Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс iстеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 217 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 6 қазанда № 14306 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 19) тармақшасына және "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.11.2021 № 98 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс iстеу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Төлем жүйелері департаменті (Ашықбеков Е.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О.Пірматовқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 31 тамыздағы
№ 217 қаулысымен
бекітілген

Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.11.2021 № 98 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 19) тармақшасына, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) 4-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің (бұдан әрі – жүйе) жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14299 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мына ұғымдар пайдаланылады:

      1) авторизация – төлем карточкасы эмитентінің төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға беретін рұқсаты. Авторизация алу рәсімі жүйенің операциялық орталығы және (немесе) халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы мен жүйеге қатысушы арасында жасалған шартқа сәйкес белгіленеді;

      2) авторизацияланған хабар – авторизация жүргізуге қажетті ақпараттан тұратын және жүйеге қатысушылар арасында жүйенің операциялық орталығы арқылы берілетін сұрату (жауап);

      3) банкаралық комиссия – жүйенің басқа қатысушысына қызмет көрсету желісінде жүйеге қатысушы шығарған төлем карточкалары бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде жүйенің бір қатысушысының жүйенің басқа қатысушысына төлейтін ақша сомасы;

      4) банкаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары (бұдан әрі – банкаралық төлемдер) – төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялар бойынша жүйенің бір қатысушысының жүйенің осы қатысушысына қызмет көрсету желісінде басқа қатысушының пайдасына жүзеге асыратын төлемдері және (немесе) ақша аударымдары;

      5) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесі – Қазақстан Республикасының аумағында банктер шығарған және жүйеде өңделген халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған банкаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі пайдаланатын тетік;

      6) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы – есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысу туралы шарт (бұдан әрі – есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету туралы шарт) негізінде есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қосылған жүйе қатысушысы;

      7) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету сомасы – есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесінің әрбір қатысушысы үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі есептейтін және есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету туралы шарттың талаптарына сәйкес жүйеде есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушының операциялары бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің есеп айырысуды аяқтауға арналған ақша сомасы;

      8) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету шоты – есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету туралы шарт негізінде жүйеге қатысушы үшін ашылған шот;

      9) жүйеге қатысушы – жүйенің операциялық орталығымен жасалған шарт негізінде жүйеде төлем карточкасы эмитентінің және (немесе) эквайердің функцияларын орындайтын екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк);

      10) жүйеге қатысушы шығаратын төлем карточкалары бойынша банктік сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – банктік сәйкестендіру нөмірі) – төлем карточкаларының тиісті жүйесі осы жүйеде өзі шығаратын төлем карточкасын сәйкестендіру үшін эмитентке берілген бірегей нөмір;

      11) жүйенің операциялық орталығы – "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      12) жүйенің операциялық орталығының операциялық қағидалары (бұдан әрі – операциялық қағидалар) – жүйенің операциялық орталығы қызметінің тәртібін және оған бекітілген функцияларды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын оның ішкі құжаты;

      13) қаржылық хабар – төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операция бойынша банкаралық төлем жүргізуге қажетті ақпараттан тұратын және жүйенің бір қатысушысының жүйенің басқа қатысушысына қатысты ақшалай міндеттемелерін (талаптарын) білдіретін төлем құжаты;

      14) "овердрафт" күндізгі қарызы – банкаралық төлемдер клирингінің (бұдан әрі – клиринг) нәтижелері бойынша ақша аударымын жүзеге асыру үшін банкаралық ақша аудару жүйесінде олардың позицияларына ақша болмаған немесе жетіспеген жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жүйе қатысушыларына бір операциялық күнге беретін қысқа мерзімді қарызы;

      15) төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттау (бұдан әрі – хабарларды маршруттау) – банкаралық төлемдер жөніндегі хабарлардың жүйе қатысушылары арасында жүру және берілу маршрутын айқындау процесі;

      16) хабар – жүйенің операциялық орталығы және жүйеге қатысушылар арасында ақпарат алмасу үшін пайдаланылатын ақпараттық деректер тобы;

      17) халықаралық төлем карточкалары жүйесі – қатысушылары банктер, ал операторы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын үш және одан да көп елдің аумағында осы жүйе шеңберінде төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін төлем карточкаларының жүйесі;

      18) шығыс лимиті (авторландыру лимиті) – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі есептейтін жүйеде өңдеуге жіберілетін есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы операцияларының ақша сомасы.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.04.2023 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Жүйе банктер шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын операциялар бойынша банкаралық төлемдерді жүзеге асыруға арналған.

      Төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттауды, авторландыруды және клирингті жүйенің операциялық орталығы банкпен және (немесе) халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторымен жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Банктерге хабарларды маршруттау, авторландыру және клиринг бойынша қызметтер көрсету

      4. Хабарларды маршруттауды, авторландыруды және клирингті жүзеге асыру кезінде жүйенің операциялық орталығына мынадай функциялар жүктеледі:

      1) авторландырылған хабарларға байланысты хабарларды маршруттау;

      2) жүйеге қатысушылар арасында қаржылық хабарлармен алмасуды және беруді ұйымдастыру;

      3) клирингті жүзеге асыру;

      4) ақша аударымдарының банкаралық жүйесіндегі клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыруға арналған төлем құжаттарын қалыптастыру және беру;

      5) "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы", "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында және шарттарда белгіленген талаптарға сәйкес хабарларды маршруттауды, клирингті жүзеге асыру және клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару кезінде оларды қорғауды қамтамасыз ету;

      6) хабарларды маршруттау, клиринг және клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару жөніндегі есептерді қалыптастыру және ұсыну.

      5. Хабарларды маршруттау және жүйеде авторландыру тәулік бойы жұмыс істеу режимінде жүзеге асырылады.

      6. Жүйеге қатысушыны сәйкестендіру үшін жүйенің операциялық орталығы хабарларды маршруттау кезінде оларға ұсынылған банктік сәйкестендіру нөмірлерін пайдаланады.

      Банктік сәйкестендіру нөмірлері өзгерген немесе жаңартылған жағдайда, жүйеге қатысушы дереу, бірақ жаңартылған сәттен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бұл туралы қорғалған арналар бойынша жаңартылған деректемелерді жүйенің өзге қатысушыларына жіберетін жүйенің операциялық орталығына хабарлайды.

      7. Жүйенің басқа қатысушыларының төлем карточкаларын пайдалана отырып өздеріне қызмет көрсететін желіде жүргізілген операциялардың қорытындысы бойынша жүйеге қатысушылар банкаралық төлемдерді жүзеге асыру үшін жүйенің басқа қатысушыларына қатысты қаржылық хабарларды қалыптастырады және жүйеге жібереді.

      8. Жүйеге қатысушылар жіберген қаржылық хабарлар, сондай-ақ операциялық қағидаларға сәйкес жүргізілген банкаралық төлемдер бойынша есептелген банкаралық комиссиялар бойынша олардың қарсы талаптары мен міндеттемелерін есепке алу негізінде клиринг жүзеге асырылады.

      9. Жүйеге қатысушылар міндеттемелерінің қарсы талаптарының, сондай-ақ есептелген банкаралық комиссиялардың сомалары бойынша айырманы табу жолымен жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындау жүргізіледі. Жүйенің операциялық орталығы жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындауды жүйенің операциялық орталығы бекіткен операциялық күн кестесіне сәйкес жүзеге асырады.

      10. Жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындау кезінде жүйенің барлық қатысушыларының дебеттік және кредиттік таза позициялары сомаларының айырмасы нөлге тең болады.

      11. Клиринг аяқталғаннан кейін жүйенің операциялық орталығы жүйеде өңделген қаржылық хабарлар, банкаралық комиссиялар туралы ақпаратты жүйенің операциялық орталығы мен жүйеге қатысушы арасындағы шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүйеге қатысушыларға береді.

      12. Жүйеге қатысушылардың қарсы талаптары мен міндеттемелерін есепке алу процесі аяқталғаннан кейін клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару жүзеге асырылады.

      13. Жүйеге қатысушылар арасындағы клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару жүйенің әрбір қатысушысының таза позициясына сәйкес ақша аударудың банкаралық жүйесінде жүзеге асырылады.

      14. Жүйенің операциялық орталығы клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымдарын мынадай ретпен жүзеге асыру үшін төлем құжаттарын жасайды және ақша аударымдарының банкаралық жүйесіне береді:

      1) бірінші кезекте клиринг нәтижелері бойынша дебеттік таза позициялары бар жүйеге қатысушылардың позицияларынан жүйенің позициясына ақша аудару жүзеге асырылады;

      2) екінші кезекте клиринг нәтижелері бойынша кредиттік таза позициялары бар жүйе позициясынан жүйеге қатысушылардың позицияларына ақша аудару жүзеге асырылады.

