Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 ақпанда № 10335 тіркелді.

Жаңартылған

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.В. Петров) заңнамада белгiленген тәртiппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары В.К. Божкоға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
полиция генерал-лейтенанты
Қ. Қасымов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015жылғы 19 қаңтардағы
№ 34 бұйрығымен
бекітілді

Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 29.05.2020 № 438 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) азаматтардың Қазақстан Республикасының су айдындарын пайдалану кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) су режимі - су объектілері мен топырақ қабатындағы су деңгейінің, шығыстары мен көлемінің уақытқа қарай өзгеруі;

      2) су айдындары – өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар;

      3) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;

      4) суға шомылу үшін тыйым салынған орын – адамдардың суға шомылуға арналмаған су айдындарының ықтимал қауіпті учаскелері;

      5) су айдындарындағы қауіпсіздік белгілері- адамдар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарына жақын орнатылатын белгілер (ескерту, тыйым салу, ақпараттық және басқалар);

      6) жеке құтқару құралы – суда немесе мұзда қалған кезде адамға қосымша қалқымалығы үшін жасалған құтқару құралы. Жеке құтқару құралдарына құтқару шеңберлері, күртешелер, кеудешелер, қалқыбелгілер жатады;

      7) коммуналдық жағажай – жергілікті атқарушы органның қарамағындағы су айдынындағы демалу орны;

      8) №1 жиынтық - жеңіл түрдегі сүңгуір жарақтарына су астында көрінуді жақсарту үшін жартылай дулығасы, басты су үстінен көтермей, атмосфералық ауамен немесе су астында жүзуге мүмкіндік беретін кеуекті қуыс түтікше түріндегі тыныс алу түтігі және аяққа кигізілетін жүзгіш түріндегі қозғаушы ретінде жүзуге арналған ескекаяқ кіреді;

      9) шағын көлемді кеме – ұзындығы жиырма метрден аспайтын, бортындағы рұқсат етілген адам саны 12 адамнан аспайтын, балық аулау үшін салынған немесе жабдықталғаннан басқа жүк тасуға, жетекке алуға, пайдалы қазбаларды іздеу, барлау және өндіру, құрылыс, жол, гидротехникалық және басқа да осындай жұмыстарды жүргізуге, лоцмандық және мұз жару, сондай-ақ су объектілерін ластану мен қоқыстанудан қорғау іс-шараларын жүзеге асыратын кеме;

      10) су айдынындағы жаппай іс-шара адамдар жаппай жиналатын көпшілік іс-шара (мәдени- ойын- сауық, спорттық, жарнамалық немесе ойын-сауық іс- шаралары), іргелес немесе жер учаскесі бар су айдынында (немесе оның бір бөлігінде) өткізілетін көпшілік іс-шара;

      11) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орын – рекреациялық мақсаттар үшін (жағажай, балық аулау, емдеу, туризм, спорт және суда немесе мұзда белсенді демалу, шағын көлемді кемелерді және басқа да жүзу құралдарын жалға беру және су айдындарында жүзу орны), сондай-ақ балалардың ұйымдастырылған демалуы үшін пайдаланылатын іргелес жер учаскесі бар су объектісі (немесе оның бір бөлігі);

      12) су айдынында жаппай іс-шараны ұйымдастырушы - ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына тәуелсіз ұйым, сондай-ақ су айдынында іс-шараға бастамашы болған жеке немесе заңды тұлға;

      13) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы жаппай демалыс, туризм және спорт орындарын ұйымдастырушы - ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан ұйым, сондай-ақ су қоймасын рекреациялық мақсаттар үшін (жағажайлар, балық аулау, емдеу, туризм, спорт және суда немесе мұзда белсенді демалу, шағын көлемді кемелерді және басқа да жүзу құралдарын жалға беру және су айдындарында жүзу орны), сондай-ақ балалардың ұйымдастырылған демалысы үшін пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;

      14) демалушылар - су айдындарында демалу, балық аулау, шомылу, шағын көлемді кемелермен серуендеу және басқа да демалу түрлері мақсатында болатын адамдар;

      15) осы Қағидалардың талаптарын сақтауға жауаптылар – су айдындарының иелері, нұсқау берушілер (жаттықтырушылар), құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ су айдындарын пайдаланатын адамдар;

      16) жағажай - су қоймасына іргелес және ұйымдастырылған демалуға, оның ішінде адамдардың шомылуына арналған жер учаскесі;

      17) жер үсті су объектілері - шекарасы, көлемі мен су режимі бар, құрлық бетінде оның бедері нысанында сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы;

      18) құтқару шильцалары - өздігінен мұзға құлап кеткеннен кейін шығуға, сондай-ақ жұқа мұз үстімен жатқан жағдайда қозғалуға мүмкіндік беретін құтқару аксессуары. Бір бірімен жіп арқылы байланысқан үшкір металл ұштары бар 2 тұтқаны білдіреді;

      19) "Александров жібі" құтқару құралы – суға батып бара жатқан адамға көмек көрсететін құрал, ол диаметрі 40 сантиметрлік ілмегі және екі қалқымасы бар ұзындығы шамамен 30 метрлік қалқыма түрінде жіңішке жіп болады;

