Техникалық регламенттерді әзірлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 553 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 17 қыркүйекте № 12072 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы № 359-НҚ бұйрығымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Сауда және интеграция министрінің 25.05.2021 № 359-НҚ (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 19) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Техникалық регламенттерді әзірлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және олардың күшін жою қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (Б.Б. Қанешев):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзiмдi баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық – құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет – ресурсына және мемлекеттік органдардың интранет – порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрі

      __________ А. Мамытбеков

      2015 жылғы 5 тамыз

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау және

      әлеуметтiк даму министрі

      ___________ Т. Дүйсенова

      2015 жылғы 15 шілде

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ____________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 12 маусым


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е. Досаев

      2015 жылғы 7 тамыз

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      _____________ Қ. Қасымов

      2015 жылғы 25 маусым

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ____________ В. Школьник

      2015 жылғы 19 маусым

  Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 30 сәуірдегі
№ 553 бұйрығымен бекiтiлген

Техникалық регламенттерді әзірлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және олардың күшін жою қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық регламенттерді әзірлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және олардың күшін жою қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 7-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленген және техникалық регламенттерді әзірлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және олардың күшін жою тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидалар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде және "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы" 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2014 жылғы 29 мамырда Астанада жасалған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартпен белгіленген тәртіппен қабылданатын техникалық регламенттерді әзірлеу, қабылдау, өзгерту және олардың күшін жою рәсімдеріне қолданылмайды.

2. Техникалық регламенттерді әзірлеу тәртібі

      3. Техникалық регламентті әзірлеу, өзгерту, толықтыру немесе оның күшін жою жөніндегі ұсыныстарды құзыретіне міндетті қағидалар мен нормаларды белгілеу кіретін мемлекеттік органдар стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескере отырып дайындайды және оны техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынады.

      Уәкілетті орган ұсыныстар негізінде Заңның 7-бабының 21) тармақшасына сәйкес техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспардың жобасын жасайды және бекітеді.

      Техникалық регламент осы Қағидалардың 4-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жария талқылау кезеңінде қоса берілетін тұжырымдама болған кезде әзірленеді.

      Тұжырымдамада:

      1) техникалық регламенттің атауы;

      2) техникалық регламентті әзірлеу мақсаты;

      3) Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының (бұдан әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН) кодтар ішінде тауарлық позицияны көрсете отырып, техникалық регламенттің қолданылу саласы мен объектілері;

      4) реттеу адресаттары, оның ішінде кәсіпкерлік қызмет субъектілері және техникалық регламентте көзделген реттеумен оларға болатын әсер;

      5) жағымсыз әсерді барынша азайту үшін реттеу белгіленуі қажет проблемалар туралы ақпарат;

      6) қауіпті факторлар (қатерлер);

      7) Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық базасының болуы және оның жай-күйі туралы ақпарат (техникалық регламент объектісіне қойылатын талаптарды белгілейтін заңдар, қаулылар, санитариялық, құрылыс, өрт және басқа да нормалар мен қағидалар);

      8) халықаралық деңгейдегі нормативтік құжаттардың болуы туралы ақпарат (халықаралық шарттар, директивалар, басқа елдердің техникалық регламенттері);

      9) өндіріс, сынақ базасының және жалпы саланың жай-күйі туралы ақпарат.

      Ақпарат сынақ зертханасының және өнімдердің сәйкестігін растайтын материалдық-техникалық мүмкіндігі бар сәйкестікті растау жөніндегі органдардың саны, олардың географиялық орналасқан жері және өндірістік қуаттылығы туралы мәліметтерді қамтиды;

      10) техникалық регламентті енгізу үшін қабылдануы қажет шаралар туралы ақпарат;

      11) техникалық регламентті енгізуден күтілетін нәтижелерді, оның ішінде техникалық регламентті енгізуден өндірушілерге, тұтынушыларға және жалпы ел экономикасына тигізілетін ықтимал оң және (немесе) теріс әсері туралы ақпаратты, ықтимал техникалық кедергілерді болжамдау;

