Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 5 мамырдағы № 205 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 4 шілдеде № 13876 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Инвестициялық саясат және қаржы құралдары департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға, сондай-ақ бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _____________ Б. Сұлтанов

      2016 жылғы 13 мамыр

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _____________ Қ. Бишімбаев

      2016 жылғы 7 маусым

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2016 жылғы 5 мамырдағы
№ 205 бұйрығымен бекітілген

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 28.12.2018 № 548 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2013-2015 жылдары қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссия мақұлдаған агроөнеркәсіптік кешен (бұдан әрі - АӨК) субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жеке кабинет – пайдаланушының (қарыз алушының, қаржы институтының, жұмыс органының) тізілімдегі дербес веб-парақшасы;

      2) жеке шот – субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде ашылатын, пайдаланушыны тану (аутентификациялау) және оның жеке деректері мен баптауларына қолжетімділік беру үшін қажетті, тізілімде тіркелген пайдаланушы туралы ақпаратты көрсететін шот;

      3) көрсетілетін қызметтерді жеткізуші – иесі ретінде субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне қол жеткізуді және оны сүйемелдеуді қамтамасыз ететін, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жұмыс органы айқындайтын тұлға;

      4) кредиторлар комитеті – әрбір жеке қарыз алушы үшін тиісті салалық қауымдастықтың өкілін қосу мүмкіндігі бар қаржы институттарының – кредиторлардың өкілдерінен қалыптасатын комиссия;

      5) кредиторлық міндеттемелер – өзге шаруашылық жүргізуші субъектілер алдында айналым құралдарын толықтыруға, негізгі құралдарды сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы техниканы, технологиялық жабдықты лизингке алуға байланысты туындаған қарыз алушының міндеттемелері, сондай-ақ басқа да кредиторлар алдындағы міндеттемелерді қайта қаржыландыру;

      6) кредиттік және лизингтік міндеттемелер – қаржы институты алдында айналым құралдарын толықтыру, негізгі құралдарды сатып алу және құрылыс салу мақсаттарына, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген мақсаттарға кредит/лизинг алумен байланысты туындаған берешекті қайта қаржыландыруға арналған кредит/лизинг алуға байланысты туындаған, оған қатысты осы Қағидалардың шеңберінде қаржылық сауықтыру шараларын қолдануға болатын қарыз алушының міндеттемелері;

      7) кредиттік және лизингтік міндеттемелерді қайта құрылымдау – қарыз алушыларда бар кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша қайтару мерзімдерін ұлғайту, төлемдерді өтеудің тәртібі мен кезектілігін өзгерту, сыйақы мөлшерлемесін өзгерту, сондай-ақ өтеу бойынша жеңілдікті кезең беру;

      8) кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелерді қайта қаржыландыру – ұзақ мерзімді қайтару мерзімдерімен, сыйақының төмен пайыздық мөлшерлемесімен және бар берешектерін өтеуге арналған жеңілдікті кезеңмен қосымша келісімдер жасасу жолымен жаңа нысаналы кредиттер беру не бұрын берілген кредиттерін алмастыру;

      9) қаржы агенті – агроөнеркәсіптік кешен саласында қызметін жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдинг;

      10) қаржы институттары – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, АӨК саласындағы кредиттік серіктестіктер, микроқаржылық/микрокредиттік ұйымдар, АӨК саласында қызметін жүзеге асыратын лизингтік компаниялар;

      11) қаржылық сауықтыру – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекет тарапынан қолдау кезінде айналым құралдарын толықтыруға, негізгі құралдарды сатып алуға және құрылысқа, технологиялық жабдықты, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға, сондай-ақ жоғарыда аталған мақсаттарға кредит/лизинг алумен байланысты туындаған берешекті қайта қаржыландыруға пайдаланылған қарыз алушылардың кредиттік/кредиторлық міндеттемелерін қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру;

      12) қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссиялар жанындағы субсидиялар қаражатын бөлу жөніндегі жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ауыл шаруашылығы саласындағы жергілікті атқарушы органы;

      13) қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссияның шешімі – қарыз алушыға қатысты қаржылық сауықтыруды мақұлдау/мақұлдамау туралы шешім;

