Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау мен өңдеу жөніндегі бірыңғай талаптар мен технологиялық рәсімдерді бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрінің 2015 жылғы 27 қарашадағы № 1117 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 желтоқсанда № 12563 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2015 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-62) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау мен өңдеу жөніндегі бірыңғай талаптар мен технологиялық рәсімдер бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі           Ә. Исекешев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      ____________ Б. Сұлтанов
      2015 жылғы 8 желтоқсан

Қазақстан Республикасы      
Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 27 қарашадағы     
№ 1117 бұйрығымен        
бекітілген           

Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында әуе
көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау мен өңдеу
жөніндегі бірыңғай талаптар мен технологиялық рәсімдер

1. Жалпы ереже

      1. Осы Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау мен өңдеу жөніндегі бірыңғай талаптар мен технологиялық рәсімдер (бұдан әрі — Бірыңғай талаптар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2015 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-62 тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау мен өңдеу жөніндегі бірыңғай талаптар мен технологиялық рәсімдерді белгілейді.
      2. Осы Бірыңғай талаптарда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) жолаушылар манифесі – әуе кемесінің бортында тасымалданатын барлық жолаушылар есімдері көрсетілген жолаушылар ведомосі;
      2) жүк манифесі – әуе кемесінің бортында тасымалданатын жүктер туралы деректер көрсетілген жүк ведомосі.

2. Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында
багаж, пошта мен жүкті әуе көлігімен тасымалдауға мен
өңдеуге қойылатын бірыңғай талаптар

      3. Халықаралық әуежайда багажға қатысты қызметтерді көрсету арнайы бөлінген аймақта мыналарды қолдана отырып жүзеге асырылады:
      1) багаж мен поштаны тиеу, түсіру және тасымалдауға арналған техникалық құралдар (жүк тракторлары, арбалар және багажды сұрыптау жүйесі орнатылған автоматты тасымалдау таспалары);
      Жылына бір миллионнан артық жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігі бар халықаралық әуежайлар багажды сұрыптау және сканерлеу бойынша автоматтандырылған кешенінен тұратын трансферлік багажды өңдеудің автоматтандырылған жүйесін пайдаланады;
      2) авиакомпаниялар пайдаланатын форматтағы багаж туралы электрондық хабарламалар жөнелту бойынша байланыс құралдары;
      3) багажды тиеу және түсіру кезінде штрих кодты сканерлеп, багаждың иесін анықтауға мүмкіндік беретін электрондық оқу құрылғылары;
      4) багаждың терминалдағы қозғалысы және таспаға алғашқы және соңғы сөмкенің болжалды берілу уақыты туралы жолаушыларға хабар берудің электрондық жүйесі (ұшып келу залында таспаның үстінде тұратын табло);
      5) тасымалдауға арналған құрал-жабдықтарды сақтау орындары (контейнерлер, паллеттер);
      6) тоғысу рейстерінің үш сағат және одан артық уақытқа созылуы кезінде транзиттік, трансферлік жүкті сақтауға арналған аймақ пен құрал-жабдық (арба);
      7) «Кеден одағына мүше мемлекеттердің сыртқы шекарасы арқылы жүзеге асырылатын кедендік, шекаралық, санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, карантиндік, фитосанитарлық және көліктік бақылауды ұйымдастыру үшін қажетті жабдықтарға және ғимараттардың, орындар мен құрылымдардың материалдық-техникалық жабдықталуына бірыңғай типтік талаптар, Кеден одағына мүше мемлекеттердің сыртқы шекарасы арқылы өткізу бекеттерінің жіктеуіші және Кеден одағына мүше мемлекеттердің сыртқы шекарасы арқылы өткізу бекеті паспортының нысаны туралы» Кеден Одағы Комиссиясының 2011 жылғы 22 маусымдағы № 688 шешіміне сәйкес жабдық және материалдық-техникалық жабдықталуы жабдықталуы мен техникалық қамтылуы.
      4. Багаж, пошта және жүкті өңдеу авиакомпаниялар және мемлекеттік кіріс органдарының келісуімен, халықарарлық әуежай басшысы бекіткен рәсімге сай жүргізіледі.
      5. Халықаралық әуежайда жүкке қатысты қызметтерді көрсету жүкті өңдеу үшін арнайы бөлінген жай немесе аумақта мыналарды қолдана отырып жүзеге асырылады:
      1) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде жүкті тексеруге мүмкіндік беретін тексермелеу жабдықтары;
      2) жүктерді өңдеудің автоматтандырылған жүйесі;
      3) авиакомпаниялар пайдаланатын форматтағы жүк туралы электрондық хабарламалар жөнелту бойынша байланыс құралдары;
      4) жүкті тиеу және түсіру кезінде штрих кодты сканерлеп, жүктің иесін анықтауға мүмкіндік беретін электрондық оқу құрылғылары.
      6. Жүкті жөнелтуші мен жүкті алушыларға қолжетімді жүк мәртебесін тексеруге арналған ақпарат, қоймаға жүктің нақты келуі мен нақты берілуі туралы ақпарат барлығына қолжетімді жерде жарияланады. 

3. Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында
багаж, пошта мен жүкті әуе көлігімен тасымалдау мен
өңдеуге қатысты технологиялық рәсімдер

      7. Халықаралық әуежайда багажды, поштаны және жүкті әуе көлігімен тасымалдау және өңдеу рәсімі әуежай қызметкерлері, әуекомпания және мемлекеттік кіріс органдарының өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асады.
      8. Авиакомпанияның өкілі (қабылдаушы-тапсырушы, жүк тиеуші, агент) әуе кемесінен багаж, пошта, жүкті қабылдайды, тиеу кезінде багаж орындарының санын есептейді, ұшу құжаттарына сай деректерді салыстырады.
      9. Табылған барлық ақаулықтар жүк тізімдемесінде (пошта манифесінде, жүк манифесінде көрсетіліп (ақаулықтың сипаты, жүк заттаңбасының нөмірі, әуе жүкқұжатының нөмірі), агент және әуекомпания өкілінің қолдарымен, аты-жөндері көрсетіле отырып (бар болған жағдайда) расталады.
      10. Багаж әуежайдың багаж бөліміне жеткізіледі. Жүк пен пошта жүк қоймасына жіберіледі.
      11. Қабылдаушы-тапсырушы (жүк тиеуші) багажды тасымалдау таспасына түсіреді.
      Әуежайдың багаж бөліміне бизнес-класс («приорити») және трансферлік, транзиттік жолаушылардың багажды бірінші кезекте жеткізіледі. Әуе кемесінің бортынан багажды, поштаны және жүкті түсіретін қабылдаушы-тапсырушы (жүк тиеуші) қаптаманың бүтіндігін тексереді, ақаулық табылған жағдайда әуекомпанияның өкіліне және агентке хабарлайды.
      Багаж әуе арқылы дұрыс тасымалданбаған барлық жағдайларда, агент багаждың сақталмағандығының себептері туралы коммерциялық акт (бұдан әрі — PIR актісі) құрады. Багаждың келмей қалуы (бүлінуі) жағдайында жолаушының еркін нысандағы өтініші PIR актісін жасау үшін негіздеме болады.
      12. Багажды тасымалдау және өңдеу кезінде мыналар жүзеге асырылады:
      1) агент рейсті рәсімдеу үшін қажетті тасымалдау құжаттамасын (багаждың нөмірлік заттаңбасы, «қолжүк», «шыны» және қолдан тіркеген жағдайда жолаушы манифестері мен багаж тізімдемелерін) дайындайды;
      2) тасымалдау үшін қабылданатын багажды сырттай тексереді;
      3) жолаушы берген багаж пен қолжүктің салмағын өлшейді;
      4) рейске (тоғысу рейс(тер)іне) багаж туралы дерек енгізеді;
      5) агент орын санын, багаж пен қолжүктің салмағын анықтап, тасымалдау үшін қабылданған багажға нөмірлік заттаңба, ал қолжүкке «қолжүк» заттаңбасын жапсырады. Багаж заттаңбаларының үзілмелі талондары жолаушыға беріледі. Бір межелі жерге бара жатқан жолаушылар тобын тіркегенде, автоматты тіркеу кезінде агент тасымалдауға қабылданған бүкіл жүкті топтағы бір ересек адамға «отбасылық» немесе «топтық» режимінде рәсімдейді, ал қолдан тіркеу кезінде агент топтағы жүктің жалпы салмағын тегін өткізілетін жүктің жалпы салмағымен салыстырып, жолаушы манифесіне тиісті жазбалар енгізеді;
      6) нормадан асатын багаж анықталып, рәсімделеді және дерек билеттерді тіркеу жүйесіне енгізіледі;
      7) багажды рәсімдеу процедурасына байланысты қандай да бір ауытқулар анықталған жағдайда даулы жағдай туындамауы үшін, ауысым басшысына дереу хабар беріледі;
      8) багаждың қабылдаушы-тапсырушысы (жүк тиеушісі) әр тиеу нүктесі бойынша багаж орындарының санын есептеп, оны әр тіркеу секторының деректерімен салыстырып тексереді.
