"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1005 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімдік баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Денсаулық сақтау және | |
әлеуметтік даму министрі | Т. Дүйсенова |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 8 ақпандағы № 95 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек көрсетуді
ұйымдастыру стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында психиатриялық көмекті ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1005 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметткі даму министрілігі туралы ереженің 16-тармағы 9) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Осы Стандарт амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын деңгейлерде психикалық аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптарды белгілейді.
3. Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек көрсететін ұйымдардың штаттары "Денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 6173 болып тіркелген) бекітілген үлгі штаттары мен штат нормативтеріне сәйкес белгіленеді.
4. Осы Стандартта пайдаланылатын анықтамалар:
1) динамикалық байқау – халық денсаулығының жай-күйін жүйелі түрде байқау, сондай-ақ осы байқаудың нәтижелері бойынша қажетті медициналық көмек көрсету;
2) медициналық куәландыру – жеке тұлғаны онда ауруының болу немесе болмау фактісін анықтау немесе растау, оның денсаулық жағдайын, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздығын, кәсіптік және өзге де жарамдылығын айқындау мақсатында зерттеп-қарау;
3) медициналық-әлеуметтік көмек (бұдан әрі – МӘК) – Кодекстің 43-бабының 2-тармақшасына сәйкес әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға ұсынылатын медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмек;
4) медициналық-әлеуметтік оңалту – жұмысқа араластыруға, отбасылық және қоғамдық өмірге қатыстыруға арналған медициналық, әлеуметтік және еңбек іс-шараларын кешенді пайдалану арқылы науқастар мен мүгедектердің денсаулығын қалпына келтіру;
5) психиатриялық ұйым – негізгі қызметі психикалық бұзылулардан (аурулардан) зардап шегетін адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету, сараптама жүргізу (әскери-дәрігерлік, сот-психиатриялық, уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы), консультациялық психиатриялық, психотерапиялық және медициналық-психологиялық көмек көрсету болып табылатын медициналық денсаулық сақтау ұйымы;
6) профилактика – аурулардың пайда болуының, олардың ерте сатыда өршуінің алдын алуға және орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің бүлінулерін байқауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;
7) пациент – медициналық қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға;
8) психикалық бұзылулар (ауру) – адамның бас миы жұмысының бұзылуына байланысты психикалық қызметінің бұзылуы.
2. Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек
көрсететін ұйымдар қызметінің негізгі бағыттары
5. Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың негізгі мақсаттары, міндеттері, түрлері мен құрылымы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 15 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6776 болып тіркелген) бекітілген Психиатриялық ұйымдардың қызметі туралы ережемен айқындалып, регламенттелген.
6. Психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар пациенттерге медициналық және әлеуметтік көмек көрсететін мамандар:
1) психиатриялық ұйымның штаттағы қызметкерлері – мынадай мамандықтар бойынша дәрігерлері: психиатрия (наркология, психотерапия, сексопатология, медициналық психология, сот-психиатриялық сараптама, сот-наркологиялық сараптама), балалар психиатриясы (наркология, медициналық психология, сот-психиатриялық сараптама, сот-наркологиялық сараптама);
2) мейіргерлер;
3) әлеуметтік қызметкерлер.
3. Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек
көрсетуді ұйымдастыру
7. Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек көрсету мынадай нысандар бойынша жүзеге асырылады:
1) амбулаториялық-емханалық көмек, оның ішінде консультациялық-диагностикалық көмек;
2) стационарлық көмек;
3) стационарды алмастыратын көмек;
4) жедел медициналық жәрдем.
8. Амбулаториялық психиатриялық көмек мыналарды қамтиды:
1) психиатрдың консультациясына пациенттен (немесе оның заңды өкілінен) жазбаша келісім алу және ем қабылдау;
2) пациенттің жағдайын анықтау және диагноз қою мақсатында психиатр дәрігердің қарап-тексеруі;
3) диагнозды анықтау мақсатында пациенттерді эксперименталдық-психологиялық, логопедтік, зертханалық және аспаптық қарап-тексеру;
4) пациенттерді анықтау және емдеуге жатқызуға жіберу;
5) пациенттерді (көрсетілімдері бойынша) ресімдеу және консультациялық байқауды жүзеге асыру;
6) пациенттерді топтар бойынша ресімдеу, стратификаттау және (көрсетілімдері бойынша) динамикалық байқауды жүзеге асыру.
9. Психикалық бұзылулардан (аурулардан) зардап шегетін пациенттерді динамикалық (диспансерлік) байқау топтары осы Стандартқа қосымшаға сәйкес анықталады.
