Тәртіптік комиссия туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 121 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 наурызда № 10478 тіркелді

Қолданыстағы

      «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабы 11) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Тәртіптік комиссия туралы ереже бекітілсін.
      2. «Тәртіптік комиссия туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 17 наурыздағы № 112 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9252 болып тіркелген, 2014 жылғы 14 сәуірде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті:
      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін және оның мерзімді баспа басылымдары мен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жариялануын;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жауапты хатшысы М.Б. Бекетаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Б. Имашев

Қазақстан Республикасы  
Әділет министрінің    
2015 жылғы 27  ақпандағы № 121
бұйрығымен бекітілген  

Тәртіптік комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Тәртіптік комиссия туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабы 11) тармақшасына сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) тәртіптік комиссиясының өкілеттіктерін, қызметін ұйымдастыруды анықтайды.
      2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар:
      1) тәртіптік теріс қылық (бұдан әрі - теріс қылық) - жеке сот орындаушысының қолданыстағы заңнама нормаларын бұзуы, сондай-ақ құқыққа қайшы, міндеттерін орындамау кінәсі немесе тиісінше орындамауы;
      2) тәртіптік комиссия - лицензияның қолданысын тоқтата тұруға немесе тоқтатуға әкеп соғатын жеке сот орындаушыларының бұзушылықтары туралы мәліметтері бар материалдарды қарайтын, ұдайы әрекет ететін алқалы орган;
      3) тексеру - жеке сот орындаушыларының теріс қылығы туралы материалдар мен мәліметтерді оның жасалу жағдайларын толық, жан-жақты әрі әділ анықтау мақсатында жинау жөнінде қызмет.
      3. Тәртіптік комиссия құқықтарды құрметтеу және заңды мүдделерді қорғау және Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтау қағидаттарына негізделеді.
      Тәртіптік комиссия материалдарды қарау кезінде объективтілікті және алаламаушылықты басшылыққа алады, комиссияның қызметіне араласуға рұқсат етілмейді.

