2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қабылдануына байланысты, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасын басшылыққа ала отырып,
БҰЙЫРАМЫН:
1. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың қолданылуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету туралы Нұсқаулық осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сайтында орналастырылуды қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының, ведомстволары мен мекемелерінің барлық қызметкерлері мен қызметшілері таныстырылсын.
6. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
7. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры А. Дауылбаев
Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2016 жылғы 29 қаңтардағы
№ 21 бұйрығына 1-қосымша
Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың қолданылуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету туралы НҰСҚАУЛЫҚ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі - АПК), «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес әзірленген және азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың қолданылуына прокурорлық қадағалауды және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік етуді ұйымдастыруды және жүзеге асыруды нақтылайды.
2. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңды дәл және біркелкі қолдануға жоғары қадағалауды мемлекеттің атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры (бұдан әрі – Бас Прокурор) тікелей, сондай-ақ оның бағынысындағы прокурорлар арқылы сот талқылауына қатысу және қорытынды беру, заңды күшіне енбеген және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексеру және олар заңсыз болған жағдайда оларға наразылық келтіру жолымен жүзеге асырады.
3. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың қолданылуына қадағалаудың және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік етудің міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, бостандықтары мен мүддесін қамтамасыз ету, сот төрелігін жүзеге асыру қағидаттарын бұлжытпай сақтау, заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету Департаментінде (бұдан әрі – Департамент), облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокуратураларында және оларға теңестірілген прокуратураларда жұмыс заңдылықтың жай-күйін болжамдау, азаматтық істердің өзекті санаттары бойынша прокурорлық практикаға жүйелі талдау жүргізу мақсатында олардың нәтижелерін тақырыптық жұмыс топтарында, жедел кеңестерде және алқаларда қарай отырып, жүзеге асырылатын қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдай отырып, аймақтық-тақырыптық қағидаты бойынша ұйымдастырылады.
Тақырып қағидаты бойынша жұмыс азаматтық-құқықтық даулардың өзекті санаттарын айқындау және заңдылықтың жай-күйіне, прокурорлық қадағалауға жүйелі талдау жүргізетін, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, қадағалау қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстарды әзірлеу мақсатында оның нысандарын, әдістерін арттыру жөніндегі ұсыныстарды енгізетін жауапты тұлғаларды бекіту арқылы жүзеге асырылады.
Тақырып бағыттарын белгілеу кезінде заңдылықтың жай-күйін және қызмет көрсетілетін өңірлердің ерекшеліктерін, таралған азаматтық-құқықтық даулардың түрлерін негізге алу керек.
Прокурорлардың мамандануы прокуратура жұмысын жоспарлағанда, талдамалар мен қорытындылауларды жүргізгенде, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарағанда ескеріледі.
Аймақтық қағидат белгіленген өңірде заңдылықтың мониторингін жүргізу және жай-күйін талдау мақсатында соттарда азаматтық істер бойынша мемлекет мүддесіне өкілдік ететін прокурорларға сол өңірді бекітуге көрінеді.
5. Қадағалау функцияларын тиімді атқару және заң бұзушылықтарға жедел шара қолдану мақсатында прокурорлар өз қызметінде Құқық қорғау және арнайы органдарының ақпараттық алмасу жүйесін, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Бірыңғай сәйкестендірілген статистикалық жүйесін және басқа да ақпараттық ресурстары мен жүйелерін пайдаланады.
6. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәл және біркелкі қолданылуына қадағалауды жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы дауларға, сондай-ақ корпоративтік дауларға негізсіз араласуға жол берілмейді.
2. Соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету
7. Азаматтық істер бойынша соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ете отырып, прокурор Қазақстан Республикасының Конституциясына, АПК-не, Заңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес өзінің өкілеттігін жүзеге асырады.
Аумақтық прокурорлар өздерінің орналасқан жері бойынша құзыреті шегінде бірінші және аппеляциялық сатыдағы соттарда азаматтық істерді қарау кезінде, осы соттардың орналасқан жерінде мамандандырылған прокурорлардың құзыретіне осы Нұсқаулықпен жатқызылған даулар санаттарын қоспағанда, қатысуларын және кейінгі қадағалауын қамтамасыз етеді.
Астана қаласының соты АПК-тің 27-бабының 4-бөлігінде көзделген бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарайтын инвестициялық даулар бойынша, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзге де даулар бойынша қатысу және қадағалау Астана қаласының прокурорына жүктеледі.
Мамандандырылған әскери прокурорлар өздерінің орналасқан жері бойынша құзыреті шегінде осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген азаматтық істерді әскери соттардың қарауы кезінде қатысуды және кейінгі қадағалауды қамтамасыз етеді.
Мамандандырылған көлік прокурорлары өздерінің орналасқан жері бойынша құзыреті шегінде бірінші және аппеляциялық сатыдағы соттарда даудың мәні көліктік инфрақұрылым объектілері не тараптардың бірі ретінде темір жол, автомобильдік (жолаушыларды, багаждарды және жүктерді халықаралық автомобильдік тасымалдау бөлігінде), теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельстік және магистралдық құбыржол көлігі, ғарыш жүйесінің ұйымдары, сондай-ақ аталған объектілер мен субъектілерге қатысты өкілеттікті іске асыратын мемлекеттік органдар және көлік прокуратура органдары болып табылатын осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген азаматтық істерді қарауы кезінде қатысуды және кейінгі қадағалауды қамтамасыз етеді.
Мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорлары өздерінің орналасқан жері бойынша құзыреті шегінде өздері талапкер, жауапкер не үшінші тұлға ретінде тартылған азаматтық істердің соттарда қарау кезінде қатысуды және кейінгі қадағалауды қамтамасыз етеді.
Аумақтық прокурорлар осы Нұсқаулықпен мамандандырылған прокурорлардың құзыретіне жатқызылған істерді сот өндірісіне қабылдаған жағдайда, осы соттардың орналасқан жері бойынша мамандандырылған прокурорларға уақтылы және тиісті түрде хабарлауын (телефонограммамен не хабарламаны тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарымен) қамтамасыз етеді. Мамандандырылған прокурорлар қарауға тағайындалған барлық істердің мониторингін жергілікті соттың ресми сайттарын қолдана отырып немесе басқа тәсілдер арқылы жүзеге асырады.
Мамандандырылған прокуратураның құзыретіне жатқызылған істі қарайтын соттың орналасқан жерінде аталған прокуратураның болмаған не бұл туралы мамандандырылған прокурорды хабардар етпеген жағдайда соттарға қатысу және кейін сот актілерінің заңдылығын тексеру тиісті аумақтық прокурорға жүктеледі.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарға қатысуды облыстық, Астана және Алматы қалаларының прокуратураларының тиісті құрылымдық бөлімдердің прокурорлары қамтамасыз етеді.
Көлік прокурорларының құзыретіне жататын Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарайтын істер бойынша қатысуды және кейінгі қадағалауды қамтамасыз ету Бас көлік прокурорына жүктеледі.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда қатысуды қамтамасыз ету осы соттар орналасқан жердегі прокурорларға жүктеледі.
Соттармен қаралған істер бойынша аумақтық және мамандандырылған прокурорлар тоқсан сайын өзара салыстыру жүргізеді.
8. Прокурорлар келесі істер бойынша міндетті түрде процеске қатысады:
мемлекеттің мүдделерін қозғайтын істер бойынша,
қоғамдық мүдделерді немесе өздерін өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде,
прокурордың қатысу қажеттігін сот немесе прокурор танығанда.
Сондай-ақ, заңда прокурордың келесі істер бойынша қатысуы көзделген:
прокурордың бастамасы бойынша қозғалған;
ата-ана құқығынан айыру, оны қалпына келтіру, шектеу туралы, бала асырап алу туралы, бала асырап алудың күшін жою туралы;
сайлау құқықтарын қорғау туралы;
мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы;
нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау келтіру туралы;
азаматтың хабар-ошарсыз кеткендігін тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы;
азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, кәмелетке толмағанның өз табыстарына өз бетінше билік ету құқығын шектеу немесе одан айыру туралы;
кәмелетке толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы;
кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы;
азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы;
туберкулезбен ауыратын және емделуден жалтарып жүрген азаматты мәжбүрлеп емдеу туралы;
шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы;
баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы.
Прокурордың соттың бастамасымен процеске қатысуына АПК-тің 268-бабының тәртібінде шығарылған ұйғарымы негіз болады.
Іс бойынша тарап болып табылмайтын және АПК-тің 54-бабының 2-бөлігінде көзделген тәртіппен процеске қатысушы прокурор сот жарыссөздерінен кейін жалпы істің мәні бойынша қорытынды береді.
Өзге тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген прокурор сот жарыссөздерінде сөз сөйлейді. Жарыссөздерден кейін жалпы істің мәні бойынша прокурордың қорытындысы талап етілмейді.
Қалалардың, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар прокурорлардың қатысуымен қаралған азаматтық істер бойынша бірінші сатыдағы соттар шығарған сот актілерін және оларды қарау кезінде берілген, тиісті номенклатуралық істе қалыптастырылатын прокурорлардың қорытындыларын есепке алуды ұйымдастырады.
9. Азаматтық сот ісін жүргізудің барлық сатыларында осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген істер бойынша процеске қатысқан прокурорлар өз бастамасы бойынша өздерінің ұстанымдарын заңнаманың талаптарына, іс материалдарына қатаң сәйкестікте белгілейді, оны дәйекті қорғайды, заңдылық, заң және сот алдында заңды тұлғалар мен азаматтардың теңдігі, тараптардың жарыспалылығы мен құқықтық теңдігін басшылыққа алады.
Азаматтық процестің барлық сатыларында іс материалдарымен танысу нәтижелерін іске қатысқан прокурор алдын ала тиісті жоғары тұрған прокурорға немесе жетекшілік ететін орынбасарға баяндайды және соңғылар берілетін қорытындыны бекітеді.