      14) қарыз алушы – ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді және өткізуді қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешен саласында қызметін жүзеге асыратын және кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелері бар АӨК субъектісі;

      15) қорландыру қаражаты – қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелерін кейіннен қайта құрылымдау/қайта қаржыландыру үшін қаржы институты беретін қаржы агентінің тартылған қарыз қаражаты;

      16) пайыздық мөлшерлемені субсидиялау – қарыз алушының кредиттік және/немесе лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы ретінде қаржы институтына төлейтін шығыстарын ішінара өтеу үшін пайдаланылатын АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау нысаны;

      17) субсидиялауға арналған өтінім – қаржы институтының АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру кезінде пайыздық мөлшерлемені төлеуге арналған электрондық өтінімі;

      18) субсидиялауға арналған өтінімдердің электрондық тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – субсидиялауға арналған өтінімдер туралы, сондай-ақ қарыз алушылар, қаржы институттары туралы мәліметтер жиынтығы және субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде көрсетілген өзге де мәліметтер;

      19) субсидиялаудың ақпараттық жүйесі – субсидиялау процестерін орындау бойынша қызметтер көрсетуге арналған, субсидиялау шарттарын өзгертуге арналған өтінімді тіркеуге, сондай-ақ өтінімді субсидиялау шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеру арқылы оны өңдеуге мүмкіндігін беретін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персонал мен техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып, ретке келтірілген жиынтығы;

      20) субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – Интернет желісінде орналасқан, субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне қолжетімділік беретін интернет-ресурс;

      21) технологиялық жабдық – олардың қатысуынсыз толық технологиялық циклдің қамтамасыз етілуі мүмкін болмайтын, тікелей және қосалқы мақсаттағы жабдықтардан тұратын ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және өңдеу жабдығы;

      22) "электрондық үкімет" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополия субъектілерінің желілеріне қосылуға техникалық шарттар беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;

      23) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен құрылған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиістілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық символдар жинағы.

      3. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау 2013-2015 жылдары субсидиялауға арналған өтінімдерін қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссия мақұлдаған, оның ішінде кейінге қалдыру шартымен мақұлдаған қарыз алушыларға қатысты жүзеге асырылады.

      4. Қаржылық сауықтыру 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін пайда болған кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелер бойынша жүзеге асырылады.

      5. Басқа мемлекеттік және/немесе үкіметтік бағдарламалар шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау көрсетілетін шарттарды қоспағанда, қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша шарттар пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға жатады.

      6. Республикалық бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаражаты есебінен қаржыландырылған қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелерін қаржылық сауықтыру қаржыландыру көзін ауыстыру жолымен оларды бюджеттік қаражаттан тыс қаражатпен ауыстырған жағдайда жүзеге асырылады.

      7. Қарыз алушылардың қаржылық берешегін қайта құрылымдау жағдайларын, сондай-ақ жеделдетілген оңалту рәсіміндегі немесе оңалту рәсіміндегі қарыз алушыларды қоспағанда, қарыз алушылардың қызметі ұйымдық-құқықтық нысанды өзгерту, тарату немесе банкротқа ұшырау сатысында тұрмауы тиіс. Бұл ретте, қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссия субсидиялауды тоқтату туралы шешім қабылдаған қарыз алушылар қайтадан қаржылық сауықтыру рәсіміне қатыспайды.

      8. Қаржылық сауықтыру қаржы институттары есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығарған жағдайда жүзеге асырылады, мерзімі өтіп кеткен сыйақыны негізгі борышқа капиталдандыруға қарыз алушының келісімі болған жағдайларды қоспағанда, есептелген мерзімі өтіп кеткен сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,1 %-дан аспайтын жеке кестемен (негізгі борышқа капиталдандырусыз) төлемді бөліп төлеу арқылы жүргізіледі.