      20) құтқару бекеті – ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, ұйымдар, акваторияның белгілі бір учаскесінде заңды және жеке тұлғалар құратын, құтқарушы-жасақшылармен жасақталған, құтқару жабдығымен жарақталған, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды орындайтын күзет бекеті;

      21) сақтандыру жібі - белге немесе иық арқылы киілетін құтқарушының өзін сақтандыруға арналған, сондай-ақ құтқару шеңберімен немесе құтқару кеудешесімен бірге пайдаланылатын ілмектері бар орауышта ұзындығы кемінде 200 метр жүзбелі жіңішке жіп;

      22) оқу орны - жүзу бойынша ұжымдық және жеке сабақтар өткізуге барынша бейімделген жағажай аумағында арнайы жабдықталған орын.

      3. Қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаған кезде осы Қағидаларды бұзуы немесе орындамауы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексінің 412-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      4. Шомылуға бөлінген су айдыны акваториясы учаскесінің түбін 2 метрге дейінгі тереңдікте тексеруді және тазартуды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері немесе су астында жұмыс жүргізу үшін сүңгуір жабдықтары мен құрал-жабдықтары бар ұйымдар жүргізеді.

      5. Су айдындарында жүзу құралдарын қолдана отырып балық аулау, жеке құтқару құралдары болған кезде жүзеге асырылады.

2- тарау. Су айдындарында, оның ішінде жағажайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі

      6. Қазақстан Республикасының су айдындарында, оның ішінде жағжайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органы мынадай шараларды орындайды:

      1) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді;

      2) Қазақстан Республикасының су айдындарында суда құтқару және сүңгуірлік-іздестіру жұмыстарын жүргізеді;

      3) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм және спорт орындарындағы радиотрансляциялық қондырғылардың және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен суда жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін демалушылардың арасында жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

      4) жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша патрульдік полицияның кезекшілігін ұйымдастырады;

      7. Жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларды орындайды:

      1) су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру, қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен келісім бойынша экологиялық талаптарды және адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгілейді;

      2) коммуналдық жағажайларда құтқару бекеттерін, медициналық көмек пункттерін және қоғамдық қауіпсіздік бекеттерін құрады;

      3) суға шомылу және демалу үшін пайдаланылатын су айдындарына түгендеу жүргізеді және оларды нақты иелеріне бекітеді;

      4) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында құтқарушылармен жасақталған және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес құтқару жабдықтарымен және жарақтарымен жарақтандырылған құтқару бекеттері жоқ, кезекші медициналық персоналмен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жаймен және қажетті құрал-сайманмен және дәрі- дәрмекпен және балалардың шомылуына арналған учаскелермен (балалар жағажайы) жарақтандырылған жаппай демалыс, туризм және спорт орындарын ашуға жол берілмейді);

      5) балаларды суға шомылуға және жүзуге үйрету үшін коммуналдық және балалар жағажайларын құрады және жабдықтайды;

      6) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалыс, туризм және спорт орындарына волонтерлер тартылады;

      7) мұз қатқан су айдынының өтуі үшін арнайы мұз өткелдері (жаяу жүргіншілер және автомобильдер үшін) жасалады;

      8) қысқы кезеңнің басында және соңында мұз үстімен өтетін өткелдің ашылу және жабылу уақыты белгіленеді;

      9) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылуға, ауыз су және шаруашылық қажеттіліктеріне су алуға, мал суаруға, шағын көлемді кемелерде және басқа да жүзу құралдарымен жүруге тыйым салынған орындар туралы және осындай ақпаратты берудің өзге де тәсілдері туралы азаматтарға ақпарат береді;

      10) су айдындарының қауіпті және шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде жергілікті атқарушы органдар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес талаптарға су айдындарында тыйым салатын және ескертетін қауіпсіздік белгілерін орнатады;

      11) білім беру ұйымдарында су объектілерінде қауіпсіздік бұрышын құруды, су объектілеріндегі тәртіп Қағидаларды зерделеуді, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету шараларын ұйымдастырады.

      8. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексі 65-бабының 4-тармағының екінші бөліміне сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті өкілді органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірдегі жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларында тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және шаруашылық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу тыйым салынған жерлерді айқындауы мүмкін.

      9. Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы бұқаралық демалыс, туризм және спорт орындарында:

      1) топырақты қазу, мұз жару, су айдынының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыстар жүргізілетін учаскелерді қоршау бойынша, ал су айдынының түбін тегістеу жұмыстары аяқталғаннан кейін шаралар қабылданады;

      2) суға шомылу маусымы басталар алдында тереңдігі 2 метрге дейінгі суға түсуге бөлінген су айдынының акваториясы учаскесінің түбін тексеру және тазарту жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша осы жұмысты жүргізген ұйым жағажай акваториясының түбін сүңгуірлік тексеру актісі осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі;

