"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, банкаралық төлем карточкалары жүйесінің жұмыс істеу тәртібін белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Банкаралық төлем карточкалары жүйесінің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Төлем жүйелері департаменті (Ашықбеков Е.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына;
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О.Пірматовқа жүктелсін.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк | |
Төрағасы | Д. Ақышев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 217 қаулысымен бекітілген |
Банкаралық төлем карточкалары жүйесінің жұмыс істеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Банкаралық төлем карточкалары жүйесінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) сәйкес әзірленді және банкаралық төлем карточкалары жүйесінің жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
Банкаралық төлем карточкалары жүйесінің жұмыс істеу тәртібі жүйенің жұмыс істеуінің құқықтық негізін, операциялық орталығын, жүйеге қатысушыларды, операциялық қағидаларды, банкаралық комиссияны, хабарларды маршруттауды және авторландыруды, клирингті, клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымын, тәуекелдерді басқаруды және жұмыс істеу қабілеттілігін және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қамтиды.
Банкаралық төлем карточкалары жүйесі (бұдан әрі – жүйе) жүйеге қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша хабарларды және банкаралық төлемдер клирингін (бұдан әрі – банкаралық төлемдер) маршруттауды жүзеге асыруға, жүйеге қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалана отырып жүйеге қатысушыларға қызмет көрсету желісінен тыс жасалған операциялар бойынша, сондай-ақ жүйеге қатысушылар болып табылмайтын эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүйеге қатысушыларға қызмет көрсету желісінде жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттауға арналған.
2. Қағидаларда Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14299 тіркелген, Ұлттық Банк Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мына ұғымдар пайдаланылады:
1) авторландыру – эмитенттің төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға рұқсаты. Авторландыруды алу рәсімі операциялық орталық пен жүйеге қатысушылардың арасында жасалған шарттарға сәйкес белгіленеді;
2) авторландырылған хабар – авторландыру жүргізу үшін қажетті ақпараттан тұратын және жүйеге қатысушылар арасында операциялық орталық арқылы берілетін сұрату (жауап);
3) банкаралық комиссия – жүйенің басқа қатысушысына қызмет көрсету желісінде жүйеге қатысушы шығарған төлем карточкалары бойынша жүзеге асырылған (жасалған) операциялар үшін жүйенің бір қатысушысының жүйенің басқа қатысушысына төлейтін сыйақысы;
4) жүйеге жанама қатысушы – меншікті процессинг орталығы жоқ және төлем карточкалары бойынша операцияларды өңдеу үшін үшінші тараппен жасалған шарт негізінде оның процессорының қызметтерін пайдаланатын төлем карточкаларының эмитенті және (немесе) эквайер;
5) жүйеге қатысушы – операциялық орталыққа қосылу мүмкіндігімен меншікті процессинг орталығы бар, сондай-ақ жүйеде операциялық орталықпен жасалған шарт негізінде эмитенттің және (немесе) эквайердің функцияларын орындайтын екінші деңгейдегі банк және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк);
6) жүйеге қатысушы және жүйеге жанама қатысушы шығаратын төлем карточкалары бойынша банктік сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – банктік сәйкестендіру нөмірі) – төлем карточкаларының тиісті жүйесі осы жүйеде өзі шығаратын төлем карточкасын сәйкестендіру үшін эмитентке берілген бірегей нөмір;
7) жүйеге қатысушының таза позициясы – жүйенің басқа қатысушыларының жүйенің осы қатысушысына қатысты ақшалай міндеттемелері бойынша жүйенің қатысушылары ұсынған қаржылық хабарлар сомасы және жүйенің осы қатысушысының жүйенің басқа қатысушыларына қатысты ақшалай міндеттемелері бойынша жүйенің басқа қатысушылары ұсынған қаржылық хабарлар сомасы арасындағы айырма. Егер айырма – теріс сан болса, онда жүйеге қатысушының дебеттік таза позициясы бар, егер оң болса – кредиттік таза позициясы бар;
8) жүйенің позициясы – клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымын қамтамасыз ету үшін банкаралық ақша аударымы жүйесінде операциялық орталыққа ашылатын позиция;
9) қаржылық хабар – төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операция бойынша банкаралық төлем жүргізу үшін қажетті ақпараттан тұратын және жүйенің бір қатысушысының жүйенің басқа қатысушысына қатысты ақшалай міндеттемелерін (талаптарын) білдіретін төлем құжаты;
