Біліктілік комиссиялары туралы ережені, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 355 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 мамырда № 11234 тіркелді

Жаңартылған

      «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиялары туралы ереже;
      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
      1) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың  интранет-порталында орналастырылуын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Инвестициялар және даму министрінің
      міндетін атқарушы                          Ж. Қасымбек

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі
      _____________ А. Сәрінжіпов
      2015 жылғы 4 сәуір

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және әлеуметтік
      даму министрі
      _____________ Т. Дүйсенова
      2015 жылғы 10 сәуір

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _____________ Е. Досаев
      2015 жылғы 28 сәуір

Қазақстан Республикасы     
Инвестициялар және даму    
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы   
№ 355 бұйрығына 1-қосымша  

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде
мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердiң командалық құрамының
адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау жөніндегі
біліктілік комиссиялары туралы ереже

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиялары туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-11) тармақшасына сәйкес әзірленген және ішкі су жолдарында пайдаланылатын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау бойынша біліктілік комиссияларын құруды және оның қызметін регламенттейді.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарын аттестаттау - кемені басқару, оның ішінде кеме жүргізу және түбін тереңдету, Қазақстан Республикасында ішкі су жолдары бойынша кемелердің жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау, кемеде тәртіп сақтау, қоршаған ортаны қорғау, кемеге, кемедегі адамдарға, багажға және жүкке қауіп төндіруді болдырмау үшін қажетті командалық құрамның білім деңгейін анықтау үшін жүзеге асырылатын рәсім, ол әрбір кейінгі бес жыл аяқталғанда жүргізіледі;
      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру - кемелердің командалық құрамының адамдарына біліктілік деңгейін анықтау жөнінде жүзеге асырылатын рәсім, оның қорытындылары бойынша кәсібі дипломдар беріледі.
      3. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде тіркелген Қазақстан Республикасының ішкі су жолдарында пайдаланылатын кемелер экипажында қолданылады.
      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиялары (бұдан әрі - комиссия) iшкi су көлiгi саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшелерінде (бұдан әрі - аумақтық бөлімше) тұрақты негізде құрылады.
      5. Комиссия қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының ішкі су көлігін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуде құзыреттілігін айқындау болып табылады.
      6. Комиссия өз қызметін осы Ережеге сәйкес және «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын сақтай отырып жүзеге асырады.
      7. Комиссия құрамы кемінде бес адамнан құралады, аумақтық бөлімше басшысы немесе басшысының орынбасары (бұдан әрі - комиссия төрағасы) төрағалық етеді, мемлекеттік ұйымның және қоғамдық ұйымдар өкілдерінен, су көлігінде қауіпсіздікке бақылауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімшенің қызметкерлерінен, сондай-ақ су көлігі саласында кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар тәжірибелі мамандардан (капитандар, командирлер, кеме жүргізушілері, механик-тәлімгерлер, механиктер, электрмеханиктер және кеме иесінің өкілдері), келісім бойынша тұратын комиссия (бұдан әрі - комиссия төрағасы) мүшелері қатысады.
      8. Комиссияның құрамы аумақтық бөлімше басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      9. Хаттаманы жасау үшін комиссияның отырысына комиссия мүшесі болып табылмайтын және дауыс беру құқығы жоқ комиссия хатшысы қатысады.
      10. Комиссияның хатшысы диплом беру және аттестаттауды дайындау бойынша мынадай ұйымдастырушылық іс-шараларды:
      1) кандидаттарға қажетті құжаттарды дайындауды;
      2) кандидаттардың тізімін дайындауды;
      3) диплом беру және аттестаттауды жүргізу кестелерін әзірлеуді;
      4) диплом беру және аттестаттауды жүргізудің мақсаттары мен тәртібі туралы түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруды;
      5) кандидаттармен диплом беру және аттестаттау жүргізу мерзімі мен орнын келісуді жүзеге асыратын аумақтық бөлімшенің қызметкері болып табылады.
      11. Комиссияның функциялары:
      1) кемелердің командалық құрамының адамдары лауазымдарына үміткер адамдарды тыңдау;
      2) кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау қорытындылары бойынша шешім қабылдау.
      Комиссияның әрбір отырысы хаттамамен ресімделеді, онда командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау қорытындылары бойынша шешім көрсетіледі.
      Хаттамаға командалық құрамының адамдары лауазымдарына үміткер адамдарды тыңдауға қатысқан комиссия төрағасы және комиссия мүшелері қол қояды.
      12. Комиссия төрағасы комиссия хатшысы ұсынылған құжаттар пакеттерінің негізінде үміткерлер тізімін бекітеді, диплом беру мен аттестаттауды жүргізу мерзімі мен орнын белгілейді.
      13. Комиссия хатшысы кандидаттарды жазбаша түрде пошта арқылы диплом беру мен аттестаттауды жүргізу мерзімі туралы оның басталуына дейін он жұмыс күннен кешіктірмей хабарлайды.
      14. Комиссия шешімі, егер отырысқа комиссия мүшелерінің жалпы санынан кем дегенде 2/3 қатысса және ол үшін олардың елу пайызынан астамы дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі.