      15. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару аяқталғаннан кейін жүйенің операциялық орталығы жүйеге қатысушыға жүйенің осы қатысушысының таза позициясына сәйкес ақша аударымының аяқталғаны туралы хабарлама береді. Ақша аударымдарының банкаралық жүйесіндегі жүйенің позициясындағы ақша қалдығы нөлге тең.

      16. Жүйеге қатысушыда клиринг нәтижелері бойынша ақша аударуды жүзеге асыру үшін ақша жеткіліксіз болған немесе болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі "овердрафт" күндізгі қарызын беру тәртібі мен талаптары айқындалатын жүйеге қатысушы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалған шарт негізінде "овердрафт" күндізгі қарызын береді.

      17. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымдарын уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін жүйенің операциялық орталығы мен жүйеге қатысушылары арасында жасалған шарттарға сәйкес жүйеге қатысушылардың резервтік қорын және тәуекелдерді басқарудың өзге де әдістерін құруға жол беріледі.

      18. Жүйеде қолданылатын электрондық хабарларды беру форматтарын, жүйенің ерекшеліктері мен стандарттарын жүйенің операциялық орталығы әзірлейді және бекітеді және жүйенің барлық қатысушылары сақтайды.

      19. Хабарларды маршруттау, авторландыру, жүйеге қатысушыларды сәйкестендіру, клиринг жүргізу, клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару бойынша жүйенің операциялық орталығының қызметтерін көрсету тәртібі операциялық қағидаларда белгіленеді.

      20. Жүйеде жүйенің операциялық орталығының ішкі құжаттарына сәйкес банкаралық комиссиялардың түрлері қолданылады.

      21. Осы тараудың талаптары жүйенің операциялық орталығы мен халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттау, авторландыру және банкаралық төлемдер клирингі бойынша жүйенің операциялық орталығының халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторына қызметтер көрсетуіне байланысты қатынастарға қолданылмайды. 

3-тарау. Халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторына хабарларды маршруттау, авторландыру және клиринг бойынша қызметтер көрсету

      22. Жүйенің операциялық орталығы халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторына банктер шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын төлем карточкалары бойынша хабарларды өңдеу, маршруттау және клиринг жөніндегі қызметтерді ұсыну арқылы жүргізуді осы Қағидалардың, "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілетін операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 216 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14292 болып тіркелген) және жүйенің операциялық орталығының ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес ұсынады.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.04.2023 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторымен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде жүйенің операциялық орталығына мынадай талаптарды орындау жүктеледі:

      1) халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушылардың барлығына оның қызметтеріне қолжеткізу мен пайдаланудың тең жағдайларын қамтамасыз ету;

      2) жүйені қауіпсіз орналастыру және пайдалану үшін техникалық және өзге де үй-жайлардың болуы;

      3) төтенше және күтпеген жағдайлар туындаған кезде ақпаратты сақтауға және ақпараттық жүйелерді, дерекқорларды қалпына келтіруге арналған резервтік орталықтың болуы;

      4) банктер шығарған төлем карточкаларымен Қазақстан Республикасының аумағында хабарларды өңдеу және маршруттау арқылы жасалған операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізуді қамтамасыз ету;

      5) жүйеге қатысушылардың операциялары бойынша ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету;

      6) жүйеге қатысушылар мен жүйенің операциялық орталығы арасындағы өзара іс-қимыл кезінде пайдаланылатын хабарлардың форматтарын бекіту.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.04.2023 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      24. Алып тасталды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.04.2023 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      25. Жүйенің операциялық орталығы мен халықаралық төлем карточкаларының жүйесі операторының арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі осы Қағидаларда және олардың арасында жасалған шартта белгіленеді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.04.2023 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      26. Халықаралық төлем карточкалары жүйесіне қатысушының жүйеге қатысуы мынадай:

      1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган аударым операцияларын жүргізуге берген лицензиядан айырылған (кері қайтарып алынған) жағдайда;

      2) төлем карточкалары жүйесіне қатысушы мен халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы арасындағы шартты бұзған жағдайда;

      3) халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушы қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда тоқтатылады.

      27. Халықаралық төлем карточкалары жүйесіне қатысушы операторының бастамасы бойынша оның қатысуы тоқтатыла тұрған және (немесе) тоқтатылған жағдайда, жүйеге қатысушы мен жүйенің операциялық орталығы арасындағы шарт негізінде жүйенің осы қатысушысына жүйенің операциялық орталығының қызмет көрсетуіне жол беріледі.