10. Психикалық бұзылулары (аурулары) бар пациенттерге стационарлық көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 761 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12204 болып тіркелген) Стационарлық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
11. Стационарлық психиатриялық көмек мыналарды қамтиды:
1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қазандағы № 907 бұйрығымен (бұдан әрі – № 907 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізіліміне № 6697 болып тіркелген) бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарына сәйкес белгіленген медициналық құжаттаманы рәсімдеу;
2) емді таңдау және жүргізу клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі;
3) психиатр дәрігердің алғашқы күнтізбелік 10 күн бойы күнделікті, одан кейін – аптасына 2 рет қарап-тексеруі, емді түзетуі (қажет болған жағдайда);
4) клиникалық хаттамаларға сәйкес бейінді мамандардың консультациялар, клиникалық-зертханалық, психологиялық-эксперименталдық, зертханалық-эксперименталдық зерттеп-қарау әдістерін жүргізуі.
12. Психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар пациенттерге стационарды алмастыратын көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 17 шілдедегі № 669 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 12106 болып тіркелген) бекітілген Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
13. Психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар пациенттерге стационарды алмастыратын көмек мыналарды қамтиды:
1) ем қабылдауға пациенттің (немесе оның заңды өкілінің) жазбаша келісімін алу;
2) пациенттің психикалық статусын анықтау және диагнозын белгілеу мақсатында психиатр дәрігердің (клиникалық-психопатологиялық әдісті пайдалана отырып) қарап-тексеруі;
3) кәсіби жарамдылық, оқыту, (қажеттілігіне қарай) қызметтің өзге де түрлері мәселелерін шешу үшін медициналық-әлеуметтік оңалту шараларын әзірлеу мақсатында пациенттерді эксперименталдық-психологиялық, логопедтік, зертханалық, клиникалық-аспаптық зерттеп-қарау;
4) клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізу;
5) комплайенсті – пациенттің дәрігер ұсынымдарын ұстануын және оның микроәлеуметтік ортасын нығайту;
6) № 907 бұйрықпен бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарына сәйкес медициналық құжаттаманы рәсімдеу.
14. Стационарды алмастыратын психиатриялық көмек, психикалық және мінез-құлық бұзылуларының күшеюі профилактикасын және (немесе) терапиясын және (немесе) декомпенсациясын тәулік бойы байқауды талап етпейтін жағдайда пациенттің (немесе оның заңды өкілінің) жазбаша келісімінің негізінде көрсетіледі.
15. Жедел медициналық көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 269 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 11263 болып тіркелген) бекітілген Жедел медициналық көмек көрсету және санитариялық авиация нысанында медициналық көмекті ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
16. Психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар пациенттер үшін санаториялық-курорттық ұйымдарда медициналық оңалту қарсы көрсетілген.
17. Психикалық бұзылулардан (аурулардан) зардап шегетін пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 4 қарашадағы № 786 бұйрығымен бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7306 болып тіркелген).
4. Психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар пациенттерге
МӘК көрсетуді ұйымдастыру
18. Психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар пациенттерге медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаттары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 285 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11226 болып тіркелген) бекітілген Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға ұсынылатын медициналық-әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына сәйкес регламенттеледі.
19. Психикалық бұзылулары (аурулары) бар пациенттерге МӘК-ті психиатриялық ұйымның және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының штаттағы психотерапевт дәрігерлері, психологтары, әлеуметтік қызметкерлері және мейіргерлері көрсетеді.
20. МӘК көрсету пациенттің психиатриялық ұйымға жүгінген сәтінен басталады.
21. МӘК көрсету әлеуметтік-медициналық және әлеуметтік-психологиялық қызмет түрінде жүзеге асырылады.
22. Әлеуметтік-еңбектік оңалту емдік-еңбек шеберханаларында (бұдан әрі – ЕЕШ) жүргізіледі, онда ЕЕШ-тің психиатр дәрігерлері ем жүргізеді, ал ЕЕШ-тің қызмет көрсететін орта медицина қызметкерлері дәрігерлердің тағайындамасы бойынша дәрілік заттарды береді және пайдаланылған дәрілік заттарды есептен шығарады.
23. Стационарлық емдеудегі және ЕЕШ-те еңбек терапиясынан өтіп жатқан пациенттер дәрі-дәрмектік емді және тамақты стационардың тиісті бөлімшелерінде жалпы негіздерде алады.
24. ЕЕШ-те еңбек терапиясының курсы аяқталғаннан кейін пациенттерді жұмысқа орналастыруға және кәсіпорындарда немесе әлеуметтік қамтамасыз етілетін мекемелерде олардың жаңа кәсіпті меңгеруіне көмек көрсетіледі.