      9. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау осы тармақтың 1) және 3) тармақшаларында немесе 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мынадай шарттар бір уақытта сақталған кезде жүзеге асырылады:

      1) қаржы институттарының қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелерін қайтару мерзімін 9 (тоғыз) жылдан аспайтын мерзімге ұлғайтуы;

      2) АӨК субъектілерінің өзге шаруашылық жүргізуші субъектілер алдындағы кредиторлық берешегін қаржы институттарының қайтару мерзімі 9 (тоғыз) жылдан аспайтын кредитіне ауыстыра отырып, қайта қаржыландыру не қосымша келісімдер жасау жолымен бұрын берілген кредиттерді алмастыру;

      3) қарыз алушының кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелерін қайта қаржыландыру/қайта құрылымдау кезінде осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды беру өлшемшарттарын сақтауы, сондай-ақ осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген қаржылық сауықтыруға тараптардың теңдей қатысуын сақтау.

      10. Қарыз алушыларды қаржылық сауықтыруды жүргізген кезде мүдделі тараптар өздеріне мынадай міндеттемелер алады:

      1) қаржы институттары өз қаражаты және қаржы агентінің қатысуынсыз тартылған қаражат есебінен қаржылық сауықтырған жағдайда, осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес қайта құрылымдалатын/қайта қаржыландырылатын кредиттер/лизингтер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығарады және қайта құрылымдалатын кредит бойынша теңгемен жылдық 14 (он төрт) %-дан аспайтын және шетелдік валютада 10 (он) %-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесін белгілейді; кредитті қайтару мерзімін 9 (тоғыз) жылдан аспайтын мерзімге ұзартады не 9 (тоғыз) жылдан аспайтын қайтару мерзімімен, теңгемен жылдық 14 (он төрт) %-дан аспайтын және шетелдік валютада 10 (он) %-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен жаңа кредиттер береді не қосымша келісімдер жасасу жолымен бұрын берілген кредиттерді алмастырады. Бұл ретте, егер, қаржы институтының қарызы бойынша сыйақының мөлшерлемесі жылдық 14 (он төрт) %-ға тең немесе одан төмен болса, онда теңгемен 7 (жеті) %-ын және шетелдік валютада 5 (бес) %-ын мемлекет субсидиялайды, айырмашылықты қарыз алушы төлейді.

      Қаржы институттары қаржы агентінің қатысуымен қорландыру қаражатының есебінен қаржылық сауықтырған жағдайда, осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес қайта құрылымдалатын/қайта қаржыландырылатын кредиттер/лизингтер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығарады және қайта құрылымдалатын кредит бойынша теңгемен жылдық 7 (жеті) %-дан аспайтын және шетелдік валютада 5 (бес) %-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесін белгілейді; кредитті қайтару мерзімін 9 (тоғыз) жылдан аспайтын мерзімге ұзартады не 9 (тоғыз) жылдан аспайтын қайтару мерзімімен теңгемен жылдық 7 (жеті) %-дан аспайтын және шетелдік валютада 5 (бес) %-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен жаңа кредиттер береді, не қосымша келісімдер жасасу жолымен бұрын берілген кредиттерді алмастырады;

      2) қарыз алушылар қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттің негізгі борышын және ол бойынша пайыздарды тұрақты төлеу бойынша барлық шараларды қабылдайды, борышты және ол бойынша пайыздарды толық өтегенге дейін таза табыстың бөлінуін болдырмайды;

      3) қарыз алушылардың меншік иелері қарыз алушылар қаржылық сауықтыру талаптарына сәйкес қаржы институттары алдындағы міндеттемелерін толық өтегенге дейін қатысушылар арасында барлық табысты бөлмеу, қосымша капиталдандыру, инвесторлар тарту, қаржылық сауықтырудың шарттарын орындау бойынша қаржы институттарына толық жәрдемдесу жолымен қолдау көрсетеді.

      11. Қорландыру қаражатын орналастыру жөніндегі сыйақы мөлшерлемесі қорландыру қаражатын қаржы агентінің кейіннен қаржы институттарында орналастыруы үшін, қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссияның шешімі негізінде теңгемен 7 (жеті) %-ын мемлекет субсидиялайтын жылдық 10 (он) %-дан асырылмай және шетелдік валютада 5 (бес) %-ын мемлекет субсидиялайтын жылдық 6 (алты) %-дан асырылмай белгіленеді.

      12. Қорландыру қаражатын қаржы агенті теңгемен жылдық 3 (үш) %-дан және шетелдік валютада жылдық 1 (бір) %-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен қаржы институттарында орналастырады.