Прокурордың қорытындысы жазбаша түрде жасалады және онда мыналар көрсетіледі:
істің атауы;
тараптар;
мәлімделген талаптардың мәні;
талапкер мен жауапкердің сілтеме жасайтын мән-жайлары;
тараптар ұсынған дәлелдер туралы прокурордың пікірі олардың қатыстылығы, мүмкіндігі, анықтылығы және жеткіліктілігі тұрғысынан;
қолдануға жататын материалдық және іс жүргізу құқықтарының нормалары;
мәлімделген талаптардың мәні және сот шығындарын бөлу бойынша прокурордың тұжырымдары.
Азаматтық істің материалдарына қоса тіркеу үшін бірінші сатыдағы сотқа іске қатысқан прокурордың жазбаша түрде мазмұндалған және қолы қойылған қорытындысының тек уәждеу және қарар бөліктері беріледі.
Дегенмен, АПК-тің 186-бабында көзделген сот талқылауының тікелей және ауызша болуы қағидаттарына сай сотқа жазбаша қорытындыны беру оны ауызша жариялаудан босатпайды.
Апелляциялық, кассациялық тәртіпте қайта қарауға жататын іс бойынша қорытындыда бұған қоса мына мәліметтер көрсетіледі:
судья (баяндамашы, алқа құрамы), қайта қарауға жататын сот актілерінің мазмұны, соттың ұстанымы;
қатысқан прокурорлар, қорытындылардың қысқаша мазмұны;
шағымның (өтініштің) дәлелдемелері;
істі зерттеудің нәтижесі;
шағымның (өтініштің) негізділігі туралы тұжырымдар.
АПК-тің 416-бабының 1-бөлігіне және 450-бабының 5-бөлігіне сай апелляциялық және кассациялық сот сатыларында жазбаша түрде қорытынды беру талап етілмейді.
Қадағалау қызметі барысында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, жеке және заңды тұлғалар тарапынан заңдылықты бұзуы анықталған жағдайда прокурор сот алдында жеке ұйғарым шығару туралы өтініш жасайды, бұл жөнінде жоғары тұрған прокурордың назарына қосымша тексеру жүргізуге шаралар қабылдау және кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту мәселені шешу, заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында жазбаша немесе электронды құжат түрінде жеткізеді.
АПК-тің 73-бабы 1-бөлігінің талаптары бойынша бірінші сатыдағы сотқа тараптарда бар болған дәлеледемелердің ұсынылмауы аппеляциялық, кассациялық сатылардағы соттарға осы дәлелдемелерді ұсыну мүмкіндігін жояды. Сондықтан прокурорлар істі дұрыс шешуге қажет дәлелдемелерді мемлекеттік заңды тұлғалармен уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдайды.
Прокурорлар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың мүдделерін олардың өкілдерімен тиісті түрде өкілдік етпеу фактілеріне соңғыларды және қажет болған кезде – бірінші басшыларды жауапкершілікке тартуға бастама жасай отырып, қағидатты әсер етуді.
10. Прокурорлар барлық азаматтық істер бойынша өндірісті тоқтата тұру туралы сот ұйғарымының заңдылығын тұрақты түрде тексереді, заңдылықты бұзу анықталған кезде оларды жоюға шаралар қабылдайды.
Тексеру нәтижелері және қабылданған шаралар туралы мәліметтер осы Нұсқаулықтың 20-тармағына сәйкес Департаментке жіберілетін тоқсан сайынғы ақпаратқа енгізіледі.
11. Сот қарайтын дауда прокуратура органдарының мүддесін талапкер немесе жауапкер ретінде білдіретін прокурор тараптардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.
АПК-тің 72-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотта қаралатын дау бойынша прокуратура органдарының талапкер немесе жауапкер ретінде мүддесін қорғайтын прокуроры істің дұрыс шешілуіне қажетті дәлелдемелерді ұсынады. Прокурорлардың талап арыздары (арыздары) негізінде шығарылған сот актілерін нақты орындау мақсатында сот алдында қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы мәселесін, егер арызды сотқа тапсыру барысында ондай өтініш жасалмаған болса, қояды.
Прокурорлардың талап арыздары мен арыздары негізінде қозғалған істер бойынша соттарда прокуратураның өкілдері ретінде қатысуды істі қозғаудың бастамашысы болған бөлімшелердің қызметкерлері қатысады.
Прокуратура органы немесе мекемесі іс бойынша жауапкер ретінде тартылған жағдайда іске жауапкердің өкілі ретінде қатысу әрекеттері дауланып отырған бөлімшелердің қызметкерлеріне жүктеледі.
Процесте жарыспалылықты қамтамасыз ету және көрсетілген санаттағы істер бойынша заңсыз сот шешімдерін даулау үшін жауапкершілік осы қызметкерлерге жүктеледі.
Прокурорлардың бастамасымен қозғалған істер бойынша, сондай-ақ прокуратура органы немесе мекемесі іс бойынша жауапкер ретінде тартылған даулар бойынша апелляциялық наразылық келтірілмейді. Қабылданған сот актілерімен келіспеген жағдайда прокурор апелляциялық, кассациялық шағым беруге құқылы. Кассациялық наразылық келтiру туралы өтiнiшхат Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына (бұдан әрі Бас прокуратура) тек Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) судьяларымен кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда беріледі.
Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар талап арыздың көшірмелерін және басқа да материалдарды қоса тіркей отырып, Бас прокуратураға, прокуратура органына немесе мекемесіне қатысты сотқа талап арыздың түскендігі туралы, қабылданған шешім, келіп түскен шағымдар жайлы сот актілерін қайта қарау нәтижелері жөнінде Департаментке дереу хабарлайды.
12. Прокурорлар осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген істер бойынша апелляциялық тәртіппен сот актілеріне наразылық келтіру, прокурорлық қадағалаудың өзге де актілерін енгізу арқылы сот жіберген қателіктерге уақтылы шара қолдану қажет.
Астана қалалық сотының инвестициялық даулар бойынша қабылданған сот актілеріне апелляциялық наразылық келтіру Астана қаласының прокурорына жүктеледі. Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасына наразылық келтірілген жағдайда оның көшірмесі бір мезгілде (дауланған сот актісін тіркей отырып, электронды құжат түрінде) Департаментке жолданады.
АПК-тің 434-бабының 2-бөлігіне сәйкес келесі істер бойынша сот актiлері кассациялық тәртiппен қайта қарауға жатпайды:
талап қоюдан бас тартуға байланысты;
дауды татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен шешу келісімімен аяқталған.
АПК-тің 48-бабының 2-бөлігінде көзделгендей, егер бұл әрекеттер заңға қайшы келсе немесе біреудің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, тараптардың дауды татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен шешу келісімін қабылдамайды.
Атап айтқанда, салықтық және басқада мемлекеттік басқарудағы жария-құқықтық қатынастардан (билік пен бағыныс қатынасынан) туындайтын даулар бойынша татуласу келісімін, дауды медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен шешу келісімін бекітпейді.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді сот тараптарды және прокурорды шақырмай қарайды және олар кассациялық тәртіппен қайта қаралуға жатпайды.
Сонымен қатар төменде көрсетілген істер бойынша сот актiлері кассациялық тәртiппен қайта қарауға жатпайды:
талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты;
төлем қабілетсіздігін реттеу туралы, сондай-ақ оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі шеңберінде туындайтын даулар жөніндегі істер, оның ішінде борышкер жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы.
Сондықтан прокурорлар өз құзыреті шегінде апелляциялық мерзімде заңды күшіне енбеген және кассациялық тәртіпте қаралуға жатпайтын мемлекеттің пайдасына шығарылмаған сот актілерінің заңдылығын тексереді.
Бұл ретте прокурорлар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі Ережесінің 8-тармағы 14-ші абзацының сот актілеріне барлық сот сатыларында дер кезінде шағымдану жөніндегі талаптарын мемлекеттік органдар (мекемелер, кәсіпорындар) заң қызметтерінің орындауы бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы қажет.
Осы тармақта көрсетілген істер бойынша заңды күшіне енген сот актілері туралы, олардың заңдылығын тексеру нәтижелері және қабылданған шаралар жөніндегі мәліметтер осы Нұсқаулықтың 20-тармағына сәйкес Департаментке тоқсан сайын жіберілетін ақпаратқа қосылады.
13. Апелляциялық наразылықтар келтіру туралы өтінішхаттар өз құзыреті шегінде облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокуратураларымен және оларға теңестірілген прокуратуралармен, аудан және оларға теңестірілген прокуратуралармен қаралады.
Өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда осы Нұсқаулықтың 9-тармағымен белгіленген талаптарына сай келетін прокуратураның басшысы не оны ауыстыратын тұлға бекіткен дәлелді қорытынды жасалады.
Арызданушыға берілетін жауаптарға прокуратураның басшысы не оны ауыстыратын тұлға қол қояды.
Осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілмеген істер бойынша, прокурор, арызданушыға өз бетінше апелляциялық шағым беру құқығын түсіндіре отырып, өтінішхатты қайтаруға құқылы.
14. Апелляциялық наразылық АПК-тің 427-бабында көзделген сот шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болған жағдайда келтіріледі.
Апелляциялық наразылыққа қойылатын талаптар АПК-тің 404-бабымен белгіленген.
Апелляциялық наразылық келтіру құқығы бірінші сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Бас Прокурор мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқанына қарамастан, өз құзыретінің шегінде сот шешіміне наразылық келтіруге құқылы.
15. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген істер бойынша, оның ішінде жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде шешілген істерді қоса алғанда, аппеляциялық тәртіппен қарау кезінде тиісті прокурорлардың қатысуын қамтамасыз етеді.
16. Апелляциялық сатыдағы сотта қорытынды берген кезде прокурор істің мән-жайын, сондай-ақ сотта айтылған түсіндірмелерді, сотқа қосымша ұсынылған материалдарды ескереді. Бұл ретте прокурор наразылықтың дәлелдемелерімен байланысты болмайды және заң талаптары мен нақты деректерді негізге алып әрекет етеді.
