Көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекіту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 9 ақпандағы № 51 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 наурызда № 13549 болып тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрыққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Энергетика министрінің 28.05.2018 № 215 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 6-бабының 27) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекіту қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін бес күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
В. Школьник

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ________________Ә. Исекешев

      11 ақпан 2016 жыл

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ________________Қ. Қасымов

      18 ақпан 2016 жыл

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________Е. Досаев

      27 ақпан 2016 жыл



  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2016 жылғы 9 ақпандағы
№ 51 бұйрығымен бекітілген

Көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекіту
қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 6-бабының 27) тармақшасына сәйкес әзірленді және көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекіту тәртібін айқындайды.

2. Көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекіту
тәртібі

      2. Көліктік қаптама комплектілерінің конструкциясын (бұдан әрі - КҚК) бекіту, сонымен қатар, оларға басқа елдердің уәкілетті органдары бекіткен сертификат-рұқсаттаманың қолданылуын Қазақстан Республикасының аумағына тарату (бұдан әрі – сертификат-рұқсаттаманың қолданылуын тарату) үшін жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – өтініш беруші) мынадай құжаттарды уәкілетті органға:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша КҚК конструкциясын бекітуге немесе оларға басқа елдердің уәкілетті органдары бекіткен сертификат-рұқсаттаманың қолданылуын Қазақстан Республикасының аумағына таратуға арналған өтінімді;

      2) КҚК конструкциясын бекіту үшін осы Қағидаларға

      2-қосымшаға сәйкес құжаттар тізбесін;

      3) басқа елдердің уәкілетті органдары бекіткен КҚК-нің конструкциясына сертификат-рұқсаттаманың қолданылуын Қазақстан Республикасының аумағына тарату үшін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес құжаттар тізбесін жібереді.

      3. Атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды алған сәттен бастап екі жұмыс күнінің ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық емес фактісі анықталған жағдайда уәкілетті орган көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан жазбаша дәлелді бас тарту береді. Құжаттардың толықтығын қарау мерзімі өткен жағдайда құжаттардың толық емес топтамасы өтінішті қараудан бас тарту үшін негіз болмайды.

      4. Осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау қорытындысы бойынша уәкілетті орган өтініш берген күнінен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ҚҚК конструкциясын бекітеді немесе сертификат-рұқсаттаманың қолданылуын таратады не өтініш берушіге жазбаша дәлелді бас тарту жібереді.

      ҚҚК конструкциясын бекіту немесе сертификат-рұқсаттаманың қолданылуын тарту туралы шешім уәкілетті органның бұйрығымен рәсімделеді.

      5. Бас тарту үшін негіз:

      1) ұсынылған құжаттарда дәйексіз ақпараттың болуы;

      2) құжаттардың Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгілінген талаптарға сәйкес келмеуі болып табылады.

      6. ҚҚК конструкциясын бекітуден, сондай-ақ сертификат-рұқсаттамалардың қолданылуын таратудан бас тарту туралы шешімге "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес шағым берілуі мүмкін.

      7. Уәкілетті органның ҚҚК конструкциясын бекіту туралы шешімі 5 жылдан көп емес мерзімде әрекет етеді.

      8. Уәкілетті органның сертификат-рұқсаттамалардың қолданылуын тарату туралы шешімі сертификат-рұқсаттаманың түпнұсқасында көрсетілген мерзімде әрекет етеді.

      9. ҚҚК конструкциясын бекіту немесе сертификат-рұқсаттамалардың қолданылуын тарату кезінде уәкілетті органның тиісті бұйрығының көшірмесі өтініш берушіге және теміржол, автомобиль, ішкі су көлігі, сауда мақсатында теңізде жүзу, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына жіберіледі.

      10. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген жағдайларда, егер уәкілетті орган ҚҚК конструкциясын бекітпесе немесе сертификат-рұқсаттамалардың қолданылуын таратпаса не өтініш берушіге белгіленген мерзімде жазбаша дәлелді бас тартуды жібермесе, онда ҚҚК конструкциясын бекіту немесе сертификат-рұқсаттамалардың қолданылуын тарату туралы шешімді өтініш беруші алған болып есептеледі.

      Бұл жағдайда уәкілетті орган ҚҚК конструкциясын бекітуі немесе сертификат-рұқсаттамалардың қолданылуын тарату үшін белгіленген мерзім өткен соң бес күнтізбелік күннің ішінде ҚҚК конструкциясын бекітеді немесе сертификат-рұқсаттамалардың қолданылуын таратады.

      11. ҚҚК конструкциясын бекіту немесе сертификат-рұқсаттамалардың қолданылуын тарату туралы бұйрықтын көшірмесі жоғалған немесе бүлінген жағдайда өтініш беруші тиісті бұйрықтың көшірмесін беру туралы уәкілетті органға жүгінеді.

      Уәкілетті орган жүгінген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті бұйрықтың көшірмесін өтініш берушіге жібереді.

