«Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 1-тармағының 26-13) тармақшасына және 56-бабының 2-тармағының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қауіпті жүктерді тасымалдау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
министрі Ә.Исекешев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
_______________ Е. Досаев
2015 жылғы 22 маусым
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
_______________ Қ.Қасымов
2015 жылғы 26 маусым
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
______________ В.Школьник
2015 жылғы 3 шілде
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 30 сәуірдегі № 548
бұйрығымен бекітілген
Қауіпті жүктерді тасымалдау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қауіпті жүктерді тасымалдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 1-тармағының 26-13) тармақшасына және 56 бабының 2-тармағының 16) тармақшасына сәйкес әзірленген және ішкі су көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың қолданысы жарылғыш заттарды, сондай-ақ жарылғыш заттардан және жару құралдарынан (1-класты қауіпті жүктер) тұратын құрылғыларды тасымалдауды жүзеге асыратын адамдарға, сондай-ақ:
1) осы Қағидаларда көрсетілмеген және олардың ішкі немесе пайдалану жабдығында қауіпті жүктерден тұратын машиналарды немесе механизмдерді тасымалдауға;
2) адамдарды құтқару немесе қоршаған ортаны қорғау мақсатында жүзеге асырылатын тасымалдауларға, осындай тасымалдаулардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданған жағдайда;
3) тасымалдау кезінде олардың қауіпті қасиеттерін бейтараптандыру үшін жеткілікті термиялық өңдеуден өткен заттарға қолданылады.
3. Ішкі су көлігімен Заңның 9-бабының 1-тармағының 26-12) тармақшасына сәйкес кемемен тасымалдау үшін арналған Қауіпті жүктер тізіміне (бұдан әрі – Тізім) сәйкес қауіпті жүктерді тасымалдауға рұқсат етіледі.
4. Қауіпті жүктерді тасымалдау жабық үй-жайларда да және кеме палубасында да рұқсат етіледі.
Қауіпті жүктер тек палубада жүктерді немесе оларға қол жеткізілуін тұрақты бақылау талап етілген жағдайда, сондай-ақ жарылғыш газдар, улы булар қоспасын немесе көрінбейтін тотығу пайда болу қаупінде тасымалданады.
Барлық жағдайларда мыналар:
от аймағына түскен кезде жарылуы мүмкін заттардан тез тұтанғыш заттар;
тез тұтанғыш және жанғыш заттардан жануға ықпал ететін немесе оны тудыратын тотықтырғыш және басқа да заттар;
барлық тамақ өнімдерінен уыттылығы бар кез келген зат бөлінуі тиіс.
Жарылғыш, тез тұтанғыш, улы және коррозиялық газдар мен бу бөлетін қауіпті жүктер автономды қарқынды желдетпесі бар кеменің газ өтпейтін үй-жайларында орналастырылуы қажет.
5. Кеменің қауіпті жүктерді тасымалдауға жарамдылығын қауіпті жүктің қасиетіне, қауіптілік сипатына және партиясының құрамына байланысты Кеме қатынасы тіркелімінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитетінің аумақтық бөлімшелерінің өкілдері айқындайды.
6. Қауіпті жүктерді орналастырумен және бекітумен байланысты кемелерді жабдықтауды (кернегішті, төсемді, тіректерді және өзгесін орнату) жүк жөнелтуші орындайды.
Жүк жөнелтуші өрт сөндірудің қосымша құралдарымен және жеке қорғанудың арнайы құралдарымен (бұдан әрі - материалдар мен жабдықтар) қамтамасыз етеді, олар жүк алушыға жүкпен бірге тапсырылады.
Қажетті материалдар мен жабдықтарды жүк жөнелтуші кемеге оған тиеуге дейін жеткізеді.
7. Қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған жүкқұжатында жүк жөнелтуші Тізбеге сәйкес қауіпті жүк атауын көрсетеді.
Қауіпті жүктер «Химикаттар» және соған ұқсас жалпылама атаумен тасымалдауға қабылданбайды.
Қауіпті жүктерді бірлестіре ораған кезде жүкқұжатта (бұдан әрі - жүкқұжат) атауы, әрбір қауіпті жүктің салмағы және жалпы брутто салмағы көрсетіледі.
Қауіпті жүктердің ілеспе құжаттарында жоғарғы оң бөлігінде қызыл түсті штемпелдер «Қауіпті» және жүк қауіптілігінің сипаттамасына байланысты қойылады: «У», «Тұтанбайтын сығымдалған газдар», «Тұтанбайтын сұйытылған газдар», «Тұтанады», «Тез тұтанатын сұйықтық», «Тез тұтанатын газ», «Тұтанатын сұйытылған газ», «Тұтанатын сұйық газ», «Тотықтырғыш», «Күйдіргіш заттар», «Судан жанады», «Улы газ», «Сұйытылған газ», «Өздігінен жанады», «Органикалық асқын оксид», «Сұйық газ».
Егер жүк қауіптіліктің екі және одан көп түріне ие болса, онда тиісінше қауіптіліктің екі және одан көп жазуы жазылады.
Штемпелдер жазуындағы әріп биіктігі - кемінде 10 миллиметр.
Әр түрлі кластағы бірлестіріп оралған жүктерді ұсынған кезде тасымалдау құжаттарына әрбір класқа сәйкес келетін штемпелдер қойылады.
8. Қауіпті заттардан тұратын химиялық реактивтер, медициналық және ветеринарлық препараттар, аптекарлық және парфюмерлік тауарлар қауіпті жүктерге белгіленген барлық шарттарды сақтай отырып тасымалданады.
9. Қауіпсіз жүк ретінде әр түрлі тез тұтанғыш сұйықтықтар, қышқылдар және басқа да қауіпті заттары нетто салмағы 1 килограммнан аспайтын және көлемі 1 литрден аспайтын ұсақ өлшемделген орамда шағын жөнелтімдермен жалпы жағдайларда тасымалданады.
Осы ереже қауіптілік сипаттамалары бойынша кез келген өлшемделген орамда тасымалданатын қауіпті жүктерге қолданылмайды.
Ұсақ өлшемделген орамдағы қауіпті жүк бар палубада бір орынның брутто салмағы 50 килограммнан аспауы тиіс.
Осындай жүктер бар әрбір орынның сыртқы орамына жүк жөнелтуші «Ұсақ өлшемделген орамда», «Жоғары» деген, ал шыны ыдыс болған кезде де - «Сақ болыңыз», «Шыны» деген жазуларды басады. Бұдан басқа, орамға осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес тиісті белгілер желімделеді.
