Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 7-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 желтоқсанда № 12459 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 4-тармағының 16) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары бекiтілсін.

      2. Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің Интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Қ. Жаңбыршин

  Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің
2015 жылғы 28 қарашадағы
№ 7-НҚ нормативтік
қаулысымен бекітілген

Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын
қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың Бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру, жүргізу және оның деректерін пайдалану тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      2. Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын (бұдан әрі – Бірыңғай дерекқор) қалыптастыру мен жүргізудің мақсаты:

      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде басқару процестерін, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сараптамалық-талдау қызметін оңтайландыру;

      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметінде қайталауды болдырмау;

      мемлекеттік аудит нәтижелерін тануды қамтамасыз ету;

      мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен, өзге де мемлекеттік органдармен, мемлекеттік аудит объектілерімен ақпарат алмасу;

      тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі;

      ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның камералдық бақылауды жүргізуі;

      электронды мемлекеттік аудит жүргізу болып табылады.

      3. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына:

      1) Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата);

      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары (бұдан әрі – тексеру комиссиялары);

      3) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган;

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ішкі аудит қызметтері;

      5) орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының ішкі аудит қызметтері жатады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Бірыңғай дерекқор басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған Жоғары аудиторлық палатаның ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – ЖАП ИАЖ) негізінде қалыптасады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Бірыңғай дерекқорға мәліметтер беруді мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдар және ведомстволық немесе мемлекеттік статистиканы қалыптастыратын өзге де ақпарат жеткізушілер (бұдан әрі – ақпарат жеткізушілер) жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

2. Бірыңғай дерекқорды қалыптастыру мен жүргізу тәртібі

      6. Бірыңғай дерекқорды Жоғары аудиторлық палата әкімшілендіреді, ол оның тиімді жұмыс істеуіне, онда орналасқан ақпараттың сақталуы мен қауіпсіздігіне жауапты болады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Бірыңғай дерекқор "электрондық үкімет" жүйесімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады.

      8. Бірыңғай дерекқор мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері;

      2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесі;

      3) аудит бағдарламасы, мемлекеттік аудит нәтижелері және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижелері, соның ішінде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша Аудит объектісіндегі аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша материалдар тізімдемесін қоса бере отырып, сапа бақылауы нәтижелері;

      4) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудиттің нәтижелері;

      5) жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерін немесе кредиттерді беруге бағытталған бюджеттік бағдарламалары (кіші бағдарламалары), бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) сәйкес бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есептер;

      6) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, түсетін түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары;

      7) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарлары;

      8) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары;

      9) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасында көзделген, бекітілген қаржылық есептілік, оған тиісті қосымшаларымен бірге;

      10) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің аудиторлық есептілігі;

      11) бюджеттік заңнамамен белгіленген түрлері, нысандары бойынша бюджеттік есептілік және бюджет кірістеріне байланысты есептілік;

      12) мемлекеттік және ведомстволық статистиканың мемлекеттік аудитті және сараптамалық-талдау қызметін жүргізуге қажетті деректері;

      13) Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудитті танудың қорытындылары.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген ақпарат Бірыңғай дерекқорға орналастыру үшін Жоғары аудиторлық палатаға мынадай тәртіппен:

      1) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган оның аумақтық бөлімшелері және ішкі аудит қызметінің бөлінісінде шоғырландыра отырып осы Қағидалардың 8-тармағының 1), 2) тармақшалары бойынша – ішкі аудит нәтижелері туралы есеп тиісінше бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) және (немесе) алынғаннан (жинақталғаннан) кейін он жұмыс күні ішінде, осы Қағидалардың 8-тармағының 3) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он жұмыс күні ішінде.

      2) тексеру комиссиялары осы Қағидалардың 8-тармағының 1), 2) тармақшалары бойынша – аудиторлық қорытынды бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он жұмыс күні ішінде, осы Қағидалардың 8-тармағының 3) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он жұмыс күні ішінде;

      3) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган осы Қағидалардың 8-тармағының 12) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он жұмыс күні ішінде;

      4) Жоғары аудиторлық палата осы Қағидалардың 8-тармағының 13) тармақшасы бойынша – тиісті қорытынды бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде;

      5) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері осы Қағидалардың 8-тармағының 5) – 12) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін бес жұмыс күні ішінде;

      6) квазимемлекеттік сектор субъектілерінде арнайы мақсаттағы аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдар осы Қағидалардың 8-тармағының 4) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он бес жұмыс күні ішінде;

      7) ведомстволық немесе мемлекеттік статистиканы қалыптастыратын өзге де ақпарат жеткізушілер осы Қағидалардың 8-тармағының 12) тармақшасы бойынша – Жоғары аудиторлық палатаның сұрау салуы негізінде ол белгілеген мерзімдерде және (немесе) тиісті органмен бірлесіп айқындаған мерзімдерде ұсынылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9-1. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген ақпарат мынадай форматтарда:

      1) осы Қағидалардың 8-тармағы 1), 2), 6) – 8) тармақшалары бойынша "Еxcel" форматында құжатты "Pdf" форматында графикалық түрде бейнелей отырып;

      2) осы Қағидалардың 8-тармағы 3), 12) тармақшалары бойынша "Word", "Еxcel" форматтарында құжатты "Pdf" форматында графикалық түрде бейнелей отырып;

      3) осы Қағидалардың 8-тармағында 4), 9) – 11), 13) тармақшалары бойынша "Pdf" форматында графикалық түрде бейнелей отырып ұсынылады.