      3) құтқарушы-жасақшалармен жасақталған және құтқару жабдығымен және құрал-жабдығымен, кезекші медициналық персоналмен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жаймен және балалардың шомылуына және оларды оқытуға арналған қажетті құрал-саймандар мен дәрі-дәрмекпен және учаскемен жарақталған құтқару бекеттері құрылады. Құтқарушы-жасақшылар демалушылар мен шомылушылардың қауіпсіздігін қарап отырады, осы Қағидаларды бұзу оқиғаларының алдын алады және жолын кесіп отырады;

      4) жағалау жолағынан 20 метрден аспайтындай етіп, барлық бақыланатын қызмет көрсету аймағын қамтуды қамтамасыз ететін биіктігімен бақылау мұнаралары орнатылады;

      5) жағажайдың барлық қызмет көрсету аймағын қамти отырып, дауыс зорайтқыш құрылғылары, телефон байланысы және бейнефиксация жүйесі орнатылады;

      6) су объектілеріндегі адамдармен жазатайым оқиғалардың алдын алу жөніндегі материалдары бар, осы Қағидалардан туындайтын шараларымен, су және ауа температурасы, алғашқы көмек көрсету қағидаларын, киім ауыстыруға арналған кабиналар (50 адамға 1), жатақтар, тенттер, күн қалқалары және дәретханалар (50 адамға 1) туралы деректерімен ақпараттық стендтер орнатылады. Ақпараттық стендтер мынадай түрде болуы тиіс:

      су мен ауа температурасы, жел күшінің бағыты және ағыс жылдамдығы көрсетілген тақтайшалары бар стендтер;

      құқық қорғау органдарының, құтқару қызметтерінің және жақын жердегі суда құтқару станциясының телефондары мен мекенжайлары нөмірлерінің стендтері;

      ең үлкен тереңдігі мен қауіпті орындары көрсетілген аумақ пен акваторияның схемалық бейнесі бар стендтер;

      судағы қауіпсіздік үшін жауапты тұлғалар көрсетілген сабақтар, жаттығулар, жарыстар кестесі бар стендтер;

      7) ағынды суларды ағу орнынан ағыс бойынша кемінде 500 метр биік қашықтықта, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардан, айлақтардан, пирстерден, мұнай құю құрылғыларынан, паромды арқанды өткелдерден 1000 метр төмен қашықтықта жағажай құрылады;

      8) жағалау белдеуінің ені кемінде 20 метр болған кезде 2 метр тереңдікке дейін шомылуға бөлінген акватория түбіне кемерінсіз біртіндеп сырғып түсуге құрылғы орнатылады, су өсімдіктерінен, шаяндардан, қабықтардан, шыныдан, тастардан және шомылушылар үшін қауіп төндіретін басқа да заттардан тазартылады;

      9) шомылуға бөлінген орындар белгілермен белгіленеді, бір бірінен 10-20 метр және тереңдігі 1,3 метр жерден 25 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан қызыл немесе қызылсары түсті қалқыбелгілермен шомылуға бөлінген акватория учаскесінің шекарасы белгіленеді және кеме жолы аймағына шықпайды;

      10) шағын көлемді кемелерді жалға беру пункттерінің, халықтың суда серуендеуін, сүйрейтін жүзу құралдарында серуендеуін, су объектілерінде, жүзу тақтайларындағы серуендеуін жүргізу үшін шағын көлемді кемелердің тұрақ базаларының желкеннің астында жағажайлар мен су астында жүзу үшін пайдаланылатын акватория учаскелерінің (белдеулерінің) шекарасынан 50 метрден жақын емес орналасуы қамтамасыз етіледі;

      11) мектеп жасына дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларды жүзуге үйрету үшін тереңдігі 0,7 метрден артық емес, үлкен мектеп жасындағы балалар үшін тереңдігі 1,2 метрден артық емес учаскелерді құру қамтамасыз етіледі. Учаскелер дуалмен қоршалады немесе арқандарға бекітілген қалқымалар сызығымен қоршалады.

      12) жағажайларда түбінің тереңдігін көрсете отырып, терең жағалары бар акваторияның табиғи учаскелерінде суға секіру үшін орындарды құру қамтамасыз етіледі. Мұндай учаскелер болмаған кезде суға секіруді орындау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тереңдігі бар жерлерге дейін ағаш көпіршелер немесе салдар орнатылады. Стационарлық су аттракциондарын пайдалану кезінде адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, ал оларды орналастыру орындары стационарлық су аттракциондарын пайдалану қағидалары және оларды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары бар стендтермен жабдықталады;

      13) биіктігі 3 және одан да көп метр суға секіруге арналған мұнаралардың платформаларына шығуы нұсқаушылардың (жаттықтырушылардың) рұқсатымен және олардың қатысуымен қамтамасыз етіледі. Мұнаралардың платформалары мен мұнараның сатылы маршы тұтқалы, биіктігі және ені құрылыс нормаларымен белгіленген мөлшерден аспайтын баспалдақтар, баспалдақтың жабыны – тайып кетуді болдырмайтын материалдардан жасалады;

      14) жер асты суларының жер бетіне, шұңқырларға, су иірімдеріне шығусыз және секундына 0,5 метрден асатын ағыссыз жағажайлар құру қамтамасыз етіледі;

      15) жағажайда судан 10 метр қашықтықта 50 метрден аспайтын аралықпен құтқару шеңберлерлері және "Александров-жібі" құтқару құралдары бар қалқан құру қамтамасыз етіледі.

