Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдауларында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 353 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 21 шілдеде № 11704 болып тіркелді

Жаңартылған

      «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 23-11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдауларында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
      1) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырыуын;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралар туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Инвестициялар және даму
      министрінің міндетін атқарушы              Ж. Қасымбек

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      ________________ Б. Сұлтанов
      2015 жылғы 29 мамыр

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      ________________ Е. Досаев
      2015 жылғы 10 маусым

Қазақстан Республикасы     
Инвестициялар және даму    
Министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы    
№ 353 бұйрығымен бекітілді  

Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен
тасымалдарында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдарында рұқсат беру жүйесiн қолдану қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) «Автомобиль көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi Заңының 13-бабының 23-11) тармақшасына (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдарында рұқсат беру жүйесiн қолдану тәртiбiн айқындайды.
      2. Қағидалар меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде мынадай автокөлiк құралдарына иелiк ететiн отандық және шетел тасымалдаушыларына қолданылады:
      1) автобустар, шағын автобустар;
      2) жүк автомобильдерi (олардың тiркеменi қосқанда рұқсат етiлетiн жалпы салмағы 6 тоннадан астам немесе тiркеменi қосқанда рұқсат етiлетiн пайдалы жүктемесi 3,5 тоннадан астам);
      3) мамандандырылған автомобильдер (белгiлi бiр жүк түрiн тасымалдауға арналған);
      4) арнайы автомобильдер (әртүрлi, көбiнесе көлiктiк емес жұмыстарды орындауға арналған).
      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) автокөлiк құралдарына рұқсат беру карточкасы - автокөлiк құралын жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарында пайдалануға рұқсат беретiн құжат;
      2) жолсапар - автокөлiк құралдарының жөнелту пунктiнен межелi пунктiне жүруi және жөнелту пунктiне керi оралуы;
      3) жүктердiң халықаралық автомобильмен тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат беру куәлiгi - Қазақстан Республикасының автомобиль тасымалдаушыларына жүктердiң халықаралық автомобильмен тасымалдарын жүзеге асыруға құқық беретiн құжат;
      4) қосымша өтiнiм - жылдық өтiнiмге қатыспаған немесе жылдық өтiнiмде шетелдiк рұқсаттардың белгiлi бiр түрiн және қажеттi санын көрсетпеген отандық тасымалдаушы берген шетелдiк рұқсаттарды алуға өтiнiм;
      5) отандық рұқсат - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттің тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағымен жүріп өтуіне рұқсат (келуге, кетуге және транзитпен жүріп өтуіне әмбебап рұқсат, сондай-ақ үшінші елдердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдердің аумағына тасымалдаулар);
