Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын бекіту туралы  

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 37 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 ақпанда № 13239 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына ауыстыру және қайта қабылдау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдасын;
      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жолдасын;
      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастырсын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.
      4. Бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қорғаныс министрі                            И. Тасмағамбетов

Қазақстан Республикасы 
Қорғаныс Министрінің  
2016 жылғы 22 қаңтардағы
№ 37 бұйрығымен    
бекітілген    

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына ауыстыру және қайта қабылдау қағидалары 1. Жалпы ережелер 

      1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына ауыстыру және қайта қабылдау қағидалары «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына (бұдан әрі - ӘОО) ауыстыру және қайта қабылдау тәртібін айқындайды.
      2. Білім алушыларды ауыстыру және ӘОО-ға қайта қабылдау мәселелері қабылдаушы ӘОО Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Білім және ғылым департаменті (бұдан әрі - БҒД) бастығының өкімі бойынша жазғы немесе қысқы каникулдық демалыс кезеңінде жеке баянаттар негізінде қарайды.
      3. Білім алушыларды ӘОО-ларға ауыстыру және қайта қабылдау кезінде транскрипте немесе білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін академиялық анықтамада (бұдан әрі - академиялық анықтама немесе транскрипт) көрсетілген пәндер және қабылдаушы ӘОО-ның оқу жұмыс жоспары арасындағы академиялық айырмашылық айқындалады.
      4. Пәндердің мазмұны мен көлемі сәйкес келген жағдайда оқу пәнінің пререквизиті ретінде айқындалған басқа оқу пәнімен немесе мазмұны бойынша аралас оқу пәндеріне блогымен қайта сынақ тапсыруға жол беріледі.
      5. Меңгерілген кретиттерді (сағаттарды), қайта сынақ тапсыру сондай-ақ оқу курсы білім беру бағдарламаларын салыстыру, меңгерілген пәндер тізбесінің мазмұны, олардың көлемі, алынған білімдері, дағдылары, машықтары мен құзыреттілігі, сондай-ақ оқыту нәтижелері негізінде белгіленеді.
      Оқу пәндері бойынша меңгерілген сағаттардан қайта сынақ тапсыру  кезінде қорытынды бақылау нысандарындағы және оқыту технологияларындағы айырмашылық ескерілмейді.
      6. Жұмыстық оқу жоспарлары пәндеріндегі академиялық айырмашылықты жою үшін білім алушы ағымдағы академиялық кезең ішінде жеке график бойынша өз бетінше пәндерді оқиды, аралық бақылаудың барлық түрлерін тапсырады, қорытынды бақылауға рұқсатнама алады.
      7. Академиялық айырмашылық академиялық берешек болып саналады және аралық аттестаттаудың келесі кезеңі басталғанға дейін жойылады. Академиялық берешекті жоймаған білім алушы үлгермеуіне байланысты оқудан шығарылады.
      Академиялық айырмашылықты жою кезінде пән бойынша қанағаттанарлықсыз баға алған кезде қайта тапсыруға жол берілмейді, ал білім алушы академиялық үлгермеуіне байланысты ӘОО-дан шығарылады.
      8. Шетелдік білім беру ұйымынан білім алушыны ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде академиялық анықтама немесе транскрипт беріледі.
      Шетелде жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік білім алған  шетелдік білім беру ұйымынан білім алушы ауыстырылған немесе қайта қабылданған кезде, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген) білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларымен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында тану немесе нострификациялау рәсімінен өткен білім алуды аяқтағаны туралы құжат ұсынылады.

2. ӘОО-ларға ауыстыру тәртібі

      9. Білім алушыларды ӘОО-ларға бір мамандықтан басқасына сол ӘОО ішінде бір ӘОО-дан басқасына, әскери кафедрада білім алушыны басқа білім беру ұйымынан (бұдан әрі – оқу орны) ауыстыру жүзеге асырылады.
      10. Білім алушыны ауыстыру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) білім алушыны оқып жатқан оқу орны немесе ӘОО басшысының атына ауысу себебін түсіндіретін құжаттарды қоса бере отырып, ауысу туралы баянат (өтініш) береді;
      2) оқу орнының немесе ӘОО-ның басшысынан ауысуға жазбаша келісім алған кезде, академиялық анықтамамен немесе транскриптпен және мінездемемен бірге баянат БҒД-ға жолданады;
      3) БҒД он жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар негізінде білім алушыны ӘОО-ға ауыстыру немесе ауыстырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды, оң шешім қабылданған кезде үш жұмыс күні ішінде білім алушы ауысатын ӘОО-ға құжаттар жолданады;
      4) бұрын білім алушы оқыған оқу орнының немесе ӘОО-ның басшысы БҒД-дан оң шешім алғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде «ауысуына байланысты оқудан шығарылды» деген тұжырыммен білім алушыны оқудан шығару туралы бұйрық шығарады және оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде білім алушыны нұсқамамен жібереді,  білім алушының жеке ісін қабылдайтын ӘОО-ның мекенжайына жолдайды;
      5) қабылдайтын ӘОО-ның басшысы білім алушы келісімен оқуға      қабылдау туралы бұйрық шығарады.

3. ӘОО-ларға қайта қабылдау тәртібі

      11. Білім алушыларды ӘОО-ларға қайта қабылдау, егер олар бұдан бұрын кемінде бір семестрді табысты аяқтаса, тиісті білім беру деңгейі бойынша жүзеге асырылады.
      12. Азаматтарды оқуға қайта қабылдау мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) азамат еркін нысанда БҒД басшысының атына өзі таңдаған ӘОО-ға қайта қабылдау туралы өтініш береді. Қайта қабылдау туралы өтінішке Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 21-тармағына сәйкес құжаттар, академиялық анықтама немесе транскрипт қоса беріледі;
      2) БҒД он жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар негізінде ӘОО-ға  қайта қабылдау немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды, оң шешім қабылданған кезде үш жұмыс күні ішінде азамат таңдаған ӘОО-ға құжаттары жолданады;
      3) ӘОО БҒД-дан шешімді алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде академиялық ерекшелікті, мамандықты және оқу курсын айқындайды және академиялық ерекшеліктің бар екені туралы БҒД-ны хабардар етеді;
      4) БҒД он жұмыс күні ішінде азаматқа қабылданған шешім туралы хабарлайды, азамат ӘОО-ға оған айқындалған мерзімде жеке куәліктің түпнұсқасымен, академиялық анықтамамен немесе транскриптпен келеді;
      5) ӘОО басшысы құжаттардың түпнұсқасын тексергеннен кейін оқуға қайта қабылдау туралы бұйрық шығарады.