10) "овердрафт" күндізгі қарызы – банкаралық төлемдер клирингінің (бұдан әрі – клиринг) нәтижелері бойынша ақша аударымын жүзеге асыру үшін банкаралық ақша аударымы жүйесінде олардың позицияларына ақша болмаған немесе жетіспеген жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жүйе қатысушыларына бір операциялық күнге беретін қысқамерзімді қарызы;
11) операциялық орталық – "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
12) операциялық орталықтың операциялық қағидалары (бұдан әрі – операциялық қағидалар) – операциялық орталық қызметінің тәртібін және оған бекітілген функцияларды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын оның ішкі құжаты;
13) процессинг орталығы – төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және басқа операцияларды жүзеге асыру кезінде қалыптастырылатын ақпаратты жинақтауды, өңдеуді және беруді жүзеге асыратын банктің құрылымдық бөлімшесі немесе банк құрған заңды тұлға;
14) төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттау (бұдан әрі – хабарларды маршруттау) – банкаралық төлемдер бойынша хабарлардың жүйе қатысушылары арасында жүру және беру маршрутын айқындау процесі;
15) үшінші тараптың процессоры – қатысушылар және операциялық орталық арасындағы техникалық өзара іс-әрекетті қамтамасыз ететін процессингтік ұйым;
16) хабар – операциялық орталық және жүйеге қатысушылар арасында ақпарат алмасу үшін пайдаланылатын ақпараттық деректер тобы;
17) шығыс лимиті – жүйеге қатысушының рұқсат етілген дебеттік таза позициясының ең көп мөлшері, оның шегінде жүйе арқылы жүйенің басқа қатысушыларына қызмет көрсету желісінде жүйенің осы қатысушысы шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып операциялар жүргізуге рұқсат етіледі;
18) электрондық хабар алмасу – операциялық орталық пен жүйеге қатысушы арасында, сондай-ақ жүйеге қатысушылар арасында кез келген хабарды электрондық нысанда алмасу.
3. Операциялық орталық пен жүйеге қатысушылар арасында хабар алмасу электрондық тәсілмен жүзеге асырылады.
4. Операциялық қағидаларда және (немесе) тиісті шарттарда белгіленген хабарларды немесе басқа ақпаратты алу туралы хабарлама хабарларды жіберуге және (немесе) алуға растама болады.
2-тарау. Жүйенің жұмыс істеуінің құқықтық негізі
5. Жүйенің жұмыс істеуінің құқықтық негізін Қағидалар, сондай-ақ жүйеге қатысушылар арасында жасалатын шарттар қамтамасыз етеді. Жүйеге жанама қатысушы процессингтік ұйымды (үшінші тараптың процессорын) көрсете отырып, жүйеге қосылу туралы өтінішке қол қояды және жүйеге қатысушымен шарт жасасады.
6. Жүйеге қатысушы мен операциялық орталық арасындағы шарт мынадай талаптарды қамтиды:
1) жүйеге қатысушылардың және операциялық орталықтың құқықтары мен міндеттері;
2) жүйеге қосылуға қойылатын талаптар;
3) операциялық қағидаларды сақтау жөніндегі талаптар:
4) жүйеге қатысушының және операциялық орталықтың Қағидалар мен шарттың талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілігі;
5) шартты бұзу және шарт талаптарын өзгерту тәртібі.
Операциялық орталық пен жүйеге қатысушы арасындағы шартта Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қосымша талаптар көзделеді.
3-тарау. Операциялық орталық
7. Операциялық орталық процессингтік ұйым және клирингтік ұйым болып табылады. Жүйе шеңберінде операциялық орталыққа мынадай функцияларды жүзеге асыру:
1) авторландырылған хабарлармен байланысты хабарларды маршруттау;
2) жүйеге қатысушылар арасында қаржылық хабарлар алмасуды және беруді ұйымдастыру;
3) клирингті жүзеге асыру;
4) банкаралық ақша аудару жүйесінде клиринг нәтижелері бойынша ақша аударуды жүзеге асыру үшін төлем құжаттарын қалыптастыру және беру;
5) тәуекелдерді басқару жүйесін ұйымдастыру, жүйедегі тәуекелдерді бағалауды және басқаруды жүзеге асыру;
6) жүйеге қатысушылармен банкаралық төлемдер бойынша дауларды сотқа дейін қарау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
7) "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы, "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға және шарттарға сәйкес оларды маршруттауды жүзеге асыру, клиринг нәтижелері бойынша клиринг және ақша аудару кезінде хабарларды қорғауды қамтамасыз ету;
8) хабарларды маршруттау, клиринг нәтижелері бойынша клиринг және ақша аудару, комиссияларды, оның ішінде банкаралық комиссияны есептен шығару (ұстап қалу) бойынша есептерді қалыптастыру және беру;
9) жүйеге қатысушылармен жасалған шарттарға сәйкес өзге де функциялар жүктеледі.