Қазақстан Республикасы     
Инвестициялар және даму    
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы   
№ 355 бұйрығына 2-қосымша  

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде
мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының
адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 9-бабы 1-тармағының 26-11) тармақшасына сәйкес әзірленген және ішкі су жолдарында пайдаланылатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау тәртібін айқындайды.
      2. Кемелердiң командалық құрамының адамдарына диплом беруді ішкі су көлігі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - аумақтық бөлімше) жүзеге асырады.
      Кемелердiң командалық құрамының адамдарына диплом беруге өтініштерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 22.01.2016 № 42 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.
      3. Кемелердiң командалық құрамының адамдарын аттестаттауға өтініштерді қабылдау және кемелердiң командалық құрамы адамдарының аттестаттаудан өткені туралы анықтаманы беру аумақтық органдар немесе Портал арқылы жүзеге асырылады.
      4. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде тіркелген Қазақстан Республикасының ішкі су жолдарында пайдаланылатын кемелер экипаждарына қолданылады.
      5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының атқаратын лауазымдары бар адамдары олар әрбір кейінгі бес жыл өткен соң аттестатталуға жатады.
      Кемелердің капитаны және олардың көмекшілері лауазымдарына тағайындалған адамдарға, су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтары командирлері мен олардың көмекшілеріне, электрмеханиктерге және олардың көмекшілеріне, сондай-ақ осы лауазымдарды қоса атқаратын дипломдаған адамдарға кәсіби диплом (бұдан әрі - диплом) беріледі.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде
мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының
адамдарына диплом беру тәртібі