Жүкқұжатта жөнелтуші жүгінің атауының астына «Жүк ұсақ орамда» деген белгі жасалады. Жүктік қауіптілігі сипатын көрсететін штемпель бұл жағдайда тасымалдау құжатына қойылмайды.
10. Қауіпті жүктерді тасымалдау үшін тығыз, берік, ақаусыз, мұқият тығындалған, жүктің аққан және шашылған ізі жоқ ыдыс пайдаланылады.
Шыны шөлмектегі, металл және пластмасса ыдыстағы (банкалардағы, бидондардағы, канистрлердегі) қауіпті жүктер ағаш тығыз немесе торлы жәшіктерге орналастырылады, олардың қабырғалары тығындалған бөтелкелер мен ыдыстардан 5 сантиметрге биік.
11. Ыдыс зақымдалған кезде жүкті одан әрі тасымалдау дереу тоқтатылады, ал жүк оқшауландырылады. Бұл жағдайда жүк иеленуші жүкпен не істеу керектігін тасымалдаушыға хабарлайды. Ыдысты тек жүк жөнелтушінің рұқсатымен, ол көрсеткен барлық қауіпсіздік шараларын қабылдап, түзетуге болады.
Егер қауіпті жүгі бар ыдыстың зақымдалуы оны кемеге тиегенге дейін болса, онда ыдысты түзету мен ауыстыруды жүк жөнелтуші жүзеге асырады.
12. Арнайы бақылауды қажет ететін ерекше қауіпті жүктер жүк жөнелтушінің немесе жүк алушының жолсеріктерімен тасымалданады. Жолсеріктер алып жүрген жүктердің қасиеттерін жақсы білуі, оларды тасымалдау шарттарының сақталуын бақылауы, ал қажет болған жағдайларда осындай жүктерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нұсқаулар беруі және шаралар қабылдауы тиіс.
Жүк жөнелтуші жолсеріктерді қажетті жеке қорғану құралдарымен, құрал-саймандармен және материалдармен жабдықтайды.
13. Қауіпті жүктерді жөнелту кезінде жүк жөнелтуші жүк алушыға кеменің кету уақытын, жүктің нақты атауы мен санын, жекелеген орындардың салмағын және қысқа өміршең изотоптардың болуын хабарлайды.
14. Қауіпті жүктер болған бос ыдыс оны жөнелтуші онда тасымалданған жүктердің қалдықтарынан толық босатқан жағдайда, сондай-ақ толық қауіпсіздікке қол жеткізу үшін оның ішін және сыртын тазаланғанда тасымалдауға қабылданады, бұл туралы жүк жөнелтуші жүкқұжатта «Жүк атау» деген бағанда «Ыдыс (онда болған жүктің атауы) тазартылған, қауіпсіз» деген белгі жасайды. Осындай ыдыс жалпы негізде, сығымдалған және сұйытылған газдар үшін бос баллондарды және этил сұйықтығы болған бөшкелерді қоспағанда, қауіпсіз жүк ретінде тасымалданады.
Егер ыдысты мұқият тазарту мүмкін болмаса, ол онда болған қауіпті жүкті тасымалдау үшін осы Қағидаларды сақтай отырып тасымалданады. Жүкқұжатта, «Жүк атау» деген бағанда жөнелтуші «Ыдыс (онда болған жүктің атауы)...» деген белгі жасайды.
15. Қауіпті жүктер тасымалдаушыда оларды қауіпсіз сақтау жағдайын қамтамасыз ететін жеке қойма үй-жайлары болған кезде ғана қысқа мерзімді сақтай отырып, тасымалдауға қабылданады. Қауіпті жүктерді басқа қауіпті жүктермен бірлестіріп сақтауға рұқсат етілмейді.
Тасымалдаушыда көрсетілген қойма үй-жайлары болмаған кезде қауіпті жүктер оларды тікелей жүк жөнелтуші кеме бортына әкелген кезде тікелей нұсқа бойынша асқын жүкпен қабылданады.
16. Қауіпті жүктерді тиеу мен түсіру мамандандырылған айлақтарда жүк жолсеріктердің және иеленушілер мамандарының болуымен жүргізіледі. Ұсақ партиялар жалпы айлақтарда арнайы бөлінген орындарда қажетті сақтық шараларын сақтай отырып қайта тиелуі мүмкін. Тиеу және түсіру орындары тиеу-түсіру жұмыстарын тәулік бойы орындауды қамтамасыз ететін қауіпсіз және жеткілікті электрмен жарықтандырылуы тиіс.
Тиеу мен түсіруге және көрсетілгенмен байланысты өзге де қызметке қауіпті жүктердің қасиетін, оларды сақтау шарттарын және тиісті операцияларды орындаған кезде олар жұмыс істеуді, оларды кемеде, контейнерде және қоймада орналастыру мен жинақтау тәртібін білетін адамдар тартылады.
Қауіпті жүктерді кемелерге тиеу немесе кемелерден түсіру кеме әкімшілігінің тікелей бақылауымен жүргізіледі.
Қауіпті жүктер кемеге оны басқа жүктермен тиеуге дейін беріледі, бірақ бірінші болып түсіріледі.
Қауіпті жүктермен жүк операциялары кезінде кемеге басқа кемелердің тіркеп сүйрету, жабдықтау және басқа да мақсаттар үшін жақындауына тыйым салынады.
17. Тиеу-түсіру операцияларын қолмен орындаған кезде қауіпті жүктерді иықтан тастап жіберуге, жиектеп сырғытуға, сүйретуге және оларды басқа жүктерге соғуға, сондай-ақ ілмектерді, болат арқан сымдарды және ыдысты зақымдауы мүмкін, ал от қаупі бар және жарылу қаупі бар жүктерді өңдеу кезінде ұшқын тудыратын басқа да жүк қармауыш құрал-саймандарын пайдалануға тыйым салынады.
Трюмге немесе қоймаға кіру және ондағы жұмыс жарылғыш, тез тұтанғыш, улы және тұншықтырғыш булар мен газдардың қауіпсіз шоғырлануы болмаған кезде ғана жүргізіледі. Үй жайлар алдын ала толық желдетіледі немесе салқындатылады. Аса қажет жағдайда, трюмге немесе қоймаға булардың немесе газдардың қауіпті концентрациясы кезінде, бірақ сақтанудың арнайы шараларын сақтай отырып, жеке қорғаныс құралдарын пайдалана отырып кіруге болады.
Тиеу-түсіру жұмыстары аяқталғаннан кейін тиеу-түсіру орындары, кемелердің трюмдер мен палубалары жүк қалдықтарынан тазартылады, ал қажет болғанда жуылады немесе зарарсыздандырылады. Осындай өңдеу қауіпті жүкпен жұмысқа пайдаланылған машиналарға, механизмдерге, табандықтарға, жүк қармауыш керек-жарқтар мен арнайы киімдерге жүргізіледі.
