын растайтын құжаттар;

      5) шығыстардың әрбір бабын негіздемесімен қоса шығыстар жиынтығы;

      Тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өкілдік шығыстарды өтеуге қаражат бөлу туралы өтініш жасаған жағдайда нақты шығыстарды растайтын құжаттарды да (түбіртектерді, шот-фактураларды, жөнелтпе құжаттарды, болған жағдайда келісімшарттарды) ұсыну қажет.

      7. Осы Қағидалардың 3-тармағының 3), 4), 7) тармақшаларында көзделген өкілдік шығындар бойынша республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тауарлар мен қызметтер құнын, сондай-ақ көрсетілген тауарлар мен қызметтерді ұсынатын ұйымның деректемелерін көрсете отырып, құжаттарды береді.

      8. Министрлік осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес Жоспардың және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өтініштері негізінде республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне өкілдік шығындарға қаражат бөлуді жүзеге асырады.

      9. Өкілдік шығындарға арналған қаражатты бөлу Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысының (бұдан әрі – Жауапты хатшы) немесе оның міндетін атқаратын адамның бұйрығымен ресімделеді.

      Іс-шараларға қатысу үшін Қазақстан Республикасына шақырылатын тұлғалардың қонақүйде тұруын және баратын пунктіне дейінгі көліктік шығындарын төлеуге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шет мемлекеттерге сапарлары барысында өкілдік мақсаттарға арналған, сондай-ақ халықаралық байқау миссияларының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасының атынан байқаушылар ретінде жіберілетін республикалық бюджет есебіндегі мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары үшін автокөліктік қызмет көрсетуге және аудармашылардың қызметтерін төлеуге арналған қаражат бөлінген жағдайда, Жауапты хатшының бұйрығы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің немесе оның міндетін атқаратын адамның қарары негізінде қабылданады.

      Шетелдік делегацияларды "аса жоғары деңгейде" және/немесе "жоғары деңгейде" қабылдаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколына сәйкес делегация деңгейі Жауапты хатшының бұйрығында көрсетіледі.

      Жауапты хатшының өкілдік шығындарға қаражат бөлу туралы бұйрығы жоспарланған іс-шара басталғанға дейін қабылданады.

      Объективті себептерге байланысты Жауапты хатшының бұйрығын жоспарланған іс-шара басталғанға дейін қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, Жауапты хатшы іс-шара өткен күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде өкілдік шығындарды өтеу туралы бұйрықты қабылдайды.

      10. Өкілдік шығындарға бөлінген ақша қаржы жылының ішінде пайдаланылмаған немесе ішінара пайдаланылған жағдайда, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Министрлікке түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына кейіннен өзгерістер енгізе отырып, өкілдік шығындарға қаражат бөлу туралы Жауапты хатшының бұйрығына өзгерістерді уақтылы енгізу үшін өкілдік шығындарға бөлінген ақшаның пайдаланылмаған немесе ішінара пайдаланылған сомалары туралы мәліметті жолдайды.

      11. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Жауапты хатшының бұйрығы негізінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді.

      12. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шетелдік сапарлары, сондай-ақ халықаралық байқау миссиясының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан байқаушы ретінде жіберілетін республикалық бюджет есебідегі мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын іссапарға жіберу кезіндегі өкілдік шығындарға қолма-қол шетел валютасын бөлу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      бөлінген қаражатты айырбастау үшін Министрлік бюджетті атқару жөніндегі орталық өкілетті органда шетел валютасында шот ашады;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің (бұдан әрі — ҚР ҰБ) орталық филиалы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның өтініші бойынша шетел валютасын айырбастайды және оны бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шетел валютасындағы шотына аударады;

      бюджетті атқару жөніндегі орталық өкілетті орган ҚР ҰБ орталық филиалының үзіндісі негізінде Министрліктің шетел валютасындағы шотына шетел валютасын есептеуді жүргізеді;

      Жауапты хатшының уәкілдік шығындарға қаражат бөлу туралы қабылданған бұйрығының негізінде Министрлік Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде (Қазынашылық департаменті) қолма-қол шетел валютасын алу мақсатында Министрліктің лауазымды адамына сенімхат береді;

      Қазынашылық департаменті ҚР ҰБ-да қолма-қол шетел валютасын алу үшін Министрліктің лауазымды адамына сенімхат береді;

      ҚР ҰБ Министрліктің лауазымды адамына көрсетілген сомаға сәйкес қолма-қол шетел валютасын береді;

      Министрліктің лауазымды адамы алынған қолма-қол шетел валютасын Министрліктің кассасына сол күні жолдайды;

      Өкілдік шығындарға қаражат Министрліктің кассасынан өкілдік шығындарға қаражат алуға уәкілетті республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің лауазымды адамдарына беріледі.

