Орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 10 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 27 ақпанда № 13297 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 254 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Cәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Д. Ақышев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 10 қаулысымен бекітілді

Орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Бағалы қағаздар нарығы туралы заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру шарттары мен тәртібін белгілейді.

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен реттелмеген бөлігінде орталық контрагенттің қызметі, егер орталық контрагенттің ішкі құжаттары, орталық контрагент пен оның клиенттері арасында жасалған қызмет көрсету шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, соларға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Орталық контрагент функцияларын, құқықтарын жүзеге асыру және өзінің контрагент ретіндегі міндеттерін орындау үшін басқа тұлғаларды тартпайды.

      3. Орталық контрагенттің ұйымдастыру құрылымына, мыналар:

      1) тәуекелдерді басқару жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      2) орталық контрагенттің арнайы кепілдік берілген және резервтік қорларын басқару;

      3) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру;

      4) ақпаратты өңдеу және тарату;

      5) орталық контрагент қызметін бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету;

      6) сауда-саттыққа клирингтік қатысушылардың қаржылық жай-күйіне, сондай-ақ олардың орталық контрагенттің ішкі құжаттарына сәйкес келуіне мониторинг;

      7) ішкі аудит және бақылау;

      8) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуларды (төлемдерді) ұйымдастыру (орталық контрагентте Қағидалардың

      4-тармағының екінші бөлігінде көзделген есеп айырысу ұйымымен шарт болмаған жағдайда) функциясы болып табылатын бөлімшелер кіреді.

2. Орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру шарттары

      4. Орталық контрагент ол бойынша орталық контрагент қызмет көрсетуді жүзеге асыратын мәмілелер бойынша ақпаратты жинайды, өңдейді және сақтайды, алшақтықтар болған кезде, оны салыстырып тексереді және түзетеді, мәміле тараптарын (деректемелерін) өзгертеді немесе Қағидаларда және орталық контрагенттің ішкі құжаттарында айқындалған талаптарда және тәртіппен мәміле бойынша дефолтты реттеу кезінде өзге іс-қимылдарды жасайды.

      Орталық контрагенттің қаржы құралдармен мәмілелер бойынша қызметін жүзеге асыру үшін орталық контрагент есеп айырысу ұйымымен, сауда-саттықты ұйымдастырушымен, клирингтік ұйыммен шарт жасайды, оның талаптары шарт тараптары арасында ақпаратпен алмасу және шарт тараптары өз құқықтары мен міндеттерін іске асыру барысында келісілген рәсімдерді жасау тәртібін көздейді.

      5. Орталық контрагент өтінім беру және сауда-саттыққа клирингтік қатысушының атынан қор биржасының сауда жүйесіндегі қаржы құралдарымен мәмілелерді жасау (оның ашық позицияларын мәжбүрлеп тарату мақсатында) және (немесе) орталық контрагенттің ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен және талаптарда өзге іс-қимылдарды жасау арқылы осы сауда-саттыққа клирингтік қатысушының дефолтын реттеу бойынша рәсімдерді жүзеге асырады.

      6. Орталық контрагент орталық контрагенттің қызметімен байланысты ақпарат пен құжаттарды сақтауды және осындай ақпарат пен құжаттардың резервтік көшірмесін күнделікті жасауды жүзеге асырады.

      Резервтік көшірмелер ақпаратқа санкцияланбаған кіру рұқсатынан қорғалуға тиіс және оларды жаңартылған резервтік көшірмелермен ауыстырғанға дейін орталық контрагенттің резервтік техникалық орталығында сақталады.

      7. Орталық контрагент резервтік техникалық орталықтың дереу іске қосылуына тұрақты дайын болуын қамтамасыз етеді. Резервтік техникалық орталық мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) орталық контрагенттің қызметімен байланысты, негізгі ақпаратпен бірдей ақпараттың резервтік көшірмелері бар;

      2) орталық контрагенттің қаржы құралдармен мәмілелер бойынша қызметін жүзеге асыру барысында пайдаланылатын орталық контрагенттің бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуінің көшірмесі бар;

      3) орталық контрагент орналасқан жерден жиырма бес километрден кем болмайтын жерде орналасады;

      4) орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру үшін қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етіледі.