      6. Осы Қағидалардың 7-тармағында аталған құжаттарды кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиясына (бұдан әрі - комиссия) ұсына отырып, осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген тиісті білімі бар адамдардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беруіне рұқсат етіледі.
      7. Диплом беруді жүргізу кезінде дипломды алу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе төлкұжаты (түпнұсқа тұлғаны сәйкестендіру үшін ұсынылады);
      3) жоғары немесе ортадан кейінгі білімі туралы құжат (диплом);
      4) жүзу өтілін растайтын құжат;
      5) кемеде жұмысқа жарамдылығы туралы медициналық комиссия қорытындысы («Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысының 2010 жылғы 23 қарашадағы
№ 907 бұйрығымен бекітілген 086/е нысанды медициналық анықтама, Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 6697 болып тіркелді) (бұдан әрі - 086/е нысанды медициналық анықтама);
      6) 3,5х4,5 сантиметр өлшемдегі екі фотосурет (қызметті берушіге емтихан тапсырған күнде ұсынылады).
      8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беруді жүргізу туралы өтінішті аумақтық бөлімше отыз күнтізбелік күн ішінде қарайды.
      Осы Қағиданың талаптарына ұсынылған құжаттар сәйкес келмеген жағдайда құжаттарды ұсынған адамға оның өтінішін қараудан бас тарту себептерін көрсете отырып, ұсынылған құжаттардың қосымшалары бар өтінішті берген сәттен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
      9. Комиссияның әрбір отырысы хаттамамен ресімделеді, онда дипломдар және кемелердің тобы мен қуаты, сондай-ақ диплом берілетін кандидаттар атқарған лауазымдары көрсетілген дипломдарды беру туралы комиссия шешімі жазылады.
      10. Нысаны «Кәсіби диплом нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 22 қазандағы № 1000 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12551 болып тіркелген) бекітілген дипломдарды беру Мемлекеттік корпорация арқылы аумақтық бөлімшелерде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 22.01.2016 № 42 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.
      11. Кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру мынадай бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
      1) диплом беруді өткізуге дайындау;
      2) диплом беруге жататын адаммен Заңды білуін тексеру мақсатында комиссиямен өткізілетін әңгімелесу;
      3) комиссия шешімін шығару.
      12. Комиссия диплом берілуі тиіс адамның қатысуымен диплом беруді өткізеді. Диплом беру кезінде комиссия кандидаттан өзінің лауазымдық міндеттерін және Заңды білуіне қатысты сұрайды. Диплом берілетін адамға кемінде он сұрақ қойылады.
      13. Диплом беруге жататын адам комиссияның отырысына келмеген жағдайда, комиссия қайта диплом беру туралы шешім қабылдайды.
      14. Комиссия кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом бере отырып, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      2) қайта диплом беруге жатады.
      15. Қойылған сұрақтардың 80% дұрыс жауап берілген жағдайда, комиссия диплом алатын адамның атқартатын лауазымына сәйкестігі туралы шешім қабылдайды, егер 80% аз болса, онда комиссия қайта диплом беру жөнінде шешім қабылдайды.
      16. Диплом беру кезінде қанағаттанғысыз білім көрсеткен кандидаттар емтихандарға бір айдан кейін ғана жіберіледі.
      17. Кемелердің командалық құрамының мүшелері екінші сабақтас мамандық бойынша кәсіби қайта даярлау бағдарламасы бойынша оқығаннан кейін, сондай-ақ өздігінен жүретін кемелердің командалық құрамына жататын лауазымдарда ішкі су жолдарында тиісті жүзу өтілі бар болған кезде тиісті сабақтас мамандыққа диплом беруден өтеді.
      18. Жүрдек кемелердің командалық құрамының дипломы бар адамдары басқа кемелерге жұмысқа ауысу үшін капитан, 1 - 2-топтағы кемелер механигі немесе капитанның аға көмекшісі және 3-5-топтағы кемелер механигінің бірінші көмекшісі лауазымындағы жұмысы үшін диплом беруден өтеді.
      19. Су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтарындағы жұмыс үшін кеме механиктері, электрмеханиктер мен олардың көмекшілері дипломдарын алу үшін диплом беру өздігінен жүретін немесе өздігінен жүрмейтін су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтарындағы командалық лауазымда тиісті жүзу өтілі болған кезде жүзеге асырылады.
      20. Жүрдек кемелердің командалық құрамының механикалық мамандығы бар адамдары (немесе кеме жүргізушісі және кеме механигі лауазымдарын қоса атқаратын) механикалық мамандық бойынша дипломдары болған және ішкі суда жүзу кемелерінде жұмыс істейтін адамдар ретінде кезекті диплом беруден өткен кезде ғана жұмысқа жіберіледі.
      21. Диплом жоғалған немесе ол жарамсыз болып қалған жағдайда (физикалық тозу, бүлінуі) мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) дипломды бұрын берген аумақтық бөлімшеге Мемлекеттік корпорация немесе Портал арқылы жоғалту немесе бүлдіру жағдайлары мен себептерін көрсете отырып, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе төлкұжаты (түпнұсқа тұлғаны сәйкестендіру үшін ұсынылады);
      3) 3,5х4,5 сантиметр өлшемдегі бір фотосурет (диплом телнұсқасын алу үшін жүгінген жағдайда қызмет берушіге ұсынылады).
      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 22.01.2016 № 42 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.
      22. Дипломның телнұсқасын беру құжаттар берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде аумақтық бөлімшеде жүргізіледі.
      23. Диплом беруден өткен адамдарға берілген дипломда кеме тобы және олар атқара алатын лауазымы көрсетіледі
      24. Біліміне сәйкес диплом беруге мыналар жіберіледі:
      1) кемелерге және барлық топтардың су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтарына тиісті мамандық бойынша жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған адамдар;
      2) кемелерге және 1-3-топтардың су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтарына, 2-топтағы жолаушылар кемелерінің капитаны, кемелердің барлық түрлерінің капитандары мен 3-топтағы бірінші штурмандары лауазымдарын басқа тиісті мамандығы бойынша орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған адамдар;
      3) кемелерге және 1-топтың су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтарының барлық кеме жүргізуші, механик, электр-механик (жолаушылар кемелерінің капитандарынан басқа) лауазымындағы; 2 және 3-топтағы кемелерге үшінші штурман, механиктің үшінші көмекшісі, электр-механиктің екінші көмекшісі; орта кәсіптік оқу орындарын күндізгі немесе сырттай бөлімінің 3-курсын, ішкі жүзу кеме командалық құрамын даярлау бойынша курстарды аяқтаған адамдар, 2 және 3-топтағы кемелердің капитан көмекшісі, жүк және сүйреу кемелері механигінің екінші көмекшісі, бірінші көмекшісі лауазымына;
      4) 55-тен 110 Квт (75 - 149 ат күші) дейінгі қуаты бар кемелерге - жоғарғы немесе орта техникалық білімі бар, сондай-ақ осы кемелерді басқару бойынша бір айдан кем емес тағылымдамадан өткен адамдар.

