Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне төлемдер мен ақша аударымдары және банк шоттарын жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 8 мамырдағы № 72 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 25 мамырда № 11163 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер мен ақша аударымдары және банк шоттарын жүргізу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілсін.
      2. Төлем жүйелерін дамыту және басқару департаменті (Мұсаев Р.Н.) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Н.Ж. Құсайыновқа жүктелсін.
      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2014 жылғы 1 қыркүйектен бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Қ. Келімбетов

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2015 жылғы 8 мамырдағы 
№ 72 қаулысымен     
бекітілген       

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер мен ақша
аударымдары және банк шоттарын жүргізу мәселелері бойынша
өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілерінің
тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану және төлемдер бойынша оларға сәйкес мәліметтер ұсыну қағидаларын бекіту туралы» 1999 жылғы 15 қарашадағы № 388 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1011 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану және төлемдер бойынша оларға сәйкес мәліметтер ұсыну қағидаларында:
      18-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «18-2. Ұлттық Банкке мәліметтерді «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – Орталық), екінші деңгейдегі банктер және «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – банктер), «Қазпочта» акционерлік қоғамы, бас банктің төлемдер мен ақша аударымдарын, оның ішінде еншілес банктің корреспонденттік шотын пайдалана отырып депозиторлардың бас банкке «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген банк шоттары бойынша жүзеге асыруымен байланысты аударым операцияларын Ұлттық Банктің лицензиясынсыз жүзеге асыратын, бұрын еншілес банк болған заңды тұлға (бұдан әрі – бұрын еншілес банк болған заңды тұлға) ұсынады және Ұлттық Банк Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес қалыптастырады.
      Бенефициар банк Мәліметтерде бенефициар кодының және шет елден түскен төлемдер бойынша төлем мақсаты кодының дұрыстығын тексереді.
      Банктер, «Қазпочта» акционерлік қоғамы және бұрын еншілес банк болған заңды тұлға Мәліметтердің дәйектілігін растау үшін Ұлттық Банкке оның сұратуы бойынша жүргізілетін төлемдер бойынша ақпаратты, оның ішінде төлем құжаттарының көшірмелерін ұсынады.»;
      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «20. Мәліметтерді:
      1) Орталықтың банкаралық ақша аудару жүйесі (бұдан әрі – банкаралық жүйе) және клиринг жүйесі (бұдан әрі – клиринг жүйесі) арқылы жүргізілген төлемдер бойынша Орталық ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 7-сінен кешіктірмей;
      2) осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, банктер, «Қазпочта» акционерлік қоғамы, бұрын еншілес банк болған заңды тұлға ұсынады және Ұлттық Банк есепті айдан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірмей қалыптастырады;
      3) бас банк пен «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес оған қатысты қайта құрылымдау жүргізілген еншілес банк, қосылатын банк, сондай-ақ Банктер туралы заңға сәйкес оған қатысты қосылу жүзеге асырылатын банк есепті айдан кейінгі айдың 21-інен кешіктірмей ұсынады.
      Есепті кезеңде Мәліметтер болмаған жағдайда, банктер, «Қазпочта» акционерлік қоғамы және бұрын еншілес банк болған заңды тұлға бұл туралы Ұлттық Банкке есепті айдан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірмей жазбаша түрде хабарлайды.
      Егер Мәліметтерді ұсыну мерзімі жұмыс емес күніне сәйкес келсе, одан кейінгі жұмыс күні Мәліметтерді ұсыну күні болып саналады.»;
      3-қосымшада:
      Мәліметтерді толтыру жөніндегі түсініктемелердің 2-тармағында:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Банктер, «Қазпочта» акционерлік қоғамы, бұрын еншілес банк болған заңды тұлға (бұдан әрі – қаржы ұйымдары) ұсынатын және Ұлттық Банк қалыптастыратын Мәліметтер филиалдардың деректері ескеріле отырып толтырылады және оның ішінде банк шотын ашпай:»;
      4) тармақшаның бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) 4-бағанда банктер, «Қазпочта» акционерлік қоғамы және бұрын еншілес банк болған заңды тұлға алушы банктің банктік сәйкестендіру кодын көрсетеді. Алушы банк клиентінің жеке сәйкестендіру коды толтырылмайды.»;
      5) тармақшаның бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) 5-бағанда банктер, «Қазпочта» акционерлік қоғамы және бұрын еншілес банк болған заңды тұлға бенефициар банктің банктік сәйкестендіру кодын көрсетеді. Бенефициар банк клиентінің жеке сәйкестендіру коды толтырылмайды.».
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Төлем тапсырмаларды, төлемдік талап-тапсырмаларды, инкассалық өкімдерді ресімдеу, пайдалану және орындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» 2000 жылғы 25 сәуірдегі № 179 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1155 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Төлем тапсырмаларды, төлемдік талап-тапсырмаларды, инкассалық өкімдерді ресімдеу, пайдалану және орындау жөніндегі нұсқаулықта:
      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «21. Төлем құжаттарында және оларды қайтарып алу туралы немесе олардың орындалуын тоқтата тұру туралы өкімдерде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Банктер туралы заң) көзделген жағдайларды қоспағанда, қандай да бір түзетулер жасауға жол берілмейді.
      Осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, түзетулер, түзеулер енгізілген, сондай-ақ цифрлармен және жазумен көрсетілген сомалардың мәндері сәйкес келмеген жағдайда, банк төлем құжатын орындауға қабылдамайды және алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде қайтару себебін көрсете отырып, бастамашысына қайтарады.»;
      22-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «22. Алушы банк немесе бенефициар банкі 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының Кодексінде (бұдан әрі – Салық кодексі), Банктер туралы заңда, «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – КЖТҚҚ туралы заң), Төлемдер туралы заңда көзделген негіздер бойынша төлем құжатын алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, сондай-ақ мынадай:
      1) осы Нұсқаулықта, сондай-ақ Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1011 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану және төлемдер бойынша оларға сәйкес мәліметтер ұсыну қағидаларын бекіту туралы» 1999 жылғы 15 қарашадағы № 388 қаулысында (бұдан әрі – № 388 қағидалар), Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1304 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Банк шотын ашпай қолма-қол жасалмайтын ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру нұсқаулығын бекіту туралы» 2000 жылғы 13 қазандағы № 395 қаулысында (бұдан әрі – № 395 нұсқаулық) және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1352 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Клиент пен оған қызмет көрсететін банктің арасында қолма-қол жасалмайтын төлемдерді жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 25 қарашадағы № 433 қаулысында (бұдан әрі – № 433 ереже) белгіленген нысанға сәйкес келмеген;
      2) ақша жөнелтушінің банкі Банктер туралы заңда көзделген жағдайларда төлем құжаттарында клиенттің жеке сәйкестендіру коды (бұдан әрі – ЖСК) түзетуін қоспағанда, клиенттің деректемелері (ЖСК, ЖСН (БСН)) төлем құжатында көрсетілген деректемелерге сәйкес келмеген;
      3) ақша жөнелтушінің атауы клиенттің төлем құжатында көрсетілген атауына сәйкес келмеген;
      4) бюджетке төлемдерді төлеу кезінде бюджеттік жіктеу кодының цифрлық белгісі болмаған;
      5) көлік құралына салық төлеу кезінде төлем құжатында көрсетілген көлік құралының сәйкестендіру нөмірі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган ұсынған деректермен сәйкес келмеген жағдайларда оны акцептеуден бас тартады.».
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің банктік есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 2 маусымдағы № 266 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1199 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде 2001 жылы № 40-41 жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің банктік есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу ережесінде:
      26-тармақтың үшінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) банктің және оның клиентінің деректемелері «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес активтер мен міндеттемелерді бірмезгілде беру жөніндегі операциялар шеңберінде банкке берілген, уәкілетті органның клиенттердің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы бұрын қабылданған өкімдерінде көрсетілген деректемелерге сәйкес келмеген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органның клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінде көрсетілген деректемелерге сәйкес келмеген жағдайда;»;
      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «29. Уәкілетті органдардың банк шотындағы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері, клиенттің банк шотындағы ақшасына тыйым салу туралы уәкілетті органдардың шешімдері (қаулылары) банкке келіп түскен кезде банк оларды Азаматтық кодексте, Салық кодексінде және Банктер туралы заңда көзделген тәртіппен және жағдайларда орындайды.».
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығын бекіту туралы»
2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1260 тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығында:
      3-тармақтың 25) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «25) эмитент - төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асыратын банк, бас банк немесе еншілес банк, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асырған банктің активтері мен міндеттемелері оған берілген жағдайда иеленуші банк.».
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Банктердің арасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерi мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарының арасында корреспонденттiк қатынастар орнату ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 25 қарашадағы № 428 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1351 тіркелген, 2001 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде 2001 жылы № 2 жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Банктердің арасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерi мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарының арасында корреспонденттiк қатынастар орнату ережесінде:
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Егер «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Банктер туралы заң) өзгеше белгіленбесе, Ұлттық Банктің банктер мен банктік емес ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашуға және жүргізуге берілген лицензиясы бар банктер мен банктік емес ұйымдар банктер мен банктік емес ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашу мен жүргізуді жүзеге асырады.»;
      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «22. Лимиттің шығысына операциялардың мынадай түрлері бойынша ақша төлемдері мен аударымдарының көлемі кірмейді:
      1) Орталықтың төлем жүйелері арқылы корреспонденттік шоттарға/корреспонденттік шоттардан ақша аудару;
      2) бір банкте немесе банктік емес ұйымда «лоро» және «ностро» корреспонденттік шоттары жөніндегі өзара талаптардың есебі бойынша операциялар;
      3) банктер және банктік емес ұйымдар орталық депозитарийде ашылған корреспонденттік шоттар арқылы жүзеге асыратын биржалық мәмілелер бойынша операциялар;
      4) бас банктің және Банктер туралы заңға сәйкес оған қатысты қайта құрылымдау жүргізілген еншілес банктің банк шоттары арасында, сондай-ақ қосылатын банк пен Банктер туралы заңға сәйкес қосылу жүзеге асырылатын банктің банк шоттары арасында жүзеге асырылатын ақша аудару.».