Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi ережесінің 16-тармағының 28-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Табиғатты қорғау іс-шараларына қатысу бойынша ішкі істер органдарының жұмысын ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Заңды деректер базасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (И.В. Лепеха) жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Министр | |
полиция генерал-полковнигі | Қ. Қасымов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
____________ А. Мамытбеков
2016 жылғы 11 қаңтар
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
____________ В. Школьник
2016 жылғы 11 қаңтар
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1096 бұйрығымен бекітілген |
Табиғатты қорғау іс-шараларына қатысу бойынша ішкі істер
органдарының жұмысын ұйымдастыру
ҚАҒИДАЛАР
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi ережесінің 16-тармағының 28-1) тармақшасына сәйкес ішкі істер органдарының табиғатты қорғау іс-шараларына қатысуы бойынша қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Табиғатты қорғау іс-шараларына қатысу бойынша ішкі істер органының жұмысын ұйымдастыру бойынша жалпы басшылық облыстардың, Астана және Алматы қалаларының және Көліктегі ішкі істер департаменттерінің, қалалық және аудандық ішкі істер органдарының (бұдан әрі - ІІД, КІІД, ҚАІІО) бірінші басшыларына жүктеледі.
3. Табиғатты қорғау іс-шараларына табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің қатысуы бойынша жұмысты ұйымдастыруды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының ІІД, қалалық және аудандық ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметінің бастықтары жүзеге асырады.
2. Табиғатты қорғау іс-шараларына қатысу бойынша ішкі істер
органдарының негізгі міндеттері, функциялары және құзыреті
Ішкі істер органдары құзыреті шегінде мынадай міндеттер мен функцияларды жүзеге асырады:
4. Ішкі істер органдарының міндеттері:
1) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғатты қорғау іс-шараларына қатысу;
2) браконьерлікке қарсы күресте қоршаған ортаны қорғау, жануарлар дүниесін қорғау, өнімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдарға (бұдан әрі – Уәкілетті мемлекеттік органдар) көмек көрсету;
3) экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау, ашу және тергеу.
5. Ішкі істер органдарының функциялары:
1) табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға, алдын алуға, жолын кесуге және ашуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
2) ішкі істер органдарының уәкілетті мемлекеттік органдармен, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзушылықтарды анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру бойынша басқа да құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасасуын ұйымдастыру.
6. Табиғатты қорғау іс-шараларына ішкі істер органдарының қатысуы бойынша міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлеріне, сондай-ақ осы бағыттағы функциялар жүктелген жергілікті полиция қызметінің полиция қызметкерлеріне жүктеледі.
7. Ішкі істер органдарының құзыреті:
1) ішкі істер органдарының құзыретіне жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асырады;
2) экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуды және тергеуді жүзеге асырады;
3) экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.
3. Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы
бөліністерінің қызметін ұйымдастыру
8. Табиғатты қорғау полициясы бөліністері ішкі істер органдарының басқа да қызметтерімен, уәкілетті мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасаса отырып, міндеттерін орындайды.
9. Ішкі істер органдарының табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің басшы құрамының лауазымдары "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 432 бұйрығымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес орналасады (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11357 болып тіркелген).
10. Табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің жеке құрамы мен көлік және басқа да техникалық құралдары тек тікелей мақсаты бойынша пайдаланылады. Жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – ІІМ), ІІД, КІІД, ҚАІІО басшылығының өкімі бойынша бұл қызметтің күштері мен құралдары бұқаралық іс-шаралар өткізу және төтенше жағдайлар кезінде табиғатты қорғау іс-шараларына қатысуды әлсіретуге жол бермей, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін тартылады.
11. Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің басшылары:
1) табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің жұмысына жалпы басшылық етуді жүзеге асырады;
2) табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің жұмысын жоспарлауды ұйымдастырады;
3) табиғатты қорғау заңнамаларын бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен, басқа да құқық қорғау органдарымен бірлескен жоспарларды әзірлейді;
4) табиғатты қорғау полициясы қызметінің желісі бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын, ІІМ шешімдерін, бұйрықтарын, нұсқауларын орындау бойынша бақылауды қамтамасыз етеді;
5) ІІД-нің тергеу, анықтау, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және криминалдық полиция бөліністерімен экологиялық қылмыстарды ашу және тергеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасуды ұйымдастырады;
6) табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөліністерімен, басқа да құқық қорғау органдарымен табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған бірлескен іс-шаралар мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасуын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
7) табиғатты қорғау заңнамаларын бұзушылықтар бойынша әкімшілік және қылмыстық практиканы, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілетін рейдтік іс-шаралардың нәтижелерін жинақтауды және талдауды жүзеге асырады;
8) табиғатты қорғау полициясының желісі бойынша қызметіне жатқызылған мәселелер бойынша құқық бұзушылықтарды, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың арыздарын, хабарламаларын және басқа да ақпараттарын есепке алу және тіркеу жай-күйін бақылауды жүзеге асырады;
12. Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің қызметкерлері:
1) табиғатты қорғау заңнамаларын бұзушылықтарды ашуға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған іс-шараларға қатысады, табиғатты қорғау органдарына браконьерлікке қарсы күресте көмек көрсетеді;
2) заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша анықтауды жүзеге асырады;
3) табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асырады;
4) өз құзыреті шеңберінде жасалған немесе дайындалып жатқан экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы арыздар мен хабарламаларды қарайды, олардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу, жасаған адамдарды ұстау бойынша шаралар қабылдайды;
5) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау үшін ішкі істер органының табиғатты қорғау заңнамаларын бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу бойынша қабылдаған шаралары мен нәтижелері туралы материалдар дайындайды.
13. Жоспарлау:
1) қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру, экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимыл жасасуды жандандыру мақсатында бірлескен іс-шаралар жоспарлары әзірленеді;
2) бірлескен іс-шаралар жоспарларында экологиялық құқық бұзушылықтарды, биологиялық ресурстар объектілері мен олардың өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған жалпы ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар көзделеді. Рейд нәтижелерін одан әрі республикалық және облыстық ақпараттық агенттіктерде кеңінен жариялау үшін рейдтік іс-шараларға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.
14. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күреске қатысу бойынша ішкі істер органдары қызметінің нәтижелері туралы ақпарат анықтама түрінде ресімделіп, ІІД, КІІД-ге тоқсан сайын есеп беру кезеңінен кейінгі айдың 5-іне ұсынылады. Жинақталған анықтама ІІМ Әкімшілік полиция комитетіне есеп беру кезеңінен кейінгі айдың 15-іне жолданады.
ІІД, КІІД-ге жіберілетін анықтамаларға ішкі істер органының бастығы қол қояды, ал ол болмаған жағдайда ҚАІІО жергілікті полиция қызметінің бастығы қол қояды, ІІМ Әкімшілік полиция комитетіне жіберілетін анықтамаға ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы қол қояды.
Анықтамада:
1) табиғатты қорғау іс-шараларына қатысу, экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы шынайы ақпарат;
2) экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша тергеу және әкімшілік практиканың жай-күйін талдау;
3) табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға ықпал еткен себептер мен жағдайлар және оларды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар;
4) табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен, басқа да құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасасуды ұйымдастырудың жай-күйі;
5) экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша ішкі істер органдарының статистикалық есеп беру деректері мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті аумақтық бөліністерінің деректерін салыстыра талдау;
6) экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру бойынша ішкі істер органдары қызметтерінің өзара іс-қимыл жасасуы қамтылады.
15. Табиғатты қорғау полициясы бөліністері қызметінің нәтижелері жарты жылда бір рет ІІД, КІІД, ҚАІІО басшылығы жанындағы жедел кеңестерде қаралады.