      10. Су айдынында жаппай іс-шараны ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға су айдынында бұқаралық іс-шараларды өткізуге мына:

      су айдынында жаппай іс-шараларды өткізу күні, уақыты және мерзімін;

      су айдынындағы жаппай іс-шараға қатысушылардың санын;

      су объектісіндегі адамдардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды;

      су айдынында жаппай іс-шараларды өткізу орнының схемасын көрсете отырып, өтінім жолдайды. Су объектісінде жаппай іс-шаралар өткізу кезінде акваторияның учаскелері (жолақтары) қызыл немесе қызғылт сары түсті қалқыбелгілермен (ілгіштермен) белгіленеді;

      азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде құтқарушы–жасақшыларды даярлау жөніндегі курстардан өткені туралы анықтамасы бар құтқарушы-жасақшылардың болуы;

      қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін суда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін медициналық персоналдың (санитарлық машиналардың) және полиция қызметкерлерінің болуы;

      11. Су айдындарында жаппай іс-шаралар жүргізу кезінде (оның ішінде су асты спорт және демалыс түрлерімен жалғыз айналысу) акваторияның пайдаланылатын учаскесі (белдеуі) шегінде су астындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдармен сабаққа қатысушылардың санынан кем емес сыйымдылығы бар кеме (бірнеше кеме) болады.

      12. Жабдықталмаған су қоймаларында шомылуға болмайды.

      13. Осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалыс, туризм және спорт орындарын ұйымдастыруға, ашуға және пайдалануға жол берілмейді.

3-тарау. Қазақстан Республикасы азаматтарының су айдындарындағы жүріс-тұрыс тәртібі

      14. Су айдындарында:

      1) "Суға түсуге тыйым салынады" деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға;

      2) "Мұз үстімен өтуге (өтуге) тыйым салынады" деген белгілер орнатылған жерлерде мұзға шығуға (шығуға) тыйым салынады;

      3) жүзудің шекарасын белгілейтін қалқыбелгілерден кейін жүзуге;

      4) шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жүзуге;

      5) суға қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жағажайлардан, табиғи құралымдардан (жартастардан, құздан, қойтастардан, жақтаулардан, қоршаулардан және басқа да заттардан), сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан секіруге;

      6) спортпен айналысуға, оның ішінде спорттық ойындар ойнауға, осы мақсаттарға бейімделмеген орындарда ойнауға;

      7) жалған дабыл айқайларын беру;

      8) су айдындарын ластауға және қоқыстауға, кір жууға, шомылуға бөлінген орындар мен оған іргелес жатқан оның ішінде ағыспен 500 метрге дейін жағажайлардан жоғары аумақтарда көлік құралдарына отын қоюға, жууға және жөндеуде;

      9) шағын көлемді кемелерге (оның ішінде еспелі кемелерге ) кіруге және су астында жүзу үшін пайдаланылатын акваториялар жағажайлары мен учаскелерінде маневр жасауға (адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кемелерді қоспағанда);

      10) су айдындарында қауіпсіздік белгілерін өз бетімен жоюға (алуға), бүлдіруге немесе орнатуға жол берілмейді;

      11) суға кіруге және алкогольді және есірткіге мас күйде шомылуға;

      12) тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге;

      13) жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;

      14) жағада және шешіну орындарында демалушыларға жарақат келтіруі мүмкін қоқыстарды қалдыруға;

      15) су айдындарындағы қауіпсіздік белгілеріне, қалқыбелгілерге шығуға;

      16) балаларға ересектерсіз суға кіруге жол берілмейді.

4-тарау. Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

      15. Су айдындарындағы балалардың қауіпсіздігі су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды дұрыс таңдаумен және жабдықтаумен және осы Қағидалар туралы балалармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарымен және сақтық шараларын сақтаумен қамтамасыз етіледі.

      16. Жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелермен жабдықталған балалар жағажайлары құрылады.

      17. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелердің тереңдігі 0,7 метрден 1,2 метрге дейін болады. Учаскелер бір бірінен 3 метрден аспайтын қашықтықта түбіне соғылған сақиналарға бекітілген қалқыма сызығымен тасымалданады.

      18. Балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелер жасыл шеңберде суда тұрған екі баланың бейнесі бар белгілермен белгіленеді.

      19. Жағажайдың барлық аумағында балалардың шомылуы кезінде шағын көлемді кемелерде жүруге, ойындар мен спорттық іс - шараларды өткізуге, бөгде адамдардың болуына және шомылуына жол берілмейді.

      20. ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, балалардың демалуы мен сауықтырылуына арналған ұйымдар:

      1) жағажайларды жабдықтайды және құтқару бекеттерімен жарақтайды;

      2) су айдындарындағы балалардың қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғаларды тағайындайды;

      3) су айдындарында және мұзда оқиғалар мен төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдар жөнінде нұсқаулықтар әзірлейді.