      13. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексінің 4-бабының 9), 14) тармақшаларына сәйкес шетелдік делегацияларды қабылдауға, отырыстар, конференциялар, кеңестер, семинарлар, салтанатты және ресми іс-шаралар өткізуге өкілдік шығындарға қаражат алған республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Министрлікке тоқсан сайын келесі есепті айдың он бесінші күнінен кешіктірмей көрсетілген қаражатты пайдаланғаны туралы есеп береді.

      Осы өкілдік шығындар үшін қаражат алған республикалық бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын халықаралық байқау миссиясының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан байқаушы немесе өкілдік шығындарға қаражат алуға уәкілетті тұлғалар іс-шараны өткізгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Министрлікке Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы немесе оның міндетін атқарушы тұлға бекіткен және елтаңбалы мөрімен расталған өкілдік мақсаттарға арналған шығындар бойынша актіні, сондай-ақ тиісті тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатқан ұйымның мөрімен расталған сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің құны мен көлемін көрсете отырып, растайтын құжаттарды (түбіртектерді, шот-фактураларды, жөнелтпе құжаттарды, келісімшарттарды) беруі тиіс.

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шетелдік сапарлары кезінде жұмсалатын өкілдік шығындар үшін қаражат алуға уәкілетті лауазымды адамдар іс-шараны өткізгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Министрлікке республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің елтаңбалы мөрімен расталған және Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының шетелдік сапарлары кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің Бастығы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шетелдік сапарлары кезінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің шетелдік сапарлары кезінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы растаған өкілдік мақсаттарға арналған шығындар бойынша актіні береді.

  "Өкілдік шығындар" бөлінетін
бюджеттік бағдарламаны
бөлу қағидаларына
қосымша

Өкілдік шығындардың нормалары

р/с №

Шығыстардың атауы

Құны, теңгемен, АҚШ долларымен

1

Делегациялар үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколында көзделген ресми қабылдаулар өткізу (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) шығындары күніне бір адамға арналған есеп бойынша жүргізіледі

6 500 теңгеге дейін

2

Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколында көзделген ресми қабылдаулар өткізу (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) шығындары күніне бір адамға арналған есеп бойынша жүргізіледі

30 000 теңгеге дейін

3

Келіссөздер, мәдени бағдарлама іс-шаралары кезінде бір күнде бір адамға буфеттік қызмет көрсету

1 040 теңгеге дейін

4

Делегацияны қабылдайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органының штатында тұрмайтын аудармашының еңбекақысы (синхронды аудармадан басқа) сағаттық төлем есебінен

700 теңгеге дейін

5

Шетел делегацияларына автомобиль көлігімен қызмет көрсетуге арналған көлік шығындарын төлеу сағаттық төлем есебімен қаржыландыру жоспарында көзделеді

1 200 теңгеге дейін

6

Келесі тұлғалардың шетелдік сапарлары кезіндегі өкілдік шығындар, АҚШ долларымен:
Қазақстан Республикасының Президенті,
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі
 

 
5000 АҚШ доллары
3000 АҚШ доллары
2500 АҚШ доллары
2000 АҚШ доллары


      Ескертпе:

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколында көзделген ресми қабылдаулар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы тарапынан қатысушылардың саны шетелдік делегациялар тарапынан қатысушылардың санынан аспауы тиіс.

      2. 5 адамнан артық делегация құрамы кезінде, бірге жүретін тұлға және делегацияларға қызмет көрсететін (ілеспе аудармадан басқа) аудармашылар кемінде 5 делегация мүшесіне шаққанда 1 аудармашы немесе бірге жүретін адам есебінен айқындалады.

      3. "Өте жоғарғы деңгейдегі" және "жоғары деңгейдегі" сапарларға жататын шетелдік делегацияларды қабылдау бойынша іс-шараларды өткізу кезінде өкілдік шығындар мынадай нормалар бойынша өтеледі:

      1) делегациялар үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколында көзделген ресми қабылдаулар өткізуге арналған шығындар күніне бір адамға шаққандағы есеппен жүргізіледі – 13000 теңгеге дейін;

      2) келіссөздер, мәдени бағдарлама іс-шаралары кезінде күніне бір адамға буфеттік қызмет көрсету – 2500 теңгеге дейін;

      3) делегацияны қабылдайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органының штатында тұрмайтын аудармашының еңбекақысы (синхронды аудармадан басқа) әр сағатына ақы төлеуді есептегенде – 3000 теңгеге дейін;

      4) шетелдік делегацияларға автомобиль көлігімен қызмет көрсетуге арналған көлік шығындарына ақы төлеу әр сағатына ақы төлеуді есептегенде жеңіл автомобильдер үшін – 2000 теңгеге дейін, шағын автобустар үшін – 2500 теңгеге дейін, автобустар үшін – 3200 теңгеге дейін есеппен көзделеді.