Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдардың тізбесін және оларды ауыстыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істері министрінің 2015 жылғы 26 қарашадағы № 966 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 желтоқсанда № 12558 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса береліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарының тізбесі осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес;

      2) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының басшылық лауазымдарға ротация жүргізу, оларды ауыстыру қағидалары осы бұйрыққа 2-қосымшағасәйкес бекітілсін.

      2. Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев) заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпоранына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты М.Ғ. Демеуовке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаментіне (А.Ү. Әбдіғалиев) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
полиция генерал-полковнигі
Қ.Қасымов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 26 қарашадағы
№ 966 бұйрығына
1- қосымша

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдардың тізбесі

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.04.2020 № 328 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Ішкі істер министрлігі Өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы.

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, Көліктегі полиция департаментінің бастығы.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, Көліктегі полиция департаменттері бастықтарының бірінші орынбасарлары.

      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, Көліктегі полиция департаменттері бастықтарының орынбасарлары.

      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, Көліктегі полиция департаментінің, қалалық, аудандық, желілік полиция басқармасының (бөлімінің) бастығы.

      6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, Көліктегі полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы.

      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы.

      8. Облыстардың, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан қаласының, Алматы, Жезқазған және Шымкент қалаларының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (Нұр-Сұлтан) мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы;

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 14.05.2021 № 283 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8-1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Үкіметтік мекемелерді күзету және дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полктерінің командирі;

      Ескерту. Тізбе 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ішкі істер министрінің 14.05.2021 № 283 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Ішкі істер министрлігі Академиясының бастығы.

      10. Оқу орталығының бастығы.

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 26 қарашадағы
№ 966 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының басшы
лауазымдарына ротация жүргізу қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының басшы лауазымдарына ротация жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 31-бабын іске асыру мақсатында әзірленген.

      2. Жыл сайын төртінші тоқсанда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты департаменті осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес алдағы жылы ротациялауға жататын басшылардың тізімін қалыптастырады және Ішкі істер министрі бекітеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.04.2020 № 328 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Басшыларды жоспарлы ротациялауды біліктілік талаптарына сәйкес келуін, әскери-дәрігерлік комиссиясының медициналық куәландыру нәтижелерін және ротациялауға кедергі болатын негіздердің жоқтығын растайтын құжаттарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты департаменті ұсынымдары негізінде уәкілетті адам жүргізеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.04.2020 № 328 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Уәкілетті адам лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын басшының ротациясы кадр қызметінің ұсынымы бойынша жүзеге асырады.

      5. Ротация:

      1) ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру, облыстық маңызы бар қалаларды, облыс аудандарын және қалалардағы аудандарды дамыту;

      2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу;

      3) басшылардың кәсіби және басқару тәжірибесін тиімді пайдалану;

      4) басшылардың басқару құзыреттерін кәсіби дамыту және жетілдіру мақсаттарында жүргізіледі.

      6. Ротация мынадай схемалардың бірі бойынша жүргізіледі:

      1) деңгейаралық ("орталық – өңір", "өңір – орталық");

      2) өңіраралық ("өңір – өңір");

      3) сектораралық ("орталық – орталық").

      7. Аумақтық органдар мен мекеме басшыларын ротациялау Ішкі істер министрінің шешімі бойынша бес жылда бір рет жүзеге асырылады. Қабылданған шешім бұйрықпен ресімделеді. Аумақтық органдар мен мекеме басшыларын қызметке басқа жерге ротациялауға – қызметкердің жазбаша келісімімен, ал қызмет мүддесі үшін – лауазымда болу мерзіміне қарамастан және қызметкердің келісімінсіз жол беріледі.

      8. Басшы ротациясын басшыны лауазымға тағайындауға және одан босатуға құқығы бар адам (орган) (бұдан әрі – уәкілетті адам) жүзеге асырады.

      9. Мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) немесе асырауында қарт ата-анасы не онымен тұрақты бірге тұратын және 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелері бар лауазымды адамдар басқа жерге көшумен байланысты ротацияға жатпайды. Көрсетілген мән-жайлар құжатпен расталады.

      10. Құқық қорғау органының басшылық лауазымдарын атқаратын, ротацияланатын қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үй беріледі.

      11. "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі Заңына сәйкес ротацияланатын қызметкерлерге көтерме жәрдемақы төленеді, көлікпен жүруге және жеке мүлкін тасымалдауға кеткен шығындары өтеледі.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.04.2020 № 328 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Кадр жұмысы бөлінісі ротациялауға жататын басшыны оны өткізерден бір ай бұрын хабардар етеді.

      13. Басшы екі рет ротациядан бас тартқан жағдайда уәкілетті адам кадр аппаратының ұсынымы бойынша оның атқаратын лауазымына сәйкестігі және қызмет бойынша одан әрі пайдаланудың мақсатқа сайлығы мәселесі шешіледі.

      14. Ротациялауға жататын қызметкерлердің материалдары келісілгеннен кейін уәкілетті адам оларды қайта тағайындау туралы бұйрық шығарады.