18. Жүк алушы қауіпті жүк келген сәттен бастап 24 сағат ішінде порттан оны әкетеді, ал портта оны уақытша сақтау үшін тиісті жағдайлар болмаған кезде жүкті алушы тікелей кемеден алуы және дереу әкетуі тиіс.
19. Бірнеше қауіпті қасиеттерге ие, оның ішінде улы (уытты) жүктер үшін осы Қағидалардың 6-тарауында белгіленген талаптарды сақтай отырып тасымалданады.
2. Қауіпті жүктерді тасымалдау тәртібі
Параграф 1. Қысым түсіре отырып сығымдалған, сұйықталған және ерітілген газдарды тасымалдау (2-кластың қауіпті жүктері)
20. Осы газдар жүктері қысым түсіре сығымдалған, сұйытылған және ерітілген түрде аса берік және тұмшаланған орамда тасымалданады. Кейбір газдар сұйық жай-күйде өте төмен температурада тасымалданады.
21. Қысым түсіре сығымдалған, сұйытылған және ерітілген газдар тасымалдауға металл баллондар мен ыдыстарда қабылданады.
Баллондар мен ыдыстардың жарамдылығын жүк жөнелтуші жүкқұжатта растайды.
22. Баллондар мен ыдыстар олардың тұмшаланып жабылуын қамтамасыз ететін бұрандалармен техникалық ақаусыз болуы тиіс.
Баллондарда бояу мен оларда анық, әрбір газ үшін белгіленген түрлі-түсті жолақ және жазулар, жөнелтуші немесе баллондарды толтыратын зауыт сынамалаған сенімді сақтандырғыш қалпақтары, резеңкеден жасалған, амортизациялайтын сақиналар немесе қалыңдығы кемінде 25 мм, әрбір баллонға екеуден жіп болуы тиіс.
Газ жылыстау себебі иісінен немесе шуылдауынан табылатын баллондар мен ыдыстар, басқа шарттардың орындалғанына қарамастан тасымалдауға қабылданбайды.
23. Баллондар мен ыдыстардың толтырылуы белгіленген нормадан аспауы тиіс. Осыны растау ретінде жөнелтуші жүкқұжатта мынадай белгі жасайды: «Баллондар (ыдыстар) белгіленген нормадан аспайтындай толтырылған».
24. Сығымдалған және сұйытылған газдарды қоймалау мен сақтау осы мақсаттарға арнайы арналған қоймаларда немесе отқа төзімді аралықтарымен оқшауланған жалпы қоймалардың жекелеген үй-жайларында жүргізіледі. Газдарды ашық алаңдарда жинау, олар жауын-шашын мен күн сәулелерінің әсер етуінен бүркемеленген жағдайда мүмкін.
Улы газдары бар балондар тек мамандандырылған үй-жайларда ғана сақталуы мүмкін. Бұл үй-жайларға кіруге газтұтқышты немесе көзді сақтайтын өзге де құралдарды пайдаланып қана рұқсат етіледі.
Газды баллондарды тігінен биіктігі 5 қатар қылып қатқабат қоюға рұқсат етіледі. Барлық бұрандалар бір жаққа қарай айналуы тиіс.
Баллондарды тігінен, олардың қозғалуын немесе құлап кетуін арнайы қабырғаларға немесе торларға бекіту. Қатты суыған газдары (сұйық оттегі, сұйық ауа немесе өзгесі) бар ыдыстар тек қана тік жағдайда болуы тиіс.
25. Сығымдалған және сұйытылған газдар жүк кемелерімен, жабық желдетілетін үй-жайларда да, ашық трюмдерде немесе олардың міндетті түрде жауын-шашын мен күн сәулелерінің әсер етуінен бүркемеленген палубада тасымалданады.
Тез тұтанғыш газдарымен баллондарды бір кемеде 50 данадан аспайтын партиямен тасымалдауға жол беріледі. Арнайы рейспен тасымалданған кезде Кеме қатынасы тізілімімен жазбаша келісім бойынша осы газдар бар баллондарды анағұрлым ірі партиялармен тасымалдау мүмкін болады.
Улы газдар, сондай-ақ пропан мен бутан бар баллондарды палубада ғана тасымалдауға рұқсат етіледі.
Тез тұтанатын және улы газдары бар баллондар немесе ыдыстар құрғақ салқын орындарға қойылады және кез келген жылу, ұшқын, жалын көздерінен және газ ығыстаған кезде өрт тудыруы мүмкін заттардан алыстатылуы тиіс.
26. Кемеде қоймалардағы сияқты баллондар үйкелісті және қозғалып кетуді, сондай-ақ кеме корпусының металл бөлігімен жанасуын болдырмайтындай етіп қойылады.
27. Майланған талшықты материалдарымен бірге оттегі, жанғыш газы, сығымдалған және сұйытылған газдары бар баллондарды тасымалдау мен қоймалауға тыйым салынады.
28. Баллондар зақымдалған және олардан газдар бөлінген жағдайда мынадай сақтық шараларын қабылдау қажет:
1) тез тұтанатын және улы емес газдары бар баллондарды негізгі партиялардан олардан газдар бөліну тоқтағанға дейін бөлу керек;
2) улы газдарымен, сондай-ақ тез тұтанғыш газдарымен баллондарды тұрғын үйлерден және өндірістің ғимараттардан кемінде 100 метр қашықтыққа дереу әкету қажет, бұл ретте оларды су бар бөшкеге, хлоры, күкіртті газдарды әк ерітіндісі бар бөшкеге орналастыру ұсынылады. Газбен қаныққан сұйықтықты бөшкеден тұрғын үй-жайлар, су көзерінен алыс жерлердегі шұңқырға төгеді және шұңқырды жабады; тез тұтанғыш газдары бар баллондарды залалсыздандырған кезде газтұтқыштарды кию және қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажет;
3) тез тұтанғыш газдары бар баллондарды тұрғын үйлерден және өндірістік ғимараттардан кемінде 100 метр қашықтыққа дереу әкету және ұшқыннан және басқа от көздерінен тұтану мүмкіндігін болдырмайтын шараларды қабылдап, оларға газ толық шыққанша бақылау қою керек.
Борт сыртына газы бар баллондар мен ыдыстарды тастауға тыйым салынады.
29. Бос баллондарды тасымалдауға ұсынған кезде жүк жөнелтуші жүкқұжатта «Жүк атауы» деген бағанда «Газ (атауы) болған бос баллондар» деп көрсетіледі.