      13. Қаржы агентінің қатысуынсыз пайыздық мөлшерлемені субсидиялау оны қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша теңгемен жылдық 7 (жеті) %-ға және шетелдік валютада 5 (бес) %-ға төмендету арқылы жүзеге асырылады.

      14. Қаржы агентінің қатысумен қарыз алушылардың қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік/кредиторлық міндеттемелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау үшін қаражат беру жұмыс органы мен қаржы агенті арасындағы қолданыстағы (жасалған) екіжақты шарт (бұдан әрі – субсидиялау шарты) бойынша жүзеге асырылады.

      15. Қаржы институты 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру жоспарларын жаңартады және жұмыс органына жолдайды.

      Жұмыс органы жаңартылған қаржылық сауықтыру жоспарларын бір ай ішінде қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссияның отырысына шығарады.

      Жаңартылған қаржылық сауықтыру жоспарлары болмаған жағдайда субсидиялау шарттары осы Қағидалар күшіне енген сәттен бастап үш ай өткен соң жұмыс органының шешімімен АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру бағдарламасынан алып тастауға жатады.

      16. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қарыз алушының кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелері бойынша, сондай-ақ шетел валютасына байланыстырылған міндеттемелер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте, субсидиялар сомасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі субсидиялар сомасын аудару күніне белгілеген бағам бойынша теңгемен төленеді. Оң бағамдық айырмашылық пайда болған жағдайда, оны келешек субсидиялар шотына есептейді, ал теріс бағамдық айырмашылық жағдайында оны қарыз алушы төлейді.

      17. Қаржы агентінің қатысуымен субсидиялау жағдайында субсидиялар сомасы қаржы институттарында орналастырылған қорландыру қаражатының жалпы сомасының теңгемен 7 (жеті) %-ы және шетел валютасында орналастырылған соманың жылдық 5 (бес) %-ы мөлшерінде қаржы агентіне беріледі. Бұл ретте субсидия мөлшері қаржы институттарының жыл сайын қорландыру қаражатын қайтаруы ескеріле отырып айқындалады.

      18. Қаржы агентінің қатысуымен субсидиялау жағдайында қорландыру қаражатының көлемі және оларды қайтару мерзімдері негізгі борыш сомасынан және қаржы институттары қайта құрылымдайтын/қайта қаржыландыратын қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелерінің қолданылуы мерзімдерінен аспауы тиіс.

2-тарау. Субсидиялар алу шарттары

      19. Субсидиялар мынадай шарттар сақталған кезде төленеді:

      1) қаржы институтының/қаржы агентінің осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша субсидиялауға арналған өтінімді "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы беруі.

      "Электрондық үкімет" веб-порталы мен субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің ақпараттық өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;

      2) субсидиялауға арналған өтінімнің субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеуі;

      3) деректері субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің "Заңды тұлғалар" немесе "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорларымен ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде расталған қаржы институтында/қаржы агентінде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде жеке шоттарының болуы;

      4) берілген субсидиялауға арналған өтінім бойынша АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру кезінде қолданыстағы (бұзылмаған және тоқтатылмаған) пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау шартының болуы;

      5) қарыз алушыда субсидияланатын қарыз шарты бойынша негізгі борыш және/немесе сыйақы бойынша мерзімі өтіп кеткен (төлемге арналған өтінім беру сәтіне) міндеттемелердің болмауы.

3-тарау. Субсидияларды төлеу тәртібі

      20. Субсидиялау мынадай процестерді қамтиды:

      1) субсидиялауға арналған өтінім беру;

      2) субсидия төлеу;

      3) субсидиялау шартын өзгерту;

      4) субсидиялау шартын тоқтату.

      21. Жұмыс органының шешіміне жұмыс органының бірінші басшысының ЭЦҚ-сы қойылады.

      22. Субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде жеке шот ашу үшін:

      1) субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде өз бетінше тіркелу үшін қаржы институтында/қаржы агентінде ЭЦҚ болуы тиіс;

      2) жұмыс органы, қаржы институты/қаржы агенті ЭЦҚ-сы бар жұмыскерлердің өзекті етілген тізімдерін көрсетілетін қызметтерді жеткізушіге жыл сайын жолдап отырады.

      Субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне қолжетімділік Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) өтеусіз негізде онлайн режимде тұрақты түрде беріледі.

      Министрлік дербес деректерді қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жауапты адамдардың тізімін субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне қолжетімділігі бар көрсетілетін қызметтерді жеткізушіге жыл сайын жолдап отырады.

      23. Қаржы институты/қаржы агенті жеке шоттар ашқан кезде тіркелу үшін мынадай мәліметтерді көрсетеді:

      1) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірі, толық атауы; бірінші басшысының аты, әкесінің аты (бар болса), тегі және жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН);

      2) дара кәсіпкерлер үшін: ЖСН, аты, әкесінің аты (бар болса), тегі;

      3) байланыс деректері (почталық мекенжайы, телефоны, электрондық почта мекенжайы);

      4) екінші деңгейдегі банктің ағымдағы шотының деректемелері.

      Жоғарыда көрсетілген деректері өзгерген кезде қаржы институты/қаржы агенті Жеке кабинетке енгізілген жеке шот деректерін бір жұмыс күні ішінде өзгертеді.

      24. Жеке кабинетте субсидиялауға арналған өтінімді қалыптастыру мен тіркеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) субсидиялаудың ақпараттық жүйесімен тексеру үшін қажетті мәліметтерді енгізе отырып субсидиялауға арналған өтінім қалыптастырылады;

      2) субсидиялауға арналған өтінім оған қаржы институтының/қаржы агентінің ЭЦҚ-ны пайдалана отырып қол қоюы жолымен субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеледі және жұмыс органының Жеке кабинетінде қолжетімді болады. Жұмыс органының электрондық мекенжайына субсидиялауға арналған өтінімнің қарауға келіп түскені туралы электрондық хабарлама жолданады.

      25. Субсидиялау шартында оны жұмыс органының мынадай жағдайларда біржақты бұзу құқықтары көзделеді:

      1) қарыз шарты бойынша қаражаттың мақсатты пайдаланылмауы;

      2) қаржылық сауықтыру бағдарламасына қатысуға мақұлданғаннан кейін заңды күшіне енген сот шешімі бойынша қарыз алушының шоттарына тыйым салынуы;

      3) қарыз алушының негізгі борышты және/немесе сыйақыны өтеу бойынша күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен артық мерзімі өткен міндеттемелерінің болуы;

      4) қарыз алушының қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік шарт бойынша қаржы институты алдындағы міндеттемелерін толық өтеуі. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды тоқтату күні болып қарыз алушының қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік шарт бойынша қаржы институты алдындағы міндеттемелерін толық өтеу күні саналады;

      5) қарыз алушының субсидиялауды тоқтату туралы бастамасы (жазбаша өтініші);

      6) қаржы агентінің субсидиялауды тоқтату туралы бастамасы (жазбаша өтініші);

      7) қарыз алушының АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру жоспарын 2 (екі) жыл ішінде орындамауы.

      26. Жұмыс органы субсидиялауға арналған өтінімді тіркеген сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде ЭЦҚ-ны пайдалана отырып қол қою жолымен оның қабылдануын растайды. Осы хабарлама өз бетінше тіркелген жағдайда субсидиялаудың ақпараттық жүйесіндегі қаржы институтының/қаржы агентінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады.

      27. Жұмыс органы осы Қағидалардың 26-тармағына сәйкес субсидиялауға арналған өтінім берілген күннен кейін екі жұмыс күні ішінде Қаржыландыру жоспарына сәйкес "Қазынашылық-Клиент" ақпараттық жүйесіне жүктелетін субсидиялар төлеуге арналған төлем тапсырмаларын субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде қалыптастырады.

      Субсидиялар көлемі Қаржыландыру жоспарында тиісті айға көзделген бюджет қаражатының көлемінен асатын субсидиялауға арналған өтінімдер бойынша субсидияларды төлеу субсидиялауға арналған өтінім берілген сәттен бастап кезектілік тәртібімен келесі айда жүзеге асырылады.

