Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2016 жылғы 27 шілдедегі № 345 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 тамызда № 14155 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 5-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Энергетика министрінің


міндетін атқарушы

М. Мырзағалиев


  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі м.а.
2016 жылғы 27 шілдедегі
№ 345 бұйрығымен
бекітілді

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңының 6-бабы 5-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын (бұдан әрі – ЖЭК орналастыру жоспары) қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:

      1) жаңартылатын энергия көздері (бұдан әрі - ЖЭК) – табиғи жаратылыс процестерi есебiнен үздiксiз жаңартылатын энергия көздерi, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесiнiң энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерасты суларының, өзендердiң, су айдындарының жылуы, сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендiк көздерi: биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру үшiн пайдаланылатын органикалық қалдықтардан алынатын өзге де отын;

      2) өтінім беруші – ЖЭК-ті пайдалану объектісін салуды және электр желісіне қосуды жүзеге асыруға ниеті бар және ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосуға уәкілетті органға өтінім берген заңды тұлға;

      3) ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуаты – электр энергетикалық жүйенің техникалық мүмкіндіктеріне сүйене отырып анықталған электр желісіне қосылатын күн және жел электр станциялары қуатының барынша рұқсат етілген көлемі;

      4) Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің аймағы (бұдан әрі – БЭЖ аймағы) – шекарасында Қазақстан БЭЖ-нің басқа бөлігімен салыстырғанда айырықша схемалық-режимдік жағдай болатын Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің бір бөлігі.

      Қазақстан Республикасының БЭЖ үш аймақтан тұрады:

      Солтүстік аймақ (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары);

      Оңтүстік аймақ (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары);

      Батыс аймақ (Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары);

      5) аудан – Қазақстан БЭЖ-мен электр байланыстарының өткізу қабілеті шектелген, аталған ауданда электр желісіне жаңа өндіруші көздерді қосу мүмкіндігін шектейтін БЭЖ аймағының бір бөлігі;

      6) аудан шекарасы – ажыратылуы ауданның Қазақстан БЭЖ-нен толық бөлінуіне әкелетін электр желілік элементтер жиынтығы;

      7) жүйелік оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелiк қызметтер көрсетудi және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;

      8) уәкілетті орган – ЖЭК пайдалануды қолдау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) ЖЭК секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштері – электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілер өндіретін электр энергиясы көлемі үлесінің жоспарланатын көрсеткіші, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін, оның ішінде түрлері бойынша пайдалану объектілерінің жиынтық белгіленген қуаттылық көрсеткіштері;

      10) ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – ЖЭК-ті пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) ЖЭК пайдалану объектісі – жаңартылатын энергия көздерiн пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін игеру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым;

      12) ЖЭК орналастыру жоспары жобаларының кезегі – өтінім берушілердің ЖЭК орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосу үшін берген өтініштері негізінде уәкілетті орган құратын ЖЭК пайдалану объектілерін салу бойынша жобалардың сараланған тізімі;

      13) ЖЭК орналастыру жоспары жобаларының тізімі – ЖЭК орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосылған, уәкілетті орган ЖЭК пайдалану объектілерін салу бойынша жобалар ішінен құратын ЖЭК пайдалану объектілерін орналастыру жоспарына енгізілген жобалар тізімі.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге терминдер мен анықтамалар Қазақстан Республикасының ЖЭК және электр энергетикасы салаларындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. ЖЭК орналастыру жоспарын қалыптастыру тәртібі
1-параграф. Жалпы ережелер

      3. ЖЭК орналастыру жоспары мынадай деректер негізінде қалыптасады және оны уәкілетті орган бекітеді:

      1) ЖЭК секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштері;

      2) ЖЭК пайдалану объектісінің белгіленген электр қуаты, түрі мен БЭЖ орналастыру аймағы (ауданы) көрсетілген ЖЭК пайдаланудың жұмыс істейтін объектілерінің тізімі;

      3) ЖЭК объектілерінің БЭЖ аймақтары (аудандары) бойынша және ЖЭК пайдалану объектілерінің түрлері бойынша барынша рұқсат етілген қуаты;

      4) ЖЭК орналастыру жоспары жобаларының БЭЖ аймақтары (аудандары) бойынша және ЖЭК пайдалану объектілерінің түрлері бойынша кезектілігі туралы ақпарат.