Бос баллондарда тығыз жабылған шағырлар болу және бұралған қалпақтары, сондай-ақ «Бос» деген жазуы бар жапсырмасы болуы тиіс. Бос баллондардағы қалдық қысым белгіленген нормаларға сәйкес келуі тиіс.
Бос баллондар қауіпті жүк ретінде тиісті сығымдалған және сұйытылған газдар үшін белгіленген шарттарды сақтай отырып тасымалданады.
Параграф 2. Тез тұтанғыш сұйықтықтарды, сұйықтықтар қоспасын тасымалдау (3-кластың қауіпті жүктері)
30. 3-кластың қауіпті жүктерінің негізгі қауіпті қасиеті сыртқы көздерден (ашық оттан, ұшқыннан және басқаларынан) олардың буларының тез тұтанғыштығы, сондай-ақ ауамен жарылыс қаупі бар қоспалар түзу қабілеті болып табылады.
Осы сұйықтықтар бөлетін булар есірткілік әрекетке ие, оларды ұзақ ішке тарту естен айрылуға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Кейбір тез тұтанғыш сұйықтықтар: күкірткөміртегі, метанал және басқалары: уыттандырғыш әсерге ие. Олар сақтықтың ерекше шараларын сақтаумен тасымалдануы тиіс.
31. Тез тұтанғыш сұйықтықты тасымалдауға пайдаланылатын кез келген ыдыс тұмшаланып жабылуы және сұйықтықты тұтанудың сыртқы көздерінен сенімді қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.
Шыны ыдыстар берік ағаш жәшіктерге инертті төсегіш және сіңіргіш материалдармен (шлак мақта, кизельгур және басқалары) оралады.
32. Тез тұтанғыш сұйықтықтарды жүк жөнелтуші кеме бортына тікелей әкеледі және кемеден түсірілуіне қарай дереу әкетіледі.
33. Тез тұтанғыш сұйықтықтарды тиеу, түсіру және қысқа мерзімге сақтауды жүргізу үшін өзен портында өртке қарсы жағдайда қатысты тиісті қоршалған және жабдықталған, тұрғын үй, қызметтік және өнеркәсіптік құрылыстардан, жүк қоймалардан, кеме тұрақтарынан және басқа да жүзбе құралдарынан кемінде 100 метр қашықтыққа алыс арнайы қоймалар, алаңдар және айлақтар бөлінуі тиіс.
34. Тез тұтанғыш сұйықтықтарды қайта тиеу тәуліктік жарық уақытында ғана жүргізіледі. Ерекше жағдайларда қараңғы уақытта жағадан электрмен жарықтандыру кезінде немесе жүкпен жұмыс істеу орнына жақын жерде жарылыс қаупі жоқ жарықтандыру кезінде ерекше жағдайларда мүмкін болады.
Бұл ретте қолданылатын торлар мен сауыттар өсімдік талшықтарынан жасалған болуы тиіс, ал қармауыш құрал-саймандарында ұшқын шығу мүмкіндігін болдырмайтын жамылғы болуы тиіс.
Металл бөшкелерді домалату ағаш төсегіштер бойынша жүргізілу тиіс.
35. Палубада тасымалданатын тез тұтанғыш сұйықтықтар шамадан тыс қызуды болдырмау үшін дымқыл жай-күйде ұсталатын кенеппен немесе киізбен жабылады.
36. Кемеде жүк жинастыру тұтас қатармен тербеліс кезінде жүк орындарының ауысуының алдын алатын сенімді бекітпесімен жүргізіледі.
Бөшкелер трюмдер мен палубада дұрыс тығыз қатармен тығындарымен жоғары қойылады. Қатарлар арасында еркін өтетін жерлер қалдырылады. Бөшкелер трюмдерде ағаш төсемдерде 5 ярустан аспайтындай, ал палубада тек бір 1 ярус орналастырылады. Әрбір ярус ағаш төсемдермен, білеулермен және тұрақтылық беру және жүктемені шоғырландыру үшін тірегіштермен бекітілуі тиіс. Егер бөшке тығындары түбінде жасалған болса, бөшкелер бүйірінен тығындарымен жоғары 3 ярустан астам емес (трюмдерде), олардың араларына көлденең және тігінен ағаш төсемдер қоюмен орнатылады.
Шыны бөтелкелерден тез тұтанғыш сұйықтықтар палубада ғана, өту және өндіріс жұмыстарынан неғұрлым еркін орындарда тасымалданады.
37. Метанолды (метил спиртін) тасымалдауға кеменің жеке жүк үй-жайларында, жүк жөнелтушінің метанолды барлық алып жүру жолында күзетті қамтамасыз ететін жолсеріктерімен ғана жол беріледі.
38. 3-кластың қауіпті жүктерін мақта және басқа да талшықты жүктермен, тас көмірмен және органикалық асқын оксидтермен бірлестіріп тасымалдауға жол берілмейді.
Азық-түлік, химия-фармацевтік, парфюмер-косметикалық, астыққоспа жемшөп, үй заттары, электроника, нақты механика заттары, тері, түбіт-жүннен жасалған және басқа да бағалы заттарды қоспағанда, кез келген қауіпті жүктермен бірлестіріп тасымалдауға рұқсат етіледі.
39. Ыдыс зақымдалып, зат жылыстаған жағдайда сұйықтық төгілген учаскеге құм шашып және мұқият тазарту қажет. Егер улы қасиеті бар сұйықтық төгілсе, тиісі учаскелерді хлорлы әкпен бейтараптау (немесе басқа бейтараптандыратын заттармен), ал зақымдалған жүк орындарын дереу оқшаулау және залалсыздандыру қажет.
Осы жұмыстарды орындаған кезде арнайы қорғаныш киімі (резеңке алжапқыштар, қолқап пен етік, газтұтқыштар, респиратор мен қорғаныш көзілдіріктер) талап етіледі.
Параграф 3. Тез жануға қабілетті тез тұтанғыш заттар мен материалдарды тасымалдау (4-кластың қауіпті жүктері)
40. 4-кластың қауіпті жүктерінің негізгі қауіпті қасиеттері сыртқы көздерден тез тұтанғыштығы, өздігінен жану, сондай-ақ өрт шығаруы мүмкін химиялық реакциялар нәтижесінде немесе сумен өзара әрекеттескенде тез тұтанғыш газдар бөлу қасиеті болып табылады. Кейбір заттардың ішке түсуі немесе буымен дем алу улануға әкелуі мүмкін. Айрықша улы ақ және жасыл фосфор болып табылады.