      "Pdf" форматында ұсынылатын ақпарат 300 dpi. ұлғайтуымен бірге монохромды режимде құжат тіліндегі тану функциясымен бірге сканерленеді.

      Ескерту. 2-тарау 9-1-тармақпен толықтырылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 17.10.2016 № 14-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар Жоғары аудиторлық палатаға олар енгізілген күннен бастап, бес жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіледі.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. Бірыңғай дерекқорға арналған ақпарат мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамада белгіленген не Есеп комитеті тиісті сұрау салуында белгілеген нысан бойынша ұсынылады.

      12. Бірыңғай дерекқорды қалыптастыру үшін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының ақпараттық жүйелері арасындағы ақпарат алмасу ЖАП ИАЖ арқылы жүзеге асырылады.

      ЖАП ИАЖ-ның техникалық ақаулары болған кезде ақпаратты ұсыну электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы, ал ол болмаған кезде - пошта байланысы арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Жоғары аудиторлық палатаның Бірыңғай дерекқорды әкімшілендіруі:

      1) Бірыңғай дерекқорға деректерді енгізуді және олардың сақталуын қамтамасыз етуді;

      2) Бірыңғай дерекқорға енгізілген мәліметтерді мемлекеттік аудит органдары ұсынған деректерге сәйкес, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің деректеріне сүйене отырып жеке бастамасы бойынша өзектендіруді;

      3) Бірыңғай дерекқордағы ақпаратты талдауды және өңдеуді;

      4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері деректерінің Бірыңғай дерекқорға уақтылы және дәйекті енгізілуін бақылауды;

      5) тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуі үшін өлшемшарттарды белгілеуді;

      6) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның камералдық бақылау жүргізуі үшін олардың тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіруді;

      7) Бірыңғай дерекқорды "электрондық үкімет" жүйесімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды;

      8) Бірыңғай дерекқордың дамуын қамтамасыз етуді;

      9) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен ақпарат алмасуды қамтиды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. Жоғары аудиторлық палата:

      1) Бірыңғай дерекқорға енгізу үшін ақпаратты алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде оны осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігіне, соның ішінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану арқылы тексеруді жүзеге асырады;

      2) тексерудің нәтижелері бойынша екі жұмыс күні ішінде:

      ақпарат осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, Бірыңғай дерекқорға тиісті мәліметтерді енгізеді;

      ақпарат толық емес немесе тиісінше ресімделмеген не осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, ақпарат жеткізушінің электрондық мекенжайына Бірыңғай дерекқорға енгізуден уәжделген бас тарту жібереді.

      Ақпарат жеткізуші Жоғары аудиторлық палатадан Бірыңғай дерекқорға ақпаратты енгізуден уәжделген бас тарту алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде ескертулерді жоя отырып, түзетудің себептері туралы түсіндірмемен бірге түзетілген ақпаратты жібереді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Ақпарат жеткізушілер Бірыңғай дерекқор қалыптастыру үшін ұсынылатын деректердің анықтығы мен толықтығы үшін жауапты болады.

3. Бірыңғай дерекқорды пайдалану тәртібі

      16. Бірыңғай дерекқордың пайдаланушылары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары болып табылады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 23.01.2018 № 4-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17. Бірыңғай дерекқорды пайдаланушыларға Бірыңғай дерекқорға қол жеткізудің мынадай деңгейлері:

      3-тармақтың 1), 3) тармақшаларында көрсетілген органдарға – толықтай қол жеткізу;

      3-тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген органдарға – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті бюджетінің деректері бойынша;

      3-тармақтың 4), 5) тармақшаларында көрсетілген органдарға – тиісті мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның немесе орталық мемлекеттік органның ведомствосының деректері бойынша деңгейлер ұсынылады.

      18. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшін пайдаланылатын техникалық құралдар техникалық реттеу және ақпараттандыру саласындағы заңнама алаптарына сәйкес келеді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

  Мемлекеттік аудиттің және
қаржылық бақылаудың бірыңғай
дерекқорын қалыптастыру мен
жүргізу және оның деректерін
пайдалану қағидаларына
қосымша

Аудит объектісіндегі аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша материалдар тізімдемесі

      Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 20.02.2023 № 6-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

______________________________________

(аудиторлық іс-шараның атауы)

Аудит объектілерінің атауы

Форматы көрсетілген құжаттардың атауы Excel, PDF, Word

Бекітілген нөмірі мен күні