Бірінші сатыдағы сотта баяндалған прокуратура көзқарасының, оның негізді болмауына байланысты кейін өзгеруінің әрбір жағдайы, апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылған жаңа дәлелдер негізінде күші жойылған істерді, сот актілерін қоспағанда, негізсіз қорытындыны немесе наразылықты дайындаған қызметкерлердің жауапкершілігі туралы мәселені қарай отырып, талқылауға жатады.
Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар азаматтық істер бойынша апелляциялық сатыдағы соттар шығарған, прокурорлардың қатысуымен қаралған азаматтық істер бойынша сот актілерін және оларды қарау кезінде берген қорытындыларды есепке алуды ұйымдастырады, олар тиісті номенклатура істеріне құрылады.
17. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мемлекеттің пайдасына шығарылмаған азаматтық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін тексереді.
Егер ондай сот актілерімен келіскен жағдайда, олар заңды күшіне енгеннен отыз жұмыс күннен кешіктірілмей облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлармен не оларды ауыстыратын тұлғалармен дәлелді қорытынды бекітіледі және Бас прокуратураға жолданады (бақылау тәртібінде).
Соттар апелляциялық наразылықты негізсіз қанағаттандырусыз қалдырған кезде, сондай-ақ азаматтық істі қарау кезінде материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын елеулі бұзуға жол бергені анықталғанда, облыстар, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар кассациялық наразылық енгізу туралы АПК-тің 440-бабының талаптарына сай келетін Бас прокуратураға ұсыныс жолдайды.
Көрсетілген талаптарға, сондай-ақ осы Нұсқаулықтың 22-тармағында көзделген өлшемдерге жауап бермейтін ұсыныстар қараусыз қайтарылуға жатады.
Кассациялық наразылық келтіру туралы ұсыныс Бас Прокуратураға дауланып отырған сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін отыз жұмыс күннен кешіктірмей жолданады. Бас прокуратураға ол мерзімнен кейін келіп түскен ұсыныстар себептері дәлелді құжаттармен бекітілген түсіндірумен бірге жолданады.
Ұсыныс Бас прокуратурамен азаматтық іс келіп түскеннен кейін отыз жұмыс күні ішінде қаралады. Қосымша зерделеу мен тексеру қажет болған жағдайда ұсыныстың қарау мерзімін Бас Прокурор немесе оның орынбасарлары ұзарта алады.
18. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың қолданылуына қадағалаудың негізгі көрсеткіштері:
қадағалау сапасы;
наразылықтар сапасы;
заңдылықтың бұзылуына әрекет ету тиімділігі болып табылады.
Жоғары тұрған прокуратурамен қадағалу сапасы апелляциялық, кассациялық тәртібінде міндетті санаттағы, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша тараптардың шағымдары немесе жоғары тұрған прокурордың наразылығымен (төменгі тұрған прокурордың ұсынысынсыз) күші жойылған сот актілеріне мониторинг жасау негізінде бағаланады.
Қадағалаушы прокурор АПК-тің және осы Нұсқаулықтың талаптарын бұза отырып, прокурорлық ықпал ету шараларын көрмегенінен айқын (анық) заң бұзушылықтарға байланысты күші жойылған сот актілері ескеріледі. Осы мән-жайлардың болуы не болмауы бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларының сот актілерін зерделеу арқылы анықталады.
Осы мақсатта міндетті санаттағы және прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша бірінші сатыдағы соттарының прокурордың апелляциялық наразылығы негізінде күші жойылған шешімдердің, прокурорлардың апелляциялық шағымы бойынша күші жойылған шешімдерді қоспағанда, апелляциялық тәртіпте міндетті санаттағы және прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша бірінші саты соттарының күші жойылған шешімдерінің жалпы санына шаққандағы арақатысы бойынша апелляциялық наразылық келтіру тиімділігінің есебі жүргізіледі.
Бұдан бұрын апелляциялық наразылықсыз бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойған апелляциялық қаулының (шешімнің) күші кассациялық наразылық (төмен тұрған прокурордың ұсынысымен келтірілген) негізінде жойылған жағдайда, тараптардың апелляциялық шағымдарымен күші жойылған бірінші сатыдағы соттардың шешімдерінің саны туралы статистикалық есептегі мәліметтер азаю жағына түзетіледі.
Апелляциялық наразылық келтіру тиімділігін есептеу кезінде АПК-тің 413-бабы 2-бөлігінің тәртібінде апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылған жаңа дәлелдемелер негізінде, егер ол туралы апелляциялық қаулыда, шешімде тікелей көрсетілген жағдайда, күші жойылған, сонымен қатар талап қоюдан бас тартуына, партисипативтік рәсім тәртібімен тараптардың бітімгерлік немесе медиациялық келісімдер жасауына байланысты күші жойылған шешімдер есепке алынбайды.
Көрсетілген тәртіп іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауынан, бірінші сатыдағы сот анықтаған, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуінен, АПК-тің 427-бабының 4-бөлігінде көрсетілген іс жүргізу нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы салдарынан сот шешімінің күші жойылған жағдайда, жаңа дәлелдемелер болғанның өзінде де қолданылмайды.