41. Ауада немесе су әсер еткенде тез тұтанғыш заттар шыны, металл немесе пластмасса ыдысқа тұмшаланған тығындағышымен оралады. Кейбір заттарға оған инертті сұйықтық құйылады (сусыздандырылған минералды маймен, сумен, трансформатор майымен және өзгесімен) немесе инертті газ толтырылады.
Құрғақ және майланған талшықты материалдар (майлық, тоқыма жіп, қыл-қыбырлар, мақта, мақта талшығы және соған ұқсастар) қаппен оралған және жіппен байланған теңдерге, тюктерге немесе байламаларға салынады. Целлулоидтан жасалған бұйымдарды цехты орамда әмбебап металл контейнерлерде тасымалдауға рұқсат беріледі.
42. Тез тұтанғыш заттар мен материалдар жүктік өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтін кемеде жабық үй-жайларда тасымалданады.
43. Заттарының температурасы артқан жағдайларда жүктің жануын болдырмау шаралары қабылданады.
Қызған жеке орындарды негізгі жүк партиясынан бөлу, ыдысты ашу, желдету, кептіру және суыту қажет. Бұл ретте, қауіпті жүкке судың түсуін болдырмау қажет.
Жүк өздігінен жану қатерімен елеулі қызған жағдайда оны жақын жердегі портқа (айлаққа) түсіру керек. Жағалауда өздігінен жануды болдырмайтын шараларды қолдана отырып, қауіпсіз жерге апару, ал ерекше қауіпті жағдайларда өрт және халықтың санитариялық-эпидемеологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық ведомстволарының немесе жүк иесі өкілдерінің нұсқауы бойынша осы жүкті жою керек.
Заттар тұтанған кезде өрт сөндіру құрғақ құммен, ұнтақ сияқты талькпен, ұнтақталған магнезимен жүргізіледі; сумен сөндіруге жол берілмейді.
44. Заттарды мақтамен және талшықты жүктермен, сондай-ақ тас көмірмен бір бөлікте тиеуге тыйым салынады.
Заттарды минералдық, өсімдік, мал-жануарлар майынан басқа, барлық қауіпсіз жүктермен бірлестіріп тасымалдауға рұқсат етіледі. Жұпар иісті қасиеттерге ие 4-кластың қауіпті жүктерін, астыққоспа жемшөп, азық-түлік химия-фармацевтикалық жүктермен және үй заттарымен тасымалдауға жол берілмейді.
45. Тез тұтанғыш заттар мен материалдар бар ыдыстар зақымдалған жағдайда, осы орындарды оларды жүк иесі қауіпті жүкті әкеткенге дейін оқшаулау қажет. Төгілген жүкті құрғақ құммен жабады, сыпырып, ағаш күрекпен жәшікке жинайды, қауіпсіз орынға шығарып, жерге көмеді. Себілген зат үстімен жүруге жол берілмейді.
Егер төгілген жүктің ұлы қасиеті болса, оны жою кезінде адамдардың тиісті қауіпсіздік шараларын (газтұтқыштарды, респираторларды қоғаныш көзілдіріктерін резеңке алжапқыштарды, қолқап пен етікті қолдану) қабылдау қажет.
Параграф 4. Тотықтырғыш заттар мен органикалық асқын оксидтерді тасымалдау (5-кластың қауіпті жүктері)
46. 5-кластың қауіпті жүктерінің қауіпті қасиеттері тез тұтану, жануды белсенді ету және жарылу қаупі бар қоспа түзу, сондай-ақ зиянды заттар бөлу болып табылады. Осы заттардың жанғыш заттармен қоспасы тез тұтанады, кейбір жағдайда үйкеліс немесе соғылу кезінде. Бірқатар тотықтырғыш заттар улы немесе тотықтырғыш қасиеттерге ие. Көптеген органикалық тотықтар тері мен көз үшін қауіпті болып табылады.
Органикалық тотықтардың көбі қыздыруға сезімтал, сондықтан олар баяулатқыш немесе дымқылданған еріткіште тасымалданады.
47. Ыдыстарға қойылатын талаптар:
1) ыдыс материалдары ондағы заттармен әрекеттеспеуге, бөлінбеуге немесе олармен зиянды және қауіпті қосылыстар құрмауға тиіс;
2) ыдыс пен орам берік болуы, майыспауы және тасымалдау кезінде әдетте кездесетін жүктемені көтеруге тиіс;
3) ыдыстар ондағы заттар үшін берік болуы тиіс;
4) шыныдан, пластмассадан, фарфордан, керамикадан жасалған ыдыстар ақаусыз және аралық төсемі жанбайтын материалы (асбест, шлакмақта, шынымақта және басқалары) бар жабық ыдыста оралған болуы тиіс;
5) ыдысты толтыру ондағы заттың температурасы көтерілген кезде кеңею үшін кеңістік қалатындай етіп жүргізілуі тиіс.
48. Тасымалдау, тиеу, түсіру және сақтау кезінде жүк органикалық материалдармен (сүрек үгіндісі, жаңқалар, сабан, жоңқа, көмір, ұн тозаңы, минералдық және өсімдік майлары және майлар мен басқалары) ластанбауы қажет, бұл өртке әкелуі мүмкін.
49. Тоттандырғыш заттарды және органикалық тотықтарды тазаланған құрғақ және жабық үй-жайларда сақтау қажет.
5-кластың қауіпті жүктерін тез тұтанғыш заттармен, жанғыш және органикалық материалдармен бірлестіріп сақтауға жол берілмейді.
50. 5-кластың қауіпті жүктерін тасымалдау жүктік өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтін кемелерде жабық тазаланған және құрғақ трюмдерде жүзеге асырылады.
Хлор қышқылы, 40 % астам концентрациясымен сутегі тотықтары, сондай-ақ бірқатар органикалық тотықтарды тек палубада атмосфералық жауын-шашыннан сенімді қорғай отырып, тасымалдауға рұқсат етіледі.
Жүкті жылу көзінен, ұшқыннан, жалыннан және сол сияқтылардан алыс, салқын орынға орналастырға орналастыру керек. Ауамен бірге қоспа құруы мүмкін бу немесе шаң бөлетін заттар жақсы желдетілетін үй-жайларда орналастыру керек.
51. Тотықтырғыш материалдарды тиеу алдында трюмді және жүк үй-жайларын мұқият тазарту қажет. Жүкті қою мен бекітуге арналғандардан басқа, жанғыш материалдар әкетіледі.
Тотықтырғыш заттар мен органикалық тотықтарды түсіргеннен кейін жүк қалдықтарын мұқият жою және жүк үй-жайлары мен палубаны сумен жуу қажет.