25. ЕЕШ-те еңбек терапиясынан өтіп жатқан әрбір пациентке медициналық тағайындамалар, ұсынылатын еңбек түрлері, еңбек терапиясының бағасы көрсетілген еңбек терапиясының есеп картасы ашылады, ол пациент еңбек терапиясы курсын аяқтағаннан кейін психиатриялық ұйымға беріледі.
26. Стационарлық емдегі пациенттерді ЕЕШ-ке еңбек терапиясына жіберуді емдеуші дәрігер жүзеге асырады. Психоневрологиялық диспансерлерде емдеуші дәрігер медициналық көрсетілімдерге сәйкес пациенттерді ЕЕШ-ке жіберу үшін оларға алдын ала іріктеу жүргізеді.
27. Түпкілікті анықтау және диспансерлік байқаудағы пациенттерді ЕЕШ-ке жіберуді, құрамында психиатриялық ұйымның бірінші басшысы, емдеуші дәрігер мен ЕЕШ-тің психиатр дәрігері бар комиссия жүзеге асырады.
28. ЕЕШ-ке денсаулық жағдайы бойынша еңбек терапиясын жүргізуге болмайтын пациенттер, сондай-ақ:
1) сексуалды алымсақтыққа бейім, бейәлеуметтік мінезі бар психопаттар, жалақорлар;
2) нашақорлар, алкоголиктер;
3) ауыр соматикалық немесе инфекциялық аурулармен ауыратын психикалық науқастар жіберілмейді.
29. Жиі құрысу талмасы бар және есінің ұзақ күңгірт күйдегі, тез қозатын және сексуалды алымсақтыққа бейім, мінез-құлқы бұзылған пациенттер үшін және соған байланысты ЕЕШ ұжымындағы шыдамсыз пациенттер үшін еңбек процестері үйде ұйымдастырылады.
30. Пациенттердің ЕЕШ-те еңбек терапиясынан өту мерзімі тек медициналық көрсетілімдерге байланысты анықталады. Әрбір алты ай сайын психиатриялық ұйымның бірінші басшысы ЕЕШ психиатр дәрігерімен бірлесіп науқасты ЕЕШ-те еңбек арқылы емдеуді жалғастырудың орындылығы туралы мәселені шешеді.
5. Психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар пациенттерге
күндізгі стационарда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру
31. Күндізгі стационарда (бұдан әрі – КС) күшейген немесе психикалық күйдің декомпенсациясы бар, белсенді терапияны, күнделікті дәрігердің байқауын қажет ететін және міндетті емдеуге жатқызуды, оларға емдеу-қалпына келтіру іс-шараларының ауқымды кешенін жүргізуді талап етпейтін пациенттерге емдеу ұйымдастырылады.
32. КС-те психиатриялық стационарда негізгі емдеу курсын алған, жартылай стационарлық күйге ауысатын және қарапайым өмір сүру ортасына біртіндеп бейімделуді қажет ететін пациенттерге толық емделу ұйымдастырылады.
33. КС-те, оның ішінде еңбек және әскери-дәрігерлік сараптама мәселелерін шешу мақсатында диагнозды және жағдайдың ерекшеліктерін нақтылау жүргізіледі. Сараптамалық мәселелерді шешуді құрамында кемінде үш дәрігер бар комиссия жүзеге асырады.
34. КС-те учаскелік психиатр дәрігермен бірлесіп, КС-те емделіп жатқан психикалық науқастарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіледі.
35. КС-ке мыналар қабылданады:
1) белсенді емдеуді қажет ететін, психиатриялық стационарға міндетті емдеуге жатқызуды талап етпейтін, сонымен қатар мінез-құлықтың реттілігін және емдеуде оң нұсқауды сақтайтын пациенттер;
2) егер дәрігердің күнделікті байқауы талап етілсе, қолдаушы терапияны түзетуді қажет ететін пациенттер;
3) шекті жағдайлар шеңберінде психопатологиялық бұзылулардың асқынуы немесе компенсациясы бар пациенттер;
4) психикалық аурулардың бастапқы немесе диагностикалау, сондай-ақ рецидивті профилактикалау мақсатында оның күшеюі сатысындағы пациенттер;
5) егер психиатриялық диагнозды белгілеу КС жағдайында жүзеге асырылса, белгісіз диагноз жағдайларындағы пациенттер.
36. КС-ке қабылдауға жатпайтындар:
1) өзіне және айналасындағыларға тікелей қауіп төндіретін пациенттер;
2) психопатиясы және фобиясы бар астениялық бұзылулардың декомпенсацияланған нысандары бар пациенттер;
3) өзінің психикалық жағдайына және мінез-құлқына байланысты басқа пациенттерге теріс әсер ететін және КС режімін орындауға қабілетсіз пациенттер;
4) ауыр соматикалық, сондай-ақ инфекциялық және қауіпті кезеңде венериялық аурулардан зардап шегетін пациенттер;
5) алкоголизмнен, нашақорлықтан және уытқұмарлықтан зардап шегетін пациенттер (көрсетілген адамдар мамандандырылған наркологиялық КС-те емделеді).