      6) отандық тасымалдаушы – Қазақстан Республикасы ратификациялаған, Қазақстан Республикасы мен шетел мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобильді қатынастар туралы халықаралық келісімшарттарына сәйкес шетел мемлекет аумағындағы халықаралық автомобильді тасымалдауды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      7) рейс - автокөлiк құралдарының жөнелту пунктiнен межелi пунктiне дейiн жүрiп өтуi;
      8) рұқсат беру құжаты - Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүру құқығын растайтын құжат (отандық немесе шетелдiк рұқсат, арнайы рұқсат);
      9) рұқсат бланкiлерiмен алмасу квотасы (бұдан әрi - алмасу квотасы) - шет мемлекеттермен алмасу үшiн келiсiлген шетелдiк рұқсаттардың саны;
      10) транзиттiк жүрiп өту (транзит) - жөнелту және межелi пункттерi осы мемлекеттiң аумағынан тыс орналасқан мемлекеттiң аумағы арқылы жүкпен немесе жүксiз автокөлiк құралдарының жүрiп өтуi;
      11) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті;
      12) үшінші елдердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдердің аумағына тасымалдаулар - автокөлiк құралының тiркелу мемлекетi болып табылмайтын екi мемлекет арасында жолаушыларды, багажды немесе жүктердi тасымалдау;
      13) шетелдiк рұқсат - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттің аумағымен жүріп өтуіне рұқсат (келуге, кетуге және транзитпен жүріп өтуіне әмбебап рұқсат, сондай-ақ екінші елдің аумағынан үшінші елдің аумағына тасымалдаулар);
      14) шетелдік тасымалдаушы – Қазақстан Республикасы ратификациялаған, Қазақстан Республикасы мен шетел мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобильді қатынастар туралы халықаралық келісімшарттарына сәйкес шетел мемлекет аумағындағы халықаралық автомобильді тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік жеке және заңды тұлғалар.
      4. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өтуiне рұқсат беру жүйесi Заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы халықаралық шарттарда (бұдан әрi - Келiсiм) және осы Қағидаларда айқындалады.
      5. Жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын отандық автокөлiк құралдарының шет мемлекеттiң аумағына (аумағынан) кiруi (шығуы), шет мемлекеттiң аумағы арқылы транзитi мынадай түрлердегi шетелдiк рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады:
      1) жүктер тасымалына арналған шетелдiк рұқсаттар;
      2) жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар;
      3) күнтiзбелiк бiр жылға қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар.
      6. 1992 жылы 26 қыркүйекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмге сәйкес отандық тасымалдаушылар Қытай Халық Республикасының аумағына автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде мыналар қажет:
      1) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды орындаған кезде, отандық тасымалдаушыға тасымалды жөнелту пунктiнен межелi пунктке дейiн күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен «А» түрiнiң рұқсаты;
      2) тура және керi бiр рейстi орындауға құқығы бар жолаушылар мен багаждың тұрақты емес автомобиль тасымалын орындау кезiнде «В» түрiнiң рұқсаты;
      3) тура және керi бiр рейстi орындауға құқығы бар жүк автомобиль көлiгiмен тасымалдау кезiнде «С» түрiнiң рұқсаты.
      «А», «В», «С» түрiндегi рұқсаттар ағымдағы жылғы 31 желтоқсанға дейiн қолданылады.

2. Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы
автомобильмен тасымалдарында рұқсат беру жүйесін қолдану
тәртібі

1-параграф. Шетелдік рұқсаттарды алмасу және үлестіру
квотасын айқындау

      7. Өкілетті органның аумақтық органдары (бұдан әрі - аумақтық органдар) жыл сайын 10 тамызға дейінгі мерзімде бұқаралық ақпарат құралдары және интернет-ресурстар арқылы шетелдік рұқсаттамаларға жылдық өтінімдерді қабылдаудың басталуы туралы отандық тасымалдаушыларды хабарландырады.
      Жылдық өтінімдерді отандық тасымалдаушылар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) немесе www.elicense.kz «Е-лицензиялау» веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы беріледі.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 19.01.2016 № 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.
      8. Отандық тасымалдаушылардан жылдық өтінімдер жыл сайын 30 қыркүйекке дейінгі мерзімде қабылданады.
      Жылдық өтiнiмде:
      1) отандық тасымалдаушының жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi және атауы;
      2) тасымалдың түрi;
      3) елдер және тоқсан бойынша, болжамды жол жүру уақыты мен жылжымалы құрам бойынша бөле отырып, тасымалдардың түрлерi бөлiнiсiнде шетелдiк рұқсаттарды ықтимал пайдаланудың саны қамтылады.
      Жоғарыда көрсетiлген талаптарға сәйкес келмеген жылдық өтiнiм себептерiн көрсете отырып, өтiнiм берiлген күнiнен бастап екi жұмыс күн iшiнде қайтарылуға жатады.
      9. Жиынтық жылдық өтінім Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрi - Министрлік) интернет-ресурсында орналастырылады.
      10. Шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасу квотасын белгілеу мәселесі бойынша тиісті мемлекеттердің құзыретті органдарымен келіссөздер жүргізуді қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган ағымдағы жылғы 10 қазанға дейінгі мерзімде отандық тасымалдаушылардың шетелдік рұқсаттарға деген қажеттілігінің саны туралы жалпы жиынтық жылдық өтінімді қалыптастырады.
      11. Уәкілетті орган шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен рұқсат құжаттармен алмасу квотасын және олардың қолданылу мерзімін келіседі.
      12. Уәкілетті орган шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарына отандық рұқсат бланкiлерiн, оның iшiнде үшiншi елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға рұқсаттар берудi, отандық тасымалдаушылар үшiн шетелдiк рұқсаттарды шетелдiк құзыреттi органдармен жүргiзiлген келiссөз хаттамаларында ескерiлген мөлшерде алуды жүзеге асырады.
      13. Отандық тасымалдаушылардың қажеттiлiгiн қанағаттандыратын шетелдiк рұқсаттар, алмасу квотасы уәкілетті органның резервiне белгiленген шетелдiк рұқсаттар мен күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды қоспағанда, жалпы жиынтық жылдық өтiнiм деректерiне сәйкес отандық тасымалдаушыларға беру үшiн аумақтық органдарға толық бөлуге жатады.
      14. Отандық тасымалдаушылардың қажеттiлiгiн қанағаттандырмаған шетелдiк рұқсаттар, алмасу квотасы отандық тасымалдаушылардың арасында, шетелдiк рұқсаттың бланкiлерiн алуға өтiнiштер түсуiне орай олардың қолданысындағы жылжымалы құрамын ескере отырып автоматтандырылған тәртiпте бөлуге жатады.
      15. Уәкілетті органмен шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарымен келiсiлген, белгiленген маршруттар мен осы маршруттар бойынша жүру кестесiн ескере отырып, күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдуға арналған шетелдiк рұқсаттарды үлестiредi.
      16. Аумақтық органдар бөлiнiсiнде үлестiрiлген шетелдiк рұқсаттардың саны туралы мәлiметтер Министрліктің интернет-ресурсында орналастырылады.
      17. Жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүктi тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар және қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар бланкiлерiн алуға қосымша өтiнiмдердi берген отандық тасымалдаушыларды уәкілетті орган резервтен көрсетілген немесе бiр тоқсан аралығында талап етiлмеген бланкiлер есебiнен қамтамасыз етедi.
      18. Отандық тасымалдаушылар жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүк тасымалына және жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттардың бланкiлерiн алуға қосымша өтiнiмдердi берген және талап етiлмеген шетелдiк рұқсат бланкiлерi болмаған жағдайда автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті органмен шет мемлекеттiң уәкiлеттi органдарымен хат алмасу арқылы ағымдағы жылға тиiстi шетелдiк рұқсат бланкiлерiмен алмасу квотасын келiседi.