52. Егер тиеу-түсіру жұмыстары немесе тасымалдау үдерісі кезінде ыдыс зақымданған және заттар төгілген болса, дереу жұмысты тоқтату, төгілген затқа суды қанық төгу және оны ағаш күрекпен қапқа немесе жәшікке жинау қажет, ал зат шашылған жерді сумен мұқият жуу қажет. Егер төгілген жүк улы немесе күйдіргіш қасиеттерге ие болса, онда осындай жүктермен жұмыс істеген кезде қажетті тиісті шараларды қабылдау керек.
Параграф 5. Улы және жұқпалы заттарды тасымалдау (6-кластың қауіпті жүктері)
53. 6-кластың қауіпті жүктерінің улануы жүктен біршама қашықтықта осы заттардың буымен тыныс алғанда немесе онымен тікелей жанасқанда болуы мүмкін. Осы класс заттары жанған және қызған кезде улы газдар бөледі.
54. Инфекциялық жүктерді халықтың санитариялық-эпидемеологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық ведомствосымен және ветеринарлық органдармен алдын ала келісусіз тасымалдауға тыйым салынады.
55. Улы заттарды тасымалдауға арналған ыдыс мынадай болуы тиіс:
1) ондағы заттар үшін берік, тұмшаланып жабылған;
2) температура артқан кезде сұйықтық буының қысымына төзетіндей жеткілікті берік;
3) сұйықтықпен толтырған кезде ондағы зат қызған жағдайда кеңею үшін бос кеңістік қалуы тиіс.
56. Улы заттарды жинау және сақтау арнайы үй-жайларда жүзеге асырылады. Улы заттарды уақытша сақтауға арналған үй-жай ауадағы қоспаларды гигиеналық нормалардан аспайтындай қамтамасыз ететін желдеткішпен жабдықталуы тиіс.
57. Улы заттарды тасымалдау жүктік өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтінде желдеткіші бар жабық үй-жайларда жүргізіледі. Әсіресе улы заттар палубада жабылып тасымалданады. Улы заттар тасымалдау кезінде жылу көздерінен алыс, салқын орындарда орналастырылуы тиіс. Улы булардың тұрғын және қызметтік үй-жайларға, сондай-ақ көрші бөліктерге өту мүмкіндігін болдырмау бойынша шаралар қабылдау қажет. Кемеде газ талдағыштар, сондай-ақ қорғаныш киімдерінің жиынтықтары мен автономды тыныс алу аппараттары болуы тиіс.
58. Тотықтырғыш заттар мен органикалық тотықтарды (5 класс), қышқылдар (8-класс) мен радиактивтік заттарды (7-класс) қоспағанда, улы заттарды басқа қауіпті жүктермен бірлестіріп тасымалдау мен сақтау мүмкін болады.
Улы заттарды азық-түлік, астыққоспа жемшөп, парфюмер-косметикалық, фармацевтикалық жүктермен, емдік өсімдіктер, киім мен ыдыс және тұрмыстық жағдайдағы басқа да заттармен бірлестіріп тасымалдауға және сақтауға жол берілмейді.
59. Егер улы заттардың жылыстауына күдік болса, үй-жайға кіру ауада уландырғыш, есірткі немесе жарылғыш қоспалардың болмауы анықталғаннан кейін мүмкін болады. Улы заттар бар жүктік үй-жайларға кіруге газтұтқыштарда немесе автономды тыныс алу аппараттарында жүзеге асырылады.
60. Улы заттарды түсіру аяқталған соң кеме тасымалданған жүктердің қалдықтарынан мұқият тазартылады, ал қажет болған жағдайда жуылады және газсыздандырылады.
61. Ыдыстың және орамның зақымдануынан заттардың жылыстауы немесе төгілуі жағдайында жұмыс дереу тоқтатылады, зақымдалған орындар оқшауландырылады, аққан немесе төгілген заттар жеке ыдысқа мұқият жиналады және хлорлы әк ертіндісімен (немесе басқа бейтараптандыратын заттар) бейтараптандырылады және одан кейін санитарлық-эпидемологиялық қадағалау органдарының келісімі бойынша тұрғын үй ғимараттарынан, қойма үй-жайларынан және су көздерінен алыс көміледі.
Заттар төгілген және олар көмілген орындарда бейтараптандырылады. Жинау мен бейтараптандыру қорғаныш киімдерінде (газтұтқыштар, респираторлар, қорғаныш көзілдіріктер, резеңке алжапқыш, етік және қолғап) жүргізіледі. Бұл ретте адамдардың улануын болдырмау шаралары қабылданады.
Параграф 6. Радиоактивтік заттарды тасымалдау (7-кластың қауіпті жүктері)
62. 7-кластың қауіпті жүктеріне радиоактивтік заттар (қатты, сұйық және газ түріндегі) жатады, олар қызмет көрсететін персоналды, мал-жануарлар мен өсімдіктерді сәулелелеуді тудыратын, бірқатар жағдайларда адамдардың, мал-жануарлардың өліміне және жүктердің, үй-жайлардың және көлік құралдарының радиоактивті заттармен ластануына әкелетін иондандыратын сәулелендіру көздері болып табылады.
63. Көліктік орам жиынтығы әртүрлі құрылғылардан тұратын жүйелер болып табылады: бастапқы сыйымдылық, радиациялық қорғаныштың ішкі қабаты, сыртқы орамы және жеткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқалары, радиактивтік заттардың сақталуы және олардың қоршаған ортаға түсуін болдырмау.
64. Қосымша орамның сыртқы бетінде радиактивтік ластану болмауы тиіс.
Салмағы 5 килограммнан асатын орамдар мен контейнерлерде тұтқасы, қапсырмасы немесе тасымалдауды, тиеу мен түсіруді жеңілдететін басқа да керек-жарақтары болуы тиіс. 25 килограмнан асатын орамдар көтеру-көлік құралдарының көмегімен көтеру және орнын ауыстыру үшін керек-жарақтармен жабдықталады. Радиактивтік заттары бар бір жүк орнының салмағы 80 килограммнан аспауы тиіс.
65. Үстіңгі қабатқа сәулеленудің эквивалентті дозасы қуатына байланысты радиоактивтік орамдардың көліктік санаттары осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес санаттарға бөлінеді:
66. Жөнелтуші әрбір орамның сәулелену мөлшерінің қуатын олардың көліктік санатын анықтау және тасымалдаудың келесі шарттары үшін өлшейді, орамдардың сыртқы бетін радиактивтік ластанудың болмауына және сәулелену мөлшерінің қуаты рұқсат етілген мөлшерлерден аспайтынын растау үшін тексереді.