3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде
мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының
адамдарын аттестаттау тәртібі

      25. Осы Қағидалардың 26-тармағында аталған құжаттарды комиссияға ұсына отырып, осы Қағидалардың 32-тармағында көрсетілген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарын аттестаттауға жіберіледі.
      26. Кемелердің командалық құрамының адамдарын аттестаттау туралы анықтаманы алу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе төлкұжаты (түпнұсқа тұлғаны сәйкестендіру үшін ұсынылады);
      3) диплом;
      4) кемеде жұмысқа жарамдылығы туралы медициналық комиссия қорытындысы (086/е нысанды медициналық анықтама).
      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 22.01.2016 № 42 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.
      27. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына аттестаттауды өткізу туралы өтінішті аумақтық бөлімше күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
      Осы Қағидалардың талаптарына ұсынылған құжаттар сәйкес келмеген жағдайда, құжаттарды ұсынған адамға оның өтінішін қараудан бас тарту себептерін көрсете отырып, ұсынылған құжаттармен бірге өтінішті берген сәттен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
      28. Комиссияның әрбір отырысы хаттамамен ресімделеді, онда кемелердің тобы мен қуаты, аттестатталатын кандидаттар атқарған лауазымдары көрсетілетін, аттестаттаудан өту туралы анықтамалар беру туралы комиссия шешімі жазылады.
      29. Аттестаттаудан өту туралы анықтаманы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аумақтық бөлімшелер береді.
      30. Кемелердің командалық құрамы адамдарының аттестаттаудан өткені туралы анықтама жоғалған немесе ол жарамсыз болып қалған жағдайда (физикалық тозу, бүліну) мынадай құжаттар қажет:
      1) анықтаманы бұрын берген аумақтық бөлімшеге немесе Порталға жоғалу және бүліну жағдайы мен себептерін жаза отырып, осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе төлкұжаты (түпнұсқа тұлғаны сәйкестендіру үшін ұсынылады).
      31. Анықтаманың телнұсқасын беру Портал арқылы құжаттар берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде беріледі.
      32. Өздігінен жүретін кемелердегі капитан, ауысым капитандары мен олардың көмекшілері, су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтарындағы командирлер мен олардың көмекшілері, сондай-ақ капитан, капитан көмекшілері, командирлер мен олардың көмекшілері лауазымын қоса атқаратын су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтарындағы механиктер мен олардың көмекшілері лауазымын атқаратын барлық адамдар аттестаттаудан өтуге тиіс.
      33. Аттестаттау үш түрге бөлінеді:
      1) кемелердің, олардың ведомстволық тиістілігіне қарамастан командалық құрамының барлық адамдарына бес жылда бір рет өткізілетін кезекті;
      2) олардың кінәсі бойынша авариялық көлік оқиғаларына жол берген кемелердің командалық құрамының адамдары үшін ғана қолданылатын кезектен тыс;
      3) кемелерге басқа, теңіз бассейндерін қоса алғанда, жұмысқа келген адамдар үшін, сондай-ақ ұзақ үзілістен (бес жылдан астам) кейін кемелердің командалық құрамына қайтып келген адамдар үшін қолданылатын арнайы
      34. Кезекті аттестаттау жылы тиісті мамандық бойынша оқу орындарын аяқтаған адамдар, сондай-ақ сол жылы диплом беруден өткендер аттестаттаудан босатылады.
      35. Кемелердің командалық құрамының адамдарын аттестаттау мынадай бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