      28. Кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау қаражатын аудару қарыз алушы мен қаржы институты қол қоятын қайта құрылымдау/қайта қаржыландыру міндеттемелері туралы шарт жасалған күннен басталады. Субсидиялау қаражатын төлеу субсидиялау шарты жасалған сәттен бастап тиісті бюджеттік бағдарлама бойынша көзделген қаражат есебінен және шегінде оның қолданылу мерзімінің соңына дейін жүзеге асырылады. Бұл ретте субсидиялауға арналған қаражатты бөлу бұрын жасалған субсидиялау шарттарын есепке ала отырып жүзеге асырылады.

      29. Егер жұмыс органы төлем тапсырмаларын қалыптастырған сәтке дейін тіркелген субсидиялауға арналған өтінімде деректер сәйкессіздігінің болуы анықталса, қарыз алушы кері қайтару себептерін көрсете отырып, субсидиялауға арналған өтінімді кері қайтаруға құқылы.

      30. Қаржы институты/қаржы агенті жасалған субсидиялау шарттары бойынша субсидиялар сомаларын жұмыс органының аударуы үшін арнайы банктік шот ашады, ал мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда қызмет көрсетуші банкте арнайы шот ашады.

      31. Қаржы институты/қаржы агенті арнайы банктік шоттағы қаражатты тек қарыз шарты бойынша қарыз алушыға пайыздық мөлшерлеменің субсидияланатын бөлігін төлеуге пайдаланады.

      32. Қаржы институты қарыз алушыдан пайыздық мөлшерлемесінің субсидияланбайтын бөлігін алған кезде қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік шартқа өтеу графигіне сәйкес пайыздық мөлшерлеменің субсидияланатын бөлігін арнайы банктік шоттан есептен шығаруды жүзеге асырады.

      33. Қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік шарт бойынша төлем күні келген және қаржы институтының арнайы банктік шотында пайыздық мөлшерлеменің субсидияланатын бөлігін төлеу үшін қаражат болмаған жағдайда, қарыз алушы пайыздық сыйақының толық мөлшерлемесін төлеуді өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Қаржы институты төлем күні болғанға дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күні бұрын қарыз алушыны толық сыйақы мөлшерлемесін өз қаражаты есебінен төлеу қажеттілігі туралы субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде хабардар етеді. Жұмыс органы пайыздық мөлшерлеменің субсидияланатын бөлігін қаржы институтының арнайы банктік шотына қаражат аудару арқылы өтейді. Мұндай жағдайда қаржы институты қарыз алушының есептік шотына субсидияланатын пайыздық мөлшерлемені аудару арқылы қарыз алушыға бұрын төленген пайыздық мөлшерлеменің субсидияланатын бөлігін өтеуді жүзеге асырады.

      34. Жұмыс органы жасалған субсидиялау шарттарына сәйкес жиынтық соманы субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде ай сайын қалыптастырады және пайыздық мөлшерлеменің субсидияланатын бөлігін қаржы институтының арнайы банктік шотына ай сайын аванстық төлеммен, кезекті субсидияларды төлеу жүргізілуі тиіс айдың алдындағы айда аударады.

      35. Жұмыс органы субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде қаржы институтынан қолданыстағы субсидиялау шартының талаптарын өзгерту туралы хабарлама алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде:

      1) субсидиялау шартының өзгертілген талаптарының осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады;

      2) ұсынылатын өзгерістер осы Қағидалардың шарттарына сәйкес болған жағдайда, субсидиялау шартына өзгеріс енгізу бойынша шешім қабылдап, оны рәсімдейді және бұл туралы қаржы институтын хабардар етеді.

      Қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік шарттар бойынша талаптар өзгертілген жағдайда қаржы институты ақпараттық жүйелерде бар, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға қарыз алушының келісімін алады.

      36. Арнайы шотта пайдаланылмаған қаражат қалдығы пайда болған жағдайда оларды:

      1) қарыз алушы бағдарламадан алынып тасталған кезде, қаржы институты жұмыс органы шешім қабылдағаннан кейін бір ай ішінде;

      2) қолданыстағы қарыз шартының талаптары өзгерген, сондай-ақ негізгі берешегі мерзімінен бұрын өтелген жағдайда, қаржы институты тоқсан сайынғы есептілікті ұсынғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде;

      3) қарыз алушы негізгі борышының және/немесе сыйақының жоспарлы төлемін өтеу бойынша міндеттемелерін қатарынан күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен артық мерзімде орындамаған кезде жұмыс органынан қарыз алушыны субсидиялауды тоқтату туралы ақпарат алынған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қайтару қамтамасыз етіледі.