      12) Қазақстан Республикасындағы өндірістің көлемі және әзірленетін (өзгертілетін/жойылатын) техникалық регламенттің әрекетіне жататын өнімдердің импортының көлемі туралы ақпарат;

      13) техникалық регламентке сәйкес келтіру қажет нормативтік құқықтық актілер туралы ақпарат көрсетіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Техникалық регламент жобасын әзірлеуге жауапты мемлекеттік органдар:

      1) жобаларды, техникалық регламенттердің өзгерістері мен (немесе) толықтырулары немесе оның күшін жою әзірлене бастаған сәттен бастап бір айдан кешіктірмей, уәкілетті органның ресми баспа басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын әзірлеу туралы белгіленген нысандағы хабарламаны орналастырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 14 қыркүйектегі № 319 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8012 болып тіркелген) бекітілген Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталығының хабарламаларын толтыру және ұсыну қағидаларына (бұдан әрі – Ақпарат орталығының хабарламаларын толтыру және ұсыну қағидалары) сәйкес техникалық регламенттің жобасын әзірлеу туралы хабарламаны толтырады және Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталығына (бұдан әрі – Ақпарат орталығы) ұсынады;

      2) техникалық регламент жобасын әзірлеуге мемлекеттік органдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың техникалық реттеу саласындағы сараптамалық кеңестердің, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің өкілдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредителген бірлестіктері және басқа да мүдделі тараптар тартылады;

      3) техникалық регламенттердiң және олармен өзара байланысты стандарттардың ғылыми-техникалық деңгейiн талдауды ұйымдастырады;

      4) техникалық регламент жобасын жария талқылауды, оны әзірлеу туралы хабарлама жарияланған күнінен бастап, жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарламаны жариялаған күнге дейін кемінде күнтізбелік алпыс күнге тең мерзім ішінде ұйымдастырады;

      5) техникалық регламент жобасына алынған ескертулерді мүдделі тараптардың сұрау салуы бойынша ұсынады;

      6) техникалық регламент жобасын алынған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, пысықтайды және оны пікірлер жинағымен қоса техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның ресми баспа басылымы мен ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде орналастырады;

      7) жобамен және алынған ескертулер тізбесімен танысу тәсілі туралы ақпаратты, техникалық регламент жобасын әзірлеген мемлекеттік органның атауын, оның пошталық және электрондық мекенжайын қамтуға тиіс осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын жария талқылаудың аяқталуы туралы хабарламаны уәкілетті органның ресми баспа басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде орналастыру үшін уәкілетті органға жібереді, сондай-ақ Ақпарат орталығының хабарламаларын толтыру және ұсыну қағидаларына сәйкес техникалық регламенттің жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарламаны толтырады және Ақпарат орталығына ұсынады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Техникалық регламент ғылыми негізделген және (немесе) статистикалық деректер негізінде әзірленеді.

      Егер шет мемлекеттердiң, халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың нормалары мен стандарттары осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкес келсе, олар техникалық регламенттi әзiрлеу кезiнде негiз ретiнде толық немесе iшiнара қолданылуы мүмкiн.

      6. Техникалық регламентте белгіленетін талаптар техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясат мүдделеріне, материалдық-техникалық базаның дамуына және ғылыми-техникалық даму деңгейіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялайтын халықаралық шарттарға сәйкес келуге тиіс.

      7. Өнімге немесе өнімге және өнімнің талаптарымен байланысқан процестерге қойылатын ең төменгі қажетті талаптарды белгілеген кезде оның өмірлік циклінің барлық сатысында осы өнімге тән қауіп-қатерлердің барлық түрлері ескеріледі.

      8. Сол бір өнімге арналған талаптарды белгілейтін техникалық регламенттер өнімге қойылатын міндетті талаптардың бірыңғай құрамы мен мазмұнын қамтамасыз ету мақсатында өзара байланыстырылады.