      21. Балалардың демалуы мен сауықтырылуына арналған ұйымдар үшін су айдындарында ұйымдастырылған демалыс орындарында жағажайды жайластыруға қойылатын талаптар орындау үшін міндетті болып табылады.

      22. Осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін балалардың демалу және сауықтыру орындарын ұйымдастыруға, ашуға және пайдалануға жол берілмейді.

      23. Балалардың шомылуына 10 адамнан аспайтын және ұзақтығы 20 минуттан аспайтын топтармен рұқсат етіледі.

      24. Суға шомылу және жүзуге үйрету кезінде балалардың қауіпсіздікті және әдістемелік басшылықты су айдындарында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету тәсілдеріне үйретілген жүзу жөніндегі нұсқаушылар қамтамасыз етеді. Жүзе алмайтын балаларды шомылу және оқыту жүзе білетін балалардан бөлек жүргізіледі.

      25. Суға түсу және балаларды оқыту басталар алдында осы Қағидаларды сақтауы бойынша нұсқама жүргізіледі.

      26. Балаларға таяныштардан, көпірлерден сүңгуге, жүзу шекарасынан тыс жүзуге жол берілмейді.

      27. Шағын көлемді кемелерде балалар болған кезінде:

      1) кемені белгіленген нормадан артық тиеуге;

      2) 7 жасқа дейінгі балаларды серуендетуге;

      3) кемеден суға секіруге;

      4) жеке құтқару құралдарынсыз серуендеуге;

      5) шомылуға бөлінген акваторияға кіруге, сондай-ақ кеме қатынасы жағдайының белгілеріне жақындауға, оларға арқандап байлануға және кеме жүрісінде тоқтауға жол берілмейді.

      28. Тереңдігі 2 метрге дейінгі жерлерде 12 жастан бастап жақсы жүзе алатын балаларға шомылуға рұқсат етіледі . Бұл орындар екіншісінен бір метр қашықтықта орналасқан қызыл немесе қызғылт сары түсті қалқыбелгілермен қоршалады.

      29. Жағалауда жүзу сабақтарын өткізу үшін қоршалады және су қоймасына жанасатын алаңша тиісті түрде жабдықталады..

      30. Алаңда:

      1) жүзу тақтайлары;

      2) суға түсетін балалардың саны бойынша резеңке үрлемелі шеңберлер;

      3) жүзе алмайтын адамдарды қолдау үшін қолданылатын кемінде екі таяқтың (шест) болуы;

      4) жүзу үшін көмек беретін белдіктер;

      5) кем дегенде 3 ватерпол добының болуы;

      6) кемінде екі электромегафонның болуы;

      7) оқыту әдістемесі және жүзу техникасы бойынша оқу плакаттары бар сабақ кестесінің тақтасы орнатылады.

      31. Балалардың су айдындарында болуына байланысты барлық іс-шаралар олардың өмірі мен денсаулығына жауапты және су айдындарында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге үйретілген адамдардың қадағалауымен жүргізіледі.

      32. Шомылатын балаларға осы Қағидалардың 20-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адамдардың үздіксіз бақылауы жүргізіледі.

      33. Шағын көлемді кемелерді балаларға, сондай-ақ оны басқаруға құқығы жоқ адамдарға уақытша иеленуге және пайдалануға беруге жол берілмейді.

5- тарау. Су айдындарында туристік маршруттарды өткізу кезінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

      34. Туристік топтардың ұйымдастырушылары мен қатысушылары осы Қағидаларды сақтауы тиіс.

      35. Туристік топтардың ұйымдастырушылары топтың жауапты басшыларын тағайындайды.

      36. Туристік топтарды ұйымдастырушылар азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне су айдындарындағы туристік бағыттар туралы, сондай-ақ топтың шығу және қайтып келу күні, қатысушылар саны, топ басшысының тегі, аты, әкесінің аты туралы мәлімет береді.

      37. Топ басшылары жорық басталғанға дейін туристік топтардың қатысушыларымен маршрут орындалатын жүзу құралдарын пайдалану бойынша нұсқаулық жүргізеді, құтқару құралдарын пайдалану қағидалары туралы нұсқау журналында танысу туралы тіркейді.

      38. Туристік жорықтарды өткізу шарттары:

      1) топтар қатысушылардың саны бойынша қажетті құтқару құралдарымен және алғашқы медициналық көмек көрсету құралдарымен жарақтандырылады;

      2) топ басшысы құрал - жабдықтармен және құтқару құралдарымен жұмыс істеу маршрутын, тәртібі мен қағидаларын зерделейді, осы маршруттардан өту бойынша картографиялық материалмен қамтамасыз етіледі, су айдындарында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсете біледі;

      39. Техникалық куәландырудан өтпеген кемелерде су туристік жорығын жүргізуге жол берілмейді.

      40. Су туристік жорығына қатысушы:

      1) маршрутты және су режимін зерделейді;

      2) тек жарамды, алдын ала тексерілген жүзу құралдары мен жабдықтарын пайдаланады;

      3) балқу кезінде жүзу құралының артық тиелуін асырмайды, тек құтқару кеудешелері мен гидрокостюмдерімен жұмыс жүргізеді және жүзеді;

      4) жүзу құралы зақымдалған жағдайда дереу жағаға айлақ жасайды;

      41. Топтық жүзу кезінде жүзу құралдары бір - бірінен тікелей көріну қашықтығында болады.