      Бұл ретте, ағымдағы қаржы жылы жүргізілген төлемдерді қайтару орындалмаған міндеттемелердің сомасын ұлғайту және шығыстардың бюджеттік сыныптауышының тиісті кодтары бойынша кассалық шығыстарды азайту жолымен жұмыс органының кассалық шығыстарын қалпына келтіру арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылдардың төлемдерін қайтарған жағдайда, қайтарылатын сома төлемдер жүргізілген тиісті бюджеттің кірісіне есептеледі.

      37. Қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік және лизингтік шарттар бойынша талаптарды (сыйақы мөлшерлемесі, төлеу мерзімі, негізгі борышты және/немесе сыйақыны төлеудің мерзімін ұзарту) жылына бір рет қана өзгертуге болады. Бұл ретте, қайта құрылымданған/қайта қаржыландырылған кредиттік және лизингтік шарттардың қолданыс мерзімдері өзгертілген (ұзартылған) жағдайда субсидиялар мерзімдері ұзартылмайды, сондай-ақ сыйақыны негізгі борышқа капиталдандыруға жол берілмейді.

      Қаржы институты/қаржы агенті субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде қабылданған қаржыландыру шарттарын өзгерту жөніндегі шешімнің көшірмесін, негізгі борышты, сыйақыны және субсидиялар көлемін өтеудің жаңартылған графигін қоса бере отырып, бұл туралы жұмыс органын хабардар етеді.

      38. Қарыз алушыны субсидиялаудың жаңартылған графигімен бірге субсидиялау шартына қосымша келісім жұмыс органы шешімінің негізінде субсидиялау шартына өзгерістер енгізу жөніндегі оң шешім туралы жұмыс органының хабарламасын қаржы институты алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаржы институты/қаржы агенті мен жұмыс органы арасында жасалады.

      Бұл ретте, субсидиялау шартын өзгертуге қаржы институты тиісті қарыз шартын өзгертуді қарыз алушымен келісім бойынша (біржақты тәртіппен емес) жүргізген жағдайда жол беріледі.

      39. Қаржы институты қолданыстағы қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік шарттың талаптарын (пайыздық мөлшерлеме, сыйақыны төлеу мерзімі, негізгі борышты және/немесе сыйақыны төлеудің мерзімін ұзарту) өзгерткен жағдайда, қаржы институты күнтізбелік 10 (он) күн ішінде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде оларды жұмыс органына беру үшін қаржыландыру шарттарын өзгерту жөнінде қабылданған шешімнің көшірмесін, негізгі борышты және сыйақыны өтеудің жаңартылған графигін қамтитын құжаттар топтамасымен бірге хабарлама жолдайды.

      40. Осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген және жұмыс органы теріс шешім қабылдаған жағдайда, қолданыстағы қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік шарт талаптары өзгеріссіз қалады.

      Қарыз алушы қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік шарт бойынша негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, қаржы институты есептелген сыйақы фактісі бойынша есептелген субсидияларды есепке қосуды жүргізеді.

      Оң шешім қабылдаған жағдайда, жұмыс органы 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 35-тармағының талаптарын сақтай отырып, қаржы агентінің қатысуынсыз субсидиялау шартына тиісті өзгерістер енгізеді.

      41. Қаржы институты қолданыстағы қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/лизингтік шарттың талаптарын өзгертуді жоспарлаған жағдайда (негізгі борыштың барлық сомасын немесе оның бір бөлігін төлеу бойынша мерзімді ұзарту), ол 5 (бес) жұмыс күні ішінде бұл туралы қаржы агентіне жазбаша хабарлайды.

      Қаржы агенті хабарламаны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаржы институтына негізгі борышты немесе оның бір бөлігін өтеу графигін өзгертуге келісім беру немесе келісім бермеу туралы хат жолдайды.

