Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидаларын және оның үлгілік нысанын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 17 шілдедегі № 137 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 тамызда № 11974 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасау қағидалары;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың үлгілік нысаны бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 33 (01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасау қағидаларын және үлгі нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 235 қаулысының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8793 тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2013 жылғы 19 қарашада № 174 (2375); 2013 жылғы 20 қарашада № 175 (2376) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Қ. Келімбетов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2015 жылғы 17 шілдедегі
№ 137 қаулысына
1-қосымша

Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасау қағидалары

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 33 (01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасау қағидалары "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабына сәйкес әзірленді және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасау тәртібін айқындайды.

2-тарау. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасау тәртібі

      2. Салымшы (алушы) "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерікті зейнетақы жарнасының бастапқы сомасы немесе аударылған ерікті зейнетақы жинақтарының бастапқы сомасы түскен немесе кепілдік берілген өтемақының талап етілмеген сомасы түскен күннен бастап Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып саналады.

      3. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың үлгілік нысаны салымшының (алушының) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен жасалатын қосылу шарты болып табылады, оның талаптарын салымшы (алушы) жалпы ұсынылған шартқа қосылу арқылы ғана қабылдайды..

      4. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың үлгілік нысаны Қордың интернет-ресурсына орналастырылады.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2015 жылғы 17 шілдедегі
№ 137 қаулысына
2-қосымша

Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы ШАРТТЫҢ ҮЛГІЛІК НЫСАНЫ (қосылу шарты)

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 33 (01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) (бұдан әрі – Шарт) _________ (бұдан әрі - Қор) және ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы (ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алушы) (бұдан әрі – Салымшы (Алушы)) арасында соңғысының Шарттың талаптарына қосылуы арқылы жасалды және тараптардың құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін, сондай-ақ Қордың және Салымшының (Алушының) арасындағы өзге де ерекшеліктерді белгілейді.

1. Шарттың мәні

      1. Шарттың талаптарына сәйкес Салымшы (Алушы) ерікті зейнетақы жарналарын салады, ал Қор оларды қабылдауға және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына және Шарттың талаптарына сәйкес міндеттерді орындауға міндеттенеді.

      2. Шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабының, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңның (бұдан әрі – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң), Қордың ішкі құжаттарымен бекітілген Қордың зейнетақы қағидалары (ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша) (бұдан әрі – Қордың зейнетақы қағидалары) талаптарына сәйкес жасалатын қосылу шарты болып табылады.

      Шарт, Қордың зейнетақы қағидалары, оларға өзгерістер мен толықтырулар Қордың интернет-ресурсына және Қордың филиалдарында көрінетін қолжетімді жерге орналастырылады.

      3. Қорда ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қорға түскен ерікті зейнетақы жарналары салымшысының ерікті зейнетақы жарнасының бастапқы сомасы немесе Салымшының (Алушының) басқа жинақтаушы зейнетақы қорынан аударылған ерікті зейнетақы жинақтарының сомалары не депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымнан бастапқы талап етілмеген кепілдік берілген өтем сомасы негізінде жүзеге асырылады.

      Салымшы (Алушы) Қордағы ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін ерікті зейнетақы жарнасының сомасы не салымшының (алушының) ерікті зейнетақы жинақтарының сомасы не бастапқы талап етілмеген кепілдік берілген өтем сомасы жеке зейнетақы шотына есептелген күннен бастап Шартқа қосылған деп саналады.

2. Тараптардың құқықтары және міндеттері

      4. Қордың:

      1) өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға;

      2) зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сотта Салымшының (Алушының) мүдделерін білдіруге;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға, сондай-ақ Қордың зейнетақы қағидаларына сәйкес Салымшының (Алушының) құқықтарына нұқсан келтірмейтін және нашарлатпайтын өзге құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      5. Қор:

      1) ерікті зейнетақы жарналарын қабылдауға;

      2) Шартқа және Қордың зейнетақы қағидаларына сәйкес Салымшыға (Алушыға) зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға;

      3) Салымшының (Алушының) зейнетақы жинақтарының және оған төленген зейнетақы төлемдерінің жеке есебін жүзеге асыруға;

      4) Салымшыға (Алушыға) оның сұратуы бойынша жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап кез келген сұратылған күнгі жағдай бойынша оның зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты ақы алмай беруге, сондай-ақ Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 57-бабында көзделген ережелерді ескере отырып оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа электрондық және өзге тәсілмен қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті. Егер Салымшы Зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын заңды тұлға (немесе жеке тұлға) болып табылатын болса, Қор Қазақстан Республикасы азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес ресімделген Алушының жазбаша келісімі болған кезде Алушының зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты Салымшығы беруге құқылы;

      5) Салымшыға (Алушыға) жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша өтеусіз консультациялық қызметтер көрсетуге;

