Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 7-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 желтоқсанда № 12459 болып тіркелді

Жаңартылған

      «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 12-бабы 4-тармағының 16) тармақшасына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары бекiтілсін.
      2. Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің Интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.
      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                     Қ. Жаңбыршин

Республикалық бюджеттің   
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің       
2015 жылғы 28 қарашадағы  
№ 7-НҚ нормативтік     
қаулысымен бекітілген   

Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай
дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін
пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың Бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру, жүргізу және оның деректерін пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын (бұдан әрі – Бірыңғай дерекқор) қалыптастыру мен жүргізудің мақсаты:
      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде басқару процестерін, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сараптамалық-талдау қызметін оңтайландыру;
      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметінде қайталауды болдырмау;
      мемлекеттік аудит нәтижелерін тануды қамтамасыз ету;
      мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен, өзге де мемлекеттік органдармен, мемлекеттік аудит объектілерімен ақпарат алмасу;
      тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі;
      ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның камералдық бақылауды жүргізуі;
      электронды мемлекеттік аудит жүргізу болып табылады.
      3. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына:
      1) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті);
      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары (бұдан әрі – тексеру комиссиялары);
      3) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган;
      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ішкі аудит қызметтері;
      5) орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының ішкі аудит қызметтері жатады.
      4. Бірыңғай дерекқор басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған Есеп комитетінің ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – Есеп комитетінің ИАЖ) негізінде қалыптасады.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      5. Бірыңғай дерекқорға мәліметтер беруді мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдар және ведомстволық немесе мемлекеттік статистиканы қалыптастыратын өзге де ақпарат жеткізушілер (бұдан әрі – ақпарат жеткізушілер) жүзеге асырады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

