Мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия туралы ережені бекіту туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 21 желтоқсандағы № 23-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 желтоқсанда № 12680 болып тіркелді

Жаңартылған

      «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 39-бабының 5-тармағына сәйкес, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия туралы ереже бекітілсін.
      2. Есеп комитетінің Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.
      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төрағаның
      міндетін атқарушы                 А. Мұхаметкәрім

      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      _________________Б.Сұлтанов
      2015 жылғы 28 желтоқсан

Республикалық бюджеттің атқарылуын
бақылау жөніндегі есеп комитетінің
2015 жылғы 21 желтоқсандағы   
№ 23-н/қ нормативтік қаулысымен 
бекітілген             

Мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 39-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік аудитор біліктілігін алуға үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияның (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) өкілеттіктерін және қызметінің ұйымдастырылуын айқындайды.
      2. Ұлттық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, осы Ережені және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

2. Ұлттық комиссияның міндеттері

      3. Ұлттық комиссияның міндеттері:
      1) мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдардың кәсіби, іскерлік қасиеттері мен әлеуеттік мүмкіндіктерінің жан-жақты және объективті сипаттамасын айқындау;
      2) мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдарға сертификаттау жүргізу;
      3) мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдардың сертификаттаудан өту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу және енгізу болып табылады.

3. Ұлттық комиссияның функциялары

      4. Міндеттеріне сәйкес Ұлттық комиссияға мынадай функциялар жүктеледі:
      1) мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдардың жеке істерін қарау;
      2) Ұлттық комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға сұрау салу жіберу және олардан ақпарат алу;
      3) мемлекеттік аудитор біліктілігін беру туралы сертификат тапсыру;
      4) мемлекеттік аудитор біліктілігін беру туралы сертификаттың күшін жою;
      5) мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдармен әңгімелесу өткізу;
      6) Ұлттық комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;
      7) Ұлттық комиссияның құзыретіне жататын мәселелерді қарауға мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдардың лауазымды адамдарын және мамандарын қажеттілігіне қарай тарту;
      8) Ұлттық комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша нормативтік құқықтық және құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      9) Ұлттық комиссияға жүктелген міндеттерді іске асыру үшін қажетті, Ұлттық комиссиясының Төрағасы белгілеген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

4. Ұлттық комиссияның құрамы және оның қызметін ұйымдастыру

      5. Ұлттық комиссия Төрағадан және комиссия мүшелерінен тұрады.
      6. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы Ұлттық комиссияның төрағасы болып табылады.
      Ұлттық комиссияның жұмыс органы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) болып табылады.
      Ұлттық комиссияның төрағасы осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген ұйымдар басшыларының ұсыныстары негізінде Ұлттық комиссияның дербес құрамын бекітеді.
      Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің (келісім бойынша) өкілдерінен, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның екі өкілінен және екеуі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының мүдделерін білдіретін Есеп комитетінің бес өкілінен тұрады.
      Өкілдік мемлекеттік саяси қызметшілер және/немесе «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері деңгейінде қамтамасыз етіледі.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 11.05.2016 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      7. Ұлттық комиссияның Төрағасы:
      1) Ұлттық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      2) Ұлттық комиссия отырыстарының өткізілетін орны мен уақытын белгілейді;
      3) Ұлттық комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;
      4) Ұлттық комиссияның дербес құрамын бекітеді;
      5) Ұлттық комиссияның жұмыс жоспарын және әңгімелесу кестесін бекітеді;
      6) Ұлттық комиссияның мүшелері орындауға міндетті нұсқаулар береді;
      7) Ұлттық комиссия беретін мемлекеттік аудитор біліктілігін беру туралы сертификатқа қол қояды.
      Ұлттық комиссияның төрағасы болмаған кезде оның функцияларын Ұлттық комиссияның төрағасы айқындайтын комиссия мүшесі атқарады.
      8. Ұлттық комиссияның шешімдері Ұлттық комиссияның Төрағасы және хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді, ол Есеп комитетінің интернет-ресурсы арқылы қалың көпшілік назарына жеткізіледі.
      9. Ұлттық комиссияның шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер дауыс беруге қатысып отырған Ұлттық комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі оларға дауыс берсе, шешімдер қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, Ұлттық комиссияның Төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Ұлттық комиссия мүшелерінің ерекше пікір айтуға құқығы бар, ол білдірілген жағдайда, жазбаша түрде баяндалуға тиіс.
      Дауыс беруді Ұлттық комиссияның мүшелері алмастыру құқығынсыз жүзеге асырады.
      10. Дауыс берудің нәтижелері осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша Ұлттық комиссия мүшелерінің дауыс беру нәтижелері есепке алу парағына енгізіледі.
      11. Ұлттық комиссияның мүшелері оның отырыстарына қатысады, сондай-ақ Төрағаның тапсырмаларын орындайды.
      12. Ұлттық комиссияның хатшысы Ұлттық комиссияның қызметін қамтамасыз етуге жауапты Есеп комитеті құрылымдық бөлімшесінің басшысы болып табылады.
      Комиссия хатшысы:
      1) Ұлттық комиссияның отырысын ол жүргізілгенге дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын оның мүшелерін кезекті отырыстың өткізілетін күні, орны және күн тәртібі туралы жазбаша түрде хабардар ете отырып ұйымдастырады;
      2) алдағы болатын отырысқа қажетті материалдарды таратуды жүзеге асырады;
      3) өз өкілеттіктері шегінде Ұлттық комиссия Төрағасының тапсырмаларын орындайды.
      13. Ұлттық комиссияның жұмысы бекітілген жоспардың негізінде жүзеге асырылады. Ұлттық комиссияның отырысы қажеттілігіне қарай, оның мүшелерінің кемінде жартысы қатысқан жағдайда, бірақ жылына реттен сиретпей өткізіледі.

Республикалық бюджеттің атқарылуын
бақылау жөніндегі есеп комитетінің
2015 жылғы 21 желтоқсандағы    
№ 23-н/қ нормативтік қаулысына  
қосымша                

нысан

Ұлттық комиссия мүшелерінің дауыс беруі
нәтижелерін есепке алу парағы

201__жылғы ____ __________
(отырыс өткізу күні) 

Ұлттық комиссия мүшесі ____
___________________________________________
                        (АӘТ)






жақтау

қарсы болу

















Барлығы




Дауыс беру нәтижелері ___________________
      * тиісті сандар қойылатын «Барлығы» деген жолды қоспағанда, «Дауыс беру» деген және «Дауыс берген жоқ» деген бағандарында «+» деген немесе «-» белгілер қойылады.
      Ұлттық комиссия мүшесінің отырыста болмағаны туралы тиісті белгі қойылады.