      9. Техникалық регламентті әзірлеу мынадай тәртіпте жүзеге асырылады:

      1) техникалық регламентпен белгіленген талаптар қолданылатын өнімдер ("ЕАЭО СЭҚ ТН" жіктеуішіне сәйкес) мен процестердің толық тізбесі және жол берілмеуге тиіс қауіпті факторлар (қауіп-қатерлер), сондай-ақ техникалық регламентті қолдану мақсаттары үшін сәйкестендіру өлшемдері мен әдістері белгіленетін қолданылу саласы анықталады;

      2) терминдер мен анықтамалар белгіленеді. Техникалық регламентте пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар халықаралық стандарттарда және Заңда, сондай-ақ "Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында, "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында, "Стандарттау туралы" 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген терминдерге қайшы келмеуі тиіс.

      Осы терминдер белгіленген Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінің баптарына сілтемелер жасауға рұқсат етіледі;

      3) Қазақстан Республикасының нарығындағы өнім айналымы өнімнің техникалық регламентте белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиістігі және бұл туралы тұтынушыға дейін ақпаратты жеткізу тәсілдері (техникалық регламенттерге сәйкестігі туралы ілеспе құжаттамада көрсету, сәйкестік сертификатының немесе сәйкестік декларациясының немесе мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің, техникалық немесе нормативтік құжаттаманың немесе тиісті алдын алуларды, жинақтау схемаларын және басқаларды қоса алғанда, өнімді дұрыс пайдалану немесе қолдану жөнінде нұсқаулардың болуы) туралы ереже белгіленетін шарттар айқындалады;

      4) өнімнің және оның тіршілік процестерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленеді, онда зиян келтіру қауіп-қатерінің деңгейін ескере отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең төменгі қажетті талаптар белгіленеді. Техникалық регламентте зиян келтіру қауіп-қатерінің деңгейін ескере отырып, Заңның 18-бабының 6-тармағына сәйкес техникалық реттеу объектілеріне қойылатын арнайы талаптарды қамтуы мүмкін.

      Талаптар адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға тікелей зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты тек өнімге және қажет болған кезде оның тіршілік циклінің процестеріне белгіленеді.

      Ең төменгі қажетті талаптар осы өнімге тән әлеуетті қауіптің (тәуекелдің) әр түрі бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қажетті түпкілікті нәтижесін нақты сипаттау жолымен белгіленеді. Бұл ретте қауіпсіздік мақсатына қол жеткізу әдісі осы мақсат көрсетілген әдісті ерекше қолдануға қол жеткізе алатын жағдайлардан басқа регламенттелмейді.

      Өнімнің техникалық сипаттамаларының сандық мәндері, егер олар: "аспайтын", "кемінде", "ұстауға жол берілмейді" деген тұрақты шамасы бар болған жағдайда, белгіленуі мүмкін.

      Қауіпсіздік көрсеткіштері техникалық регламентке қосымша түрінде ресімделуі мүмкін.

      Егер ұзақ пайдалану зиян келтіруі мүмкін, зиян келтіру рұқсат етілетін тәуекел дәрежесін анықтауға мүмкіндік бермейтін факторларға байланысты өнімге қойылатын талаптарды анықтау мүмкін емес жағдайда, техникалық регламент өнімнің болуы мүмкін зияны мен оларға байланысты болатын факторлар туралы тұтынушыға хабарлауға қатысты талаптарды қамтуға тиіс;

      5) сынаманы іріктеу және өнімдерді сынау қағидалары, сәйкестікті растау қағидалары мен нысандары, оның ішінде сәйкестікті растау схемасы (сәйкестікті растау нысандары мен схемасын таңдау сәйкестікті растаудан өткен өнімді қолданудан күмәнді бағалау мен залал келудің жиынтық қаупін ескеріп жүзеге асырылуға тиіс) және (немесе) терминологияға, буып-түюге, таңбалауға немесе затбелгі салуға және оларды түсіру қағидаларына қойылатын талаптар болуы мүмкін;

      6) техникалық регламентті, нормативтік немесе техникалық құжаттамаларды әзірлеу және(немесе) түзетуді қолданысқа енгізуге, сондай-ақ өнімді шығаруға байланысты мәселелер ескерілуге тиіс өтпелі кезеңнің уақытын белгілейтін техникалық регламентті қолданысқа енгізу мерзімі мен шарттары белгіленеді;

      7) қолдану нәтижесінде техникалық регламенттің талаптарын сақтауды қамтамасыз ететін өзара байланысты стандарттар тізбесі, сондай-ақ зерттеу (сынақ) және өлшем қағидалары мен әдістерін, оның ішінде техникалық регламент жобасына қосымша түрінде ресімделетін үлгілерді іріктеу қағидаларын қамтитын және техникалық регламенттің талаптарын қолдану және орындау және өнімнің сәйкестігін (растауын) бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті стандарттар тізбесі (бұдан әрі - тізбелер) белгіленеді.