      28. Клиринг нәтижелері бойынша халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып ақша аудару Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ақша аударудың банкаралық жүйесінде жүзеге асырылады.

      29. Жүйенің операциялық орталығы жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін:

      1) ақпаратты өңдеудің және берудің барлық кезеңдерінде оның тұтастығын, қолжетімділігін, түпнұсқалығын және құпиялылығын қамтамасыз етеді;

      2) жүйеге қатысушылар мен жүйенің операциялық орталығы арасында ақпаратты өңдеу және беру кезінде қолданылатын криптографиялық кілттерді қауіпсіз бөлу рәсімдерін орындайды;

      3) кіріс және шығыс электрондық хабарлары үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның қолданылуын қамтамасыз етеді.

      30. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету:

      1) жүйенің бағдарламалық-техникалық кешенін резервтеу (негізгі және резервтік орталықтар);

      2) деректердің резервтік көшірмесін жасауды және архивтеуді қамтамасыз ету;

      3) жүйеге қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін байланыс арналарын резервтеу (негізгі және резервтік);

      4) жүйенің, құрылғылардың, ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуінің бұзылу себептерін анықтау мақсатында жүйенің жұмыс істеуіне мониторинг пен талдау жүргізу, оларды жою жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;

      5) жүйенің операциялық орталығының жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық шараларды қолдануы арқылы қол жеткізіледі.

      31. Жүйенің операциялық орталығы халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушылардың шартта және халықаралық төлем карточкалары жүйесінің ішкі құжаттарында айқындалған ақпаратты қорғауға қойылатын талаптарды сақтауына мониторингті жүзеге асырады.

      Жүйенің операциялық орталығы халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушы Қағидаларда, шартта және халықаралық төлем карточкалары жүйесінің ішкі құжаттарында белгіленген қауіпсіздікке қойылатын талаптарды бұзған жағдайда, жасалған шарттың талаптарында көзделген тәртіппен оны хабардар ету арқылы халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушыны ажыратуды қоса алғанда, қажетті шұғыл шараларды қабылдайды.

4-тарау. Халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкалары бойынша есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуі

      Ескерту. 4-тараумен толықтырылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.04.2023 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      32. Халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің қатысушылары болып табылатын банктер есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне жүйенің операциялық орталығы мен аталған халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы арасында жасалған шартта осындай талап болған кезде қатысады.

      33. Есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысу және есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы мәртебесін алу үшін мыналар талап етіледі:

      1) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету туралы шарттың болуы;

      2) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету туралы шартқа сәйкес ашылған жүйеге қатысушының есеп айырысуларының аяқталуын қамтамасыз ету шотының болуы;

      3) жүйеге қатысушының есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету шотында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі есептеген есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету сомасына қалдықтың болуын қамтамасыз ету.

      Есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету шоты есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесінің басқа қатысушыларының алдындағы осы операциялар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайларда есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету туралы шартқа сәйкес пайдаланылады.

      34. Есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушының есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету сомасының жүйеде өңделетін операциялар сомаларына сәйкес болуы мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірмей ай сайын есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушыны қамтамасыз ету сомасын есептейді (қайта есептейді) және есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету шотында осы соманы қамтамасыз ету үшін ағымдағы айға қамтамасыз ету сомасының мөлшері туралы ақпарат мәлімет үшін жеткізіледі.

      35. Есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету туралы шартта белгіленген мерзімде ай сайын, бірақ айдың 7 (жетінші) жұмыс күнінен кешіктірмей, осы Қағидалардың 34-тармағының талаптарын орындауды қамтамасыз етеді.

      36. Есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіндегі тәуекелдерді басқаруды, оның ішінде шығыс лимиттерін белгілеуді, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 31 тамыздағы
№ 217 қаулысына
қосымша

Күші жойылды деп танылған
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының
Кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының
құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесінің қызмет ету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 23 желтоқсандағы № 510 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2158 тіркелген).

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының төлем карточкаларын пайдалану мәселелері жөніндегі кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы № 370 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2582 тіркелген, 2003 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 318 (23617) жарияланған) 2-тармағы.

      3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 1260 тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 2158 тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесінің қызмет ету ережесін бекіту туралы" 2002 жылғы 23 желтоқсандағы № 510 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы № 371 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2581 тіркелген, 2003 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 318 (23617) жарияланған) 2-тармағы.

      4. "Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 28 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13188 тіркелген, 2016 жылғы 14 наурызда "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).