      Қолдан тіркеген кезде, багаждың қабылдаушы-тапсырушысы (жүк тиеушісі) агенттен жолаушы манифесінде тіркелген орын саны мен тіркелген багаж салмағы туралы деректі алады. Алынған мәліметті әр түсіру нүктесі бойынша багаждың нақты орын санымен салыстырып, авиакомпаниясының әуе кемесіне жүк тиеу ережелеріне сәйкес жүкті тиеп, нақты деректі қол қойып растайды;
      9) әуе кемесінің бортына келмеген жолаушылардың багажды түсіріледі.
      13. Интернет, өздігінен тіркелу үстелі және байланыс құралдары арқылы тіркелген жолаушылардың багажын тіркегенде, бөлек үстелдегі агенттер (тіркелген жолаушылардың багажын рәсімдеу) отыру купондарын жолаушының құжаттарымен салыстырып тексереді және авиакомпаниясының ережелеріне сәйкес жүкті тіркейді. Өздігінен тіркелу және багажды тіркеу үстелдері ұшуға 40 минут қалғанда жабылады.
      14. Жүкті тасымалдау және өңдеу кезінде:
      1) әуежайдың қабылдаушы-тапсырушысы жүктің жүк қоймасына қабылдануын қадағалайды, салмағы өлшеніп, белгі қойылады;
      2) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметі қызметкерлері жүкті авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес тексереді;
      3) әуе кемесінің бортына тиеу қалыптастыру түріне байланысты:
      қолмен тиеу әдісін қолданғанда рейстің ұшуына 3 сағат қалғанда;
      пакетке ораудың жиынтық құралдарын пайдаланып механикалық тиеу әдісімен (жүкті пакеттеу құралдары – контейнерлер, паллеттер) рейстің ұшуына 5 сағат қалғанда жүзеге асырылады;
      4) рейстік құжаттама дайындалады: жүк манифесі және әуе жүкқұжаттары;
      5) әуе кемесіне дейін тасымалдау үшін перрондағы тиеу-түсіру құралдарына жүкті тиеу рейстік жүк құжаттамасында көрсетілген саны (орны, салмағы) мен белгісіне сәйкес жүргізіледі;
      6) әуе кемесіне жүктің тиелуін қадағалау, орын саны жүк манифесі және әуе жүкқұжатымен салыстырып тексеріледі;
      7) соңғы минуттағы өзгерістер жүк манифесінде тіркеліп, әуежай қоймасының қызметкері және әуекомпанияның өкілімен расталады.
      8) шығу/келу үшін мемлекеттік кіріс органдарының рұқсатнамасын алу.
      15. Трансферлік, транзиттік багажды тіркеген және рәсімдеген кезде, агент авиакомпаниясының арнайы нөмірлік багаж заттаңбаларын пайдаланады.
      Трансферлік, транзиттік багаж әуе кемесінің бортындағы бөлек багаж бөліміне тиеледі. Бос багаж бөлімі болмаған жағдайда, трансферлік, транзиттік жолаушылардың багажды ең соңында тиеледі.
      Әуежайдың багаж бөліміне трансферлік, транзиттік жолаушылардың багажды бірінші кезекте жеткізіледі.
      16. Трансферлік жүк оның жүретін барлық учаскелерде (соның ішінде басқа тасымалдаушылардың учаскелерін қоса есептегенде) брондалғаны расталғаннан кейін барып тасымалдауға қабылданады.
      17. Әуекомпания немесе жерде қызмет көрсету агенті трансферлік жүкті тасымалдауға қабылдаған кезде, трансфер әуежайларын көрсетіп, әуе жүкқұжатын рәсімдейді.
      18. Авиакомпаниясы трансферлік жүкті ауысатын әуежайға түйісу рейсін орындайтын әуе кемесінің ұшуына дейін жүкті бір әуе кемесінен екіншісіне тапсыру үшін қажетті барлық әкімшілік істер мен технологиялық процедураларды орындап үлгеретіндей уақыт қалғанда жеткізуі керек.
      19. Ауысатын әуежайға әрі қарай тасымалдау үшін бүтін күйінде сақтауға жарамайтын қаптамамен келген трансферлік жүкті тапсыратын авиакомпаниясы қайта қаптап беруі керек. Трансферлік жүк оның қаптамасы жөнделіп, нақты салмаққа сәйкес тасымалдау құжатына қосымша тиісті актіні құру арқылы әуе жүкқұжаты қайта рәсімделгеннен кейін барып әрі қарай тасымалданады.
