Мемлекеттік мәдениет ұйымдарының азаматтық қызметшілерін аттестаттаудан өткізудің қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 29 маусымдағы № 189 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 28 шілдеде № 14035 болып тіркелді.

Жаңартылған

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139-бабы 7-тармағына және "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мәдениет ұйымдарының азаматтық қызметшілерін аттестаттаудан өткізудің қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерін аттестаттау ережелерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі № 110 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4633 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған, 2007 жыл, наурыз - сәуір);

      2) "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерін аттестаттау ережелерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі № 110 бұйрығына толықтыру енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2007 жылғы 23 шілдедегі № 195 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4874 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған, 2007 жыл, маусым - тамыз);

      3) "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерiн аттестаттау ережелерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрiнiң 2007 жылғы 12 сәуiрдегi № 110 бұйрығына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 03 желтоқсандағы № 280 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9058 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2014 жылғы 15 қаңтар № 8 (28232) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Персоналды басқару қызметі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде төлнұсқасына толық сәйкес келетін оның графикалық форматтағы көшірмелерін "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялау үшін жолдауды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электронды және қағаз түріндегі көшірмелерін ресми жариялау үшін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2016 жылғы 29 маусымдағы
№ 189 бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік мәдениет ұйымдарының азаматтық қызметшілерін аттестаттаудан өткізудің қағидалары мен шарттары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарының азаматтық қызметшілерін аттестаттаудан өткізудің қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) мемлекеттік мәдениет ұйымдарының азаматтық қызметшілерін (бұдан әрі – қызметшілер) аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Қызметшілерді аттестаттау олардың атқарып отырған лауазымдарына немесе үміттеніп отырған біліктілік санаттарына олардың білім деңгейлерінің және/немесе біліктілік сипаттамаларына сәйкестіктерін анықтау үшін өткізіледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.07.2017 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Аттестаттау кезінде негізгі критерий қызметшілердің оларға жүктелген функционалдық міндеттерін орындау қабілеті болып табылады.

      4. Республикалық мәдениет ұйымдарының бірінші басшылары болып табылатын қызметшілер мен олардың орынбасарлары мәдениет саласындағы уәкiлеттi орган жанындағы аттестаттау комиссиясымен аттестаттаудан өткізіледі.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарының мәдениет ұйымдарының бірінші басшылары болып табылатын қызметшілер мен олардың орынбасарлары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары жанындағы тиісті аттестаттау комиссияларымен аттестаттаудан өткізіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Аттестация кезінде жүктілігі жөнінде медициналық қорытынды ұсынған жүкті әйелдерден басқа барлық қызметшілер аттесттаттауға жатады.

      Қызметшілер азаматтық қызметте болған әрбiр кейінгі үш жыл өткен соң, бiрақ осы лауазымға орналасқан күнінен бастап бір жылдан бұрын емес мерзімде аттестаттауға жатады.

      Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күнінен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

      Оқу демалысындағы, еңбек ақысы сақталмайтын демалыстағы (алты айдан аспайтын), жүктілігі және бала (балалар) тууына, жаңа туған баланы асырап алуға, баланың үш жасқа дейін оларға күтім жасауға байланысты демалыстағы қызметшілер жұмысқа шыққаннан кейін алты айдан ерте емес мерзімде аттестатталады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5-1. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген мерзімнің өтуіне дейінгі мерзімде қызметшілердің бастамасы бойынша біліктілік санатын жоғарылату мақсатындағы аттестаттауын өткізу үшін, тағайындауға құқығы бар тұлғаның атына ерікті нысандағы өтініш беріледі. Қызметшілер осы Ереженің 2–тарауында белгіленген тәртіппен және шарттар бойынша аттестаттаудан мерзімінен бұрын өтеді.

      Ескерту. 1-тарау 5-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.07.2017 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Аттестаттау өткізу тәртібі мен шарты

      6. Аттестаттау мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) аттестаттауды өткізуге дайындық;

      2) қызметшілерді тестілеу;

      3) қызметшілермен аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесу;

      4) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруы.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Аттестаттауды өткізуге дайындықты кадр қызметі немесе кадр қызметін жүзеге асыратын тұлға (бұдан әрі – кадр қызметі) ұйымдастырады және ол мынадай іс-шараларды қамтиды:

      1) аттестаттауға жататын қызметшілерге қажетті құжаттарды дайындау (хабарлама, тікелей басшыдан қызметтік мінездеме сұрату, аттестаттау парағы);

      2) аттестаттау өткізу кестелерін, тестілеу мен әңгімелесудің сұрақтары мен жауаптарын әзірлеу;

      3) аттестаттау комиссиясының құрамын айқындау;

      4) қызметшілерді аттестаттаудан өткізу мақсаты мен тәртібі туралы түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Қызметшіні тағайындауға уәкілетті тұлға кадр қызметінің ұсынымы бойынша:

      1) аттестаттауға жататын қызметшілер тізімін;

      2) аттестаттау өткізу кестесін;

      3) аттестаттау комиссиясының құрамын;

      4) қызметшінің атқарып отырған, үміттеніп отырған лауазымына біліктілік сипаттамаларымен қарастырылған білім деңгейін анықтайтын тест сұрақтары мен жауаптарын;

      5) қызметшінің функционалдық міндеттеріне қатысты әңгімелесу үшін сұрақтар мен жауаптарды бекітеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Кадр қызметі жарты жылда бір рет аттестаттауға жататын қызметшілерді айқындайды.