6-тарау . Қысқы кезеңдегі су айдындарындағы қауіпсіздік тәртібі

      42. Мұз өткелінде көлік қозғалысының тәртібі мен жүктерді және жолаушыларды тасымалдау нормаларын пайдаланушы ұйым мұз болжамын және мұзға ең жоғары қауіпсіз жүктемені ескере отырып белгілейді.

      43. Мұз өткелдері үшін бөлінген орындар келесі шарттарға сәйкес келеді:

      1) мұз өткелдеріне апаратын жолдар мен құламалар абаттандырылады;

      2) мұз өткелдері жылы және жер асты суларының шығатын орнынан, сондай-ақ промоиналардан, майндардан және мұз сынуға арналған алаңдардан кемінде 100 метр қашықтықта орналастырылады;

      3) автогужалық мұз өткелдері трассаларының бір жақты қозғалысы болады;

      4) қарама - қарсы қозғалыс үшін 50 метр қашықтықта бір - бірінен алыстатылған екі дербес параллель трассалар төселеді.

      44. Мұз өткелдерін жабдықтау мен күтіп ұстауды барлық меншік нысанындағы пайдаланушы ұйымдар (өткелдердің иелері) мынадай түрде жүргізеді:

      1) қысқы кезеңде күн сайын таңертең және кешке ( жылыну кезінде – таңертең, күндіз және кешке) мұздың қалыңдығын өлшеуді және оның құрылымын анықтауды, алынған деректерді мұздың қалыңдығын өлшеу журналына енгізеді. Мұз өлшеуді су айдынының барлық пайдаланылатын акваториясында, әсіресе су ағысының жылдамдығы мен су айдынының тереңдігі көп жерлерде жүргізу;

      2) адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұздың құрылымы мен қалыңдығының өзгеру белгілері анықталған кезде жағалау белдеуіне тыйым салу белгілерін қою арқылы қысқы кезеңде су айдынының акваториясын пайдалануды тоқтату;

      3) қысқы кезеңде су айдыны акваториясының пайдаланылатын қауіпсіз учаскесін ілгішпен қоршауды жүзеге асыруға;

      4) өткелдерге кіреберістерде өткелдің атауы, жұмыс уақыты және оның құрылымы мен мазмұны үшін жауапты адамның деректері көрсетілген маңдайшалар орнатылады;

      5) өткелдің екі жағынан мынадай ақпарат орналастырылатын стенд қойылады: осы өткел бойынша қандай көлік түріне және қандай ең жоғары жүкпен жүруге рұқсат етіледі, қандай қозғалыс интервалын сақтау қажет, сондай-ақ осы Қағидалардан үзінді;

      6) өткелдің екі жағынан қысқы (багрлер, баспалдақтар, құтқару шеңберлері, бөренелер, ұзындығы 15 метрден кем сақтандыру арқандары) "Суға батушыға беру" деген жазуы бар арнайы қалқандар қойылады;

      7) өткел үшін бөлінген орындардың шекаралары 25-30 метр қашықтықта орналасқан қабықтармен белгіленеді;

      8) мұзда қауіпсіз болудың негізгі шарты мұз қалыңдығының қоса берілген жүктемеге сәйкестігі болып табылады. Бұл ретте мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін 10 сантиметрден кем емес, бұқаралық спорттық және мерекелік іс- шараларды және автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін 25 сантиметрден кем емес;

      9) мұз өткелінің жылынуын және жүк көтергіштігін азайтуды болдырмау үшін жолдың жүру бөлігін қардан тазалау үнемі жүргізіледі;

      10) қозғалыс үшін қауіпті орындарда су объектілерінде қауіпсіздік белгілері қойылады.

      45. Мұз өткелдерінде:

      1) балық аулауға және басқа мақсаттарға арналған шұңқырларды тесуге;

      2) қоршалмаған және қорғалмайтын жерлерден өтуге және жүруге;

      3) кәсіптік балық аулауға арналған желілерді орнатуға тыйым салынады.

      46. Мұзда болған кезде:

      1) мұздың жұқа және қатпаған жерлеріне шығуға;

      2) мұздың жекелеген учаскелерінде топтармен жиналуға;

      3) мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға;

      4) өткелден тыс көлік құралдарымен шығуға жол берілмейді.

      47. Мұз үстіне түнгі уақытта және дұрыс көрінбейтін кезде шығуға рұқсат етілмейді.

      48. Мынадай жеке құтқару құралдары (ысқырық, құтқару шильцасы, құтқару кеудешесі, диаметрі кемінде 11 миллиметр, ұзындығы кемінде 12 метр жіп, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, су өткізбейтін пакеттегі ұялы телефон) болған кезде мұз астынан балық аулауға рұқсат беріледі.

      49. Мұз астынан балық аулаған кезде:

      1) шектеулі алаңда екіден артық шұңқыр тесуге;

      2) от жағуға рұқсат етілмейді.