      1) аттестаттауды өткізуге дайындық;
      2) аттестаттауға жататын адаммен Заңды білуін тексеру мақсатында комиссиямен өткізілетін әңгімелесу;
      3) комиссия шешімін шығару.
      36. Комиссия аттестаттауды аттестатталатын адамның қатысуымен өткізеді. Аттестаттауды өткізген кезде комиссия кандидаттан өзінің лауазымдық міндеттерін және Заңды білуіне қатысты сұрайды. Аттестатталатын адамға кемінде он сұрақ қойылады.
      37. Егер адам аттестаттауға келмеген жағдайда, комиссия қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.
      38. Комиссия кемелердің командалық құрамының адамдарына аттестаттау жүргізу кезінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      2) қайта аттестаттауға жататыны;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді.
      39. Қойылған сұрақтардың 80% дұрыс жауап берген жағдайда, комиссия аттестатталатын адамның атқартатын лауазымына сәйкестігі туралы шешім қабылдайды, егер 80% аз болса, онда комиссия қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.
      40. Аттестаттаудан өтпеген адам осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен бастапқы аттестаттаудан өткен күннен бастап кемінде екі ай өткен соң қайта аттестаттаудан өтуге жіберіледі.
      41. Қайта аттестаттау кезінде аттестаттаудан өтпеген адамға комиссия атқаратын лауазымына тиісті еместігі туралы шешім қабылдайды.
      42. Комиссияның шешімі ашық дауыс берумен қабылданады. Комиссияның құрамына кіретін кемелердің командалық құрамының аттестаттаудан өтетін адамы өзіне қатысты дауыс беруге қатыспайды.
      43. Комиссияның шешімі бір данада жасалған хаттамамен ресімделеді, ол аумақтық бөлімшеде сақталады.
      Аттестаттаудан өткен адам комиссия шешімімен танысады.
      Командалық құрамның аттестаттаудан өткен адамдарына кемелердің командалық құрамы адамдарының аттестаттаудан өткендігі туралы анықтама беріледі.
      44. Аттестатталушы адамның оның білімін бағалау бойынша емтихан комиссиясының мүшелерімен келіспеушіліктері болған жағдайда аттестатталушы адам уәкілетті органға аттестаттауды жүргізудің белгіленген тәртібінің бұзылғаны және (немесе) аттестаттаудың нәтижелерімен келіспеуі туралы жазбаша апелляциялық өтініш (бұдан әрі – аппеляция) бере алады.
      45. Апелляция оны уәкілетті органға берген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
      46. Аттестатталушы адам апелляцияны емтихан бойынша баға жарияланғанынан кейін келесі жұмыс күні береді. Бұл ретте аттестатталушы адам нәтижелерді жариялаған күні өзінің емтихан жұмысымен таныса алады.
      47. Апелляцияны қарау кезінде уәкілетті орган жұмыс мазмұнына және емтихан комиссиясының оны дұрыс бағалауына талдау жүргізеді.
      48. Апелляцияны қарау барысында аттестатталушы адамның білімін тексеру бойынша бағаның дұрыстығы тексеріледі.
      49. Уәкілетті орган аппеляцияны қарау кезінде аттестатталушы адамның өтінішін қанағаттандырудан бас тартады және аттестаттауда алған бағасын растайды не аттестатталушы адамның өтінішін қанағаттандырады және оң баға қояды.
      50. Аттестатталушы адамның өтінішін қанағаттандырудан бас тарту не бағасын өзгерту туралы шешім аттестатталушы адамға және емтихан комиссиясының төрағасына жіберіледі.
      51. Уәкілетті органның шешіміне сәйкес емтихан комиссиясы бағаны хаттамаға және аттестатталушы адамның жеке карточкасына жазады.
      Аттестатталушы адам апелляциялық комиссияның шешімімен келіспеген кезде комиссия шешіміне сот тәртібімен шағымдануына болады.