      10. Кадр қызметі қызметшілерді әңгімелесу өткізу басталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей әңгімелесу өткізу күні туралы жазбаша түрде хабардар етеді, сондай-ақ қызметтік мінездемелерді сұратады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.07.2017 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Аттестаттауға жататын қызметшілердің тікелей басшылары қызметтік мінездемелерді ресімдейді және оны кадр қызметіне сұрау түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жолдайды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.07.2017 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Қызметтік мінездеме қызметшінің кәсіби, іскери және жеке қасиеттерін жан-жақты және объективті бағалаудан және қызметтік жұмыс нәтижелерінен тұрады.

      13. Кадр қызметі аттестаттауға жататын қызметшіні оған жазылған қызметтік мінездемемен аттестаттау комиссиясының отырысына дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей таныстырады.

      14. Аттестаттауға жататын қызметші өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспеген жағдайда, кадр қызметіне аттестаттау комиссиясының отырысына дейін, орындалған жұмысы туралы жеке әзірленген есебін ұсынады.

      15. Кадр қызметі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысанда аттестаттауға жататын қызметшіге аттестаттау парағын ресімдейді.

      16. Кадр қызметі осы Қағиадалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды аттестаттау комиссиясына аттестаттау комиссиясының отырысына дейін бір күннен кешіктірмейтін мерзімде ұсынады.

      17. Аттестаттауға жататын қызметшілердің дәлелді себептермен жұмыста уақытша болмауына байланысты (еңбекке қабілеттіліктен уақытша айырылған жағдайларда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарында, әлеуметтік демалыстарда немесе іссапарда болуы), аттестаттау комиссиясының отырысына келмеген жағдайда, оларды аттестаттау мәселесін қарастыру аттестаттау комиссиясымен айқындалатын басқа мерзімге ауыстырылады. Аттестаттау мерзімін бір рет қана ауыстыруға жол беріледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.07.2017 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17-1. Тестілеу және әңгімелесу аттестатталушы қызметшінің таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде жүргізіледі.

      Ескерту. 2-тарау 17-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17-2. Тест сұрақтары жыл сайын, 1 ақпаннан кешіктірмей әзірленеді және бекітіледі.

      Басшылар үшін тест сұрақтарының саны 80, ал қызметшілер үшін – 60 сұрақты құрайды.

      Тест сұрақтары жауаптарының біреуі дұрыс болатын кемінде үш нұсқаны қамтуға тиіс.

      Ескерту. 2-тарау 17-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17-3. Тестiлеу нәтижелерi балмен бағаланады және тестілеу өткізілген күннен кейінгі жұмыс күнiнен кешіктірмей хабарланады.

      Әрбiр тест сұрақтарының дұрыс жауабы бір балмен бағаланады.

      Ескерту. 2-тарау 17-3-тармақпен толықтырылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17-4. Тестілеу нәтижелерін оң деп тану үшін негіз болып табылатын дұрыс тест жауаптарының шекті деңгейі тест сұрақтарының жалпы санынан басшылар үшін 80 %, ал қызметшілер үшін 70% дұрыс тест жауаптарын құрайды.

      Тестілеу кезеңінің шекті деңгейіне жетпеген қызметшілер әңгімелесуге өткізілмейді және қайта аттестаттаудан өтуге жатады.

      Ескерту. 2-тарау 17-4-тармақпен толықтырылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Аттестаттау комиссиясы әңгімелесу қорытындысы бойынша келесі шешімдердің біреуін қабылдайды:

      1) атқарып отырған лауазымының біліктілік сипаттамаларына және/немесе біліктілік санатына сәйкес келеді;

      2) осы Қағидалардың 5-1-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, қайта аттестаттауға жатады;

      3) атқарып отырған лауазымының біліктілік сипаттамаларына және/немесе біліктілік категориясына сәйкес келмейді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.07.2017 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      19. Қайта аттестаттаудан өту осы Қағидалармен айқындалған тәртіппен алдыңғы аттестаттау комиссиясының шешім шығарған күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кейін өткізіледі. Аттестаттау комиссиясы, қайта аттестаттаудан өткізе отырып, төмендегі шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқарып отырған лауазымына сәйкес келеді;

      2) атқарып отырған лауазымына сәйкес келмейді;

      19-1. Аттестаттау комиссиясымен атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы шешімді қабылдау аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.