Статистикалық есепте жаңа дәлелдемелер негізінде күші жойылған сот актілері туралы мәліметтердің көрсетілуі тек Департаменттің жазбаша немесе электрондық құжат нысанында келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Жаңа дәлелдемелерді бірінші сатыдағы сотта алдыртуға және ұсынуға мүмкін болмағандығы жөнінде тиісті өтінішхат іс бойынша қабылданған сот актілерінің көшірмелерін қоса тіркей отырып, соттың процесуалдық шешімі қабылданғаннан кейін 10 күн ішінде Департаментке жолданады.
Міндетті санаттағы және прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша сот актілерінің кассациялық тәртіппен күші жойылуы, наразылық келтіру тиімділігінің көрсеткішін есептеместен ескеріледі.
Жоғары тұрған прокуратурамен наразылықтардың сапасы сұратып алынған, сотпен қайтарылған және қанағаттандырылмаған апелляциялық наразылықтардың мониторингі негізінде бағаланады.
Негізсіз наразылықтар есепке алынады. Оларға АПК-тің және осы Нұсқаулықтың талаптарын айқын (анық) бұза отырып әзірленген наразылықтар жатады. Осы мән-жайлардың болуы не болмауы наразылықты және іс бойынша қабылданған сот актілерін зерделеу арқылы анықталады.
Осы мақсатта апелляциялық наразылықтардың қанағаттандырылу есебі жүргізіледі, ол келесі формула бойынша есептеледі: 100 % - (қанағаттандырылмағандар/ қаралғандар) х 100 % = қанағаттандырылу.
Бұл ретте бұдан бұрын апелляциялық наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған істер бойынша облыс немесе оған теңестірілген прокурордың ұсынысы бойынша келтірілген кассациялық наразылық қанағаттандырылған жағдайда, қанағаттандырылмаған апелляциялық наразылық саны туралы статистикалық есеп мәліметтері азаю жағына түзетіледі.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлары негізсіз келтірілген наразылықты кері сұратып алған жағдайда, төменгі тұрған прокурорға мұндай шешімнің себебі туралы жазбаша немесе электрондық құжат нысанында хабарлауы және мұндай қателіктердің алдын алу шараларын қолдану қажет.
Наразылық келтірген адамның не жоғары тұрған прокурордың өтінішін қанағаттандыру туралы апелляциялық сатыдағы сотпен тиісті қаулы шығарылған, сонымен қатар тараптардың апелляциялық шағымдарымен істерді қарау кезінде апелляциялық қаулыда (шешімде) соттың наразылықты кері қайтарғандығы туралы қорытындысы болған жағдайда, наразылық кері сұратылған деп саналады.
Қалған жағдайлардың барлығында, оның ішінде прокурордың бастамасы бойынша наразылықтар қайтарылған жағдайда, наразылықтар қайтарылған болып есептеуге жатады.
Жоғары тұрған прокуратурамен азаматтық істер бойынша заңдылықты бұзуға тиімді әрекет етуі прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша олардың өтінімдері негізінде заңдылықтың бұзылуы бойынша соттармен шығарылған жеке ұйғарымдарына, сонымен қатар сот отырысында анықталған мән-жайлар бойынша прокурордың бастамасымен жүргізілген тексеру мен прокурорлық қадағалау актілеріне мониторинг жасау арқылы бағаланады.
Осы мақсатта прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша олардың өтінімдерімен заңдылықтың бұзылуына қатысты соттармен шығарылған жеке ұйғарымдарының, прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша заңдылықтың бұзылуына қатысты соттармен шығарылған жеке ұйғарымдарының жалпы санына шаққандағы арақатысының есебі жүргізіледі.
Жеке қаулының прокурордың өтінімі бойынша шығарылғандығы ол туралы тікелей сот актісінде немесе сот отырысының хаттамасында көрсетілуімен, сондай-ақ істің материалдарына қоса тіркелген прокурордың жазбаша қорытындысымен куәландырылады.
Бағалау кезінде прокурорлардың өтінімдері бойынша шығарылған жеке ұйғарымдар, сонымен қатар прокурорлық тексерістер және прокурорлық қадағалау актілері (заңдылықтың бұзылуын жою, адамдарды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту және басқалары) бойынша қабылданған шаралардың нәтижелілігі ескеріледі.
Төмен тұрған прокуратуралардың қызметін бағалау басқа да көрсеткіштер бойынша жұмыс нәтижелерін ескеру арқылы жүргізілуі мүмкін.
19. АПК-тің 438-бабының 1-бөлігіне сәйкес Бас Прокурор немесе оның тапсырмасы бойынша Бас Прокурордың орынбасарлары, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар азаматтық істі кассациялық тәртіпте тексеру үшін тиісті соттан сұратып ала алады.
Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар тиісті сұрату келіп түскен кезде оны әрі қарай Бас прокуратураға жолдау үшін дереу соттардан сұратады. Бас прокуратураның прокурорлық қадағалау жай-күйіне талдау және жинақтау жүргізу туралы тапсырмалары мен тапсырыстары келіп түскен кезде, азаматтық істер оларды сұратып алу арқылы не сот актілерінің заңдылығы мен негізділігі Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына, АПК-тің 54-бабының 1-бөлігіне сәйкес соттарда тікелей тексеріледі.