8. Операциялық орталықтың қатысушыларына көрсететін қызметтері үшін тарифтердің түрлері мен мөлшерлерін операциялық орталық Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісе отырып, "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 10) тармақшасына сәйкес белгілейді.
9. Операциялық орталыққа жүйе шеңберінде мынадай талаптарды орындау:
1) барлық қатысушыларды оның қызметтеріне қол жеткізуге және пайдалануға тең жағдайды қамтамасыз ету;
2) жүйені қауіпсіз орналастыру және пайдалану үшін техникалық және басқа үй-жайлардың болуы;
3) ақпаратты сақтау және ақпараттық жүйелерді қалпына келтіру үшін резервтік орталықтың, төтенше және алдын ала болжанбаған жағдайлар кезінде дерекқорлардың болуы;
4) көрсетілетін қызметтер бойынша тәуекелдерді бағалауды және басқаруды қамтамасыз ету (ұйымдастыру);
5) Қағидаларда және операциялық қағидаларда көзделген тәртіппен хабарларды маршруттауды жүзеге асыруды, авторландыруды алуды, төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша клирингті қамтамасыз ету;
6) жүйеге қатысушылардың операциялары бойынша ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету жүктеледі.
10. Жүйеде қолданылатын электрондық хабарларды беру форматтарын, жүйенің ерекшеліктерін және стандарттарын операциялық орталық әзірлеп, бекітеді және оны барлық жүйеге қатысушылар сақтайды.
4-тарау. Жүйеге қатысушылар
11. Банкаралық ақша аудару жүйесін пайдаланушы және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен "овердрафт" күндізгі қарызын беру туралы шарт жасасқан банк жүйеге қатысушы болып табылады.
12. Жүйеге қатысушылар арасындағы өзара қарым-қатынастарды Қағидалар, операциялық қағидалар және жүйе шеңберінде операциялық орталықпен жасалған шарттар реттейді.
13. Жүйеге қатысушының үшінші тараптың процессоры арқылы хабарларды маршруттау үшін жүйеге жанама қатысушыны қосуына және жүйеге қатысушының төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операциялар құрамында жүйеге жанама қатысушының төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша жүйеде клирингті жүзеге асыруына жол беріледі.
Жүйеге қатысушы мәртебесін алған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жүйеге қатысушы операциялық орталыққа оған қосылған жүйенің жанама қатысушысытуралы хабарлайды және операциялық орталыққа банктік сәйкестендіру нөмірлерін береді. Жүйеге қатысушы жүйенің жаңа жанама қатысушысын қосқан кезде жүйеге тартылған жанама қатысушы туралы ақпаратты жүйеге қатысушы операциялық орталыққа ол қосылатын күнге дейін күнтізбелік үшкүннен кешіктірмей ұсынады.
Жүйеге жанама қатысушы жүйеге қатысушыға қосылған кезде жүйенің басқа қатысушыларына қызмет көрсету желісінде өзі шығарған төлем карточкалары бойынша қызмет көрсетіледі, сондай-ақ өзінің қызмет көрсету желісінде басқа қатысушылар шығарған төлем карточкаларына қызмет көрсетеді.
14. Жүйе шеңберінде жүйеге қатысушы мен жүйеге жанама қатысушы өзінің процессингтік орталығы немесе үшінші тараптың процессоры арқылы:
1) өздері шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операцияларды күн сайын тәулік бойы авторландыруды орындауды қамтамасыз етуді;
2) электрондық хабарлар алмасу үшін операциялық орталықпен өзара іс-әрекетті қамтамасыз етуді;
3) жүйенің басқа қатысушыларының төлем карточкалары бойынша өзінің қызмет көрсету желісінде төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша авторландырудың орындалуын қамтамасыз етуді;
4) жүйеге қатысушының өзінің қызмет көрсету желісінде және оның жанама қатысушыларының қызмет көрсету желісінде жүйенің басқа қатысушыларының төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша қаржылық хабарларды жүйеге қатысушының қалыптастыруы және операциялық орталыққа ұсынуы;
5) операциялық орталықпен жасалған шарттарға сәйкес өзге функцияларды жүзеге асырады.