      Басшы мен қызметшінің аттестаттаудағы теріс нәтижесі оны лауазымынан төмендету үшін, ал егер ол ұсынылған лауазымға орналасудан бас тартқан жағдайда, жұмыстан босату үшін негіз болып табылады.

      Ескерту. 2-тарау 19-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Аттестаттау комиссиясының мүшелерімен қол қойылған аттестаттау комиссиясының шешімдері хаттамамен ресімделеді және аттестаттау парағына енгізіледі.

      21. Әңгімелесу өткізілгеннен кейін кадр қызметі бес жұмыс күні ішінде қызметшіні аттестаттау комиссиясының шешімімен таныстырады.

      22. Қызметшінің аттестаттау парағы, оның қызметтік мінездемесі жеке істе сақталады.

3-тарау. Аттестаттау комиссиясы

      23. Аттестаттау комиссиясы кадр қызметінің ұсынысы бойынша басшымен құрылады және мүшелерінің тақ саны мен комиссия хатшысынан тұрады. Комиссияның құрамына комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері енгізіледі. Төраға және төрағаның орынбасары комиссия мүшелерінің ішінен тағайындалады. Аттестаттау комиссиясының хатшысы болып кадр қызметінің қызметкері тағайындалады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.08.2018 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Аттестаттау комиссиясының төрағасы қызметке басшылық жасайды, отырыстарға төрғалық етеді, жұмысты жоспарлайды, жалпы бақылауды жүзеге асырады, қызметке және қабылданатын шешімдерге жауапты болады.

      25. Аттестаттау комиссиясының хатшысы комиссия отырысына тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады және оны өткізгеннен кейін хаттаманы ресімдейді. Хатшы техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, аттестаттау комиссиясының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

      26. Аттестаттау комиссиясының отырысы оның құрамының кемінде үштен екі құрамы қатысқанда ғана заңды деп саналады.

      Аттестаттау комиссиясы мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.

      27. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Аттестаттау комиссиясының құрамына кіретін аттестаттаудан өтіп жатқан қызметші өзіне қатысты дауыс берген кезде қатыспайды.

      28. Дауыс беру нәтижелері аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көп дауыс беруімен айқындалады. Дауыстар тең болған кезде аттестаттау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      29. Аттестаттау комиссиясы мүшесінің ерекше пікірі жазбаша түрде баяндалады және хаттамаға қоса тіркеледі.

      30. Аттестаттау комиссиясының мүшелері аттестаттаудан жалпы негізде өтеді.

      31. Аттестаттау комиссиясының шешіміне байланысты барлық даулар Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіппен шешіледі.

  Мемлекеттік мәдениет
ұйымдарының азаматтық
қызметшілерін аттестаттаудан
өткізудің қағидаларына қосымша
  нысан

Аттестаттаудан өтетін азаматтық қызметшіні аттестаттау парағы

      Аттестаттау түрі: кезекті |____| қайта |____| (керегін Х белгісімен белгіле)

      1. Тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)_____________________

      ____________________________________________________________________

      2. Туылған күні "___" ______________ ______ жыл

      3. Білімі, біліктілігін арттыру, қайта даярлау (қашан және қандай оқу орнын бітірді, білімі бойынша мамандығы және біліктілігі, біліктілігін арттыру, қайта даярау туралы құжаттар, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, оларды берген күні) туралы мәлімет____________________ ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      4. Атқарып отырған лауазымы мен оған тағайындалған күн_________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      5. Жалпы еңбек өтілі__________________________________________

      6. Мемлекеттік және/немесе азаматтық қызметтегі лауазымдардағы жұмыс өтілі ________________________________________________________

      7. Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің берген ескертулері мен ұсыныстары: ________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________

      8. Отырысқа _______________________ аттестаттау комиссиясының мүшелері қатысты.

      9. Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің әрқайсысы толтыратын, қоса беріліп отырған бағалау парағын сәйкес дауыс беру нәтижелері бойынша азаматтық қызметшінің қызметін бағалау:

      1) атқарып отырған лауазымына сәйкес келеді (дауыс саны)_______________________________________________________________;

      2) қайта аттестаттаудан өтуге жатады (дауыс саны)____________;*

      3) атқарып отырған лауазымына сәйкес келмейді (дауыс саны)_______________________________________________________________.

      10. Аттестаттау комиссиясының ұсынымдары (берілген уәждемелерді көрсете отырып)______________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      11. Ескертпе __________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы: ___________________________

      (қолы)

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы: ____________________________

      (қолы)

      Аттестаттау комиссиясының мүшелері:____________________________

      (қолы)

      ______________________________

      (қолы)

      ______________________________

      (қолы)

      ______________________________

      (қолы)

      Аттестаттау жүргізген күні "___" ______________ _______ жыл

      Аттестаттау қорытындылары бойынша ұйым басшысының шешімі _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      Аттестаттау парағымен таныстым: ____________________________

      (азаматтық қызметшінің қолы және күні)

      Ұйым мөрінің орны

      * қайта аттестаттаудан өткен кезде баға қойылмайды