Мiндеттi теле-, радиоарналардың тiзбесiн қалыптастыру бойынша конкурс өткiзу қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 488 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 маусымда № 11271 тіркелді.

Жаңартылған

      "Телерадио хабарларын тарату туралы" 2012 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Мiндеттi теле-, радиоарналардың тiзбесiн қалыптастыру бойынша конкурс өткiзу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (С.С. Сарсенов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-миниcтріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 24 сәуірдегі
№ 488 бұйрығымен
бекітілген

Мiндеттi теле-, радиоарналардың тiзбесiн қалыптастыру бойынша конкурс өткiзу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 27.12.2018 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Міндетті теле-, радиоарналар тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Телерадио хабарларын тарату туралы" 2012 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының барлық аумағында көпарналы хабар тарату арқылы таратылатын міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс (бұдан әрі – конкурс) өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Көпарналы хабар таратуда міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға үміткерлердің (бұдан әрі – үміткер) өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) жүзеге асырады.

2-тарау. Конкурсты өткізу тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 27.12.2018 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Конкурсты өткізуді ұйымдастырушы Комиссияның жұмыс органы болып табылатын уәкілетті орган әрекет етеді.

      4. Заңының 7-бабы 1-тармағының 12-1) тармақшасына сәйкес, уәкілетті орган Комиссия ұсынымы бойынша міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін (бұдан әрі – тізбе) бекітеді.

      5. Тізбені қалыптастыру жылына бір реттен көп жүзеге асырылмайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 23.01.2018 № 24 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Конкурсты өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.

      7. Конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарлама ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және телерадио хабарларын тарату саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында өтінімдер қабылданатын соңғы күнге дейін кемі күнтізбелік жиырма күн бұрын жарияланады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Ақпараттық хабарлама мынадай мәліметтерді қамттиды:

      1) конкурсты өткізу уақыты, күні және орны;

      2) міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) қабылдау орны 1-қосымшаға сәйкес нысаны бойынша, өтінімдерді қабылдаудың басталу және аяқталу мерзімі мен конкурсқа қатысуға қажетті құжаттардың тізбесі.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 27.12.2018 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Конкурсқа қатысуға өтінімді уақытылы өтінім берген үміткерлерге жол беріледі.

      10. Үміткер берген өтінім конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада жарияланған және осы Қағидаларда белгіленген шарттармен оның конкурсқа қатысуға ниетін білдіреді.

      10-1. Үміткер өтінімге сәйкес келмеген, сондай-ақ осы Қағидаларға 2-қосымшада көзделген үміткерлердің конкурстық ұсыныстарын ұсынбаған жағдайда конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

      Ескерту. Қағида 10-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 27.12.2018 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Конкурсқа қатысуға үміткерлер осы Қағидалардың кез келген тармағы бойынша ұйымдастырушыға қажетті түсініктеме үшін жүгінеді.

      12. Тіркелген өтінім кері қайтарылып алынған жағдайда, үміткер ұйымдастырушыға жазбаша түрде хабарлама жібереді.

      13. Конкурсқа қатысуға өтінім беруді үміткердің атынан қатысуға құқық беруді куәландыратын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес ресімделген сенімхатты көрсету арқылы үміткердің өкілі жүзеге асырады.

      14. Конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін құжаттарға қосымша бірге келіп түскен және конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылданбайды.

      Себептерін көрсете отырып, өтінімді қабылдаудан бас тарту туралы белгіні құжат қабылдауды жүзеге асырған тұлға ұсынылған өтінімге қояды.

      15. Ұйымдастырушы үміткерлердің ұсынған өтінімдері мен оларға қоса тіркелген құжаттардың, сондай-ақ өтінім берген тұлғалар мен олар ұсынған құжаттардың мазмұны туралы құпиялылықтың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

      16. Үміткер конкурсқа қатысу үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысаны бойынша өтінім береді.

      17. Өтінімге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес конкурстық ұсыфныстар қоса беріледі.

      18. Осы Қағиданың 1 және 2-қосымшаларында көрсетілген құжаттарды үміткер ұйымдастырушының мекенжайына тіркелген, нөмірленген түрде және соңғы беттің сыртында үміткердің уәкілетті тұлғасының қолы және мөрмен (болған жағдайда) бекітіліп, аузы жабылған конвертте ұсынады және мынадай талаптарды сақтайды:

      1) конкурсқа қатысуға өтінім салынған мөрленген конверттің беткі жағында үміткер ұйымдастырушының және үміткердің толық атауы мен пошталық мекенжайын көрсетуі тиіс;

      2) құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын тұлға конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді белгіленген мерзім өткенге дейін табыс еткен конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін тіркеу журналына енгізеді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Комиссия Конкурсты өткізу туралы ақпараттық бағдарламада көрсетілген мерзімде және орында, үміткерлер немесе олардың өкілдерінің қатысуымен өтінімдер мен басқа құжаттар салынған конверттерді ашады.

      Өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде конкурстық өтінімнің болуын және дұрыс ресімделуін тексеру рәсімінде аудио және/немесе бейнефиксациялау жүргізіледі.

      Комиссия отырысы басталғанға дейін Комиссия хатшысы конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін жүзеге асыру кезінде үміткерлердің мүдделерін білдіруге үміткерлер өкілдерінің құжаттамамен ресімделген өкілеттіктерін тексереді.

      Конкурсқа қатысуға өтінім салынған әрбір конвертті ашу кезінде комиссия хатшысы конверттегі құжаттар мен материалдардың тізбесі туралы ақпаратты жария етеді.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына үш жұмыс күні ішінде комиссияның төрағасы, қатысып отырған мүшелері және хатшысы қол қояды және комиссияның хатшысы оның әр парағына бұрыштама қояды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20-1. Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу жөніндегі Комиссияның хаттамасы мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:

      1) Комиссия отырысы өткізілетін күн, уақыты және орны;

      2) Комиссияның сандық құрамы, кворумның болуы;

      3) өтінімдерді ұсыну күні мен уақытын көрсете отырып, белгіленген мерзімде өтінім берген үміткерлердің толық атауы, нақты мекенжайы;

      4) ұсынылған құжаттар туралы ақпарат (өтінім және онымен қоса берілетін барлық конкурстық ұсыныстар).

      Ескерту. 20-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20-2. Комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұйымдастырушы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімінің нәтижелерін жариялайды.

      Ескерту. 20-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21.Комиссия конверттер ашылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде:

      1) үміткерлердің құжаттар пакетінің толық және тиісінше ресімделуін тексереді;

      2) Қағиданың 10-1 тармағына сәйкес өтінімдерді қабылдамайды;

      3) Қағиданың 24-тармағына сәйкес конкурс жеңімпаздарын анықтайды.

      Үміткерлердің қабылданбаған ұсыныстары конкурс қорытындылары туралы хаттамада көрсетіледі.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. Үміткердің және /немесе/ оның уәкілетті өкілінің Комиссия отырыстарына қатыспауы себебінен конкурстық өтінімді қайтаруға жол берілмейді.

      23. Конкурс бойынша шешімдер ашық дауыс беру арқылы қабылданады және қатысқан Комиссия мүшелерінің жалпы санынан көпшілік дауыс бергенде қабылданатын болып есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің даусы шешуші болып есептеледі.

      Комиссия шешім қабылдайтын кезде Хатшының дауыс беруге құқығы жоқ.

      24. Конкурс жеңімпаздарын анықтау кезінде іріктеу критерийлері:

      тақырыптық бағыты және жанрлық арақатынасы;

      меншікті теле-, радиобағдарламалар, сатып алынатын теле-, радиобағдарламалар және ретрансляция көлемдерінің арақатынасы;

      қазақ тілінде хабар тарату көлемі;

      хабар таратудың орташа тәуліктік уақыты;

      кадрлық әлеует;

      теле-, радиоарналардың Тізбеде болу мерзімі ішінде теле-, радиобағдарламаларды өндіру және үздіксіз хабар тарату үшін материалдық-техникалық қамтамасыз етудің болуы және жеткіліктілігі;

      үміткерді Тізбеден шығарып тастаудың (ауыстырудың) немесе қабылданған міндеттемелерін орындамаудың (оның ішінде ішінара) нақты оқиғаларының болмауы;

      үміткердің төлем қабілеттілігін және қаржылық тұрақтылығын растайтын құжаттардың болуы.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Конкурстың қорытындысы конкурс жеңімпаздары мен конкурстан өтпеген үміткерлер көрсетіле отырып, сондай-ақ себептері көрсетіле отырып, хаттамамен ресімделеді.