15. Жүйеге қатысушының жүйеге қатысуы мына жағдайларда тоқтатыла тұрады:
1) жүйеге қатысушының Қағидаларды және операциялық қағидаларды орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аударым операцияларын жүргізуге арналған лицензияны тоқтата тұруы;
3) жүйеге қатысушыны банкрот деп тану;
4) жүйеге қатысушының операциялық қағидаларда белгіленген қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын бұзуы.
16. Жүйеге қатысу мына жағдайларда:
1) жүйеге қатысушы мен операциялық орталық арасындағы шарт бұзылғанда;
2) жүйеге қатысушы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда тоқтатылады.
5-тарау. Операциялық қағидалар
17. Операциялық қағидаларды операциялық орталық бекітеді.
18. Операциялық қағидаларда:
1) хабарларды маршруттаудың, авторландырудың және клирингтің тәртібіне қойылатын талаптар;
2) жүйеге қатысушылармен өзара іс-әрекет ету тәсілдері мен тәртібі және оларды жүйеге техникалық қосу тәсілдері;
3) төлем карточкаларының эмитенттерімен және эквайерлерімен өзара іс-әрекеттің, ақпаратты берудің пайдаланылатын форматтардың, ақпараттық қауіпсіздікті және ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етудің техникалық стандарттары және оларға қойылатын талаптар;
4) мониторингті, хабарларды маршруттауды жүзеге асыру және банкаралық төлемдер бойынша авторландыруды алу тәртібі;
5) клирингті жүзеге асыру тәртібі;
6) банкаралық комиссияларды есептеу тәртібі;
7) төлемдерді өңдеу процесінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді шешу және процессингті ұсыну тәртібі;
8) ақпараттық қауіпсіздік режимін сақтауға және деректерді (дербес деректерді) және банк құпиясын сақтауға қойылатын талаптар;
9) жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін, оның ішінде төтенше жағдайлар туындаған кезді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге ережелер қамтылады.
19. Операциялық орталық пен жүйеге барлық қатысушылар операциялық қағидаларды сақтайды.
6-тарау. Банкаралық комиссия
20. Жүйеде банкаралық комиссиялардың мынадай түрлері қолданылады:
1) банкаралық төлем сомасынан пайызбен көрсетілген, төлем карточкаларын пайдалана отырып қолма-қол ақшаны беру операциялары бойынша банкаралық комиссия:
қаржылық хабарлар ұсынылған әрбір банкаралық төлем үшін эквайер пайдасына эмитенттен сыйақы;
банкаралық төлемнің күші жойылған (қайтарылған) жағдайда сыйақыны қайтару.
2) банкаралық төлем сомасынан пайызбен көрсетілген, төлем карточкаларын пайдалана отырып тауарларды және жұмыстарды (қызметтерді) қолма-қол ақшасыз төлеу операциялары бойынша банкаралық комиссиялар:
эквайер қаржылық хабарларды ұсынған әрбір банкаралық төлем үшін эмитент пайдасына эквайерден сыйақы;
банкаралық төлемнің күші жойылған/қайтарылған жағдайда сыйақыны қайтару.
3) банкаралық төлем сомасынан пайызбен көрсетілген ақша аударымдары операциялары бойынша банкаралық комиссиялар:
эквайер қаржылық хабарларды ұсынған аударымдарды жіберуші мен алушы эмитенттерінің пайдасына эквайерден сыйақы;
банкаралық төлемнің күші жойылған (қайтарылған) жағдайда сыйақыны қайтару.
4) белгіленген сомалармен немесе банкаралық төлем сомасынан пайызбен кедендік төлемдер төлеу, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу операциялары бойынша банкаралық комиссиялар жұмыстарды (қызметтерді) ұсынатын ұйым келісім талаптарына сәйкес эквайерге комиссия төлемейтін жағдайларда:
эквайер қаржылық хабарларды ұсынған, эквайердің пайдасына эмитенттен сыйақы;
банкаралық төлемнің күші жойылған (қайтарылған) жағдайда сыйақыны қайтару ретінде көрсетіледі.
