Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуды белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/159 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 сәуірде № 10845 тіркелді

Қолданыстағы

      «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңының 9-бабының 1-тармағының 49) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуды белгілеу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Ауыл шаруашылығы министрінің
      міндетін атқарушы                          С. Омаров

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Энергетика министрі
      ____________ В. Школьник
      2015 жылғы 27 наурыз

Қазақстан Республикасы   
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушысының   
2015 жылғы 27 ақпандағы  
№ 18-03/159 бұйрығымен   
бекiтiлген         

Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен
дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуды белгілеу қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуды белгілеу қағидалары «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 9-бабы 1-тармағының 49) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуды белгілеу (бұдан әрі – шектеулер мен тыйым салу) тәртібін айқындайды.
      2. Шектеулер мен тыйым салу жануарлар дүниесінің объектілерін сақтау және өсімін молайту мақсатында белгіленеді.
      3. Жануарлар дүниесінің объектілерін сақтау мақсатында шектеулер мен тыйым салу олардың мекендеу аймақтарының (таралу облыстарының) географиялық, климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып белгіленеді.
      4. Шектеулер мен тыйым салу:
      1) аумақтылығы бойынша: Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, өңiраралық, бассейндік деңгейде, жекелеген аумақтық бiрлiктердiң немесе олардың бір бөлiктерiнің әкімшілік шекараларында, сондай-ақ жекелеген аңшылық алқаптарда, су айдындарда және (немесе) учаскелерінде;
      2) мерзiмі бойынша: тұрақты түрде (қолданылу мерзiмдерi көрсетiлмей) не белгiлi бiр мерзiмдерге;
      3) жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын олжалау әдiстерiн, тәсiлдерiн және құралдарын қолдану бойынша;
      4) жануарлардың жекелеген түрлерiн немесе топтарын, олардың белгiлi бiр тараламдарын алу нормаларын шектеу және өзгерту қажеттiгi туындаған кезде жануарлардың түрлерi бойынша не жынысы немесе жасы бойынша;
      5) жануарлар дүниесiн объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдаланушылар санын шектеу бойынша белгіленеді.

2. Шектеулер мен тыйым салуды белгілеу тәртібі

      5. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) тиісті бюджеттік бағдарламалар шеңберінде әзірленген биологиялық негіздемелер түрінде немесе құрамында мамандандырылған ғылыми ұйымдар берген жануарлардың белгілі бір түрлеріне арналған шектеулер мен тыйым салу бойынша ұсыныстардың түсуіне қарай шектеулер мен тыйым салу белгілеу, сондай-ақ оларды түзету қажеттілігін қарайды.
      6. Ведомство жануарлар дүниесінің объектілерін сақтауға, сондай-ақ олардың мекендеу және көбею жағдайларын жақсартуға бағытталған шектеулер мен тыйым салу бойынша ұсыныстарды ескереді.
      7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган биологиялық негіздеменің мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүргізеді.
      8. Шектеулер мен тыйым салуды белгілеу, сондай-ақ оларды түзету қажет болған жағдайда ведомство биологиялық негіздемелерге және мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелеріне сәйкес жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салу енгізу туралы шешім қабылдайды, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілейді.
      9. Белгіленген шектеулер мен тыйым салудың орындалуын бақылауды ведомство мен оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.