      Тізбелерді әзірлеу стандарттау жөніндегі құжаттарды оған енгізу арқылы осы Қағидаларға 3 және 4-қосымшада көзделген нысандар бойынша жүзеге асырылады.

      Техникалық регламент жобасын әзірлеуге жауапты мемлекеттік органдар жылына 1 реттен жиі емес қабылдау мониторингі, қолдану, жаңару және тиісті стандарттардың күшін жою нәтижелері негізінде өзгерістер енгізу және тізбелерді өзектендіру бойынша негізделген ұсыныстарын дайындайды және уәкілетті органға ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Қолдану нәтижесінде техникалық регламенттің талаптарын сақтауды қамтамасыз ететін өзара байланысты стандарттар тізбесі техникалық регламенттің талаптары тікелей орындалуы мүмкін болған жағдайда белгіленбейді.

      Зерттеу (сынақ) және өлшем қағидалары мен әдістерін, оның ішінде техникалық регламенттің талаптарын қолдану және орындау және өнімнің сәйкестігін (растауын) бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті үлгілерді іріктеу қағидаларын қамтитын стандарттар тізбесі техникалық регламентте сәйкестікті бағалауды жүргізу туралы талаптар болмаған не техникалық регламенттің талаптарына сәйкестікті бағалау зерттеулер (сынақтары) мен өлшемдер жүргізбей жүзеге асырылуы мүмкін болған жағдайларда белгіленбейді.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Заңмен көзделген талаптарды қоспағанда, осы Қағидалардың 7 және 9-тармақтарымен белгіленген талаптар сәйкестікті растау рәсімдеріне қойылатын талаптарды ғана белгілейтін жеке техникалық регламенттерге ішінара қолданылмайды.

3. Техникалық регламенттерді сараптау

      11. Техникалық регламент жобасы, мүдделі ұйымдардың пікірлерінің көшірмелері, техникалық регламент жобасына ұсынылған ескертулер мен ұсыныстар және қолданыстағы және ұсынылатын редакциядағы ескертулер мен ұсыныстар авторы көрсетілген, сонымен қатар ұсынылған ескертулер мен ұсыныстарға әзірлеуші қорытындысымен кесте түрінде ресімделген пікірлер жинағы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға және техникалық реттеу саласындағы халықаралық келісімшарттарға сәйкестігін белгілеу мақсатында уәкілетті органға қарауға жіберіледі.

      Техникалық регламент жобасын және осы тармақта жазылған, оған қоса берілген материалдарды қарау олар түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Техникалық регламенттің жобасын әзірлеуге жауапты мемлекеттік органдар осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес қорытындыларды, сондай-ақ ескертулер мен ұсыныстарды алғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде техникалық регламенттің жобасын пысықтауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Техникалық регламенттерді қабылдау, өзгерту және олардың күшін жою

      13. Техникалық регламентті қабылдау және оның күшін жою Заңның 19-бабына сәйкес, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Техникалық регламентке өзгерістер мен толықтырулар енгізу осы Қағидалардың 2 және 3-тарауларына сәйкес жүзеге асырылады.