37. КС жұмысын ұйымдастыру психоневрологиялық диспансермен (психикалық денсаулық орталығымен, диспансерлік бөлімшемен, кабинетпен), емханалардың психотерапевтік кабинеттерімен, сондай-ақ науқастарды КС жіберетін психиатриялық стационарлармен және осы аумақтағы басқа да медициналық ұйымдармен тығыз байланысы жүргізіледі.
38. КС-те пациенттерді анықтауды қажетті медициналық зерттеп-қараулардан кейін науқасты бақылайтын емдеуші дәрігер жүргізеді. Пациенттерді КС-ке емдеуге қабылдау туралы мәселені КС меңгерушісі шешеді.
39. Пациентті қабылдау кезінде туындайтын даулы жағдайларда нақты шешімді құрылымында ДС бар психиатриялық ұйымның бас дәрігері (бас дәрігердің емдеу бөлімі бойынша орынбасары) қабылдайды.
40. Пациенттің күнделікті келу уақытын қысқартуға, сондай-ақ науқасты қарапайым өмір сүру жағдайына тікелей қосу үшін КС-ке келуден бос күндер беруге рұқсат етіледі.
41. КС-те әрбір пациентке № 907 бұйрықпен бекітілген 003/е нысаны бойынша стационарлық науқастың медициналық картасы ашылады.
42. Пациентті КС-тен шығару күні көшірмесі амбулаториялық науқастың медициналық картасына қосу үшін пациенттің тұрғылықты жері бойынша психоневрологиялық диспансерге (психикалық денсаулық орталығына, диспансерлік бөлімшеге, кабинетке) жіберілетін эпикриз жасалады.
43. КС-те пациенттің жағдайын тәулік бойы медициналық бақылауды талап етпейтін емдеудің барлық түрі жүзеге асырылады. Психофармакотерапияның және белсенді терапияның басқа да түрлері физиотерапиямен, психотерапиямен, жұмысбастылық терапиясымен, әлеуметтік терапиямен, еңбек терапиясымен бірге жүргізіледі.
44. КС-тегі пациенттерге "жартылай стационар" режімі көрсетілген еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары беріледі. Пациенттің КС-те емделуде болу мерзімі күнтізбелік 90 күннен аспайды. Пациенттің КС-те одан әрі болуы қажет болған кезде дәрігерлік-консультациялық комиссияның шешімімен болу мерзімі ұзартылады.
45. Тәуліктік медициналық байқауды және емдеуді талап ететін, пациенттің жағдайы нашарлаған жағдайда, ол тез арада психиатриялық ұйымның тиісті стационарлық бөлімшесіне ауыстырылады.
Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына қосымша |
Психикалық бұзылулардан (аурулардан) зардап шегетін
пациенттерді динамикалық (диспансерлік) байқау топтары
1. Бірінші топ – емдеуге жатқызумен қоса жүретін, психотикалық симптоматикасының жиі және айқын асқынулары бар пациенттер (жылына екі және одан көп). Оларды байқаудың жиілігін жеке-жеке әрбір нақты жағдайда дәрігер белгілейді, күнтізбелік жеті күнде бір реттен күнтізбелік отыз күнде бір ретке дейін.
2. Екінші топ – амбулаториялық және (немесе) стационарды алмастыратын жағдайда басылатын психикалық бұзылуларының декомпенсациясы мен асқынулары бар пациенттер. Қараудың жиілігі үш күннен күнтізбелік жеті күн кезеңділігімен жүзеге асырылады.
3. Үшінші топ – үдерістің біркелкі прогредиентті ағымымен және спонтандық ремиссияларымен тұрақтанған күйдегі пациенттер. Тексеріп-карау жиілігі үш айда бір реттен жиі емес.
4. Төртінші топ – қазіргі уақытта белсенді әлеуметтік-сақтандыру іс-шараларын талап етпейтін психопатологиялық бұзылуларының ремиссия немесе компенсация жағдайындағы, жақсы әлеуметтік-еңбектік және тұрмыстық бейімделген пациенттер. Тексеріп-қарау жиілігі 6 айда бір реттен жиі емес, 12 ай өткеннен кейін – динамикалық байқаудан алып тастау туралы мәселені қарау.
5. Бесінші топ (белсенді динамикалық байқау тобы) - әлеуметтік-қауіпті әрекеттерге бейім, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасау қаупі бар пациенттер, сондай-ақ жоғары суицидтік қауіптері бар адамдар. Тексеріп-карау жиілігі ай сайын (көрсетілімдері болған жағдайда - жиі).