Қалдықтары жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеу әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 762 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12753 болып тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 01.01.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін ақы төлеуді есептеу әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасы


Энергетика министрі

В. Школьник

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Инвестициялар және даму министрі

      Ә.Ө. Исекешев ____________

      2015 жылғы 28 желтоқсан

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 762 бұйрығымен бекітілген

Қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді,
залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды
ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеу әдістемесі
1. Қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді,
залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды
ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеу

      1. Осы Қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері оған (оларға) таралатын өнімдер (тауарлар) тұтынушылық қасиеттерінен айырылғаннан кейін түзілетін қалдықтарды және оның (олардың) орамаларын жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, залалсыздандыру, пайдалану және (немесе) кәдеге жарату бойынша көрсетілетін қызметтер үшін төлемақыны айқындауға арналған.

      2. Қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақы (бұдан әрі – Төлемақы) – өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері оған (оларға) таралатын өнімдер (тауарлар) тұтынушылық қасиеттерінен айырылғаннан кейін түзілетін қалдықтарды және оның (олардың) орамаларын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін өндіруші (импорттаушы) жүргізетін өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторына (бұдан әрі – Оператор) төленетін ақы.

      3. Төлемақы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері оған (оларға) таралатын өнімдер (тауарлар) тұтынушылық қасиеттерінен айырылғаннан кейін түзілетін қалдықтарды және оның (олардың) орамаларын жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, залалсыздандыру, пайдалану және (немесе) кәдеге жарату саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың жыл сайынғы нақты шығыстары мен табыстарының негізінде есептеледі.

      4. Төлемдерді есептеу осы Әдістемеге сәйкес Оператормен есептер жүргізілген сәттен бастап күнтізбелік жыл ішінде өзгермейді.

      5. Төлемақыны (Стөлемақы) есептеу әрбір қалдық түрі үшін мынадай формула бойынша есептеледі:

      Стөлемақы= E – R + I

      мұндағы:

      E – қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, залалсыздандыру, пайдалану және (немесе) кәдеге жарату саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың қалдық түрінің бір тоннасын жинауға, тасымалдауға, қайта өңдеуге, залалсыздандыруға, пайдалануға және (немесе) кәдеге жаратуға орташа өлшемді іс жүзіндегі шығыстары. Орташа өлшемді шығыстары өткен күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасында жиналған, қайта өңделген және кәдеге жаратылған қалдықтардың жалпы көлемінің және әрбір кәсіпорын бойынша жиналған, тасымалданған, қайта өңделген және кәдеге жаратылған қалдық көлемінің негізінде есептеледі.

      R – қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, залалсыздандыру, пайдалану және (немесе) кәдеге жарату саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың қалдық түрінен өндірілген шикізаттың бір тоннасын өткізуден орташа өлшемді табысы. Орташа өлшемді табыс өткен күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасында қалдықтардан шикізатты өткізуден табыстың жалпы көлемінің және әрбір кәсіпорын бойынша табыстың негізінде есептеледі.

      I – Инвестициялық құрауыш.

      6. Инвестициялық құрауыш мынадай формула бойынша есептеледі:

      I = Pr/AL

      мұндағы:

      Pr – қалдық түрінен өндірілген бір тонна шикізатқа жабдықтың орташа құны.

      Қалдықтардан өндірілген бір тонна шикізатқа жабдықтың орташа құны жабдықтың орташа құны мен жабдықтың орташа өндіргіштігі арасындағы қатынас болып табылады.

      Жабдықтың орташа құны және орташа өндіргіштігі осы қалдық түрін кәдеге жаратуға арналған мамандандырылған жабдықты өндірушілердің ресми деректеріне негізделеді.

      AL – жабдықтың орташа пайдалы жұмыс істеу мерзімі.

      Жабдықтың орташа пайдалы жұмыс істеу мерзімі өндірушілердің және Қазақстан Республикасындағы осы қалдық түрін қайта өңдеушілердің деректеріне негізделеді.

2. Автокөлік құралдарын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді,
залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды
ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеу

      7. Автомобиль көлік құралдарының өндірушілері (импорттаушылары) үшін ағымдағы банк есебіне енгізуге жататын төлемақы көлемін өндірушілер (импорттаушылар) өздігінен осы Әдістеменің 9-тармағына сәйкес есептейді.

      8. Автомобиль көлік құралдарына қатысты төлемақы Операторға осы Әдістемеге қосымшаға сәйкес негізгі мөлшерлемелер және коэффициенттер бойынша, бір рет әрбір автомобиль көлік құралына есептеледі.