      4. ЖЭК-тің әр түрі бойынша, оның ішінде түрлері бойынша ЖЭК секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштерін уәкілетті орган Заңның 6-бабының 5-2) тармақшасына сәйкес бекітеді.

      5. ЖЭК пайдаланудың жұмыс істейтін объектілерінің тізімі Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 74 бұйрығымен бекітілген Жаңартылатын энергия көздерінің пайдаланылуына мониторинг жүргізу қағидаларына (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10455 болып тіркелген) сәйкес қалыптастырылады;

      6. ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуаты туралы ақпаратты жүйелік оператор жыл сайын 25 желтоқсаннан кешіктірмей, қолда бар деректер және жүйелік оператордың сұратуы бойынша өңірлік электр желілік компаниялар ұсынатын деректер негізінде және осы Қағидалардың 2-параграфына сәйкес жүйелік оператор орындаған есептеулер негізінде уәкілетті органға ұсынады.

      7. Уәкілетті орган алдағы жылға ЖЭК объектілерінің БЭЖ аймақтары (аудандары) бойынша барынша рұқсат етілген қуатын бекітеді.

      ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуатын қайта қарауды уәкілетті орган жыл сайын жүйелік оператордың осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес ұсынған ақпараты негізінде жүргізеді.

2-параграф. ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуатын айқындау

      8. ЖЭК объектілерінің барыша рұқсат етілген қуатын (бұдан әрі – лимиттер) айқындаудың мақсаты желілік инфрақұрылым тұрғысынан ЖЭК объектілерін елдің аумағы бойынша неғұрлым қолайлы орналастыруды анықтау болып табылады.

      ЖЭК қуатының лимиттері мынадай тәртіпте есептелінеді:

      1) тұтастай Қазақстанның БЭЖ үшін лимиттер шамасы есептеледі;

      2) Қазақстан БЭЖ-нің әрбір Солтүстік, Оңтүстік, Батыс желілік аймағы үшін жеке түрде лимиттер шамалары есептеледі;

      3) қажет болған жағдайда аудандардың шекаралары анықталады және әр аудан үшін лимиттер шамасы есептеледі.

      9. Қазақстанның БЭЖ үшін лимиттер мынадай үлгіде есептеледі:

      1) күн және жел электр станциялары үшін жиынтық лимит:

      Қазақстанның БЭЖ-іне арналған лимит (VБЭЖ) Қазақстан БЭЖ-нің ішкі көздерінен алынатын реттеуші қуат көлемдерінің болуымен айқындалады және мына формулалар бойынша есептелінеді:

      VБЭЖ = (Vрет – Vкэс) /БҚПКжэс + Vкэс, мұнда:

       Vкэс – КЭС-тің белгіленген қуатының шамасы, ЖЭК объектілерін өндіру құрылымын оңтайландыру жағдайына сүйене отырып, КЭС үлесі ЖЭК объектілерінің жалпы үлесінің 1/3 ретінде қабылданады;

      БҚПКжэс – ЖЭС-тің белгіленген қуатын пайдалану коэффициенті, 0,25 болып қабылданды. Бұл ретте күн электр станцияларының БҚПК-сы энергия жүйесінде электр жүктемесінің кешкі максимумы кездерінде күн электр станциялары қуат теңгеріміне қатыспайтынына байланысты ескерілмейді;

      Vрет - Қазақстанның электр станцияларындағы реттеуші қуаттың бар көлемі, мына формула бойынша есептеледі:

      Vрет = Рқолд – Ртұтын.макс, мұнда:

      Рқолд – Қазақстан БЭЖ-нің электр станцияларының маневрлі қуатының қысқы бақылау өлшеулер жүргізілген күнге жүктемелердің бір сағат максимумына шаққандағы иелік көлемі (соңғы үш жылдағы орташасы);

      Ртұт.макс – қысқы бақылау өлшеулері кезіндегі максималды қуат көлемі (соңғы үш жылдағы орташасы);

      2) күн электр станцияларына арналған лимит:

      VБЭЖ кэс < 1/3 VБЭЖ

      10. БЭЖ аймақтарына арналған лимиттер былайша есептеледі:

      1) Күн және жел электр станциялары үшін жиынтық лимит:

      БЭЖ (Vаймақ) аймағының лимиті БЭЖ аймағының Қазақстан БЭЖ-імен электрлік байланысына белсенді қуатты рұқсат етілген лақтырудан айқындалады, мына формула бойынша есептелінеді:

      Vаймақ = Рмакс.рұқс.лақтыру / КИУМжэс, мұнда:

      Рмакс.рұқс.лақтыру – Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығымен бекітілген Электр желілік қағидаларға (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10899 болып тіркелген) (бұдан әрі – Электр желілік қағидалар) сәйкес Қазақстан БЭЖ-нің динамикалық үлгісінде есептелген барынша рұқсат етілген қуатты лақтыру;

      БЭЖ-дің Солтүстік және Оңтүстік аймақтары лимиттерінің қосындысы (Vаймақ) БЭЖ-дің Батыс аймағы лимитін шегергендегі Қазақстан БЭЖ бойынша жалпы лимит шамасынан артық болса (VСолтүстік аймағының+ VОңтүстік аймағының > VБЭЖ - VБатыс аймағының), онда БЭЖ-дің Солтүстік және Оңтүстік аймақтарының лимиттері өздерінің көлемдеріне пропорционалды түрде сәйкес шамаға азаяды;

      2) күн электр станцияларына арналған лимит:

      Vаймақтың кэс КЭС үшін БЭЖ аймақтары бойынша лимиттер VБЭЖ кэс КЭС жалпы көлемінен есептеледі. VБЭЖ кэс лимитінің жалпы көлемі күн сәулесінің белсенділігін БЭЖ-дің әр аймағының күн сәулесі әлеуетінің меншікті орташа шамасына пропорционалды түрде таратуға сәйкес БЭЖ аймақтары бойынша мына формула бойынша таратылады:

      Vаймақтың кэс < VБЭЖ кэс х (КП аймақ / КП жиынтық), мұнда:

      КП аймақ – БЭЖ аймағының күн сәулесі әлеуетінің меншікті орташа шамасы, былайша қабылданады: БЭЖ-дің Солтүстік аймағы үшін 1250 кВт.сағ./кВ.м, БЭЖ-дің Оңтүстік аймағы үшін 1600 кВт.сағ./кВ.м, БЭЖ-дің Батыс аймағы үшін 1350 кВт.сағ/кВ.м;

      КП сома – БЭЖ-дің үш аймағының күн сәулесі әлеуетінің меншікті шамаларының сомасы.

      Бұл ретте Vаймақтың кэс < Рмакс.рұқс.лақтыру. шарты сақталуы тиіс.

      Егер Vаймақтың кэс есептік шамасы Vаймақ шамасынан артық болса, онда Vаймақтың кэс шамасы Vаймақ дейін төмендейді, ал айырмашылығы күн сәулесі әлеуетінің меншікті орташа шамасына пропорционалды түрде БЭЖ-дің басқа аймақтары бойынша таратылады.

      11. Аудандарға арналған лимиттер мынадай үлгіде есептелінеді:

      Аудандар шегінде желінің шектелген өткізу қабілеті бар аудандар болған кезде, Жүйелік оператор БЭЖ аймағы ішінде аудандар бойынша қосымша лимиттерді белгілейді.