2. Тәртіптік комиссияның құрылу тәртібі

      4. Тәртіптік комиссияның құрамы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің (оның орнындағы тұлғаның) бұйрығымен тағайындалады және бес мүшесінен тұрады, олардың біреуі Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының (бұдан әрі - Республикалық палата) өкілі, қалғандары Министрліктің лауазымды тұлғалары болып табылады. Тәртіптік комиссия мүшелерінің ішінен тәртіптік комиссияның төрағасы тағайындалады.
      Тәртіптік комиссияның отырысы егер оған кемінде үш мүшесі қатысса, заңды болады.
      5. Тәртіптік комиссия мүшесі өзінің жақын туысы болып табылатын жеке сот орындаушысына қатысты теріс қылыққа байланысты немесе егер комиссия мүшесінің тікелей немесе жанама мүдделілігі болса және деректерді зерттеуге тексеру материалдарын қарауда қатыспайды және бас тартуға (өздігінен бас тартуға) жатады.
      Өздігінен бас тарту және бас тарту уәжделеді және отырыстың басталуына дейін, сондай-ақ отырыс барысында мәлімделеді.
      Тәртіптік комиссия мүшесінің өздігінен бас тарту (бас тарту) туралы шешімі отырысқа қатысушылардың көпшілік дауысымен еркін жазбаша түрде қабылданады және өздігінен бас тартуды өтінген тәртіптік комиссия мүшесінің және оған қатысты материалдары қаралатын жеке сот орындаушысының қатысуымен жарияланады.
      6. Тәртіптік комиссия отырыста лицензияның қолданысын тоқтата тұруға немесе тоқтатуға әкеп соғатын жеке сот орындаушыларының қолданыстағы заңнама нормаларын, Жеке сот орындаушыларының ар-намыс кодексін және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының Жарғысын бұзушылықтары туралы мәліметтері бар Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасынан келіп түскен материалдарды, Министрліктің аумақтық органының (бұдан әрі - Жарғы), басқа мемлекеттік мүдделі органдарының ұсыныстарын қарайды.
      7. Жеке сот орындаушыларының республикалық (өңірлік) палатасынан тәртіптік комиссияның қарауына келіп түскен материалдарда:
      1) Жеке сот орындаушыларының республикалық (өңірлік) палатасының тәртіптік комиссиясының шешімі, онда тәртіп комиссияның қорытындысы және олардың негіздемесі көрсетіледі;
      2) тексеру жүргізудің қорытындысы туралы анықтама;
      3) тексеруді белгілеу туралы бұйрықтың көшірмесі;
      4) бұзушылықтары анықталған атқарушылық іс жүргізу материалдарының көшірмелері;
      5) анықталған бұзушылықтар фактісі бойынша жеке сот орындаушысының түсініктемелері, олар бар болған жағдайда;
      6) жіберілген бұзушылықтардың жағдайларын толық, жан-жақты әрі әділ анықтау үшін қажетті басқа материалдар қамтылады.
      8. Аумақтық органнан тәртіптік комиссияның қарауына келіп түскен материалдарда:
      1) жеке сот орындаушысының лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы материалдардың жолдануы жөніндегі ұсыныс;
      2) тексеру жүргізу үшін негіз болған материалдар;
      3) тексеру жүргізу қорытындысы туралы анықтама;
      4) тексеруді белгілеу туралы бұйрықтың көшірмесі;
      5) бұзушылықтары анықталған атқарушылық іс жүргізу материалдарының көшірмелері;
      6) анықталған бұзушылықтар фактісі бойынша жеке сот орындаушысының түсініктемелері, олар бар болған жағдайда;
      7) жіберілген бұзушылықтардың жағдайларын толық, жан-жақты әрі әділ анықтау үшін қажетті басқа материалдар қамтылады.
      9. Тәртіптік комиссия аумақтық органнан, Республикалық (өңірлік) палатадан келіп түскен материалдардан басқа, мемлекеттік органдардан, соттан келіп түскен, тексеруді талап етпейтін, жеке сот орындаушылары жіберген бұзушылықтарының даусыз дәлелін қамтыған материалдарды да қарайды.
      10. Анықталған бұзушылықтардың жағдайларын толық, жан-жақты әрі әділ анықтау үшін құжаттар жеткіліксіз болған жағдайда, тәртіптік комиссия өңірлік палатаға немесе аумақтық органға үш жұмыс күні ішінде қосымша ақпарат ұсынуды тапсырады.
      11. Жеке сот орындаушысы қосымша материалдар ұсынудан бас тартқан жағдайда, өңірлік палата немесе аумақтық орган еркін нысанда тиісті акт жасайды.
      12. Тәртіптік комиссияның қарауына келіп түскен материалдармен жеке сот орындаушысы қол қойып танысады. Жеке сот орындаушысы танысудан бас тартқан немесе мүмкін емес болған жағдайда бұзушылықтары туралы мәліметтері қамтылған материалдардың көшірмелері оның есептік тіркеуінің орны бойынша хабарламасымен тапсырыс хатпен жолданады.
      13. Өзіне қатысты материалдары қаралатын жеке сот орындаушысына тәртіптік комиссия отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады. Тәртіптік комиссия отырысының уақыты мен орны белгіленгендігі туралы хабарлама жеке сот орындаушысының есептік тіркеуінің орны бойынша отырыстың күніне кемінде бес жұмыс күні қалғанға дейін жолданады.
      Жеке сот орындаушысының тәртіптік комиссия отырыснда болмауы материалдарды қарауға кедергі болып табылмайды.
      Тәртіптік комиссия аумақтық органға немесе өңірлік палатаға тәртіптік комиссия отырысының уақыты мен орны туралы жеке сот орындаушысына хабарлауды тапсыруға құқылы.
      14. Қаралатын мәселелер бойынша тәртіптік комиссия отырысқа қатысатын мүшелерінің көпшілік даусымен тиісті шешім қабылдайды, оған тәртіптік комиссияның төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды.
      Тәртіптік комиссияның шешімі хаттама нысанында шығарылады, онда отырыстың өту барысы мен тәртіптік комиссияның қорытындысы көрсетіледі.
      15. Тәртіптік комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Тәртіптік комиссия мүшелерінің дауыс беру кезінде қалыс қалу құқығы жоқ.
      Тәртіптік комиссия мүшесі қабылданған шешіммен келіспесе, пікірін еркін жазбаша түрде білдіреді.
      Егер тәртіптік комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлінсе, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      16. Тәртіптік комиссияның шешімі лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе сотқа лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арыз жолдау үшін негіз болып табылады.
      17. Жеке сот орындаушысының лицензиясының қолданысын тоқтата тұру Министрліктің шешімімен тәртіптік комиссия шешімінің негізінде Заңның 143-бабының 2-тармағымен көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
      Жеке сот орындаушысының лицензиясының қолданысын тоқтата тұру туралы шешім Министрліктің ресми интернет-порталында жарияланады және Республикалық палатаға жолданады.
      18. Лицензияның қолданысын тоқтата тұру үшін негіздер жеткіліксіз болған жағдайда тәртіптік комиссияның шешімі Жарғыда және қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен заңнаманың бұзылуына жол берген жеке сот орындаушысын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау үшін Республикалық палатаға жолданады.
      19. Министрліктің жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтату туралы сотқа талап-арыз жолдауы Заңның 144-бабы 1-тармағымен көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
      20. Тәртіптік комиссияның қарауына келіп түскен материалдар келіп түскен күнінен бастап бір ай ішінде қаралады.
      21. Жеке сот орындаушыларының бұзушылықтары туралы мәліметтер қамтылған материалдарды қарауға кедергі болатын себептер бар болған кезде отырыс олар жойылғанға дейін кейінге қалдырылады, ол жөнінде тәртіптік комиссияның тиісті шешімі шығарылады.
      22. Тәртіптік комиссияның шешіміне сот тәртібінде шағым жасалады.