      8. Орталық контрагентке клирингтік ұйымның, орталық депозитарийдің немесе қор биржасының резервтік орталығын пайдалануға рұқсат беріледі.

      Егер қор биржасының ішкі құжаттарында орталық контрагенттің функцияларын қор биржасының сауда жүйесінде мәмілелер жасау кезінде өзге ұйымдардың орындау мүмкіндігі көзделген жағдайда, онда резервтік орталықты клирингтік ұйым немесе орталық депозитарий пайдаланады.

      9. Қаржы құралдарымен мәмілелерді жасау нәтижесінде сауда-саттыққа клирингтік қатысушылар арасында клирингті жүзеге асыру мақсатында орталық контрагент сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесінде жасалған мәмілелер өлшемінің дұрыс есебін қамтамасыз етеді.

      10. Орталық депозитарий бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша есеп айырысу ұйымы болып табылады.

      11. Биржалық сауда-саттықтарда туынды қаржы құралдармен және (немесе) валютамен жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру тәртібі мен талабы қор биржасының ішкі құжаттарында айқындалады.

      Орталық контрагент туынды қаржы құралдармен және (немесе) валютамен жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысуды (төлемдерді) ұйымдастыру үшін орталық контрагенттің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес қаржы құралдарын есепке алу үшін шоттар ашады.

      12. Орталық контрагент қор биржасында жасалған мәмілелерден туындайтын міндеттемелер мен талаптардың көпжақты өзара ескеру есебінен қатысушылардың тәуекелдерін клирингтік ұйымның және орталық контрагенттің қызметін қолдана отырып азайту бойынша өз қызметін жүзеге асырады.

      13. Қағидалардың 12-тармағының талаптары жаңалық, ашық сауда-саттық әдісімен қор биржасының сауда жүйесіне өтінім беру немесе заңды түрде міндеттейтін басқа келісімнің болуы есебінен орындалады.

      14. Клирингтік қатысушылар үшін орталық контрагент қызметінің нәтижелері бойынша есепті орталық контрагенттің ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен және мерзімде орталық контрагент қалыптастырады.

      15. Клирингтік ұйымдардан немесе қор биржасынан (не қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клирингтік қызмет шеңберінде функцияларды жүзеге асыратын бөлімшеден және егер клирингтік ұйым және (немесе) қор биржасы есеп айырысуды дербес жүзеге асырса, негізгі қызметі қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастыру болып табылатын бөлімшеден) алынған бұйрықтар негізінде есеп айырысу ұйымы есеп айырысуды (төлемдерді) жүзеге асырады және бұл жөнінде орталық контрагентке хабарлайды.

      16. Клирингтік қатысушы қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, орталық контрагент клирингтік қатысушының міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында клирингтік ұйым айқындаған, арнайы өкілеттіксіз (сенімхатсыз), сондай-ақ осы клирингтік қатысушының келісімінсіз клирингтік қатысушының атынан орталық контрагенттің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен шарттар жасайды.

      17. Орталық контрагенттің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен көрсетілген функцияларды орталық контрагенттің жүзеге асыруына байланысты орталық контрагенттің функцияларын жүзеге асыратын тұлғалардың шығындары клирингтік қатысушылар арасында бөлінеді.

      18. Қағидалардың 17-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда орталық контрагент егер осы клирингтік қатысушылар орталық контрагент алдындағы міндеттемелерін орындаса не егер оның клирингтік қатысушыларға талаптары жеке және ұжымдық клирингтік қамтамасыз ету есебінен толығымен қанағаттандырылса, клирингтік қатысушылардың іс-әрекеттерін шектемейді. Орталық контрагенттің ішкі құжаттары барлық клирингтік қатысушылар орталық контрагент алдында міндеттемелерін орындаған кезде активтерді жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамағаны үшін орталық контрагенттің жауапкершілігін шектеу жағдайын көздейді.

      19. Клирингтік қатысушылардың талаптарының сомасы орталық контрагент жауапкершілігінің ең көп мөлшерінен асса, бұл талаптар орталық контрагенттің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қанағаттандырылады. Егер орталық контрагенттің ішкі құжаттарында басқаша көзделмесе қанағаттандырылмаған талаптар өтелді деп саналады.