20. Азаматтық сот ісін жүргізудегі заңдардың қолданылуына прокурорлық қадағалаудың жай-күйі туралы ақпаратты, сондай-ақ осындай талдауға негізделген прокурорлық қадағалауды жетілдіру, заңдылықты бұзуға ықпал ететін себептер мен мән-жайларды жою мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар Бас прокуратураға кемінде тоқсанына бір рет жолданады.
Аумақтық прокурорлар және оларға теңестірілген прокурорлар өз қызметтерін жетілдіру мақсатында азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың қолданылуына осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген істер бойынша прокурорлық қадағалау практикасын жүйелі талдайды, олар бойынша бірыңғай ақпарат (бақылау тәртібінде) жоғары тұрған прокуратураға жарты жылда бір рет жолданады.
Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар көрсетілген ақпаратты есепті кезеңнен кейінгі айдың 7-күніне қарай Бас прокуратураға ұсынады.
Жоғары тұрған прокурорлар төменгі тұрған прокурорларды ұйымдастыру-әдістемелік сипаттағы материалдармен қамтамасыз етеді, жұмыстың оң тәжірибесін таратады. Прокуратура қызметкерлерінің іскерлік және құқықтық біліктілігін арттыру бойынша оқу-әдістемелік іс-шараларын тұрақты негізде өткізеді, оларды тағлымдамадан өткізеді.
Ақпараттық хаттарды қарау нәтижелері бойынша прокурорлар ұқсас азаматтық-құқықтық даулар бойынша қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын сот актілерін жедел анықтауға, құзыреті шегінде наразылық келтіруге шаралар қабылдауға, бұл туралы дер кезінде жоғары тұрған прокурорға хабарлауға тиіс.
3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың қолданылуына қадағалауды ұйымдастыру
21. Департамент прокурорлары Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқасының:
бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарайтын Орталық сайлау комиссиясының, Референдумның орталық комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы; тарап ірі инвестор болып табылатын инвестициялық дауларға;
Апелляциялық сатыда - Астана қаласының соты инвестициялық даулар бойынша, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзге де даулар бойынша шығарған сот актілеріне берілген апелляциялық шағымдарды апелляциялық тәртіпте қарауына қатысады.
Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының отырысында кассациялық тәртіпте қаралатын осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген істер бойынша қатысуды Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша оның орынбасарлары, бағыныстағы прокурорлар қамтамасыз етеді.
Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы мен азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қарауына тағайындалған азаматтық істерді зерделеу нәтижелері бойынша Департамент прокурорлары осы Нұсқаулықтың 9-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес дәлелді қорытындылар жасайды.
Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының қарауына тағайындалған (бірінші және апелляциялық тәртіпте) азаматтық істер бойынша қорытындыларды Департамент бастығы, ал Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының (кассациялық тәртіпте) қарауына тағайындалған азаматтық істер бойынша қорытындыларды Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітеді.
Прокурорлардың қатысуымен Жоғарғы Сотта қаралған азаматтық істер бойынша сот актілерін және оларды қараған кезде Департамент прокурорлар берген қорытындыларды есепке алуды жүргізеді (бөлек бірінші, апелляциялық, кассациялық сот сатылары және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау бойынша).
Бас Прокурордың және оның орынбасарларының тапсырмасы бойынша бағыныстағы прокурорлар Жоғарғы Соттың заңды күшіне енген сот актілерін даулау туралы азаматтық процеске қатысушылардың өтініштерін алдын ала қарауына қатысады.
22. Бас прокуратурамен заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығы кассациялық тәртіпте жеке және заңды тұлғалардың өтінішхаттары, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлардың наразылық келтіру туралы ұсыныстары негізінде немесе өз бастамасымен тексеріледі.
Кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттың мазмұнына қатысты талаптар АПК-тің 441-бабында көзделген.
Заңды өкілмен берілген өтінішхатқа оның өкілеттігін куәландыратын құжаттар қоса тіркеледі.
Өкілдікті тапсырмамен жүзеге асыратын өкілдің өкілеттігін куәландыру АПК-тің 61-бабының талаптарымен рәсімделеді.
Өкілдікті тапсырмамен жүзеге асыратын өкілдің өтінішхатына заңмен берілген және рәсімделген сенімхат тіркеледі.
Сонымен қатар, АПК-тің 61-бабының 5-бөлігіне сәйкес АПК-тің 58-бабы 1-бөлігінің 6)-тармақшасында көрсетілген өкіл жоғары заң білімі жөніндегі дипломның куәландырған көшірмесін тіркейді.
Адвокатпен берілген өтінішхатқа, сот актілерін даулауға өкілеттік беретін сенімхаттан басқа, нақты істі жүргізуге арналған өкілеттіктері берілетін ордер тіркеледі.