      20. Халықаралық әуежайдың уақытша сақтау қоймасының аумағындағы кедендік бақылау аймағында транзиттік, трансферлік жүктерді өңдеуге арналған бөлек алаң - транзиттік-трансферлік аймақ қарастырылған.
      21. Транзиттік, трансферлік жүктерді рәсімдеу және өңдеу жұмыстарын уақытша сақтау қоймалары мен мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері приоритетті тәртіппен жүргізеді.
      22. Тауарларды әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағында сақтау мерзімі тауарларды сол аймаққа қойған кезінен бастап 24 сағаттан аспауы керек.
      23. Тауарларға қатысты өкілеттігі бар тасымалдаушы және/немесе уақытша сақтау қоймасының иесі немесе олардың өкілдері әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағына қойылған тауарлармен олардың бүтіндігін қамтамасыз ету үшін қажетті қалыпты операцияларды орындай береді, оның ішінде тауарларды тексереді және өлшейді, әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағы ішінде жылжытады, бірақ бұл операциялар тауарлардың күйін өзгертпеуі, қаптамасын және (немесе) анықтау құралдарын бұзбауы шарт.
      24. Әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағына қойылған тауарлармен орындалатын барлық операциялар Сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасындағы жіктелу кодының өзгеруіне байланысты бұл тауарлардың сипатын өзгертпеуі керек.
      25. Басқа тауарларға зиян келтіру ықтималдығы бар немесе ерекше сақтау жағдайын талап ететін тауарлар «Қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 548 бұйрығына сәйкес (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11857 болып тіркелген) жабдықталған әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағында орналастырылады.
      26. Әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағында сақтауды аяқтау тауарлар уақытша сақтау қоймасына қойылған немесе әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағында сақтау мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылған немесе басқа халықаралық әуежайға жіберіліп, Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылғанға дейін әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағына қойылған кезде аяқталады.
      27. Тауарларды әуежайдың транзиттік-трансферлік аймағына қою үшін, тасымалдаушы мемлекеттік кірістер органдарына тауарлар, олардың жіберушісі (алушысы), жіберілген (жеткізілетін) елі туралы мәлімет көрсетілген көлік (тасымал) құжаттарын, коммерциялық және (немесе) кедендік құжаттарды тапсырады.
      Осындай құжаттар мемлекеттік кірістер органдарына электрондық құжаттар түрінде тапсырылады.
      28. Мемлекеттік кірістер органдары осы Бірыңғай талаптардың 27-тармағында көрсетілген, тауарларды әуежайлардың транзиттік-трансферлік аймақтарында орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды мемлекеттік кірістер органдарына бергеннен кейін құжаттарды тіркеу туралы растаманы жіберушіге (алушыға) бере отырып бір сағаттан аспайтын мерзімде тіркейді.
      29. Мемлекеттік кірістер органдары тауарларды орналастыруға уақытша сақтау үшін ұсынылған құжаттарды тіркеген күннен бастап тауарлар әуежайлардың транзиттік-трансферлік аймағында тұр деп есептеледі.