  Техникалық регламенттерді
әзірлеу, сараптау, қабылдау,
өзгерту және олардың күшін
жою қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын әзірлеу туралы хабарлама

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасының атауы


2. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын әзірлеуге жауапты мемлекеттік органы


3. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасының техникалық реттеу объектісі


4. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын әзірлеу мақсаты


5. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстарды (пікірлерді) жіберу үшін пошта мекенжайы, телефон нөмірлері, электрондық пошта адресі


6. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын жария талқылауды аяқтаудың болжамды күні



  Техникалық регламенттерді
әзірлеу, сараптау, қабылдау,
өзгерту және олардың күшін
жою қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын жария талқылаудың аяқталуы туралы хабарлама

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасының атауы


2. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган


3. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын техникалық реттеу объектісі


4. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасын әзірлеуді аяқтаудың болжамды күні


5. Техникалық регламент, техникалық регламентті өзгерту және (немесе) толықтыру немесе күшін жою жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстарды (пікірлерді) алуға арналған пошталық мекенжайы, телефон нөмірлері, электрондық пошта адресі


  Техникалық регламенттерді
әзірлеу, сараптау, қабылдау,
өзгерту және олардың күшін
жою қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Қолдану нәтижесінде техникалық регламенттің талаптарын сақтауды қамтамасыз ететін өзара байланысты стандарттар тізбесі

      Ескерту. 3-қосымшамен толықтырылды – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

р/с №

Техникалық регламенттің элементтері

Өзара байланысты стандарттың белгіленуі

Өзара байланысты стандарттың атауы

Ескертпе

1

2

3

4

5

      Ескертпе:

      1. 2-бағанда өзара байланысты стандарт талаптарының орындалуын қамтамасыз етілетін техникалық регламенттің элементтеріне сәйкестігі көрсетіледі (абзац, тармақша, тармақ, бап, қосымша).

      2. 3-бағанда, егер техникалық регламент талаптарының сақтау өзара байланысты стандарттың жекеленген бөлімдерін (тармақтарды, тармақшаларды) қолданылуын қамтамасыз ететін болса, өзара байланысты стандарттың белгіленуі жалпы және/немесе бөлімдері (тармақтары, тармақшалары) көрсетіледі.

      3. 5-бағанда орнына алмастырылған өзара байланысты стандарт (күн – екі араб санымен, ай - екі араб санымен, жыл – төрт араб санымен) әзірленген өзара байланысты стандарттың қолданылу күнінің аяқталуы туралы ақпарат және (немесе) алмастырылған және алмастырылатын өзара байланысты стандарттың қолданылуы мүмкін, қажетті жағдайда өтпелі кезеңді белгілеу туралы ақпарат көрсетіледі.

  Техникалық регламенттерді
әзірлеу, сараптау, қабылдау,
өзгерту және олардың күшін
жою қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Зерттеу (сынақ) және өлшеу қағидалары мен әдістерін, оның ішінде техникалық регламенттің талаптарын қолдану және орындау және өнімнің сәйкестігін (растауын) бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті үлгілерді іріктеу қағидаларын қамтитын стандарттар тізбесі

      Ескерту. 4-қосымшамен толықтырылды – ҚР Сауда және интеграция министрінің 19.05.2020 № 119-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

р/с №

Техникалық регламенттің элементтері

Стандарттың белгіленуі

Стандарттың атауы

Ескертпе

1

2

3

4

5

      Ескертпе:

      1. 2-бағанда стандартта белгіленген зерттеу (сынақ) және өлшеу қағидалары мен әдістерін, оның ішінде үлгілерді іріктеу қағидаларын қолдану арқылы сәйкестігі расталуы мүмкін техникалық регламенттің элементтері көрсетіледі (абзац, тармақша, тармақ, бап, қосымша).

      2. 3-бағанда өнімнің сәйкестігін (растауын) бағалауды жүзеге асыру үшін техникалық регламент талаптарының сақтау стандарттың жекеленген бөлімдерін (тармақтарды, тармақшаларды) қолданылуын қамтамасыз ететін болса, стандарттың белгіленуі жалпы және/немесе бөлімдері (тармақтары, тармақшалары) көрсетіледі.

      3. 5-бағанда орнына алмастырылған стандарт (күн – екі араб санымен, ай - екі араб санымен, жыл – төрт араб санымен) әзірленген стандарттың қолданылу күнінің аяқталуы туралы ақпарат және (немесе) алмастырылған және алмастырылатын стандарттың қолданылуы мүмкін, қажетті жағдайда өтпелі кезеңді белгілеу туралы ақпарат көрсетіледі.