      Қаржы институты қаржы агенті хатының негізінде келесі іс-шаралардың бірін жүргізеді:

      1) қаржы агенті негізгі борыштың барлық сомасын немесе оның бір бөлігін өтеу графигін өзгертуге келісім берген жағдайда, субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде жұмыс органына қабылданған қаржыландырудың шарттарын өзгерту жөніндегі шешімнің көшірмесін, негізгі борышты өтеудің жаңартылған графигін және қаржы агентінің хатын қамтитын құжаттар топтамасымен бірге хабарлама жолдайды;

      2) қаржы агенті негізгі борышты немесе оның бір бөлігін өтеу графигін өзгертуге келісім бермеген жағдайда, субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде қарыз алушыға қорландыру қаражатын қатыстырмай қаржылық сауықтыру шараларын әрі қарай қолдану мүмкіндігін қарастыруға қатысты құжаттар топтамасымен бірге хабарлама жолдайды.

      42. Қаржы агентінің келісім беру туралы хаты болған және осы Қағидалардың шарттарына сәйкес келген жағдайда, жұмыс органы 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 34-тармағының шарттарын сақтай отырып, қаржы агентін субсидиялау шартына тиісті өзгерістер енгізеді.

      Қаржы агенті келіспеген жағдайда, жұмыс органы 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаржы агентін субсидиялау шартын бұзады және осы Қағидалардың 10 және 34-тармақтарының шарттарын сақтай отырып, қаржы агентінің қатысуынсыз субсидиялау шартын жасасады.

      43. Қаржы институты субсидиялау шартына қол қойылғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде қаржы агентіне қорландыру қаражатын қайтарады.

      Пайдаланылмаған қаражат қалдығын қаржы агенті осы Қағидалардың 36-тармағына сәйкес қайтарады.

      44. Қаржы институты/қаржы агенті субсидиялау шартын жұмыс органының біржақты бұзуы үшін негіз болып табылатын оқиғаның болғаны туралы оған белгілі болған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде жұмыс органын осындай оқиға туралы хабардар етуі қажет.

      Жұмыс органы қаржы институтынан/қаржы агентінен хабарлама алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде субсидиялау шартын тоқтатуға шешім қабылдап, оны ресімдейді және бұл туралы қаржы институтын/қаржы агентін хабардар етеді.

      Қаржы институты/қаржы агенті жұмыс органының тиісті шешімі туралы хабарлама алған күннен бастап субсидиялау шарты бұзылды деп есептеледі.

      45. Қарыз алушыға субсидия беруден бас тарту "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-1-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.

  Агроөнеркәсіптік кешен
субъектілерін қаржылық
сауықтыру жөніндегі бағыт
шеңберінде кредиттік және
лизингтік міндеттемелер
бойынша пайыздық
мөлшерлемені субсидиялау
қағидаларына
қосымша
  Нысан

Субсидиялауға арналған өтінім

      20__ жылғы "____" __________

      Осымен, қаржы институты/қаржы агенті _______________________________________

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      бюджеттік бағдарламасы шеңберінде _________________________ облысының (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) ауыл шаруашылығы басқармасынан 20___ жылғы "____"_________ №________ субсидиялау шартына сәйкес ____________ кезең үшін республикалық бюджеттен қаржы институтының/қаржы агентінің № __________ шотына ______________ теңге сомасында қаражат аударуды сұрайды.

      Өтінім беруші 20__ жылғы "__" __________ сағат 00:00-де қол қойып, жіберді:

      ЭЦҚ-дан алынған деректер

      ЭЦҚ қою күні мен уақыты

      Өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама:

      Басқарма 20__ жылғы "__" __________ сағат 00:00-де қабылдады:

      ЭЦҚ-дан алынған деректер

      ЭЦҚ қою күні мен уақыты

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2016 жылғы 5 мамырдағы
№ 205 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің күші
жойылған бұйрықтарының тізбесі

      1. "Агро өнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 9-1/320 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10763 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 8 мамырда жарияланған).

      2. "Агро өнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 9-1/320 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 24 тамыздағы № 9-1/760 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12301 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 24 қарашада жарияланған).

      3. "Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 9-1/320 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 желтоқсандағы № 9-1/1099 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12451 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 22 желтоқсанда жарияланған).