Мемориалдық тақталарды орнатудың өлшемшарттары мен қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 16 қарашадағы 356 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 желтоқсанда 12405 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңының 19-бабының 14-12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес мемориалдық тақталарды орнатудың өлшемшарттары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес мемориалдық тақталарды орнатудың қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгiленген тәртiппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде осы бұйрықтың гербтық мөрмен расталған электрондық тасымалдаушыдағы көшірмелерін қағаз нұсқаларының көшірмесімен қоса "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялау үшін жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен қарастырылған іс-шаралар орындалған күннен бастап он күннің ішінде іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Мұхамедиұлы

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2015 жылғы 16 қарашадағы
№ 356 бұйрығына 1-қосымша

Мемориалдық тақталарды орнатудың өлшемшарттары

      Мемориалдық тақталарды орнатудың өлшемшарттары:

      Қазақстан Республикасы алдында еңбегі бар аса көрнекті тұлға және Қазақстан Республикасы үшін тарихи маңызы бар айрықша оқиға;

      аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған күнінен бастап және айрықша оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл;

      ғимаратта немесе құрылыс жайларында аса көрнекті тұлғаның өмір сүру, қызмет жасау, болу және өткен айрықша оқиғаның фактілері.

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2015 жылғы 16 қарашадағы
№ 356 бұйрығына 2-қосымша

Мемориалдық тақталарды орнатудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 13.09.2018 № 256 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Мемориалдық тақталарды орнатудың қағидалары мемориалдық тақталарды орнатудың тәртібін анықтайды.

      2. Мемориалдық тақталар Қазақстан Республикасының аса көрнекті тұлғаларын, айрықша оқиғаларын мәңгі есте сақтау мақсатында орнатылады.

      3. Мемориалдық тақталар аса көрнекті тұлға өмір сүрген, қызмет жасаған немесе болған, айрықша оқиға болған ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерінде орнатылады.

      4. Мемориалдық тақталар мәрмәр, гранит, темір немесе басқа да материалдардан жасалады және екі метрден төмен емес биіктікте 50 х 80 сантиметрден аспайтын көлемде орнатылады.

      5. Мемориалдық тақтаның мәтіні аса көрнекті тұлға туралы (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) өмір сүру кезеңі, қызмет саласы, сіңірген еңбегі) мәліметтерді және айрықша оқиға туралы (күні, орны, сипаттама) мәліметтерді, сонымен қатар қажеттілік болған жағдайда тұлғаның портреттік бейнесін және декоративтік элементтерді құрайды.

2-тарау. Мемориалдық тақталарды орнатудың тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 13.09.2018 № 256 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Мемориалдық тақта орнату үшін жеке және заңды тұлғалар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына мына құжаттарды ұсынады:

      1) мемориалдық тақта орнату туралы еркін нұсқада жазылған өтініш;

      2) аса көрнекті тұлғаның еңбегін және айрықша оқиғаның маңызын растайтын архивтік және өзге құжаттардың көшірмелері;

      3) осы бұйрықтың 4 және 5 тармақтарында көрсетілген деректер мен мәліметтерді қамтитын мемориалдық тақтаның эскизі;

      4) қасбетінде мемориалдық тақтаны орнату қаралған ғимарат немесе құрылыс жайының меншік немесе заңды иесінің жазбаша келісімі;

      5) қасбетінде мемориалдық тақтаны орнату қаралған ғимарат немесе құрылыстың республикалық және халықаралық маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіші болып табылған жағдайда, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органның келісуі.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 13.09.2018 № 256 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Ұсынылған құжаттар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде қаралады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 13.09.2018 № 256 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары құжаттарды қарау үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілетті органдарымен келісу бойынша құрамына ғылым, мәдениет қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, сәулетшілер және басқа мамандар енетін Комиссия құрады.

      9. Комиссия құрамы облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілетті органдарымен келісу бойынша белгіленеді.

      10. Комиссия төрағадан, төраға орынбасарынан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады.

      Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, комиссия отырыстарын өткізеді. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.

      Комиссия хатшысы комиссияның қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді, комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындайды. Хатшы комиссияның мүшесі болып табылмайды.

      11. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер, олар үшін комиссияның қатысушы мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі жақтап дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең келген жағдайда, төраға дауысы шешуші болып табылады.

      12. Комиссия отырысының нәтижесі ұсынымдық сипатқа ие хаттамамен ресімделеді.

      13. Комиссия құжаттарды:

      1) осы бұйрықпен бекітілген мемориалдық тақталарды орнатудың өлшемдеріне сәйкестілікке;

      2) аса көрнекті тұлғаның еңбегін, айрықша оқиғаның маңыздылығы фактілерінің анықтығына;

      3) осы бұйрықтың 4 және 5 тармақтарында көрсетілген мәліметтерге сәйкестілікке қарайды.

      14. Мемориалдық тақтаны орнату туралы шешім облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен комиссияның ұсынымын ескере отырып қабылданады.

      15. Осы бұйрықтың 6-тармағымен қаралған құжаттар толық ұсынылмаған, мәліметтердің шын еместігі анықталған жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемориалдық тақталар орнату туралы ұсынысты комиссия қарауына енгізбейді.