      Хаттамаға Комиссия төрағасы мен мүшелері қол қояды. Конкурстың қорытындылары туралы ақпараттық хабарлама екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      Конкурс қорытындылары туралы хаттамада:

      1) қорытынды шығарылатын жер мен уақыты туралы;

      2) конкурсқа қатысуға жіберілген үміткерлердің өтінімдері туралы;

      3) конкурс жеңімпазын көрсете отырып, конкурстың қорытындылары туралы;

      4) себептерін көрсете отырып, конкурстан өтпеген үміткерлер жөнінде;

      5) үміткердің атауын және жіберілмеу себептерін көрсете отырып, конкурсқа қатысуға жіберілмеген үміткерлердің өтінімдері туралы ақпарат;

      6) комиссияның қарауы бойынша өзге де ақпарат қамтылуы тиіс.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Міндетті теле-,
радиоарналардың тізбесін
қалыптастыру бойынша
конкурс өткізу қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  Телерадио хабарларын таратуды
дамыту мәселелері жөніндегі
Комиссияның төрағасына

Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға арналған өтінім

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Жалпы мәліметтер:

      1. Заңды тұлғаның толық атауы/жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты

      (ол болған жағдайда)

      _____________________________________________________________

      2. Заңды тұлғаның мекенжайы:

      _____________________________________________________________

      3. Байланыс телефондарының нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары:

      ___________________________________________________________

      4. Есепке қою куәлігіне сәйкес теле-, радиоарнаның атауы:

      __________________________________________________________

      5. Тақырыптық бағыты:

      __________________________________________________________

      6. Тарату аумағы (ҚР, әкімшілік бірлік):

      __________________________________________________________

      Қоса беріліп отырған құжаттар:

      1.________________________________________________________

      2.________________________________________________________

      3.________________________________________________________

      Бірінші басшының/

      жеке кәсіпкердің қолы

      Мөрдің орны (бар болса)                   "___" ___________ 20___ жыл

  Міндетті теле-,
радиоарналардың
тізбесін қалыптастыру бойынша
конкурс өткізу қағидаларына
2-қосымша

Үміткерлердің конкурстық ұсыныстары

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Үміткерлердің конкурстық ұсыныстары мына бөлімдерден тұруы тиіс:

      Шығармашылық ұсыныстар

      Үміткер:

      1) теле-, радиоарнаның хабар тарату торын (келесі айға);

      2) мынадай мәліметтерді қамтитын ақпарат ұсынады:

      теле-, радиоарнаның тақырыптық бағыты және олардың жанрлық арақатынасы (ақпараттық, аналитикалық, публицистикалық, жастар және балалар, музыкалық теле-, радиобағдарламалар және көркем, деректі фильмдер);

      хабар таратудың тілдік арақатынасы, қазақ тілінде теле-, радиобағдарламаларды трансляциялау уақыты;

      меншікті теле-, радиобағдарламалардың, сатып алынатын теле-, радиобағдарламалардың және ретрансляцияның арақатынасы;

      хабар таратудың орташа тәуліктік уақыты;

      шығармашылық және техникалық қызметкерлердің сандық мәндегі кадрлық әлеуеті.

      Техникалық ұсыныстар

      Үміткер ұсынады:

      1) теле-, радиобағдарламалар өндірісінің стационарлық студиялық жабдығының болуы, жай-күйі және типі туралы ақпарат;

      2) аппараттық-студиялық кешеннің техникалық сипаттамалары;

      3) тиісті стандарттарды көрсете отырып, дыбыс пен кескінінің сапасы жоғары теле-, радиобағдарламаларды эфирге беру жөніндегі міндеттемелер;

      4) студиялық кешеннің орналасқан жері, теле-, радиоарнаны телерадио хабарларын тарату операторларына беру тәсілі туралы ақпарат;

      5) теле-, радиоарнаны көрсетілген тізбеге енгізген жағдайда міндетті теле-, радиоарналардың тізбесі бекітілген күннен бастап алты ай ішінде сигналды (теле-, радиоарнаны) жеткізуді және үміткердің техникалық құралдарын телерадио хабарларын тарату операторының желісіне қосуды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеме.

      Заңды және қаржылық ұсыныстар

      1. Үміткердің бұрын өткізілген ұқсас конкурстарға қатысқаны, сондай-ақ, үміткердің Тізбеге енгізілген, алынып тасталған, ауыстырылған жағдайлары туралы (алып тастау немесе ауыстыру себептері көрсетілген) ақпарат.

      2. Төлем қабілеттілігін және қаржылық тұрақтылығын растайтын құжаттар, оның ішінде:

      - үміткердің Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі шоттары бойынша ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы үзінді-көшірме (-лер);

      - Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім берілген күннің алдындағы күнтізбелік жыл үшін жасалған үміткердің қаржылық есептілігі, ал Қазақстан Республикасының аумағында тарату үшін конкурсқа қатысатын үміткерлер үшін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілік;

      - үміткердің салық берешегінің, сондай-ақ, міндетті төлемдер бойынша берешегінің жоқ екендігі туралы конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бұрын берілген салық органының анықтамасы;

      - телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторына цифрлық эфирлік және жерсеріктік телерадио хабарларын тарату желісі бойынша теле-, радиоарнаны таратқаны үшін ұлттық телерадио хабарларын тарату операторына анықтама берілген күннің алдындағы 1 айдан аса созылған мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы анықтама.