      6) Салымшының (Алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат конфиденциалдылығын қамтамасыз етуге;

      7) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын және Қордың зейнетақы қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік атқаруға;

      8) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен Салымшының (Алушының) зейнетақы жинақтарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорын немесе сақтандыру ұйымына аударуға;

      9) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 33-бабында және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген талаптар басталған жағдайларда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда, Шартта және Қордың зейнетақы қағидаларында белгіленген тәртіппен зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асыруға;

      10) өзінің деректемелері өзгерген күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде бұл туралы Салымшыға (Алушыға) қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі кемінде 2 (екі) мерзімді баспа басылымында хабарландыру жариялау арқылы хабарлар етуге;

      11) Салымшының (Алушының) деректемелері Қордың міндеттемелерді орындауына әсер ететіндей өзгерген жағдайда, осы өзгерістерді растайтын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде автоматтандырылған ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізуге;

      12) Өзінің Салымшыларын (Алушыларын) тең жағдайлармен қамтамасыз етуге міндетті.

      6. Салымшының (Алушының):

      1) Қордың зейнетақы қағидаларымен танысуға;

      2) өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алуға;

      3) Қордан жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша өтеусіз консультациялық қызметтер алуға;

      4) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда және Қордың зейнетақы қағидаларында көзделген тәртіппен зейнетақы жинақтарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорын немесе сақтандыру ұйымына аударуға;

      5) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 33-бабына, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес құқықтар туындаған кезде, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда, Шартта және Қордың зейнетақы қағидаларында белгіленген тәртіппен зейнетақы төлемдерін алуға;

      6) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің зейнетақы жинақтарын мұраға қалдыруға;

      7) Қордың шешімдері, әрекеті (әрекетсіздігі) бойынша сот тәртібімен шағым жасауға;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      7. Салымшы (Алушы):

      1) Қордың міндеттемелерін орындауға әсер ететін барлық өзгерістер туралы олар басталған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде растайтын құжаттарды ұсына отырып, Қорға хабарлауға міндетті.

      Қордың міндеттемелерін орындауға әсер ететін өзгерістерге мыналар:

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірінің, бұрын қорға ұсынылған электрондық мекенжайдың (e-maіl);

      зейнетақы төлемдерін алу мақсатында Қорға ұсынылған зейнетақы төлемдерін алушының банктік деректемелерінің өзгеруі жатады.

      2) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алу үшін қолданылатын жеке өлшемдердің (логин, пароль, электрондық мекенжай, телефон нөмірі және т. б.) сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге;

      3) қасақана және/немесе абайсызда әрекет ету нәтижесінде оларға қол жеткізген үшінші тұлғалардың зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат (логин, пароль, электрондық мекенжай, телефон нөмірі және т. б.) алу үшін қолданылатын жеке өлшемдерді пайдаланғаны үшін жауапкершілік алуға;

      4) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес өзге де міндеттемелерді орындауға міндетті.

3. Ерікті зейнетақы жарналарын енгізу, зейнетақы жинақтары мен зейнетақы төлемдерін аударуды жүзеге асыру тәртібі мен талаптары

      8. Салымшы (Алушы) жеке тұлға болып табылатын Алушыны қоспағанда, Шарт бойынша ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері мен төлеу кезеңділігін дербес айқындайды, оның пайдасына Алушы болып табылмайтын заңды тұлғаның (немесе жеке тұлғаның) ерікті зейнетақы жарналары жүзеге асырылады.

      9. Зейнетақы төлемдері Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 33-бабына сәйкес жүргізіледі. Зейнетақы төлемдерін алу тәртібін Алушы Қордың зейнетақы қағидаларына сәйкес дербес айқындайды.

      10. Зейнетақы жинақтарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына аударудың тәртібі мен талаптары Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда және Қордың зейнетақы қағидаларында көзделген.

4. Қордың Салымшының (Алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат ұсыну тәртібі

      11. Қор Салымшыға (Алушыға), оның ішінде Қордың интернет-ресурсы және "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы берілетін зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат:

      1) сұрау салынатын кезеңнің басындағы және соңындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы;

      2) сұрау салынатын кезеңнің басындағы және соңындағы жағдай бойынша есептелген инвестициялық кіріс сомасы;

      3) зейнетақы активтерінен комиссиялық сыйақының мөлшері;

      4) сұратылған кезең ішіндегі күндерді көрсете отырып, зейнетақы жарналарының, өсімпұлдардың, аударымдардың, зейнетақы жинақтары төлемдерінің және (немесе) ұсталған жеке табыс салығының сомасы;

      5) сұратылатын кезең ішіндегі күндерді көрсете отырып, Салымшының (Алушының) ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотында көрсетілетін өзге де операциялардың сомасы туралы ақпаратты қамтиды.