  Көліктік қаптама комплектілерінің
конструкцияларын бекіту қағидаларына
1-қосымша

Өтінім

      Кімге ____________________________

      (уәкілетті органның атауы)

      Кімнен ___________________________

      (Т.А.Ә/ұйымның атауы)

      Сіздерден ____________ (толық атауы) көліктік қаптама

      комплектілерінің конструкциясын бекітуді / немесе ___________________

      (сертификат-рұқсаттаманы берген орган көрсетіледі)

      сертификат-рұқсаттаманың қолданылуын Қазақстан Республикасы аумағына

      20__ жылғы "__" ________ дейінгі мерзімде таратуды сұраймын.

      Жеке тұлғаның/ұйымның мекенжайы _____________________________________

      _____________________________________________________________________

      Телефон, факс, электрондық пошта ____________________________________

      _____________________________________________________________________

      Осы өтінімге мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1. ____________________________________________________________

      2. ____________________________________________________________

      3. ___________________________________________________________

      Жеке тұлға/ұйым басшысы _______________________ __________

      (Т.А.Ә.) (қолы)

      Мөрдің орны Толтырылған күні 20__ жылғы "___"__________

      (бар болса)

  Көліктік қаптама комплектілерінің
конструкцияларын бекіту қағидаларына
2-қосымша

КҚК конструкциясын бекітуге арналған құжаттар тізбесі

      1. Уәкілетті органның "Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, иондаушы сәуле шығарудың радиоизотоптық көздерін, радиоактивті қалдықтарды транзиттiк тасымалдауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде тасымалдау" қызмет түріне арналған лицензиясының көшірмесі;

      2. B (U) типіне, С типіне және уран гексофторидіне КҚК конструкциясын бекіту үшін:

      1) болжамды радиоактивті ішіндегі, оның физикалық және химиялық құрамын және сәулелену сипатын көрсете отырып, толық сипаттамасы;

      2) инженерлік-техникалық құжаттаманың (сызбалардың) толық жинағын, пайдаланылатын материалдардың тізбесін және дайындау әдістерін қоса алғанда, КҚК конструкциясының толық сипаттамасы;

      3) жүргізілген сынақтар және олардың нәтижелері туралы акт;

      4) КҚК пайдалану және оны пайдаланған уақытта қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықтар;

      5) егер ҚҚК 100 кПа-ға тең манометрлік қысымнан асып түсетін ең жоғарғы деңгейдегі қалыпты жұмыс қысымына есептелген болса, қорғауыш қабықша жүйесінің конструкциялық материалдарының, таңдап алуы жоспарланған сынамалардың және ұсынылған сынақтардың толық сипаттамасы;

      6) егер болжауы радиоактивті ішіндегі сәулеленген отын болса, онда қауіпсіздікті талдау кезінде жасалған отынның сипаттамасына қатысты кез келген жорамалдың дәйектемесі және шығарған елдің талаптарына сәйкес талап етілетін тасымал алдындағы кез келген өлшеулердің сипаттамасы;

      7) көліктің әралуан түрлерін және тасымалдайтын құралдардың немесе жүк контейнерінің типін пайдалануды ескере отырып, КҚК-ден жылуды қауіпсіз бұрып әкету үшін қажет салудың кез келген арнайы шарттарын сипаттауды;

      8) КҚК құрастыруын суретпен сипаттаушы өлшемі 21 см х 30 см артық емес нақты көшірмесін алуға жарайтын кескінделген бейнелемені;

      9) КҚК-нің ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздігі сараптамасының нәтижелері ұсынылады;

      3. B (М) типіне КҚК конструкциясын бекіту үшін осы қосымшаның

      2-тармағында талап етілетін мәліметтерден бөлек:

      1) тасымалдау кезінде қолданылуға жататын, қаптаманың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін немесе кемшіліктердің орнын толтыру үшін талап етілетін пайдалануды бақылаудың ұсынылған кез келген қосымша шаралары туралы мәліметтерді;

      2) көліктің түрі жайында кез келген шектеулер туралы және жүк тиеудің, тасымалдаудың, түсірудің немесе өңдеудің кез келген арнайы рәсімдері туралы мәліметтерді;

      3) тасымалдау кезінде күтілетін және конструкцияда ескерілген сыртқы орта жағдайлары (температура, күн инсоляциясы) ауқымының сипаттама құжатын ұсыну қажет.

  Көліктік қаптама комплектілерінің
конструкцияларын бекіту қағидаларына
3-қосымша

Басқа елдердің уәкілетті органдары бекіткен КҚК
конструкцияларына сертификат-рұқсаттаманың қолданылуын
Қазақстан Республикасы аумағына таратуға арналған құжаттар
тізбесі

      1. Уәкілетті органның "Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, иондаушы сәуле шығарудың радиоизотоптық көздерін, радиоактивті қалдықтарды транзиттік тасымалдауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы аумағының шегінде тасымалдау" қызмет түріне арналған мемлекеттік лицензиясының көшірмесі;

      2. Басқа елдердің уәкілетті органдары бекіткен КҚК конструкциясына сертификат-рұқсаттаманың есепке алынған көшірмесі;

      3. КҚК тасымалдау кезіндегі радиациялық қорғау бағдарламасының толық сипаттамасы.