3. Орталық контрагенттің қызметі туралы ақпаратты ашу

      20. Орталық контрагент барлық мүдделі тұлғаларға өз қызметі туралы ақпаратты ашуды және бағалы қағаздар нарығында коммерциялық құпия емес ақпаратпен танысуға еркін кіруді аталған ақпаратты қазақ және орыс тілдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты негізде жариялау (орналастыру) арқылы қамтамасыз етеді.

      21. Орталық контрагенттің интернет-ресурсында мына ақпаратты ашу қамтамасыз етіледі:

      1) орталық контрагент туралы жалпы ақпарат (орталық контрагент органдарының құрамы, орталық контр агенттің басшы қызметкерлерінің тегі, аты, әкесінің аты (олар бар болса), орталық контрагенттің орналасқан жері, байланыс телефондары);

      2) орталық контрагенттің құрылтай құжаттары;

      3) орталық контрагенттің ішкі құжаттары;

      4) орталық контрагенттің аудиторлық ұйым растаған қаржылық есептілігін және аудиторлық есепті қоса алғанда жылдық және тоқсан сайынғы қаржылық есептілік;

      5) қаржы құралдарының нарықтарын, түрлерін және орталық контрагенттің қызмет көрсетуіне қабылданатын мәмілелерді (сауда-саттық әдістерін) көрсете отырып, орталық контрагент қызмет көрсететін сауда-саттықты ұйымдастырушылардың атаулары;

      6) есеп айырысу ұйымдарының атауы;

      7) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы, акционерлік қоғамдар туралы заңнамаларына және орталық контрагенттің ішкі құжаттарына сәйкес жариялануға тиісті ақпарат.

4. Орталық контрагенттің ішкі құжаттары

      22. Орталық контрагенттің ішкі құжаттары қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру талаптары мен тәртібін айқындайды және мыналарды анықтайтын ережелерден тұрады:

      1) орталық контрагенттің осы орталық контрагенттің қызмет көрсетуінде тұрған клирингтік қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау талаптары мен тәртібі, оның ішінде тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      2) орталық контрагенттің жауапкершілігі;

      3) орталық контрагент орталық контрагенттің қызмет көрсетуінде тұрған клирингтік қатысушылардан және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органнан алынған ақпаратты басқару тәртібі;

      4) сауда-саттықтың клирингтік қатысушыларының қаржылық ахуалына, сондай-ақ орталық контрагенттің қызмет көрсетуінде тұрған клирингтік қатысушылардың орталық контрагенттің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес келуіне мониторинг жасау тәртібі;

      5) кепілдік қорын қалыптастыру тәртібі мен талаптары, сондай-ақ орталық контрагентке жарна мен алым төлеу тәртібі мен шарттары;

      6) орталық контрагенттің резерв қорын қалыптастыруының тәртібі мен шарттары;

      7) орталық контрагент орталық контрагенттің қызмет көрсетуінде тұрған клирингтік қатысушы атынан шарттарды Қағидалардың 16-тармағында көзделген жағдайларда оның келісімінсіз жасау тәртібі;

      8) орталық контрагент қызметінің процесінде міндеттемелерді орындаудың тәртібі, шарттары мен тәсілдері;

      9) орталық контрагент орталық контрагент қызметінің нәтижелері бойынша есептерді клирингтік ұйымға, сауда-саттықты ұйымдастырушыға, есеп айырысу ұйымына және осы контрагенттің қызмет көрсетуінде тұрған клирингтік қатысушыға беру тәртібі;

      10) орталық контрагенттің қызметі процесінде қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша ақпарат дайындау есеп айырысу ұйымына, сауда-саттықты ұйымдастырушыға беру тәртібі;

      11) орталық контрагентпен, осы орталық контрагенттің клирингтік қызмет көрсетуінде тұрған сауда-саттыққа клирингтік қатысушылар арасындағы қатынастарды айқындайтын қызмет көрсетуді жүзеге асыру туралы шарттың үлгі нысандары;

      12) орталық контрагент есеп айырысу ұйымымен, сауда-саттықты ұйымдастырушымен жасалатын шарттың мазмұнына қойылатын талаптар;

      13) орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру кезінде қаржы құралдарымен жасалған мәмілелерден туындайтын міндеттемелерді орындауға кепілдік беру мақсатында тәуекелдерді басқару шарттары мен тәртібі.