      12. Егер Салымшының (Алушының) сұрау салуында өзгеше көрсетілмесе, Салымшының (Алушының) сұрау салуы бойынша ол сұратқан кез келген күнге Қор ұсынатын ақпарат Шарттың 11-тармағында санамаланған, сұрау салынатын кезеңнің басындағы және соңындағы жағдай бойынша жасалған мәліметтерді қамтиды.

      13. Қор Салымшыны (Алушыны) оның сұрау салуы бойынша оның зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы кез келген сұратылған күнге хабардар етуді өтемақысыз жүргізеді.

      14. Салымшының (Алушының) өтініші бойынша хабардар ету байланыс құралдары (пошта, электрондық пошта және Қордың зейнетақы қағидаларында көзделген басқа да байланыс құралдары) арқылы немесе Салымшы (Алушы) жеке өтініш жасаған кезде жүргізіледі.

5. Салымшының (Алушының) өтінішін қарау

      15. Салымшы (Алушы) Қорға жазбаша, ауызша нысанда не өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында мынадай түрде:

      1) Салымшының (Алушының) өз құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда жәрдем көрсету туралы өтініші не Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнаманың бұзылуы, Қордың, лауазымды адамдардың жұмысындағы кемшіліктер не олардың қызметін сынау туралы хабарламасы;

      2) Салымшының (Алушының) құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы, Қор қызметкерлері мен өзге де адамдардың құқыққа қарсы әрекеттері немесе әрекетсіздігі туралы шағымдары;

      3) Салымшының (Алушының) Шарт шеңберінде ақпарат беру туралы сұрау салуы;

      4) "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өтініштің өзге де нысаны түрінде өтініш жасауға құқылы.

      16. Салымшының (Алушының) өтініштерін қарау "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының заңында және Шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады.

6. Қордың комиссиялық сыйақысы

      17. Қордың комиссиялық сыйақы шамасы зейнетақы активтерінің бір айдағы ____ пайыз мөлшерінде белгіленеді.

7. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда тараптардың жауапкершілігі

      18. Шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тараптар Шартта және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жауап береді.

      19. Қордың кінәсінен зейнетақы жинақтарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына аудару кешіктірілген жағдайда Қор Салымшының (Алушының) пайдасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,5 есе базалық мөлшерлемесінің мөлшерінде аударылатын зейнетақы жинақтары сомасына әрбір кешіктірілген күн үшін (аудару күнін қосқанда) өсімпұл төлеуге міндетті.

      20. Зейнетақы төлемдерін уақтылы жүзеге асырмағаны үшін Қор құқықтары бұзылған тұлғалардың пайдасына төлемдерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,5 есе базалық мөлшерлемесінің мөлшерінде әрбір кешіктірілген күн үшін (төлем күнін қоса алғанда) өсімпұл төлеуге міндетті.

      21. Өсімпұлды төлеу Қорды зейнетақы жинақтарын аудару (зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру) бойынша міндеттерін орындаудан босатпайды.

      22. Шартпен реттелмеген жауапкершілік мәселелері Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес регламенттеледі.

8. Тараптардың дүлей күш салдарынан міндеттемелерді орындамаған жағдайда жауапкершілігі

      23. Шарттың тараптары, дүлей күш жағдайларына байланысты міндеттемелерді тиісінше орындау мүмкін болмаған жағдайда, Шарт бойынша міндеттемелерді ішінара немесе толық орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

      24. Дүлей күш жағдайлары өрт, су тасқыны, жер сілкінісі, табиғи апаттар, қоршаулар, ереуілдер, әскери қимылдар, террористік актілер және оларды тараптар болжай алмаған және Шарттың орындалуына тікелей әсер еткен басқа да осыған ұқсас жағдайлар болып табылады.

      25. Салымшының (Алушының) сұратуы бойынша Қор Шарттың 23-тармағында көрсетілген мән-жайлардың туындағанын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

9. Шартты өзгерту немесе бұзу тәртібі мен шарттары

      26. Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, Қор Салымшыға (Алушыға) осындай өзгерістер мен толықтырулар туралы, көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ Шарттың жаңартылған редакциясын Қордың интернет-ресурсында және Қор филиалдарында көрінетін қолжетімді жерде орналастыру арқылы хабарлайды.

      27. Шарттың қолданысы зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда 1 (бір) ай өткеннен кейін тоқтатылады.

10. Қорытынды ережелер

      28. Тараптардың Шарт бойынша реттелмеген даулары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары қарайды.

      29. Тараптар Шарттың мәніне қатысты және Шарт бойынша тараптардың қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын сақтауға міндеттенеді.

      30. Шарт заң күші бірдей қазақ және орыс тілдерінде жасалған.