      Аудан лимиті күн және жел электр станцияларының қуаты бойынша жиынтық шектеуді белгілейді (Vаудан) және барынша рұқсат етілген ағындарды қамтамасыз ету лимиті бойынша айқындалады және мына формула бойынша есептеледі:

      Vаудан = Рбар.рұқс. – Рнақты, мұнда:

      Рбар.рұқс.Электр желілік қағидаларға сәйкес есептелген, барынша рұқсат етілген қуат ағыны;

      Рнақты - Аудан шекарасы бойынша тіркелген барынша белсенді қуат ағыны (соңғы үш жылдағы орташасы).

      Егер БЭЖ-дің бір аймағына кіретін Аудандар лимиттерінің сомасы БЭЖ аймағының өзінің лимитінен артық болса, онда аудандар лимиттері өз көлемдеріне пропорционалды түрде сәйкес шамаға азаяды.

3-параграф. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезектілігін айқындау

      12. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезектілігі тізімі өтінім берушінің уәкілетті органның интернет-ресурсы арқылы ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосуға берген өтініші негізінде қалыптастырылады.

      Бұл ретте ЖЭК-ті орналастыру жоспары кезегіндегі ЖЭК-ті пайдалану объектілерін салу бойынша жобаларды саралау өтінім берілген уақыт бойынша бұрынырақ берілгеннен бастап жүзеге асырылады. Өтінім беру күні мен уақыты (секундқа дейінгі дәлдікпен) көрсетіле отырып, өтінім берушінің уәкілетті органның интернет-ресурсына берілген өтініші тіркелген кезде автоматты түрде белгіленеді.

      13. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосуға өтініштерді қабылдауды уәкілетті орган кем дегенде жылына бір рет жүзеге асырады.

      Бұл ретте уәкілетті орган ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосуға өтініштерді қабылдауды бастағанға дейін 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосуға өтініштерді қабылдаудың басталу мен аяқталу күнін қамтитын, ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосуға өтініштерді қабылдау басталғаны туралы ақпаратты орналастырады.

      14. Өтінім берушілер осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосуға уәкілетті органға өтініш ұсынады.

      15. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосуға арналған өтінішке мәлімделген жоба бойынша мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) Электр желілік қағидаларға сәйкес әзірленген "Электр станциясының қуатын беру схемасын" келісу туралы жүйелік оператордың хатының көшірмесі;

      2) өтініш беру сәтінде қолданыста болған, желіге қосылуға арналған техникалық шарттар;

      3) желіге қосылуға арналған техникалық шарттарды келісу туралы жүйелік оператордың хатының көшірмесі.

      16. Қажетті құжаттар мен ақпаратты толық көлемде ұсынбаған өтінім берушілер, уәкілетті органның тиісті хабарламасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бұрын ұсынылмаған және түзетілген құжаттарды ұсынады. Уәкілетті органға талап етілген құжаттарды уақтылы ұсынбаған кезде, өтінім беруші ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне кіргізілмейді.

      17. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосылуға өтініштер қабылдау ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосылуға өтініштерді қабылдауды бастау күні Астана уақыты бойынша 09 сағат 00 минутта басталады және ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосылуға өтініштер қабылдауды аяқтау күні 18 сағат 00 минутта аяқталады.

      18. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосылуға өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде уәкілетті орган, ЖЭК-ті пайдалану объектілерін салу бойынша әр жобаға оның ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіндегі позициясына сәйкес келетін реттік нөмірді беріп, уәкілетті орган бекіткен ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуатына сәйкес ЖЭК-ті пайдалану объектілерін салу бойынша жобаларды таратуды жүзеге асырады.

      19. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында өтінім берушілерді ЖЭК-ті пайдалану объектілерін салу бойынша жобаларды, ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіндегі позициясына сәйкес келетін реттік нөмірді, өтінішті тіркеу күні мен уақытын көрсете отырып, ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезектілігі туралы ақпаратты орналастырады.