      9. Автомобиль көлік құралдарына қатысты төлемақы автомобиль көлік құралдарының әрбір түрі және санаты бойынша келесі нұсқада жүргізіледі:

      По= Негізгі мөлшерлеме* коэффициент,

      мұндағы, По–тұтынушылық сипаты жойылғаннан кейін, өндірушілердің (импорттаушылардың) төлеуіне жататын, бір көлік құралын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақы.

3. Қаптама, электр және электронды құрал-жабдық, сынапты шамдар, термометрлер, батареялар, пластмасса бұйымдары, импортталатын қаптамадағы тауарлар қалдықтарын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеу

      Ескерту. Қағида 3-тараумен толықтырылды – ҚР Энергетика министрінің 28.12.2016 № 573 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Қаптама, электр және электронды құрал-жабдық, сынапты шамдар, термометрлер, батареялар, пластмасса бұйымдары өндірушілер (импорттаушылар) үшін, сондай-ақ қаптамадағы тауарларды импорттаушылар үшін ағымдағы банк шотына енгізуге жататын төлемақы сомасын өндірушілер (импорттаушылар) өздігінен есептейді.

      11. Қаптама, электр және электронды құрал-жабдық, сынапты шамдар, термометрлер, батареялар, пластмасса бұйымдарына, импортталатын қаптамадағы тауарларға қатысты төлемақыны есептеу келесі нұсқада жүргізіледі:

                                    С0 = m * САЕК * 0

      мұндағы, С0–қаптама, электр және электронды құрал-жабдық, сынапты шамдар, термометрлер, батареялар, пластмасса бұйымдарының, импортталатын қаптамадағы тауарлардың қалдықтарын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін өндірушілер (импорттаушылар) төлеуге тиіс төлемақы.

      m – өндірілетін (импортталатын) қаптаманың, электр және электронды құрал-жабдықтың, батареялардың, пластмасса бұйымдарының, импортталатын қаптамадағы тауарлардың салмағы (тоннада) немесе өндірілетін (импортталатын) сынапты шамдардың және термометрлердің саны (данада);

      САЕК– бір айлық есептік көрсеткіш сомасы.

  Қалдықтарды жинауды, тасымалдауды,
қайта өңдеуді, залалсыздандыруды,
пайдалануды және (немесе) кәдеге
жаратуды ұйымдастырғаны үшін
төлемақыны есептеу әдістемесіне
қосымша

Автомобиль көлік құралдарына қатысты кәдеге жарату
төлемақысының негізгі мөлшерлемесі және коэффициенттері

Көлік құралдарының түрлері және санаттары

Кәдеге жаратудың негізгі мөлшерлемесі

Автомобиль көлік құралдарына қатысты кәдеге жаратудың негізгі мөлшерлемесіне қолданылатын коэффициенттері

1. М1 санатының көлік құралдары, соның ішінде G санатының жүріп өту мүмкіндігі жоғары: жеңіл автомобильдер

Буданды күштік қондырғысы бар көлік құралдарынан басқа, электр қозғалтқышы бар

50 АЕК

3

Қозғалтқыштың жұмыс көлемі:

1 000 см3-қа дейін

50 АЕК

3,0

1 001 см3-тан 2 000 см3-қа дейін

50 АЕК

7,0

2 001 см3-тан 3 000 см3-қа дейін

50 АЕК

10,0

3 001 см3-тан жоғары

50 АЕК

23,0

2. N1, N2, N3 санатының көлік құралдары, соның ішінде G санатының жүріп өту мүмкіндігі жоғары: жүк автомобильдері

Толық салмағы:

2,5 тоннға дейін

50 АЕК

3,0

2,5 тоннадан 3,5 тоннға дейін

50 АЕК

4,0

3,5 тоннадан 5 тоннаға дейін

50 АЕК

5,0

5 тоннадан 8 тоннаға дейін

50 АЕК

5,0

8 тоннадан 12 тоннаға дейін

50 АЕК

6,0

12 тоннадан 20 тоннаға дейін

50 АЕК

11,0

20 тоннадан 50 тоннаға дейін

50 АЕК

17,0

3. М2, М3 санатының көлік құралдары, соның ішінде G санатының жүріп өту мүмкіндігі жоғары: автобустар

Қозғалтқыштың жұмыс көлемі:

2 500 см3-қа дейін

50 АЕК

6,0

2 500 см3-тан 5 000 см3-қа дейін

50 АЕК

10,0

5 000 см3-тан 10 000 см3-қа дейін

50 АЕК

19,0

10 001 см3 жоғары

50 АЕК

20,0