Қазақстан Республикасының   
Мемлекеттік кеме тізілімінде 
мемлекеттік тіркеуге жататын 
кемелердің командалық құрамының
адамдарына диплом беру және 
оларды аттестаттау қағидаларына
1-қосымша          

Нысан

Кемелердің командалық құрамының  
адамдарына диплом беру және оларды
аттестаттау жөніндегі комиссияның 
төрағасына_________________________
облысы (қаласы)         
___________________________________
___________________________________
(Т.А.Ә.А, ЖСН)         

Өтініш

      Сізден мені [Лауазымы] [Тобы] мамандығы бойынша кемелердің
командалық құрамының адамдарына диплом беруді өткізуді сұраймын.

      Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1. __________________________________________________________;
      2. __________________________________________________________;
      3. __________________________________________________________;
      4. __________________________________________________________;
      5. __________________________________________________________;
      6....

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе,
мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ақпараттық жүйелердегі заңмен
қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      20___ж. «____» __________             ________________________
                                             (өтініш берушінің қолы)

Қазақстан Республикасының   
Мемлекеттік кеме тізілімінде 
мемлекеттік тіркеуге жататын 
кемелердің командалық құрамының
адамдарына диплом беру және 
оларды аттестаттау қағидаларына
2-қосымша          

Нысан

Кемелердің командалық құрамының 
адамдарына диплом беру және оларды
аттестаттау жөніндегі комиссияның
төрағасына________________________
облысы (қаласы)       
__________________________________
__________________________________
(Т.А.Ә.А, ЖСН)        

Өтініш

      Сізден [Лауазым] лауазымына [Топ] № [Дипломның нөмірі]
[Дипломның берілген күні] дипломның телнұсқасын мынаған байланысты
беруіңізді сұраймын:_________________________________________________
                                 (себебін көрсету)
_____________________________________________________________________

      Өтінішке мынадай құжаттар ұсынылады:
      1. __________________________________________________________;
      2. __________________________________________________________;
      3....

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе,
мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ақпараттық жүйелердегі заңмен
қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      20___ж. «____» __________            __________________________
                                            (өтініш берушінің қолы)

Қазақстан Республикасының   
Мемлекеттік кеме тізілімінде 
мемлекеттік тіркеуге жататын 
кемелердің командалық құрамының
адамдарына диплом беру және 
оларды аттестаттау қағидаларына
3-қосымша          

Нысан

Кемелердің командалық құрамының  
адамдарына диплом беру және оларды
аттестаттау жөніндегі комиссияның 
төрағасына_________________________
облысы (қаласы)        
___________________________________
___________________________________
(Т.А.Ә.А, ЖСН)         

Өтініш

      Сізден мені [Лауазым] [Топтар] лауазымына кемелердің командалық
құрамының адамдарын аттестаттаудан өткізуге жіберуіңізді сұраймын.

      Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1. __________________________________________________________;
      2. __________________________________________________________;
      3. __________________________________________________________;
      4....

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе,
мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ақпараттық жүйелердегі заңмен
қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      20___ж. «____» __________             _________________________
                                             (өтініш берушінің қолы)

Қазақстан Республикасының   
Мемлекеттік кеме тізілімінде 
мемлекеттік тіркеуге жататын 
кемелердің командалық құрамының
адамдарына диплом беру және 
оларды аттестаттау қағидаларына
4-қосымша          

Нысан

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде
мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының
адамдарын аттестаттаудан өткізу туралы №___
АНЫҚТАМА

_____________________________________________________________ берілді
                              (Т.А.Ә.А.)
Туған күні __________________________________________________________
Білімі_______________________________________________________________
Диплом (диплом беру кезінде берілген) №______________________________
                                           (кім және қашан берген)
_____________________________________________________________________
Лауазымы ____________________________________________________________
Аттестаттау хаттамасының №____ және күні ____________________________
Анықтаманың қолданылу мерзімі _______________________________________
Осы анықтама ________________________________________________________
Көлік комитетінің аумақтық органымен берілді.

Көлік комитетінің
аумақтық органының басшысы______________________________
                                (қолы)     Т.А.Ә.А.

М.О.

20__ жылғы «____» _______________
           (күні)      (айы)

Қазақстан Республикасының   
Мемлекеттік кеме тізілімінде 
мемлекеттік тіркеуге жататын 
кемелердің командалық құрамының
адамдарына диплом беру және 
оларды аттестаттау қағидаларына
5-қосымша          

Нысан
 

Кемелердің командалық құрамының  
адамдарына диплом беру және оларды
аттестаттау жөніндегі комиссияның 
төрағасына_________________________
облысы (қаласы)    
___________________________________
___________________________________
(Т.А.Ә.А, ЖСН)         

Өтініш

      Сізден [Лауазым] лауазымына [Топ] № [Анықтаманың нөмірі]
[Анықтама берілген күн] кемелердің командалық құрамы адамдарына
аттестаттаудан өткені туралы анықтаманың телнұсқасын мынаған
байланысты беруіңізді сұраймын:______________________________________
                                           (себебін көрсету)
_____________________________________________________________________

      Өтінішке мынадай құжаттар ұсынылады:
      1. __________________________________________________________;
      2....

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе,
мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ақпараттық жүйелердегі заңмен
қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      20___ж. «____» __________             _________________________
                                             (өтініш берушінің қолы)