4-параграф. ЖЭК орналастыру жоспары жобаларының тізімін қалыптастыру тәртібі

      20. Уәкілетті орган ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізімін қалыптастырған кезде басым тәртіпте оған мыналарды қосады:

      1) олар бойынша ЖЭК-ті пайдаланатын энергия өндіруші ұйымның қаржы-есеп айырысу орталығымен электр энергиясын сатып алу бойынша шарттар жасалған, уәкілетті органның ЖЭК-ті орналастыру жоспарын бекіту күніндегі жағдай бойынша пайдалануға енгізілмеген ЖЭК-ті пайдалану объектілерін салу жөніндегі жобалар;

      2) қолданыстағы ЖЭК-ті пайдалану объектілері.

      21. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізіміне ЖЭК-тің әр түрі үшін және БЭЖ-дің әр аймағы (ауданы) үшін белгіленген ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуаты шегінде ЖЭК-ті пайдалану объектілерін салу жөніндегі басқа жобаларды қосымша түрде қосу қажет болған жағдайда, уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде, желіге қосылуға арналған қолданыстағы техникалық шарттары бар және ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының сәйкес сараланған тізімінде бірінші бес позицияда тұрған алғашқы бес өтінім берушіге, мұндай өтінім берушілердің ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізіміне ауысу ниетіне қатысты сұраным жолдайды.

      22. Өтінім беруші осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның атына ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізіміне қосу туралы растау жауабын жолдайды.

      23. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобасының кезегінде бірінші позицияда тұрған және уәкілетті органның сұранымын алған өтінім беруші өзінің ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізіміне ауысу ниетін сұранымды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша түрде растамайтын болса, уәкілетті орган ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобасының кезегінде келесі позицияда тұрған өтінім берушінің жазбаша растау жауабын қарастырады.

      Өтінім берушілер осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізіміне қосу туралы жазбаша растауды он жұмыс күні ішінде ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіндегі келесі бес өтінім берушіге тиісті сұранымдар жолдайды.

      24. Уәкілетті орган аталған сұранымдарды өтінім берушілерге кезектілік ретімен, мына жағдайлардың бірі басталғанға дейін жолдайды:

      1) БЭЖ-дің тиісті аймағының ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуаты толтырылды немесе ЖЭК-ті пайдалану объектілерін салу жөніндегі жобалардың белгіленген қуаттары ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуатына сәйкес келмейді;

      2) ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіндегі ЖЭК-ті пайдалану объектілерін салу жөніндегі жобалар тізімі қаралып болды.

      25. Орналастыру жоспары жобаларының тізімі орналастыру жоспары жобаларының кезегіндегі реттік нөмірге сәйкес орналастыру жоспары жобаларының кезегінен қалыптастырылады.

      26. Уәкілетті орган өтінім берушіге мына жағдайларда ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізіміне қосудан бас тартады:

      1) өтінім беруші уәкілетті органға осы Қағидалардың 22 және 23-тармақтарына сәйкес ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізіміне қосу үшін растау жауабын уақтылы ұсынбады;

      2) уәкілетті орган өтінім берушіден ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізіміне қосу үшін растау жауабын алу сәтінде желіге қосылуға арналған техникалық шарттардың қолданыс мерзімі өтіп кеткен.

      27. ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының тізімі мен кезектілігін өзектендіруді уәкілетті орган жарты жылда бір рет, тиісті жартыжылдықтың соңғы айының 30-нан кешіктірмей жүргізеді.