2-параграф. Отандық тасымалдаушыларға шетелдiк рұқсаттарды беру

      19. Отандық тасымалдаушыларға күнтiзбелiк бiр жыл қолданылу мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды қоспағанда, шетелдiк рұқсаттарды ресiмдеудi және берудi аумақтық органдар жүзеге асырады.
      20. Бiр күнтiзбелiк жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды ресiмдеудi және берудi уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат бланкілерін беру рұқсат бланкілерінің алмасу квотасы және жылдық өтінім шектерінде өтінім негізінде жүзеге асырылады.
      Отандық тасымалдаушы күнтізбелік бір жыл қолданылу мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат бланкілерін алуға өтінім берген кезде жылдық өтінімде көрсетілген жалпы санынан асырмай автокөлік құралдарын алмастыруға рұқсат етіледі.
      21. Жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүктi тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды және қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды алуға арналған өтiнiштердi аумақтық органдар немесе уәкілетті органдар өтiнiштердi алған күннен бастап өтiнiш берушiге хабарлай отырып, екi жұмыс күнi iшiнде қарайды.
      22. Аумақтық органдар отандық тасымалдаушыларға шетелдiк рұқсаттарды:
      1) халықаралық автомобильдік тасымалдауын жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігі;
      2) жүктердің тасымалын жүзеге асыру кезінде ұсынылған автокөлік құралдарына рұқсат беру карточкасы;
      3) жолаушыларды облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысішiлiк қалааралық) және халықаралық қатынастарда автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиясы болған кезде бередi.
      23. Уәкілетті орган отандық тасымалдаушыларға күнтiзбелiк бiр жылға қолдану мерзiмiмен жолаушыларды облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысішiлiк қалааралық) және халықаралық қатынастарда автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиясы болған кезде бередi.
      24. Отандық тасымалдаушы қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарға жылдық өтiнiмдердi берген кезде маршрутта пайдалануға жататын жылжымалы құрамның түрi (класы) және мемлекеттiк тiркеу нөмiрлiк белгiлерi туралы мәлiметтердi жiбередi, сондай-ақ электрондық түрде мынадай құжаттар қоса берiледi:
      1) шетелдiк тасымалдаушымен бiрлескен қызмет туралы шарттың көшiрмесi;
      2) көрсетiлген көлiк құралдары жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдаудың басқа маршруттарында iске тартылмауы туралы мәлiмделген автобустар мен шағын автобустардың тiркелген облыстың жергiлiктi атқарушы органдарының жазбаша растауы.
      25. Күнтізбелік бір жыл қолданылу мерзіммен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды қоспағанда, шетелдік рұқсаттарды алуға өтініш отандық тасымалдаушылардың тіркелген орны бойынша аумақтық органда қаралады.
      26. Отандық тасымалдаушылар шетелдік рұқсаттамаларды алу үшін өтінішті және қосымша өтінімдерді Мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы береді.
      Өтініштер мен қосымша өтінімдерді қарау, сондай-ақ берілетін шетелдік рұқсаттамалар санын есептеу шетелдік рұқсаттамалар бланкілерін таратудың автоматты үйлестіру жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылады.
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 19.01.2016 № 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.
      27. Отандық тасымалдаушыларға жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүктi тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды және қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды беру аумақтық органға немесе уәкiлеттi органға 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексi) (бұдан әрі - Салық кодексі) белгiленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алым сомасын төлегенi туралы төлем құжаты түскен күнiнен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады.
      28. Отандық тасымалдаушы алған шетелдiк рұқсаттарды осы отандық тасымалдаушының рұқсат карточкасында көрсетiлген автокөлiк құралына, сондай-ақ қайта алынған және Қазақстан Республикасының аумағына айдап әкелiнген автокөлiк құралына қолданады.