2. Бірыңғай дерекқорды қалыптастыру мен жүргізу тәртібі

      6. Бірыңғай дерекқорды Есеп комитеті әкімшілендіреді, оның тиімді жұмыс істеуіне, онда орналасқан ақпараттың сақталуы мен қауіпсіздігіне жауапты болады.
      7. Бірыңғай дерекқор «электрондық үкімет» жүйесімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады.
      8. Бірыңғай дерекқор мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері;
      2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесі;
      3) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижелері, соның ішінде сапа бақылауы нәтижелері;
      4) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудиттің нәтижелері;
      5) нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдер, бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есептер;
      6) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, түсетін түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары;
      7) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарлары;
      8) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары;
      9) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасында көзделген, бекітілген қаржылық есептілік, қосымшаларымен бірге;
      10) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің аудиторлық есептілігі;
      11) бюджеттік есептілік және бюджет кірістеріне байланысты есептілік;
      12) мемлекеттік және ведомстволық статистиканың мемлекеттік аудитті және сараптамалық-талдау қызметін жүргізуге қажетті деректері;
      13) Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудитті танудың қорытындылары.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген ақпарат Бірыңғай дерекқорға орналастыру үшін Есеп комитетіне мынадай тәртіппен:
      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осы Қағидалардың 8-тармағының 1) - 3), 12) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он жұмыс күні ішінде;
      2) Есеп комитеті осы Қағидалардың 8-тармағының 13) тармақшасы бойынша – тиісті қорытынды бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде;
      3) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері осы Қағидалардың 8-тармағының 5) - 12) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін бес жұмыс күні ішінде;
      4) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдар осы Қағидалардың 8-тармағының 4) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде;
      5) ведомстволық немесе мемлекеттік статистиканы қалыптастыратын өзге де ақпарат жеткізушілер осы Қағидалардың 8-тармағының 12) тармақшасы бойынша Есеп комитетінің сұрауы негізінде ол белгілеген мерзімдерде және (немесе) тиісті органмен бірлесіп айқындаған мерзімдерде ұсынылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      10. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар Есеп комитетіне олар енгізілген күннен бастап, бес жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіледі.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      11. Бірыңғай дерекқорға арналған ақпарат мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамада белгіленген не Есеп комитеті тиісті сұрау салуында белгілеген нысан бойынша ұсынылады.
      12. Бірыңғай дерекқорды қалыптастыру үшін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының ақпараттық жүйелері арасындағы ақпарат алмасу Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығы берген ақпараттық жүйені иеленушінің электрондық сандық қолын пайдалана отырып, электрондық хабарламалар арқылы жүзеге асырылады.
      Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері Есеп комитетінің ИАЖ-мен интеграцияланғанға дейін ақпарат ұсыну электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі, ал ол болмаған жағдайда – пошта байланысы арқылы жүзеге асырылады.
      Ұсынылған ақпарат Есеп комитетінің сыртқы интернет-ресурсына мемлекеттік және орыс тілдерінде офистік форматтағы электрондық файлдарда орналастырылады.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      13. Есеп комитетінің Бірыңғай дерекқорды әкімшілендіруі:
      1) Бірыңғай дерекқорға деректерді енгізуді және олардың сақталуын қамтамасыз етуді;
      2) Бірыңғай дерекқорға енгізілген мәліметтерді мемлекеттік аудит органдары ұсынған деректерге сәйкес, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің деректеріне сүйене отырып жеке бастамасы бойынша өзектендіруді;
      3) Бірыңғай дерекқордағы ақпаратты талдауды және өңдеуді;
      4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері деректерінің Бірыңғай дерекқорға уақтылы және дәйекті енгізілуін бақылауды;
      5) тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуі үшін өлшемшарттарды белгілеуді;
      6) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның камералдық бақылау жүргізуі үшін олардың тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіруді;
      7) Бірыңғай дерекқорды «электрондық үкімет» жүйесімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды;
      8) Бірыңғай дерекқордың дамуын қамтамасыз етуді;
      9) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен ақпарат алмасуды қамтиды.
      14. Есеп комитеті:
      1) Бірыңғай дерекқорға енгізу үшін ақпаратты алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде оны осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігіне, соның ішінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану арқылы тексеруді жүзеге асырады;
      2) тексерудің нәтижелері бойынша екі жұмыс күні ішінде:
      ақпарат осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда Бірыңғай дерекқорға тиісті мәліметтерді енгізеді және орналастыру мекенжайын/бөлімін көрсете отырып, тиісті мәліметтерді Бірыңғай дерекқорға енгізу (қосу) туралы ақпаратты, хабарламаны ақпарат жеткізушінің электрондық мекенжайына жібереді;
      ақпарат толық емес немесе тиісінше ресімделмеген не осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, ақпарат жеткізушінің электрондық мекенжайына Бірыңғай дерекқорға енгізуден уәжделген бас тарту жібереді.
      Ақпарат жеткізуші Есеп комитетінен Бірыңғай дерекқорға ақпаратты енгізуден уәжделген бас тарту алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде ескертулерді жоя отырып, түзетудің себептері туралы түсіндірмемен бірге түзетілген ақпаратты жібереді.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      15. Ақпарат жеткізушілер Бірыңғай дерекқор қалыптастыру үшін ұсынылатын деректердің анықтығы мен толықтығы үшін жауапты болады.

3. Бірыңғай дерекқорды пайдалану тәртібі

      16. Бірыңғай дерекқорда қамтылатын мәліметтер www.esep.gov.kz мекенжайы бойынша интернет-ресурсқа орналастырылады:
      Пайдаланушылар тарапынан Бірыңғай дерекқордың құрамдасына қол жеткізу үшін Web-клиенттер қолданылады.
      Бірыңғай дерекқордың пайдаланушылары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары болып табылады.
      17. Бірыңғай дерекқорды пайдаланушыларға Бірыңғай дерекқорға қол жеткізудің мынадай деңгейлері:
      3-тармақтың 1), 3) тармақшаларында көрсетілген органдарға – толықтай қол жеткізу;
      3-тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген органдарға – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті бюджетінің деректері бойынша;
      3-тармақтың 4), 5) тармақшаларында көрсетілген органдарға – тиісті мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның немесе орталық мемлекеттік органның ведомствосының деректері бойынша деңгейлер ұсынылады.
      18. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшін пайдаланылатын техникалық құралдар техникалық реттеу және ақпараттандыру саласындағы заңнама алаптарына сәйкес келеді.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 08.04.2016 № 7-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.