Өлшеулер (радиациялық бақылау) нәтижесін жөнелтуші тиісті көлік санатының белгілеріне жазады, олар орамның сыртқы бетіне түсіріледі.
Егер радиоактивтік заттар қауіптіліктің басқа түрлеріне ие болса, онда қосымша қауіптілік белгілері салынады.
Орамға мынадай жазу түсіріледі: «Жоғары», «Жиектеп қозғамау!».
Жүкқұжатта, «Жүк атауы» деген бағанда жөнелтуші радиактивтік заттың атауы, оның белсенділігі, көліктік санаты мен салмағы көрсетіледі, ал жоғарғы бөлігіне «Радиоактивті» деген қызыл штемпель және жүктің қауіпті қасиетін көрсететін басқа штемпелдер қойылады.
67. Радиоактивтік заттарды тасымалдауға қабылдау кезінде тасымалдаушы жүк жөнелтушінің қатысуымен бақылау дозиметрикалық тексеру жүргізеді. Жөнелтуші жүк таңбасында және тасымалдау құжаттарында көрсеткен көлік санатының іс жүзіндегі радиация деңгейіне сәйкес келмеуі жағдайында жүк тасымалдауға қабылданбайды.
68. Тасымалдауға қысқа өмірсүргіш немесе медицинада қоданылатын радиактивтік заттар ұсынылған кезде жөнелтуші жүкқұжатта осы жүктерді тасымалдаудың рұқсат етілген мерзімін көрсетеді. Қауіпті жүктер, егер осы мерзім ішкі су көлігімен жүк жеткізу мерзімі шегінен аспайтын болса, тасымалдауға қабылданады.
69. Радиоактивтік жүгі бар орамдарды асқын жүктеу мамандандырылған айлақтарда жүргізіледі. Жөнелтуші осындай жүкті кемеге тікелей тиеу кезінде әкеледі.
Қызмет көрсететін персоналдың қауіпсіздігі үшін радиоактивтік заттары бар орамды тиеу, түсіру және орнын ауыстыру бойынша барлық жұмыстар көтеру-көліктік құралдарды қолдана отырып, мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізіледі.
70. Радиациялық орамдарды қысқа мерзімге сақтау жүргізілетін қоймаларда радиациялық қауіпсіздік нормаларының сақталуына және қойма қызметкерлерінің мүмкін болатын сәулелену мөлшері туралы ақпарат алу үшін радиациялық бақылау жүргізіледі.
Радиоактивтік заттары бар барлық көліктік санаттарының орамдары орналасқан орнын жөнелтуші радиациялық қауіптілік белгісімен белгілейді. Сәулелену мөлшерінің қуаты осы орындар шекарасында 200 мзв/сағ., ал осы шекарадан 2 метр қашықтықта 10 мзв/сағ. аспауы тиіс.
71. Радиоактивті заттары бар радиациялық орамдар тек арнайы бөлінген кемелерде тасымалданады.
72. Бір кемемен тасымалдауға немесе жалпы қоймалардың арнайы бөлінген үй-жайларында сақтауға жол берілген I көліктік санатты орам саны шектелмейді. II және III көліктік санаттағы радиациялық орамдар саны өзен кемелерінде тасымалданған кезде немесе қоймаларда сақталған кезде жиынтық көліктік индексі 50 аспайтындай болуы тиіс.
73. Радиациялық орам бір қойма үй-жайында сақталады және 9-кластың қауіпті жүктерімен ғана бір трюмде немесе әмбебап контейнерде бірлесіп тасымалданады.
74. Радиоактивтік заттары бар орамдарды кеме аралықтарынан немесе қойма қабырғасынан, адамдар тұрақты болатын жапсарлас үй-жайлардан тікелей жақындықта (тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар, рубкалар, машина бөлімшелері және басқалары) орналастыруға жол берілмейді.
75. Радиоактивтік заттары бар орамдарды түсіру аяқталған соң алушы көлік құралдарында және контейнерлерде радиоактивтік ластанудың болуын тексереді. Радиоактивтік ластану табылған жағдайда, қауіпті жүкті алушы контейнерлер мен көлік құралдарының дезактивациясын жүргізеді.
76. Радиоактивті заттектерден босаған көліктік қаптамалық жиынтықтар тазартылған және сыртқы жақтарында радиоактивті заттектері бар, сүртілетін ластанулары болмауы тиіс. Жалпы радиоактивті ластану бұл кезде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы гигиеналық нормативтерде көрсетілген мәндер шегінде болуы қажет. Оларды тасымалдау шектеусіз жалпы негіздерде жүзеге асырылады. Қорғаныш контейнерінің ішінде радиоактивті заттектермен ластанған материалдар (ашылған ампулаларды немесе пеналдар, мақта және т.с.) болмауы, ал контейнердің сыртқы бетінен 0,1 м арақашықтағы сәулеленудің эквиваленттік доза қуаты 1 мкЗв/сағ (0,1 мбэр/сағ) аспауы тиіс. Контейнер жабық, жүк жіберуші пломбылаған және радиациялық қауіптілік белгілерінсіз сыртқы қаптамаға салынған болуы тиіс.».
Параграф 7. Күйдіргіш және жеміргіш заттарды тасымалдау (8-кластың қауіпті жүктері)
77. 8-кластың қауіпті жүктерінің негізгі қауіптілігі тірі тінді зақымдау және әртүрлі материалдарға бұзатындай әрекеттесу қабілеті болып табылады, олардың кейбіреуі шыны мен керамиканы бұзуға қабілетті. Тез тұтанғыш, жарқ ету температурасы төмен заттар және сумен әрекеттескенде жылу бөлетін заттар болады.
Осы заттардың булары, газдары және шаңы уыттылыққа ие және адам ағзасына түскенде улануды тудыруы мүмкін.
78. Улы және күйдіргіш буларды бөлетін заттар тұмшаланып оралады.
Ыдыс ішінде пайда болатын қысымға төзуі үшін жеткілікті берік орам пайдаланылады. Сыйымдылықты толтыру қоршаған ортаның температурасы көтерілген кезде тасымалдау процесінде оның ішіндегінің кеңеюін есепке ала отырып жүргізіледі. Ыдыстың майысуы немесе ондағы заттың жылыстауын болдырмау үшін жеткілікті бос ішкі кеңістік қалдырылады.
8-кластың қауіпті жүктерін ораған кезде тасымалданатын затқа қатысы бойынша инертті төсем материалдары пайдаланылады. Бутыльдерде азот және күкірт қышқылын тасымалдау кезінде орайтын жанғыш материал оттан қорғаныш құраммен қанықтырылады.