Көрсетілген талаптарға жауап бермейтін кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттар, атап айтқанда:
өтінішхатты АПК-тің 435-бабына сәйкес заңды күшiне енген осы сот актiсiне дау айтуға құқығы жоқ адамдар берсе;
өтінішхат АПК-тің 436-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн берiлсе;
өтінішхат АПК-мен белгіленген шағым жасау тәртібі бұзыла отырып берiлсе;
өтiнiшхат беретін адамның немесе оның мүддесінде берілген адамның аты-жөні, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi және iстегi процестік жағдай көрсетілмеуі;
iске қатысатын адамдар, олардың тұрғылықты жерлері немесе орналасқан жерлерi көрсетілмеуі;
iстi бiрiншi, апелляциялық сатыларда қараған соттар жөнінде ақпарат және олар қабылдаған шешiмдердiң мазмұны көрсетілмеуі;
наразылық келтіруге ұсынылған сот актісінің көрсетілмеуі;
материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы неде екендігі нұсқалмауы;
сот актілерін қайта қараудың ерекше негіздері неде екендігі нұсқалмауы (егер өтінішхат АПК-тің 438-бабының 6-бөлігіне сәйкес берілген жағдайды);
өтiнiшхатта оны берген адамның қолы қойылмауы;
өкілдікті тапсырмамен жүзеге асыратын өкілдің сенімхаты тіркелмеуі;
дипломның куәландырған көшірмесін тіркемей берілген өтінішхат (егер өтінішхат АПК-тің 58-бабы 1-бөлігі 6)-тармақшасында көрсетілген өкілмен берілген жағдайда);
өкілеттігін куәландыратын құжаттарды тіркемей заңды өкілмен берілген өтінішхат;
ордерді тіркемей адвокатпен берілген өтінішхат оларды берген адамдарға қайтарылуға жатады.
Сондай-ақ, прокурор АПК-тің 13, 15, 25-баптарында көзделген тараптардың тең құқықтылығы және сот ведомстволығының басымдығы қағидаттарын басшылыққа ала отырып, кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхатты, егер арызданушы осындай құқығын жүзеге асырмаған болса, тікелей кассациялық сот алқасына жүгіну мақсатында қайтаруға құқылы. АПК-тің 441-бабының талаптарын сақтай отырып, АПК-тің 112-бабында көрсетілген тұлғалармен берілген өтінішхаттарды қоспағанда, оларға:
асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылар;
жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылар;
Ұлы Отан соғысының қатысушылары, соларға теңестірілген адамдар, кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлер;
мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасына байланысты зейнеткерлер;
заңға сәйкес ақталған адамдарға олардың зиянын өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылар жатады.
Бұл ретте арызданушыға өтінішхатты қайтаруға негіз болған себептер жойылғаннан кейін қайталап Бас прокуратураға немесе тікелей Жоғарғы Сотқа жүгіну құқығы түсіндіріледі.
23. Кассациялық наразылықты келтіру туралы өтінішті қарау қажет болғанда іс материалдарын сұратып алу арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда азаматтық іс жауапты орындаушыға өтініш келіп түскен сәттен бастап 5 күннің ішінде сұратылады. Ерекше жағдайларда Бас Прокурордың, оның орынбасарларының, Департамент бастығының тапсырмасы болған жағдайда азаматтық іс өтінішхат прокуратураға келіп түскен сәттен бастап 15 күннің ішінде сұратылады.
АПК-тің 438-бабының 4-бөлігі, 443-бабы бойынша өтінішхат келіп түскен сәттен бастап отыз жұмыс күннің ішінде қаралады, ал азаматтық іс сұратылған жағдайда – іс прокуратураға келіп түскен сәттен бастап отыз жұмыс күннің ішінде қаралады. Бұл ретте мерзімдер АПК-тің 122-бабының 2-бөлігінде және 123-бабында көзделген тәртіппен есептеледі.
Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда осы Нұсқаулықтың 9-тармағында айқындалған талаптарға сәйкес дәлелді қорытынды жасалынып, ол жетекшілік ететін орынбасарымен бекітіледі.
Қажет болған жағдайда Департамент бастығы не оны ауыстыратын тұлға облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға іс үшін маңызды мән-жайлардың толық, объективті және жан-жақты анықтау мақсатында, сондай-ақ кассациялық наразылық келтіру туралы ұсыныс енгізу мәселесін шешу үшін қосымша тексеру жүргізуді тапсыра алады.
Бұл орайда арызданушыға Бас прокуратураға тиісті өтінішхатпен қайталап жүгіну құқығы түсіндіріледі.
24. АПК-тің 435-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру құқығы Бас Прокурорға тиесілі.
Бас Прокурор келтірген кассациялық наразылығын қолдауды Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша оның орынбасарлары және бағыныстағы прокурорлар қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2016 жылғы 29 қаңтардағы
№ 21 бұйрығына 2-қосымша
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі
1) «Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 13 желтоқсандағы № 151 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8288 тіркелген).
2) «Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 13 желтоқсандағы № 151 бұйрығына өзгертулер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 4 тамыздағы № 79 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9721 тіркелген).
3) «Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 13 желтоқсандағы № 151 бұйрығына өзгертулер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 11 наурыздағы № 42 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10718 тіркелген).