21. Операциялық орталық банкаралық комиссияларды операциялық қағидаларда көзделген тәртіппен белгіленген мөлшерлерге сәйкес есептейді.
22. Операциялық орталық жүйеге қатысушыдан қаржылық хабарларды алғаннан кейін банкаралық комиссиялық ақыны есепке алады.
23. Банкаралық комиссиялардың мөлшерлерін операциялық орталық Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісе отырып, "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы
12-бабының 10) тармақшасына сәйкес белгілейді.
24. Жүйеге қатысушылардың банкаралық комиссиялар бойынша міндеттемелері мен талаптары Қағидалардың 8-тарауына сәйкес клирингті жүзеге асыру кезінде айқындалады.
7-тарау. Хабарларды маршруттау және авторландыру
25. Жүйеде хабарларды маршруттау және авторландыру тәулік бойы режимінде жүзеге асырылады.
26. Операциялық орталық хабарларды маршруттау кезінде жүйеге қатысушыны сәйкестендіру үшін ол берген банктік сәйкестендіру нөмірлерін пайдаланады.
Банктік сәйкестендіру нөмірлері өзгерген немесе жаңартылған жағдайда жүйеге қатысушы дереу, бірақ жаңартылған сәттен бастап келісі жұмыс күнінен кешіктірмей қорғалған арналар бойынша бұл туралы операциялық орталыққа хабарлайды, ол жаңартылған деректемелерді жүйенің өзге қатысушыларына жібереді.
27. Операциялық орталық жүйеге әрбір қатысушының басқа қатысушыларға қызмет көрсету желісінде жүйеге қатысушының төлем карточкалары бойынша операциялар жасалатын шегіндегі шығыс лимитін сақтауына мониторингті жүзеге асырады. Жүйеге қатысушы шығыс лимитін асырған жағдайда банкаралық төлемдер бойынша авторландыру операциялық орталықоперациялық қағидаларға сәйкес жүйеге қатысушының шығыс лимитінен асатын сомаға тең ақша сомасын қамтамасыз ету үшін алғаннан кейін жүргізіледі.
28. Жүйеге қатысушыға қол жеткізу мүмкіндігі болмаған жағдайда, операциялық орталық авторландыру қызметтерін кейін жүйеге қатысушыға шығыс лимитін сақтай отырып жүргізілген операциялар туралы хабарлай отырып, банктік сәйкестендіру нөмірлері бойынша бөле отырып, операциялардың сомалары мен саны бойынша жүйеге қатысушы ұсынған лимиттердің деңгейінде көрсетеді.
29. Жүйеге басқа қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың қорытындылары бойынша жүйеге қатысушылар банкаралық төлемдерді жүзеге асыру үшін өздерінің қызмет көрсету желісінде жүйеге басқа қатысушыларға қатысты арналған қаржылық хабарларды қалыптастырады және жүйеге жібереді.
8-тарау. Клиринг
30. Клиринг жүйеге қатысушылардың өздерінің берген қаржылық хабарлары, сондай-ақ жүргізілген банкаралық операциялар бойынша есептелген банкаралық комиссиялар бойынша қарсы талаптары мен міндеттемелерін есепке алу негізінде жүзеге асырылады.
31. Жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындау жүйеге қатысушылар міндеттемелерінің қарсы талаптарының, сондай-ақ есептелген банкаралық комиссиялардың сомалары бойынша айырмасын табу арқылы жүргізіледі. Жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындауды операциялық орталық бекіткен операциялық күн кестесіне сәйкес операциялық орталық жүзеге асырады.
32. Жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындаған кезде жүйеге барлық қатысушылардың дебеттік және кредиттік таза позициялары сомаларының айырмасы нөлге тең болады.
33. Клирингті аяқтағаннан кейін операциялық орталық жүйеде өңделген қаржылық хабарлар, жүйеге қатысушыларға банкаралық комиссиялар туралы ақпаратты операциялық орталықпен жүйеге қатысушы арасында жасалған шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде береді.
9-тарау. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару
34. Ақша аудару жүйеге қатысушылардың қарсы талаптары мен міндеттемелерін есепке алу процесі аяқталғаннан кейін клиринг нәтижесі жүзеге асырылады.
35. Банкаралық ақша аударымы жүйесінде әрбір жүйеге қатысушының таза позициясына сәйкес жүйеге қатысушылар арасындағы клиринг нәтижесі бойынша ақша аударылады.
