"Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 17 қаулысы. Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 29 қаңтарда № 2989 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27 бабының 2 тармағына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Жарлығына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіпте:
      1) осы қаулыны Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;
      2) осы қаулыны Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.С.Оспановқа жүктелсін.

      Облыс әкімі                                А.Мырзахметов

      Б.Оспанов
      Б.Жылқышиев
      Е.Айтаханов
      С.Қаныбеков
      Е.Садыр
      С.Тұяқбаев
      А.Абдуллаев
      Р.Исаева

Оңтүстік Қазақстан облысы
әкімдігінің 2015 жылғы
«26» қантардағы № 17 қаулысына
қосымша

«Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында мемлекеттік бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
      2. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.
      3. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 160006, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Солтүстік-шығысмөлтек ауданы, 185 үй.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілермен «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің миссиясы:
      Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында сәулет, қала құрылысы, құрылыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.
      15. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің міндеттері:
      1) қала құрылысы және құрылыс саласында берілген құзырлар шегінде Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, орталық атқарушы органдардың, облыстық мәслихат пен әкімдіктің нормативтік құқықтық актілерін жүзеге асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      2) Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілердің мониторингі және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендердің сапасын бақылау;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттерді жүзеге асыру.
      16. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің функциялары:
      1) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізу;
      2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылыс объектілері бойынша міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлеу және облыс әкімдігіне бекіту үшін ұсыну;
      3) объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, осы объектілерде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиялауды жүзеге асыру;
      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы белгіленген заңнама нормаларын, мемлекеттік нормативтік талаптарды, шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты бұзушыларға көзделген заңнамалық шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;
      6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттау;
      7) жобалау құжаттамасының сапасына қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      8) заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдау комиссиясының және мемлекеттік қабылдау комиссиясының жұмысына қатысу;
      9) жойылмайтын бұзушылықтарға жол берген, не жол берілген бұзушылықтарды белгіленген нормативтік мерзімде жоймаған заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген шараларды қолдану.
      Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы:
      тапсырысшыда (құрылыс салушыда) оның осы жер учаскесіне тиісті құқығын растайтын құжаттары және оның мердігермен (бас мердігермен) шартының болуына;
      сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығына лицензияның болуына;
      белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманың, жобалар сараптамасының оң қорытындысының, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізе бастағаны туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдарға жіберілген хабарламаның болуына;
      хабарламада көрсетілген деректердің анықтығына;
      құрылысқа қатысушылардың атқарушылық техникалық құжаттаманы, соның ішінде оны бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу кезінде уақтылы рәсімдеуіне және жүргізуіне;
      қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының, орнатылатын жабдықтың сапасына, тиісті сертификаттардың болуына;
      орындалған (орындалатын) құрылыс-монтаждау жұмыстарының, қолданылатын құрылыс материалдары (бұйымдар, конструкциялар) мен жабдықтардың бекітілген жобалау шешімдеріне және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге, оның ішінде негізгі және қоршау конструкцияларының және ғимараттарды (құрылыстарды) пайдалану сапасының беріктігін, орнықтылығын, сенімділігін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтерге сәйкестігіне;
      мердігердің (бас мердігердің) құрылыс сапасын жеке өндірістік бақылаудың барлық түрлері мен нысандарын ұйымдастыруына және жүзеге асыруына;
      техникалық және авторлық қадағалаумен бірге құрылыстың ұйымдастырылуына және жүзеге асырылуына;
      техникалық және авторлық қадағалаудың сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында техникалық және авторлық қадағалауларды (инжинирингтік қызметтер көрсетуді) жүзеге асырудың мемлекеттік нормативтерде белгіленген тәртібін сақтауына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырады.
      17. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің құқықтары мен міндеттері:
      1) мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін қажетті ақпараттарды, құжаттар мен материалдарды сұрату және алу;
      2) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;
      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында салынуы белгіленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпарат сұрау және алу;
      4) тапсырысшылардан танысу үшін осы құрылыс жөніндегі қажетті жобалау және атқару құжаттамасын, сондай-ақ тиісті жобалардың сараптама қорытындысын сұрату және алу;
      5) салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендерге кедергісіз бару және оларда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарын жедел инспекциялауды жүргізу;
      6) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіле басталғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін, осы хабарлама алынған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей объектілер мен кешендерге бару;
      7) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асырады.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне басшылықты «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттерді орындауға және өзінің функцияларын іске асыруға дербес жауапты болып табылатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметін ұйымдастыру және басшылық жасау;
      2) «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттер мен функцияларды, облыс әкімінің және облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының тапсырмаларын жүзеге асыруға жеке жауапты болады;
      3) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзінің орынбасарларының, «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі құрылымдық бөлімшелері басшыларының және басқа да қызметкерлерінің міндеттерімен өкілеттіктерін анықтау;
      4) қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      5) «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі атынан сенімхатсыз әрекет ету;
      6) мемлекеттік органдарда, ұйымдарда «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мүдделерін білдіру;
      7) шарттар жасасу;
      8) сенімхаттар беру;
      9) банктік шоттар ашу;
      10) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығару және нұсқаулар беру;
      11) заңнамада белгіленген тәртіппен «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелеу шараларын қолданады және оларды тәртіптік жазаға тартады;
      12) сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы күресті күшейту бойынша қажетті шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін дербес жауапты болу;
      13) оған Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігі және әкімімен жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асыру.
      «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      23. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      26. «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.