Уытты (тотықтырғыш) заттарды орау үшін өздігінен тұтанатын қоспа жасауға қабілетті, оттан қорғау құрамымен қанықтырылмаған шөп, сабан, ағаш жаңқалары және басқа материалдар қолданылмайды.
79. Күйдіргіш және тоттанған заттарды қоймаға жинау мен сақтау арнайы жабық құрғақ қоймаларда немесе жүкке судың және күн сәулесінің түсуін болдырмайтын қалқа немесе бүркеме астында жүргізіледі.
Мұндай қоймалар болмаған кезде күйдіргіш және тоттанған заттарды жалпы қойманың бөлектенген бөлімшелерінде сақтауға жол беріледі, олар қабырғамен оқшауландырылады және отқа төзімді едені болады. Бөтелкелерде минералдық қышқылдарды қысқа мерзімге сақтау жалпы алаңдарда жекелеген топтармен басқа жүктерден кемінде 5 метр қашықтықта рұқсат етіледі.
Сіркесу және басқа да органикалық қышқылдарды жалпы негіздерде сақтауға болады.
80. Бір трюмде немесе қойма бөлімшесінде әртүрлі атаулы қышқылдарды, сондай-ақ осы кластағы басқа күйдіргіш және тоттарған заттарды қышқылдармен бірлестіріп орналастыруға жол берілмейді.
Күшті қышқылдарды қойманың бір бөлімшесінде (трюмінде) барлық қауіпті жүктермен орналастыруға және тасымалдауға жол берілмейді.
8-кластың қауіпті жүктерін 5-кластың қауіпті жүктерімен бірлестіріп орналастыруға тыйым салынады.
81. Осы кластағы қауіпті жүктерді тасымалдау құрғақ жабық трюмдерде, жүктік өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтін кемелерде жүзеге асырылады. Қышқылдар палубада жәшікке салынған шыны ыдыстарда тасымалданады. Бұл ретте олар күн мен жауын-шашыннан жабылады.
82. Сумен өзара әрекеттесетін, тез тұтанғыш, улы және күйдіргіш булар бөлетін заттар бар үй-жайлар тиімді желдеткішпен қамтамасыз етіледі.
83. Күйдіргіш қатты заттар бар ыдыс зақымданған және жүк төгілген кезде дереу барлық алдын ала сақтанумен зақымдалған орындар қауіпсіз орындарға әкетіледі. Зат төгілген аудан мұқият сумен жуылады.
Сұйық күйдіргіш зат аққан кезде (қышқылдар) төгілген зат ұнтақталған бормен немесе сөндірілген әкпен бейтараптандырылады, ал зат төгілген орын сумен мұқият жуылады және құрғатып сүртіледі.
Көрсетілген операцияларды орындайтын адамдар қорғаныш киімдерінде (газтұтқыштарда, респираторларда және қорғаныш көзілдіріктерде, резеңке алжапқыш, қолқап және етікте) жұмыс істеуі тиіс.
Параграф 8. Салыстырмалы түрде төмен қауіпсіздігімен, алдыңғы класстардың біріне де жатқызылмаған, бірақ оларға тасымалдау мен сақтаудың белгілі бір қағидаларын қолдануды талап ететін заттарды тасымалдау (9-кластың қауіпті жүктері)
84. Тез жанатын материалдар өздерінің қасиеттері бойынша қауіптілер қатарына жатпайды, бірақ егер ашық оттан жақын болса тез жанады. Мұндай жүктер тасымалдау және сақтау кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауды талап етеді.
9-кластың қауіпті жүктері үшін, егер олар қатты болса, орамына қойылатын талаптар 4-кластың қауіпті жүктеріне қойылатын талаптарға; егер олар сұйық болса - 3-кластың қауіпті жүктеріне қолданылатын талаптарға сәйкес келеді.
Белгілі бір жағдайларда күйдіргіш және тоттанғыш болатын заттарға (қызғанда, дымқылданғанда және басқа заттармен өзара әрекеттескенде) 8-кластың қауіпті жүктерінің орамына қойылатын талаптарға сәйкес келетін, ал әлсіз улы заттарға, сондай-ақ улы немесе өрт кезінде немесе басқа заттармен реакцияға түскенде тітіркендіргіш болатын заттардың орамына қойылатын жалпы талаптарға сәйкес келетін ыдыс және орам пайдаланылады.
85. Қоймалау, сақтау, тасымалдау, тиеу және түсіру қауіпті жүктерді тасымалдаудың жалпы қағидаларына сәйкес және қаралып отырған заттың қасиеттеріне жақын қасиеттері бар қауіпті жүктердің тиісті класы бойынша негізгі ережелерді ескере отырып жүргізіледі.
86. Сақтауға жабық қоймаларда, қалқа астында немесе ашық алаңдарда құрғақ төсемге міндетті салумен және кенеппен немесе басқа материалдармен жабумен рұқсат етіледі.
Негізгі қаупі тасымалдау кезінде орамда жоғары қысым тудыратын заттар барлық жылу, ұшқын, жалын көздерінен алыс орналастырылады.
87. Осы кластағы қауіпті жүктерді тасымалдау жүктік өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтін, сондай-ақ жолаушылар кемелерінде жүзеге асырылады.
Кеме трюмдерінде тез жанғыш материалдарды тасымалдаған кезде иллюминаторлар - тиеу алдында және жүк люктері - тиеуден кейін жабылады.
88. Осы кластағы қауіпті жүктер азық-түлік, химия-фармацевтік, парфюмер-косметикалық, астыққоспа жемшөп, сондай-ақ минералдық, өсімдік, мал-жануарлар майларымен және майлармен бірге тасымалдауға жатпайды.
Қауіпті жүктерді
тасымалдау қағидаларына
Қосымша
Радиоактивтік орамдардың көліктік санаттары
Шарттар |
Санаты |
|
Көліктік индекс |
Сыртқы беттің кез-келген жеріндегі сәулеленудің ең жоғарғы деңгейі |
|
КИ = 01 |
0,005 мЗв/сағ аспайды |
I – АҚ |
КИ<11 |
0,005 мЗв/сағ артық, бірақ 0,5 мЗв/сағ аспайды |
II – САРЫ |
1<КИ<10 |
0,5 мЗв/сағ артық, бірақ 2 мЗв/сағ аспайды |
III – САРЫ |
КИ>10 |
2 мЗв/сағ артық, бірақ 10мЗв/сағ аспайды |
III – САРЫ2 |
1Егер өлшенген КИ (көліктік индекс) 0,05 аспаса, онда келтірілген мән нөлге тең бола алады.
2Ерекше пайдалану шартымен.
мЗв/сағ (миллиЗиверт/сағ) – дозаның өлшеу бірлігі.