      29. Күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды қоспағанда, отандық тасымалдаушы пайдаланған шетелдiк рұқсаттар жол жүру аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде, ал пайдаланылмағаны - олардың қолданылу мерзiмдерi аяқталған күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрмей олар берiлген жер бойынша аумақтық органға қайтаруға жатады.
      Күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар олардың қолдану мерзiмдерi аяқталған күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрмей уәкілетті органға қайтаруға жатады.
      Отандық тасымалдаушылар шетелдiк рұқсаттарды осы рұқсаттарды қоса бере отырып, қайтару күнi, шетелдiк рұқсаттардың нөмiрi көрсетiлген, еркiн нысанда жасалған iлеспелi хатпен қайтарады.
      Шетелдiк рұқсаттар жоғалған жағдайда отандық тасымалдаушылар жазбаша нысанда көрсетiлген рұқсаттардың жоғалғаны және жарамсыздығы туралы iшкi iстер органдарында тiркелген өтiнiштердiң немесе бұқаралық ақпарат құралдарында хабарламаның орналастырылғанын растайтын құжаттардың көшiрмелерiн қоса бере отырып, жоғалғаны туралы уәкілетті органға немесе аумақтық органдарға хабарлайды.
      Комитетке немесе аумақтық органға жоғалғаны туралы хабарламаны ұсыну мерзiмi өтiнiш iшкi iстер органдарында тiркелген немесе хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылған күннен бастап он жұмыс күнiнен аспауы тиiс.
      Елдер және түрлер бөлінісінде отандық тасымалдаушыдан шетелдік рұқсаттарды алуға өтінімдерді қарау кезінде, мәлімделген шетелдік рұқсаттар саны осы Қағидаларда белгіленген мерзімде жоғалған және (немесе) қайтарылмаған шетелдік рұқсаттарының санына мөлшерлес азайтылады.
      30. Қайтарылған шетелдiк рұқсаттар аумақтық органдарында бір жыл бойы сақталады.
      31. Аумақтық органдар қайтарылған шетелдiк рұқсаттардың есебiн елдер бөлiнiсiнде жүргiзедi.
      Жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүктi тасымалдауға арналған шетелдiк қайтарылған рұқсаттардың есебi көлiктiк деректер қорының ақпараттық талдау жүйесiн және тасымалдау қауiпсiздiгi серпiнiнiң мониторингiнде (бұдан әрi – КДҚ АТЖ) жүзеге асырылады және мынадай мәлiметтердi қамтиды:
      1) жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi;
      2) отандық тасымалдаушының атауы;
      3) рұқсат түрi;
      4) рұқсаттың қолданылу мерзiмi;
      5) рұқсаттың қайтарылған күнi.
      32. Аумақтық органдар отандық тасымалдаушылардан өтiнiштер мен қосымша өтiнiмдердiң түсуiне қарай КДБ АТЖ пайдалана отырып, белгiленген мерзiмде қызмет көрсетудi, сондай-ақ қайтарылған шетелдiк рұқсаттар туралы мәлiметтердi уақтылы енгiзудi қамтамасыз етедi.
      33. Мынадай жағдайларда отандық тасымалдаушыларға шетелдiк рұқсаттарды беруден бас тартылады:
      1) халықаралық автомобильдік тасымалдауын жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігінің болмауы;
      2) жүктердің тасымалын жүзеге асыру кезінде ұсынылған автокөлік құралдарына рұқсат беру карточкасының болмауы;
      3) жолаушыларды облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысішiлiк қалааралық) және халықаралық қатынастарда автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиясының болмауы;
      4) бiр автокөлiк құралына екi және/немесе одан да көп қолданыстағы рұқсат карточкаларының анықталуы;
      5) жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүкті тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды немесе қолданылу мерзімі күнтізбелік бір жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды отандық тасымалдаушыға беру туралы хабарламаны жіберген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алым сомасы төлемінің болмауы;
      6) шетелдiк рұқсаттардың аумақтық органда және уәкілетті органның резервiнде болмауы;
      7) осы Қағидалардың 24-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбауы.
      34. Отандық тасымалдаушыға шетелдiк рұқсат берiлген кезде бланкiнiң тиiстi бағандарына тасымалдаушының атауы, заңды мекенжайы жазылады және мөр (мөртабан) басылып, рұқсат берген тұлғаның қолы қойылады.
      Күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсат берiлген кезде бланктiң тиiстi бағандарына тасымалдаушының атауы, заңды мекенжайы, автокөлiк құралының маркасы мен мемлекеттiк нөмiрi, жүру маршруты жазылады және мөр (штамп) басылып, рұқсат берген адамның қолы қойылады.
      Шетелдiк рұқсаттарда түзетулерге жол берiлмейдi.