      50. Ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан ұйымдар, жеке және заңды тұлғалар су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында топырақ пен шымтезекті қазу, жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарда объектілердің түбін тереңдету жөніндегі жұмыстарды жүргізген кезде қауіпті учаскелерді қоршауды жүргізеді, ал аяқталғаннан кейін су айдынының түбін теңестіру жөніндегі жұмыстарды жүргізеді.

      51. Ұйымдар, олардың ведомстволық тиістілігіне және меншік нысанына қарамастан, жеке және заңды тұлғалар мұз жару жұмыстарын жүргізген кезде адамдар үшін қауіпті учаскелерді қоршайды.

7- тарау. Су айдындарындағы қауіпсіздік белгілері.

      52. Су айдындарындағы қауіпсіздік белгілерді жергілікті атқарушы органдар және ұйымдастырушылар су айдындарында адамдармен жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы жаппай демалыс, туризм және спорт орындарына орнатады.

      53. Су айдындарындағы қауіпсіздік белгілері тақтайлардан, қалың фанерден, металл табақтардан немесе басқа да берік материалдан жасалады, диаметрі 50-60 сантиметр дөңгелек пішінді болады.

      54. Су объектілеріндегі қауіпсіздік белгілері көрінетін жерлерде орнатылады және биіктігі 2,5 метрден кем емес бағаналарда бекітіледі.

  Су айдындарындағы
қауіпсіздік қағидаларына
1-қосымша

Құтқару бекетінің құрылымына қойылатын талаптар (адамдар құрылғы бола алмайды, атын қайта атау керек)

р/с

Атауы

Бірлік саны

Ескертпе

1-бөлім. Құтқару бекетінің штаты

1.

Бекет басшысы

1


2.

Құтқарушы-жасақшы

Жағажайдың жағалау жиегінің ұзындығына байланысты:
75 метрге дейін кемінде 2,
75- тен 125 метрге дейін кемінде 3, 125- тен 175 метрге дейін кемінде 4,
175- тен 225 метрге дейін кемінде 5,
225 метрден және одан жоғары кемінде 6


2-бөлім. Жабдықтар мен құрал-жабдықтар

1.

Моторлы қайық

Жағажайдың жағалау жиегінің ұзындығына байланысты:
125 метрге дейін кемінде 1, 125- тен 225 метрге дейін кемінде 2, 225 метрден және одан көп кемінде 3

борттарда "құтқару" деген жазуы бар

2.

Ескекті қайық

Жағажайдың жағалау жиегінің ұзындығына байланысты:
125 метрге дейін кемінде 1, 125- тен 225 метрге дейін кемінде 2, 225 метрден және одан көп кемінде 3

борттарда "құтқару" деген жазуы бар

3.

Тасымалданатын радиостанция

1 жасақтың әрбір құтқарушысына


4.

Құтқару шеңбері

2


5.

"Александров жібі" құтқару құралы

2


6.

Мегафон

2


7.

Дәрі-дәрмектерімен санитарлық сөмке

1


8.

Трал

1


9.

Ұзындығы кемінде 5 – 6 метр, ұзындығы кемінде 40 метр, жіңішке жібі бар құтқару тақталары

2


10.

Ұзындығы кемінде 7 метр ағаш саты

1


11.

Ұзындығы кемінде 40 метр құтқару жіңішке жібі

1


12.

Ұзындығы кемінде 40 метр жіңішке жіпбайламындағы ұзындығы кемінде 2 метр багор

1


13.

Ұзындығы кемінде 40 метр бар ұзындығы 2 метрден артық емес жеңіл конструкциядаан жасалған шаналар

1


14.

кемінде 40 метр жіңішке жібі мен ұзындығы кемінде 5 метр құтқару сырығы

1


15.

Сақтандыру жібі

1 жасақтың әрбір құтқарушысына


16.

Құтқару шильцалары

2


17.

№1 жиынтық

1 жасақтың әрбір құтқарушысына


18.

Дүрбі

әрбір бақылау мұнарасына


19.

Ысқырық

1 жасақтың әрбір құтқарушысына


20.

Құтқару кеудешелері

1 жасақтың әрбір құтқарушысына


21.

Сырықтар, құтқару ілгектері

1 жасақтың әрбір құтқарушысына


22.

Бақылау мұнарасы

Барлық бақыланатын қызмет көрсету аймағын қамтуға байланысты


23.

Су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу және суға батушыға көмек көрсету жөніндегі материалдары бар стенд

1


24.

Стационарлық аттракциондарды пайдалану қағидалары және стационарлық аттракциондарды пайдалану қауіпсіздігі шаралары бар стенд

1


3-бөлім. Құтқару бекетінің құжаттамасы

1.

Күн тәртібі

1


2.

Бекет бойынша кезекшінің нұсқаулығы

1


3.

Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулық

1


4.

Судағы жазатайым оқиғалар туралы актілер кітабы

1


5.

Акватория тереңдігі бар қызмет көрсетілетін ауданның картасы (схемасы)

1


6.

Қазақстан Республикасы азаматтарының су айдындарындағы жүріс-тұрыс қағидалары

1


7.

