Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінімді қабылдау, тіркеу және қарау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1281 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12780 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 293-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмді қабылдау, тiркеу және қарау қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) бекiтiлсiн.

      2. "Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінімді қабылдау, тіркеу және қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 2012 жылғы 1 маусымдағы № 183 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 7759 болып тіркелген, 2012 жылғы 4 тамыздағы № 464-470 (27543) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ивестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитеті (Е.К. Хаиров):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін.

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электронды түрде жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады, бұл ретте Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасы 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрінің міндетін атқарушы

Ж. Қасымбек


  Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
министрінің м.а. 2015 жылғы
30 желтоқсандағы № 1281
бұйрығымен бекітілген

Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінімді
қабылдау, тіркеу және қарау қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмдi қабылдау, тiркеу және қарау қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 293-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмдi қабылдау, тiркеу және қарау тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) өтінім беруші - инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмді берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;

      2) инвестициялар жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын инвестициялық келісім-шарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган.

2. Инвестициялық преференцияларды беруге арналған
өтiнiмдi қабылдау тәртібі және тiркеу

      3. Өтінім беруші инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмді (бұдан әрi – Өтінім) "Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 1133 бұйрығымен бекітілген Өтінім нысаны бойынша (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 12572 болып тіркелген) Кодекстің 292-бабының 1-тармағында көзделген құжаттарды қоса уәкiлеттi органға береді.

      Өтінім тіркеу нөмірін және күнін берумен, ол берілген уәкілетті орган кеңсесінде тіркеледі, содан соң уәкiлеттi органның бiрiншi басшысына немесе оның орынбасарына берiледi.

      4. Өтінім тіркелген күні уәкiлеттi органның басшысы не оның орынбасары Кодекстің талаптарына сәйкестікке Өтінімді қарауды тікелей жүзеге асыратын уәкiлеттi органның құрылымдық бөлiмшесіне Өтінімді береді.

3. Инвестициялық преференцияларды беруге арналған
өтiнiмдi қарау

      5. Инвестициялық преференцияларды беру Өтінімді жиырма жұмыс күн ішінде қарау Өтінімді тiркелген күннен бастап құрайды.

      6. Уәкілетті органнның тиісті құрылымдылық бөлімшесі Өтінімді инвестициялық преференцияларды беру тұрғысында қараған кезде:

      1) инвестициялық преференцияларды беруге арналған Өтінімді қарайды;

      2) Кодекстің 292-бабында көрсетілген құжаттардың болуын тексереді;

      3) Кодекстің 292-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес инвестициялық жобаның бизнес-жоспарына талдау жүргізеді;

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4) тармақшасы 01.01.2017 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      4) салық берешегiнiң, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтiк аударымдар бойынша берешектің болмауына талдау жүргізеді;

      5) Кодекстің 282-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайды.

      7. Өтінімді қарау нәтижелері бойынша Уәкілетті орган инвестициялық преференцияларды беру немесе бас тарту жөнінде шешім қабылдайды, ол туралы өтінім берушіге жазбаша жауап жібереді. Инвестициялық преференцияларды беруден бас тарту туралы шешім дәлелді болуы тиіс.

      8. Инвестициялық преференцияларды беруден бас тарту үшін негіздемелер:

      1) Кодекстің 285 және 286-баптарында белгіленген талаптарға өтінім берушінің сәйкес келмеуі;

      2) Кодекстің 292-бабында көзделген құжаттарды бермеуі болып табылады.