3-параграф. Шетелдiк тасымалдаушыларға отандық рұқсаттарды беру

      35. Отандық рұқсаттар шетелдiк тасымалдаушыларға тиiстi жылға айырбасталған рұқсаттар есебiнен олардың мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бередi.
      Егер халықаралық шарттарда өзгеше ескерілмеген болса, осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес отандық рұқсаттардың қолданылу мерзімін автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган анықтайды.
      36. Отандық рұқсат, оның ішінде бірінші рейстің тасымалы жүзеге асырылған мемлекеттің аумағына Қазақстан Республикасының аумағынан кері бағытта жолшыбай жүк арту жағдайында бір жолсапар үшін жарамды болады.
      «А» түріндегі отандық рұқсат жөнелту пунктінен межелі пунктке дейін жарамды, «В» мен «С» түріндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан 90 километрге дейін шегінде орналасқан шекара маңы терминалдарына дейін жарамды.
      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 19.01.2016 № 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.
      37. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк рейстен керi бағытта бара жатқан шетелдiк жүк автокөлiк құралына Қазақстан Республикасының аумағында iлеспе жүк тиеуге Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүрiп өтуi үшiн қосымша рұқсаты болған кезде ғана рұқсат етiледi.
      Егер автокөлік құралы тіркелген елге тасымалдау жоспарланған болса, Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға арналған қосымша отандық рұқсаттың болуы қажет.
      Егер тасымалдау жоспарланған болса келуге, кетуге және жүріп өтуіне әмбебап рұқсат, сондай-ақ үшінші елдердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдердің аумағына тасымалдауларға, қосымшасында рұқсаттың болуы қажет.
      38. Қазақстан Республикасының аумағынан автокөлік құралының тіркелу мемлекеті болып табылмайтын үшінші мемлекеттің аумағына кері бағытта бара жатқан шетелдік автокөлік құралына жолшыбай жүк артылған жағдайда, Қағидаларың 37-тармағында көзделген тасымалдауды қоспағанда, Қазақстан Республикасы аумағынан үшінші елдерге тасымалдауды орындауға арналған қосымша отандық рұқсат болуы қажет.
      39. Қазақстан Республикасы аумағына үшiншi елдерден жүк тасымалдауы жүктiң жөнелту немесе межелi пунктi болып табылмайтын елдiң аумағына жүктi асқын жүктеумен (тиеу/түсiру) Қазақстан Республикасы аумағына үшiншi елдерден тасымалды орындауға арналған рұқсат болған жағдайда жүзеге асырылады.
      40. Автокөлік құралы тіркелген елдегі жүктерді қайта тиеу (тиеу/түсіру) арқылы Қазақстан Республикасының аумағына үшiншi елдерден жүктерді тасымалдауды басқа (әуе, теміржол, теңіз) көлік түрімен жүзеге асыру кезінде көрсетілген тасымалдар ілеспе құжаттармен (халықаралық көліктік жүкқұжат (CMR), шот-фактура (инвойс), коносамент, Халықаралық жолдық тасымалдау кітапшасы, фитосанитариялық сертификат және халықаралық автомобиль тасымалдарын іске асыру кезінде пайдаланылатын және автокөлік құралын тиеу орнын растайтын және осындай тасымалдауда оларға еріп жүретін басқа да құжаттар) расталған жағдайда, үшінші елдерге/елдерден отандық рұқсат қағаз талап етілмейді. Бұл ретте осы тасымалдау Қазақстан Республикасының аумағына кіруге арналған отандық рұқсаттардың негізінде асырылады.
      41. Тартқышты немесе жүк автомобилін тасымалдаушының тіркеу мемлекетінде тіркелген басқа тартқышқа немесе жүк автомобиліне ауыстырып тіркеуге рұқсат етіледі.
      Ескерту. 41-тармақтың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 19.01.2016 № 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.
      42. Шетел тасымалдаушысында тасымалдаушының тіркеу мемлекетінің құзыретті органы растаған рұқсат бланкісі болмаған жағдайда, жүкті отандық көлік құралына қайта тиеуге әкiмшiлiк жаза туралы қаулы орындалғаннан кейін рұқсат етіледі.
      43. Өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiсiнсiз Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жол жүретiн шетелдiк автокөлiк құралының жүрiп өтуi, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше ескерiлмесе, Салық кодексiмен белгiленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өтуi үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау бекеттерiнде немесе мемлекеттік кіріс органдары Кеден одағының кедендiк шекарасымен тұспа-тұс келетiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде беретiн транзиттiк жол жүруге арналған рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
      Жүктi немесе жолаушыларды үшінші елдердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдердің аумағына тасымалдауларға көрсетiлген автокөлiк құралдарымен тасымалдауды жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
      Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға арналған, оның iшiнде жүгi бар автокөлiк құралдарын айдап өту кезiнде iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралдарының жүрiп өтуiне арнайы рұқсаттарды қоспағанда, рұқсат беру құжаттары талап етiлмейдi.
      44. Мемлекеттерiмен рұқсат беру құжаттарының бланкiлерiн тепе-тең айырбастау жүргiзiлмеген шетелдiк автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жол жүруi, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше ескерiлмесе, Салық кодексiмен белгiленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағымен автокөлiк құралдарының жүрiп өтуi үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау бекеттерiнде немесе мемлекеттік кіріс органдары Кеден одағының кедендiк шекарасымен тұспа-тұс келетiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде беретiн транзиттiк жол жүруге арналған рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
      Егер келiсiмдерде Қазақстан Республикасының аумағына шетелдiк автокөлiк құралдарының кiруi (шығуы) үшiн рұқсат бланкiлерiн сату көзделетiн болса, шетелдiк тасымалдаушылар көлiктiк бақылау функцияларын жүзеге асыратын құзыреттi органдардан тиiстi рұқсатқа сұрау салады.
      Көрсетiлген рұқсат оған Кеден одағының кедендiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде, теңiздегi өткiзу пункттерiнде немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау бекеттерiнде Салық кодексiнде белгiленген ставкалар бойынша автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүрiп өтуi үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн берiледi.
      45. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту құқығын растайтын отандық рұқсат беру құжаттарында Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде кедендік бақылаудың аумақтық органдары немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау посттарында аумақтық органдар:
      1) Қазақстан Республикасының аумағынан автокөлік құралының күнтізбелік 30 күннен аспайтын шығу мерзімін;
      2) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту маршрутын көрсетеді.
      Шетелдік автокөлік құралдарының транзиттік жүріп өтуі кезінде Қазақстан Республикасының аумағына келу және аумағынан кету мерзімдері тура да, кері де бағытта жүріп өту кезіндегі Қазақстан Республикасының аумағында нақты болу уақытымен айқындалады.
      46. Шетелдік тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту құқығын растайтын отандық рұқсаттарда жол жүрер алдында мыналарды толтырады:
      1) тасымалдаушының атауы мен оның толық мекенжайы;
      2) автокөлік құралының нөмірі;
      3) жүкті тиеу елі;
      4) жүкті түсіру елі;
      5) тасымалданатын жүктің атауы;
      6) тасымалданатын жүктің салмағы.
      Отандық рұқсаттарда түзетулерге жол берілмейді.
      47. Бос шетелдiк автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүрiп өтуi Қазақстан Республикасы ратификациялаған, Қазақстан Республикасы мен шетел мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобильдік қатынастар туралы халықаралық келісімшарттар тәртiбімен жүзеге асырылады.
      48. Көліктік бақылау органдарының хабарламаны орындағанын тексеру мақсатында шетелдік тасымалдаушылар Кеден одағының сыртқы шекарасында берілген көлік құралдарының бақыланатын параметрлерінің сәйкессіздігі, құжаттардың жоқ болуы немесе сәйкессіздігі туралы хабарламалар береді.
      49. Егер Келiсiмдерде өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүрiп өту құқығын растайтын рұқсат беру құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан екi пункт арасында шетелдiк автокөлiк құралдарының жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды жүзеге асыруына құқық бермейдi.
      Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) кiрудi (шығуды), халықаралық қатынастағы жолаушылар, багаж және жүк тасымалын жүзеге асыратын үшінші елдердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдердің аумағына тасымалдауларға шетел автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитiн, отандық рұқсат беру құжаттарын берудi тiркеу журналында электронды түрде жүзеге асырылады.
      Журналда мынадай мәлiметтер көрсетiледi:
      1) шетел тасымалдаушысының атауы;
      2) тасымалдаушының елi;
      3) тасымалдаушының орналасқан (тұрғылықты) орны;
      4) жөнелту елi;
      5) бару елi;
      6) қатынау маршруты;
      7) автокөлiк құралының үлгiсi, маркасы;
      8) автокөлiк құралының және тiркемесiнiң нөмiрi;
      9) рұқсат түрi;
      10) рұқсатты қолдану мерзiмi;
      11) рұқсаттың берiлген күнi және нөмiрi (сериясы);
      12) рұқсатты алған күнi (рұқсат берiлген кезде);
      13) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымды төлегенiн растайтын құжаттың нөмiрi (бар болса) және күнi, алым сомасы (рұқсатты берiлген кезде);
      14) рұқсат құжатын алу туралы тасымалдаушының қолы (қағаз түрiнде рұқсат берiлген кезде).