      28. ЖЭК орналастыру жоспары жобаларының тізіміне кіргізілген жобалар, мына жағдайларда орналастыру жоспары жобаларының тізімінен шығарылады:

      1) энергия өндіруші ұйым ЖЭК-ті пайдалану объектілерін қосу туралы шарт жасау үшін электр желісіне қосылуға арналған техникалық шарттарды берген энергия жеткізуші ұйымның атына өтінімді уақтылы бермеген жағдайда;

      2) ЖЭК-ті пайдалану объектілерін қосу туралы шарт, ЖЭК-ті пайдаланатын энергия өндіруші ұйымның кінәсінен уәкілетті орган белгілеген мерзімде жасалмаған жағдайда;

      3) ЖЭК-ті пайдалану объектілерін қосу туралы шартты бұзған жағдайда.

  Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану
объектілерін орналастыру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

Жаңартылатын энергия көздерін орналастыру
жоспары жобаларының кезегіне қосуға арналған
өтініш

      _____________________________________________________________

      (өтінім берушінің толық атауы)

      қажетті құжаттар пакетімен ЖЭК-ті пайдалану объектісін салу жөніндегі

      _________________________________________________________________

      (жобаның толық атауы)

      жобасын ЖЭК-ті орналастыру жоспары жобаларының кезегіне қосу үшін осы

      өтінімді жолдайды.

      1. ЖЭК-ті пайдаланатын энергия өндіруші ұйым туралы жалпы

      мәлімет (атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, Қазақстан

      Республикасындағы орналасқан жері, почталық мекенжайы, Қазақстан

      Республикасындағы нақты мекенжайы, Қазақстан Республикасындағы

      байланыс телефоны, электрондық почта мекенжайы).

      2. ЖЭК-ті пайдалану объектісі туралы деректер (бұдан әрі –

      Объект):

      1) Объектінің пайдаланылатын ЖЭК түрі және жоспарланған

      орналасу орны көрсетілген Объекті атауы;

      2) ЖЭК түрлері бойынша бөлінген, Объектінің өндіруші жабдығының

      белгіленген жиынтық қуаты;

      3) Объектіні пайдалануға енгізудің жоспарланған күні;

      4) Объектінің қуатын пайдаланудың болжамдық коэффициенті.

      3. Объекті жабдықтары туралы деректер - өндіруші жабдықтың жеке

      бірлігінің қуаты көрсетілген Объектідегі өндіруші жабдықтың саны мен

      түрі.

      4. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) ___________________________________________________________;

      2) ___________________________________________________________;

      3) ___________________________________________________________.

________________________________

 (Т.А.Ә. және лауазымы)

__________________________

 (қолы, күні)

(мөрі)


      Ескертпе: ұйым бланкісінде толтырылады. Өтінімге бірінші басшы

      немесе ұйымның өзге уәкілетті тұлғасы қолын қояды.

  Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану
объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру
қағидаларына 2-қосымша

      Нысан

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

      Сіздің ______________________________________________________________

      (ұйымның (өтінім берушінің) толық атауы)

      ЖЭК пайдалану объектісін салу жөніндегі

      _____________________________________________________________________

      (жобаның толық атауы)

      жобаға ауыстыру туралы ниетіңізге қатысты "___"______ сұранымыңызға

      жауап ретінде мынаны хабарлаймыз.

      _____________________________________________________________________

      (ұйымның (өтінім берушінің) толық атауы)

      ЖЭК пайдалану объектілерін салу бойынша______________________ жобасын

      _____________________________________________________________________

      (жобаның толық атауы)

      жаңартылатын энергия көздерін орналастыру жоспары жобаларының

      тізіміне қосуға өз келісімін білдіреді.

      _____________________________________________________________________

      (ұйымның (өтінім берушінің) толық атауы)

      заңнамамен белгіленген тәртіпте ЖЭК-ті пайдалану объектілерін қосу

      туралы шарт жасауға өтінім беруге және шартты уәкілетті орган

      бекіткен нысан бойынша жасауға міндеттенеді.

      _______________________________________ _________________

       (Т.А.Ә. және лауазымы) (қолы, күні)

       (мөрі)

      Ескертпе: ұйым бланкісінде толтырылады. Өтінімге бірінші басшы

      немесе ұйымның өзге уәкілетті тұлғасы қолын қояды.