36. Операциялық орталық клиринг нәтижесі бойынша ақша аударымдарын мынадай жүйемен жүзеге асыру үшін төлем құжаттарын жасайды және банкаралық ақша аударымы жүйесіне береді:
1) бірінші кезекте, клиринг нәтижесі бойынша дебеттік таза позициялары бар жүйеге қатысушылар позициясынан жүйе позициясына ақша аударады;
2) екінші кезекте, жүйе позициясынан клиринг нәтижесі бойынша кредиттік таза позициясы бар жүйеге қатысушылар позициясына ақша аударады.
37. Операциялық орталық клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымы аяқталғаннан кейін жүйеге қатысушыға осы жүйеге қатысушының таза позициясына сәйкес ақша аударымының аяқталғаны туралы хабарлама береді. Банкаралық ақша аударымы жүйесіндегі жүйе позициядағы ақша қалдығы нөлге тең.
10-тарау. Тәуекелдерді басқару
38. Жүйеге қатысушыда клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымын жүзеге асыру үшін ақша жетіспеген немесе болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйеге қатысушы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалған шарт негізінде "овердрафт" күндізгі қарызын береді.
39. "Овердрафт" күндізгі қарызын берудің тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен жүйеге қатысушы арасында жасалған шартта белгіленеді.
40. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымын уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін жасалған шарттарға сәйкес жүйеге қатысушылардың резервтік қорын және тәуекелдерді басқарудың өзге де әдістерін жасауға жол беріледі.
11-тарау. Жұмыс істеу қабілетін және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
41. Операциялық орталық электрондық хабарлар алмасу рәсімдерін белгілейді және олар жүйеге қатысушыларға операциялық қағидаларда және операциялық орталықпен жүйеге қатысушылар арасындағы шартта белгіленген мерзімдерде жіберіледі.
42. Операциялық орталық жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін:
1) ақпаратты өңдеудің және берудің барлық сатыларында оның тұтастығын, қолжетімділігін, шынайлығын және конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді;
2) жүйеге қатысушылар мен операциялық орталық арасында ақпаратты өңдеу және беру кезінде қолданылатын криптографиялық кілттердің қауіпсіз бөліну рәсімдерін орындайды;
3) кіріс және шығыс электрондық хабарлар үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдануды қамтамасыз етеді.
43. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету:
1) жүйенің бағдарламалық-техникалық кешенін резервтеу (негізгі және резервтік орталықтарды);
2) деректердің резервтік көшіріп алынуын және мұрағатталуын қамтамасыз ету;
3) жүйеге қатысушылармен өзара іс-әрекет ету үшін байланыс арналарын (негізгі және резервтік) резервтеу;
4) жүйеге қатысушыларды қосудың түрлі әдістерін пайдалану;
5) жүйенің, құрылғылардың, ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуінің бұзылу себептерін анықтау, оларды жою жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру мақсатында жүйенің жұмыс істеуіне мониторингті және талдауды жүзеге асыру;
6) операциялық орталықтың жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдық-техникалық шараларды қолдануы арқылы қол жеткізіледі.
44. Операциялық орталық жүйеге қатысушылардың шартта және операциялық орталықтың операциялық қағидаларында айқындалған ақпаратты қорғауға қойылған талаптарды сақтауына мониторингті жүзеге асырады.
Жүйеге қатысушы Қағидаларда, шартта және операциялық қағидаларда белгіленген қауіпсіздікке қойылған талаптарды бұзған жағдайда, операциялық орталық операциялық қағидаларда және жасалған шарттың талаптарында көзделген тәртіппен жүйеге қатысушыға хабарлау жолымен оны ажыратуға дейінгі қажетті шұғыл шараларды қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 217 қаулысына қосымша |
Күші жойылды деп танылған
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының
Кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының
құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесінің қызмет ету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 23 желтоқсандағы № 510 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2158 тіркелген).
2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының төлем карточкаларын пайдалану мәселелері жөніндегі кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы № 370 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2582 тіркелген, 2003 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 318 (23617) жарияланған) 2-тармағы.
3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 1260 тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 2158 тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесінің қызмет ету ережесін бекіту туралы" 2002 жылғы 23 желтоқсандағы № 510 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы № 371 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2581 тіркелген, 2003 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 318 (23617) жарияланған) 2-тармағы.
4. "Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 28 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13188 тіркелген, 2016 жылғы 14 наурызда "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).