4-параграф. Рұқсат беру құжаттарын дайындау және есепке алу

      50. Отандық рұқсаттар бланкiлерi нысандары баспаханалық тәсiлмен дайындалады, реттiк нөмiрi және кемiнде үш қорғану дәрежесi болады.
      51. Жалпы қабылданған халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес отандық рұқсат бланкiсiнде мынадай деректемелер болады:
      1) тасымалдауды жүзеге асыру құқығын рұқсат беру құжаты растайтын тасымалдау түрi;
      2) сериясы мен нөмiрi;
      3) қолданылу мерзiмi;
      4) тасымалдаушының деректемелерi;
      5) берiлген орны және күнi;
      6) құзыреттi органның қолы мен мөрi;
      7) қозғалыс маршруты;
      8) автокөлiк құралының маркасы мен мемлекеттiк нөмiрi;
      9) жүктiң атауы;
      10) автокөлiк құралының жүксiз жабдықталған салмағы;
      11) жүру жолындағы бақылаушы органдардың бланкiнiң жыртпа бөлiгiнде орналасқан белгiлерi мен мөрiне арналған орындар;
      12) бланкiнi пайдалану бойынша негiзгi нұсқаулар;
      13) бланкінің негізгі және үзбелі бөліктерінде штрих-коды.
      52. Автокөлiк құралдарының жүрiп өтуi кезiнде бақылаушы органның белгiсi бар отандық рұқсат бланкiсiнiң жыртпа бөлiгi бақылаушы органда қалады және аумақтық органдарға жiберiледi.
      53. Отандық тасымалдаушыларға шетелдiк рұқсат бланкiлерiн беру сенiмхат болған жағдайда жүкқұжаттар бойынша (деректi сериясының және шетелдiк рұқсат нөмiрiн көрсете отырып) жүзеге асырылады.
      54. Есептi кезеңнен кейiн ай сайын бесiншi күнге дейiн аумақтық органдар уәкілетті органға түрлерi және елдерi бойынша берiлген рұқсаттардың саны туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымның республикалық бюджетке аударылған сомасы туралы салыстыру актiсiнiң көшiрмесiн ұсынады.
      55. Жыл сайын 5 қаңтарға дейiнгi мерзiмде мемлекеттік кіріс аумақтық органдары пайдаланылмаған отандық рұқсаттарды алынған орын бойынша аумақтық органға қайтаруды жүзеге асырады.
      56. Мемлекеттік кіріс аумақтық органдары ай сайын үшiншi күннен кешiктiрмей аумақтық органдарға Қазақстан Республикасының аумағы арқылы шетел автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi бойынша есептi және шетел автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымды төлегенi туралы түбiртектерi бар жүкқұжаттардың көшiрмелерiн ұсынады.