Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарында тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 244 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 мамырда № 10945 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 216-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарында тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану қағидасы бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне (Д.Е. Ерғожин) заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарда және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                              Б. Сұлтанов

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрінің  
      2015 жылғы 31 наурыздағы
      № 244 бұйрығымен  
      бекітілген     


 Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарында
тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану қағидасы 1. Жалпы ережелер

       1. Осы Қағида «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 216-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарында тәуекелдерді басқару жүйесін (бұдан әрі - ТБЖ) қолдану тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағиданың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) тәуекелдерді анықтау жөніндегі нысаналы әдістеме - математикалық-статистикалық әдістерді пайдаланумен және (немесе) сарапшылық әдістерді қолданумен ақпаратқа талдау жүргізу тәртібі;
      2) тәуекел бейінін өзекті ету — тәуекел бейініндегі мәліметтерді өзгерту не тәуекел бейінінің қолданылуының күші жойылды деп тану;
      3) тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөніндегі шаралар - Кодекстің 199-бабымен, сондай-ақ Кодекстің 25-тарауына сәйкес кедендік сараптамамен анықталған Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзушылықтарды болдырмау және (немесе) анықтау мақсатында кедендік бақылаудың бір немесе бірнеше нысандарын қолдану;
      4) іске қосылған тәуекел бейіні – тауарларға арналған декларациядағы мәліметтердің тәуекел бейініндегі мәліметтермен сәйкес келуі.
      3. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік кірістер органдары іріктеу қағидатын негізге алады және кедендік бақылаудың Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті нысандарымен ғана шектеледі.
      Кедендік бақылаудың объектілері мен нысандарын таңдаған кезде ТБЖ пайдаланылады.

2. Кедендік бақылау кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану

      4. Мемлекеттік кірістер органдары ТБЖ-ны тауарларды, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, кедендік бақылауға жататын құжаттар мен адамдарды, сондай-ақ осындай тауарлар мен халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына, құжаттарға және адамдарға қолданылатын кедендік бақылау нысандарын және кедендік бақылауды жүргізу дәрежесін айқындау үшін қолданады.
      5. Кедендік бақылау кезінде ТБЖ қолдану екі бағытта тауарлар шығарылғанға дейін және шығарылғаннан кейін жүзеге асырылады.
      6. Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары тауарлар шығарылғанға дейін кедендік бақылау жүргізген кезде:
      1) тәуекел бейіндерін және тәуекел индикаторларын қалыптастыруды;
      2) кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің тәуекелдерді алдын алу және (немесе) азайту бойынша шаралар қолдануды;
      3) тәуекелдерді алдын алу және (немесе) азайту бойынша шараларды қолдану нәтижелеріне мониторингтеуді;
      4) тәуекел бейіндерін және тәуекел индикаторларын өзекті етуді жүзеге асырады.
      7. Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылау жүргізген кезде:
      1) тәуекел индикаторларын қалыптастыруды;
      2) ТБЖ негізінде кедендік тексеру жүргізу үшін объектілерді таңдауды;
      3) жүргізілген кедендік тексерулер бойынша нәтижелер жүргізуді, талдауды және бағалауды;
      8. Мемлекеттік кірістер органдары тәуекел белгілері бар кедендік бақылау объектілерін таңдау мақсатында:
      1) әр түрлі көздерден алынған ақпаратты жинау мен өңдеуді, сондай-ақ ақпараттық деректер базасын қалыптастыру мен жүргізуді;
      2) тәуекелдерді анықтау, оларды сәйкестендіру және бағалау үшін деректерді (мәліметтерді) талдауды;
      3) кеден және салық заңнамасын ықтимал бұзушылықтардың белгілерін анықтау мен талдауды;
      4) тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөнінде шараларды қолдану жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуді жүзеге асырады.

3. Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік тазарту кезінде
тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып кедендік бақылау

      9. ТБЖ-ны қолдана отырып кедендік бақылауды жүргізу мақсатында кедендік тазартуды жүргізуге уәкілетті аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары мынадай іс-қимылдарды орындайды:
      1) тауарларға арналған декларацияда және кедендік тазартуға ұсынылған өзге де құжаттарда мәлімделген мәліметтерді тәуекел бейіндеріндегі және тәуекел индикаторларындағы мәліметтермен іске қосылған тәуекел бейіндерінің бар-жоқтығына салыстыру жүргізеді (тек тәуекелдің автоматтандырылмаған бейіндері үшін);
      2) ТБЖ ұсынымдары болған жағдайда тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөнінде шаралары қолданады.
      Кедендік бақылаудың жүргізілген нысандарының нәтижелері бойынша тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөнінде қабылданған шаралардың нәтижелері туралы есеп электрондық түрде толтырылады.
      10. Кедендік бақылау кезінде тәуекелдерді бағалау мен басқару ақпараттық жүйелерді қолданумен және (немесе) қағаз тасымалдағыштар негізінде жүзеге асырылады.
      Тәуекелдерді бағалау және басқарудың ақпараттық жүйесін қолданумен кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік тазартуды жүргізуге уәкілетті аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік кірістер органдары жүйе ұсынған тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту, оның ішінде кездейсоқ іріктеу әдісімен де шараларды жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік кірістер органдарында тәуекелдерді басқару
жүйесінің жұмыс істеу мониторингінің және есепке алудың тәртібі

      11. ТБЖ-ның жұмыс істеу мониторингін және есепке алуын жүзеге асыру мақсаты кедендік бақылау кезінде тәуекел бейіндерін және тәуекел индикаторларын қолдануға бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
      ТБЖ-ның жұмыс істеу мониторингі және есепке алу кедендік бақылау кезінде тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөніндегі шараларды қолдану нәтижелері туралы есептерге талдау жүргізуді көздейді.
      Мемлекеттік кірістер органдары тәуекел бейіндерін және тәуекел индикаторларын одан әрі іске асырудың орындылығын, қолдану тиімділігін болжамдау және санын қысқартуды айқындау мақсатында оларды қолдану нәтижелерін талдауды жүзеге асырады.
      Қолда бар тәуекел бейіндерін және тәуекел индикаторларын одан әрі қолданудың тиімділігін талдау және болжамдау, сондай-ақ тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөніндегі шаралар қолданудың нәтижелерін талдау нәтижелері бойынша қолданыстағы тәуекел бейіндерін және тәуекел индикаторларын өзекті ету және жаңа тәуекел бейіндерін және тәуекел индикаторларын қалыптастыру туралы шешім қабылданады.
      12. Тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөніндегі шараларын қолданудың мониторингін жүзеге асырудың мақсаты ТБЖ тиімділігін арттыру болып табылады.
      ТБЖ мониторингі кедендік бақылау кезінде тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөніндегі шараларды қолдану нәтижелері туралы есептердің талдауын көздейді.
      Талдау нәтижелері бойынша тәуекел белгілері және тәуекелдердің алдын алу және (немесе) азайту жөніндегі шаралары бар объектілерін қайта қарау бойынша ұсыныстар қалыптастырылады.