Құтқару бекеті мүлкінің тізімдемесі

1


      Ескертпе: бір құтқару бекеті жүзіп өту сызығының 200 метрден артық емес ұзындығына қойылады.

  Су айдындарындағы
қауіпсіздік қағидаларына
2-қосымша

Су айдындарындағы қауіпсіздік белгілері

р/с №

Белгідегі жазу

Белгінің жалпы түрі

1.

Шомылу орны

Жасыл шеңберде. Үстінен жазу. Жазудың астында (жүзудің шекарасын метрмен көрсете отырып) жүзіп келе жатқан адам бейнеленген. Белгі ақ түсті бағанға бекітіледі

2.

Балалардың шомылатын орны

Жасыл шеңберде. Үстінен жазу. Жазудың астында (жүзу шегі метрмен көрсетілген) суда тұрған екі бала бейнеленген. Белгі ақ түсті бағанға бекітіледі

3.

Шомылуға тыйым салынады (шекараларын метрмен көрсете отырып)

Қызыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменгі жақта жүзіп келе жатқан адам бейнелеген. Бейне жоғарыдағы сол жақ бұрыштан бастап қызыл сызықпен диагональ бойынша сызылады. Белгi қызыл бағанға бекiтiледi.

4.

Мұз үстiмен жүруге болады.

Тұтастай жасыл түске боялады. Жазу ортасында ақ түстi. Белгi ақ бағанға бекiтiледi.

5.

Мұз үстiмен жүруге тыйым салынады

Тұтастай қызыл түске боялады. Жазу ортасында ақ түстi. Белгi қызыл бағанға бекiтiледi.

6.

Толқуды тудырмаңыз!

Қызыл шеңбердің ішінде ақ фонда қызыл сызықпен сызылған қара түсті екі толқын бейнеленген. Белгі қызыл түсті бағанға бекітіледі

7.

Сүңгуге тыйым салынады

Қызыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменгі жағында сүңгіп бара жатқан адам бейнеленген. Бейне жоғарыдағы сол жақ бұрыштан бастап қызыл сызықпен диагональ бойынша сызылады. Белгi қызыл бағанға бекiтiледi.

8.

Жүзу құралдарының қозғалысына тыйым салынады.

Қызыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменгі жағында iлме моторлы шағын көлемді кеме бейнеленген. Бейне жоғарыдағы бұрыштан бастап қызыл сызықпен диагональ бойынша сызылады. Жағажайдың акваториясын қоршайтын қалқыбелгілер бірге қойылады.

9.

Шағын көлемді кемелердің тұруына және тоқтауына тыйым салынады

Қызыл шеңбердің ішінде ақ фонда қызыл сызықпен сызылған қара түсті "Р" әрпі бейнеленген. Белгі қызыл түсті бағанға бекітіледі

10.

Қауіпті! Иірім!

Қара жиектемедегі жасыл үшбұрыш ақ фонда және ортасында екі ирек көлденең сызықпен сызылған леп белгісі. Үстіңгі жағында "Қауіпті!" деген жазу. Төменгі жағында қара жиектемеде "Иірім!" деген жазу. Белгі қалқымалы, су кемерінен 5-10 метр жерде, тереңдіктер күрт алмасатын ауданға қойылады.

11.

Зәкірді лақтырмаңыз!

Қызыл шеңбердің ішінде ақ фонда қызыл сызықпен сызылған қара түсті Зәкір бейнеленген. Белгі қызыл түсті бағанға бекітіледі.

  Су айдындарындағы
қауіпсіздік қағидаларына
3-қосымша
  Нысан
  "Бекітемін"
Жағажай акваториясына тексеру
жүргізген мекеменің (ұйымның)
басшысы
___________________________
Т.А.Ә. (ол болған жағдайда)
20___ жылғы "____" _________

Жағажай акваториясының түбін сүңгуірлік тексеру актісі

      Біз, төменде қол қоюшылар, жағажай акваториясының түбіне тексеру жүргізген

      мекеменің (ұйымның) өкілі _______________________________________

      _______________________________________________________________

      бір жағынан, су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы бұқаралық

      демалыс, туризм және спорт орындарын ұйымдастырушыдан өкіл

      _______________________________________________________________

      _______________________________________________________________

      екінші жағынан, 20____ "___"_____________________________________

      (су айдынының атауы)су айдынында орналасқан жағажай акваториясының түбіне

      _______________________________________________________________,

      (жағажайдың атауы)

      тексеру жүргізілді.

      Суға түсу кезінде қауіп төндіретін заттарды көрсете отырып, жоғарыда аталған

      жағажайдың жоспар-схемасын жасады.

      1. Көлденең профиль бойынша түбінің тереңдігіне өлшеулер жүргізілді.

      2. Аталған жағажай акваториясының түбінен кедергілерді жоюды жүргізді/ жүргізбеді.

      Тексеру жүргізу кезінде анықталды:_______________________________

      ___________________________________________________________________

      жағажай акваториясының түбіне тексеру жүргізген мекеменің (ұйымның)

      өкілі _______________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы бұқаралық демалыс, туризм

      және спорт орындарын ұйымдастырушы _____________________________________